Құран – құр ән емес
Құран – құр ән емес
20.04.2018 16:52
635
0

Ұлы Жаратушының әрбір аятына, яғни әрбір жаратылысқа терең назар салып, ақылың жетпес ғажапқа айрықша ой жүгірту, сырын аңдып, мәнін іздеу, Құдірет иесінен басқаның қолынан келмес тіршілік әлімінің таңдай қақтырар тәртібіне жан дүниеңнің әділет көзімен қарап пікір қылу, жер бетінің қожасы адамзат үшін бір міндет.

Қасиетті Құран – бұрынғы және кейінгі (болған және болатын), көктегі және жердегі әрі сол екеуінің арасындағы барлық мәліметірді қамтыған, мүлтіксіз (артық не кем жері жоқ), өзеріссіз (бір әріпі де бұрмаланбаған), жалғыз ақиқат, адамзат қолындағы жалғыз кітіп, ұлы қазына. Ал, милиарттап жазылған, жазылып жатқан, жазылатын кітіптардың барлығы да оның түсіндірмесі. Мейлі физик болыңыз, мейлі химик болыңыз сіздің жазған кітабыңыздың, ашқан жаңалығыңыздың түбі барып Құранға тіреледі. Қанша жерден мұсылмандарды ұнатпасаңызда, Алланы жоққа шығарып, ақиқатты жасырушы кәпір болсаңызда, атейст болсаңызда Сіз бұдан айналып өте алмайсыз. Мысалға айтатын болсақ: М. Исаұлы мен Қ. Жолдыбайұлының «Ислам ғылымхалы» кітабынан: «Ең жақын бес-алты галактикадан басқа бүтін галактикалар бізден қашықтықтарына сай жылдамдықпен тоқтамастан ұзақтап жатқанын 1922 жылы астроном Хабл (Hubble) зерттеп тапқан еді. Оның айтуына қарағанда, жарық жылдамдығымен есептегенде бізден милион жылдай қашықтықта орналасқан бір жұлдыз бізден жылына 168 км жылдамдықпен, екі милион жыл ұзақтықтағы жұлдыз екі есе жылдамдықпен, үш милион жыл ұзақтықтағы үш есе жылдамдықпен тоқтамастан алыстауда.

         1922 жылы ғана зерттеп білінген «Big-bang» Үлкен жарылыс» заңын Құран осыдан 1400 жыл бұрын, яғни астрономия ғылымының дамымаған, телескоп сияқты құралдардан мақұрым ғасырда «Аспанды құдіретімізбен біз жараттық және тоқтатпастан әрқашан кеңейтудеміз» (Зарият сүресі, 47 аят) – деп анық айтып кетуі күмәнсіз толғанған ақыл иесін өзіне бас идірері сөзсіз».1 Мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады. Өкінішке орай, Біз, мұсылмандар қадіріне жете алмай, қасиетін ұға алмай, бағасын толық біле алмай тұрған қолдағы мінсіз алтынымыз бұл. Әсіресе біздің қазақтың Құранға құрметі бөлек болғанмен, соны оқуға, түсінуге ынтасы жоқ. Әрбір үйдің кітіп сөресінің басында Құран тұрғанмен, әрбір үйде оның парақтары ашыла бермейді. Сәндік бұйым іспетті, сөренің салтанатын келтіріп тұрғаннан басқа беті ашылмаған Құранның берер пайдасы бар ма?...

         Ғалым ағамыз Ерсін Әміре өзінің уағыздарының бірінде: «Егер Сізге үлкен лауазымдағы бір адам, мысалға Қытай елінің президенті хат жазса, мен Қытай тілін білмеймін ғой деп ол хатты оқымай қоя салар ма едіңіз. Әлбетте олай етпейсіз. Үйткені ол хат сізге жазылған. Мүмкін сіздің өміріңізге қауіп төніп тұр, мүмкін сізге ерекше бір мүмкіндік туып тұр. Әйтеу оның ішінде сізге байланысты бір мәлімет бар. Сондықтан ол хатты оқығанша сіздің жаныңыз жай таппайды. Жердің түбінде болсада қытай тілін білетін бір адамды тауып, соған оқытып мағынасын түсінгенше күндіз күлкіден қаласыз, түнде ұйқыдан қаласыз. Ал, Құран – Құрметтілердің құрметтісі, патшалардың патшасы болған жалғыз жаратушы, ұлы Алланың жазған хаты. Тек Пайғамбарымызға (с.ғ.с) ғана емес, әрбір адамға жіберген хаты. Оқып көріңіз. Оның ішінде сіздің өміріңізге қауып төндіретін нәрселерден ескерту бар. Қуанышты хабарлардан сүйінші бар.»

         Біз қазір арабша білмеймін деп, арабша білетін адамды іздеп сандалатын жағдайда емеспіз, Аллаға шүкір, Құранның қаншама аудармалары бар. Сонда да құлықсызбыз. Неге?

