Құран оқуда қандай хикмет жатыр?
Құран оқуда қандай хикмет жатыр?
03.09.2018 11:10
3017
0

Құран Кәрім Алла Тағаланың Жәбірейіл періште арқылы ең соңғы пайғамбар Мұхаммедке (с.ғ.с) жіберілген Құдай заңы, өмір сүру ережелері.
Құран - бұл дүние өзінің соңына жеткенше жасайтын, күллі адамзат үшін өмірдің барлық салаларында (қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық және моральдық) ең жоғары дәрежелі кемел заң үлгісі болатын Хақ кітап. Құран Кәрім сөздері адамзатты надандықтан, зұлымдықтан, қараңғылықтан жарық жолға - ілім жолына, мәдениет жолына бастайды. Сондықтан оған заманның, уақыттың өзгеруі еш әсер етпейді. Құран еш уақытта заман, ғасыр соңында қалмайды, керісінше ғасырды, заманды өз соңынан жетелейді. Ол - қашан болса да жаңа, қай заманда болса да кемшіліксіз, кемелденген заң. Осылайша ол қиямет күніне дейін жалғаса береді.

Алла  Тағала: «Бақара» сүресінің 23-аятында:

و ان كنتم  في ريب مما نزلنا علي  عبدنا فاتوا بسوره من مثله و آدعوا شهد آئكم من دون الله ان كنتم صادقين.

«Егер біздің пенделерімізге Құран түсіргенімізге күдіктерің болса, сенімдеріңнің шын екенін көрейік, онда Алладан басқа куәларыңды сендер де шақырсаңдар және осы тәріздес бір сүрені түсіріп көріңдер»,- дейді. Міне, өздеріңіз куәсіздер он төрт ғасырдан бері Құран Кәрімнің бұл сөзіне ешкім әлі қарсы шығып жауап бере  алған жоқ және қияметке дейін де ешкім оған жауап бере алмайды.  Басқа бір аятта Алла  Тағала былай деп айтады:

قل لئن اجتمعت الانس و الجن علي ان ياتوا بمثل هذا القرآن لا ياتو بمثله و لو كان بعضهم لبعض ظهرين.

«(Мұхаммед  Ғ.С): «Егер адамдар, жындар осы Құранның ұқсасын келтіруге жиналса да, тіпті олар бір-біріне көмекші болса да келтіре алмайды де». Ия, әлбетте, Құранның сөздері былай тұрсын, бір әрпіне ұқсас нәрсені ешкім келтіре алмайды. Себебі Алла  Тағаланың үкімі осылай.
«Бақара» сүресінің 24-аятында Алла  Тағала:

فان لم تفعلوا ولن تفعلوا فاتقوا النار  التي و قودها  الناس  و الحجاره أعدت للكافرين

«Егер мұны істемесеңдер, оны істей де алмайсыңдар - онда адамдар мен тастарды отын етіп жандырып, кәпірлер үшін дайындап қойған тозақ отынан сақтаныңдар», - дейді.

Міне, осылайша Алла тағала Құран Кәрімде кәпірлерді тура жолға шақырады. Яғни: «Ей, кәпірлер! Құранның бір сүресінің немесе бір аятының ұқсасын келтіре алмадыңдар және келешекте де келтіре алмайсыңдар! Енді өздеріңді отыны адамдар мен тастардан болған тозақ отынан сақтаныңдар! Ол қатты азап кәпірлерге дайындалған. Кәпірліктеріңді қойып, иманға келіңдер! Зұлмат - қараңғылықты тастаңдар, нұрға - жарыққа келіңдер! Қолдарыңыздан жасап алған пұттарыңызды тастаңыздар! Бүкіл 18 мың ғаламды жаратушы бір Алла  Тағалаға иман келтіріңдер! Оның сөзі болған Құран Кәрімге сенім келтіріңдер, оның үкімдерімен амал жасаңдар, сонда ғана екі дүние бақытына жетесіңдер!». Құран Кәрім Алла  Тағала тарапынан адамзатқа жіберілген кітаптардың ең ұлығы, ең соңғысы.

Ол - бір мәңгі абади мұғжиза. Оның көркемдігінде шек жоқ. Ешқандай ғалым, ешқандай әдебиетші оған ұқсас нәрсені жаза алмайды.Тіпті ең қысқа деген сүресіне ұқсас нәрсені дүниеге келтіре алмайды.
Дін дұшпандары - кәпірлер мен мүшріктер - қанша тырысқандарымен оның (Құранның) бір әрпін де өзгерте алмады, өзгерте алмайды да. Себебі Алла  Тағала Құран кәрімнің Хыжыр сүресінің 9-аятында: 
         إنا نحن نزلنا  الذكر  وإنا له لحافظون

«Құранды шынында да  біз түсірдік және оны қорғайтынымыз да рас»- деп Құранның қияметке шейін ешкім бір әрпін де өзгерте алмайтындығына кепілдік береді. Шынында, бүгінгі күнге дейін ұлық кітаптардың ішінен өзгеріске ұшырамағаны тек Құран ғана. Құран Кәрім шамамен 23 жыл ішінде толық түсірілді.

 Құран Кәрімнің ерекшеліктері: 

1. Құран Кәрім түскен күннен бастап қияметке дейін ешбір өзгеріске ұшырамайды.
2. Құран Кәрім ең соңғы қасиетті кітап, одан кейін басқа бір қасиетті кітап келмейді.
3. Құран Кәрім белгілі бір қоғамға немесе қауымға ғана жіберілген кітап емес, қияметке дейін      
    болатын барлық адамдар үшін өмір сүру заңы.
4. Құран Кәрімнің мағынасы және сөздері Алла тағала тарапынан өзгеріске ұшыраудан   
    сақталған.
5. Құран Кәрім пайғамбарымыз Мұхаммедтың (с.ғ.с) пайғамбар екендігін дәлелдейтін ең үлкен     
    муғжизасы.
6. Құран Кәрім мейлі намазда оқылсын, мейлі намаздан тысқары басқа жерде оқылсын ибадат   
    болып саналады.
7. Сүрелерінің және мағынасының ұқсастарын келтіру мүмкін емес. 14 ғасырдан бері ең қысқа 
    бір сүресінің де ұқсасы пайда болған емес.

Құран Кәрімнің 4 негізі бар:
1. Сөз болуы;
2. Арабша (араб тілінде) болуы;
3. Хазреті Мұхаммедке (с.ғ.с) түсірілуі;
4. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) бізге дейін тауатур арқылы нақыл етілуі. 
Бұл төртеуден біреуі кем болса Құран болмайды. 

Құран Кәрім оқудың қасиеттері шексіз. Әрбір мұсылман Құранды өзі оқып үйреніп, оны бала-шағасына да үйретуге міндетті. Себебі пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадис-шарифте:

خيركم من تعلم القرآن وعلمه الناس

      «Сіздердің ең жақсыларыңыз Құранды үйреніп, оны басқаларға үйреткендеріңіз