         Жақынымыз қайтса жанталасып молда шақырамыз, қырқына дейін деп құран аудартамыз. Сауабы барсын дейміз. Ал сол сауапты тіріде өзіміз еселеп алып алуға ұмтылмаймыз. Неге? Неге? Неге?.... толып жатқан негелер. Оның бәріне бір ғана себеп бар. Ол-ойлану. Біз ойланбаймыз. «Қайдан келдік, қайда барамыз?» деген сұрақтарға мән бермейміз. Ойланып жауабын іздемейміз. Алланың бұйрықтарын, күллі дүние Сұлтанының әмірлерін орындамай жүре аламыз. Қорықпаймыз. Намаз оқысақ, көпшілігіміз оқып тұрған сүрелеріміздің мағынасын біле бермейміз. Тіпті кейбіреулеріміз кирлитцамен жаттаған сүрелермен бәлен жылдап намаз өтей береміз. Ойланбаймыз. Ақыретке иман келтіреміз, бірақ ол жақтағы жағдайымыз қалай болатынына бас қатыра бермейміз. Тозақтан хабар беретін аяттарды жүрегіміз дір етпей тыңдай аламыз, оқи аламыз. Сүйтіп жүріп, өзімізше намазсыз жүргендерге тәккаппарланып қараймыз. Жанымыз ашығансып күлеміз. Міне, бүгінгі біздің жағдайымыз осы.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Константинопль міндетті түрде алынады. Оны алатын басшы қандай жақсы басшы, оның әскері қандай жақсы әскер» - деді. Осыдан кейін константинопльге үздіксіз шабуылдар басталды. Үйткені бәрінің ойында Пайғамбар (с.ғ.с) айтқан жақсы басшы мен жақсы әскер болғысы келген биік арман бар еді. Сол арманмен Мехмед сұлтан құрлықпен кеме жүргізді. Ал, біз ше?....

Адақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қияметке жақын үмбеттер туралы: «Олардың оқыған құрандары кеңірдегінен өтпейді» - деп, қасіретті хабар қалдырды. Жүрегің қан жыламай ма? жағдайымыз мынандай болған соң, жанымыз дір етпей «бұл хабардың иесі біз емеспіз» деп, айта алмаймыз ғой. Ойланайық. Саналы да ақылды тіршілік иесі болып жаратылғаннан кейін ойлануға тиіспіз. Құран да бізді ойлануға шақырады.

«Алла сендерге көктен жаңбыр жаудырып, одан сусын және мал жаятын орман шығарды. Су арқылы сендерге егін, зәйтүн, құрма, жүзімдер мен түрлі өсімдіктер өсіреді. Мұнда ойланатын қауым үшін (Жаратушының бар екеніне, құдіретіне әрі хикметіне) айғақтар бар».2

«Сендерге дәндерді, өсімдіктерді және ағаштарды жайқалту үшін көктегі бұлттардан жаңбыр жаудырдық».3

Жаңбыр – адам баласына жасап тұрған Алланың шексіз нығметтерінің бірі. Жер бетінің төрттен үш бөлігін су алып жатыр десек сол судың 97 пайызы ащы су да 3 пайызы ғана тұщы су деседі. Ал енді ғалымдардың тұжырымына сүйенсек ащы, тұщысын қосқанда жер бетінен секунтына 16 миллион тонна су буланып ауаға көтеріледі екен. Бұл мөлшер жылына 505 триллионды құрайды. Дәл осы мөлшер бір жылда жер бетіне жауатын жаңбырдың да мөлшері. Бірақ жаңбырдың ащысы болмайды. Барлығы да тұщы су. Ал сонда бұл жақсылықты кім жасап тұр?

Ақиқаттың ақ туы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «жаңбырдың әрбір тамшысын бір періште алып түседі» - деген. Ал, енді «Уикипедия» ашық энциклопедиялық порталынан алынған мына бір мәліметке қарайық: «жаңбыр бұлттары ең аз дегенде 1200 метр биіктікте болады. Егер де үлкендігі мен салмағы жаңбыр тамшысындай бір зат мұндай биіктіктен құласа, жерге 558 км/сағ жылдамдықпен келіп түседі екен. Бұл дегеніңіз әрбір тамшы атылған оқтай тиген жерін тесіп өтеді деген сөз. Алайда, жаңбыр тамшыларының ерекше формасы бұған мұрсат бермейді. Жаңбыр бұлттары қандай биіктікте болса да, тамшылардың жер бетіне түсетін жылдамдығы орташа алғанда 8-10 км/сағ-дан аспайды», - дейді.4

Төпелеп жауған жаңбырдың астында қалсаңыз да ол сіздің еш жеріңізді жарақаттамайды, және тағы бір ерекшелігі жаңбыр жауған сәтте қандай күшті жел тұрса да бір тамшы бір тамшыға қосылмаған күйде жерге түседі.  Сонда жаңбыр тамшысын жердің тартылыс заңына бағындырмай және бір-біріне қоспай бүл кереметті жасап тұрған кім?

«Егер біз Құранды тауға түсірсек, Алладан қорқып бас иген күйі оның быт-шыты шыққанын көрер едің. Бұл мысалдарды ойлансын деп келтіреміз».5

Жұмыр жердің қазығындай етегін кеңге жайып, төбесін көкке тіріп ғасырлар бойы мұқалмай тұрған алып таулардың өзі Құран деген ұлы қасиеттің салмағына төзе алмай құмдай үгіліп кететін болса, біздің жүрегіміз тастан қатты, таудан мықты болды ма? жоқ әлде ұлы Жаратушының ардақты сөздерін судан сұйық, мақтадан жеңіл көрдік пе?... Құран деген – құр ән емес. Ойланайық, ағайын!

Сілтемелер:

  1. «Ислам ғылымхалы» 247-248 беттер
  2. «Нахыл» сүресі, 10,11-аят                
  3. «Нахыл» сүресі, 10-аят
  4. https://kk.wikipedia.org/wiki/жаңбыр
  5.  «Хашыр» сүресі, 21-аят).

Қуанышбек Қазыбекұлы

0 пікір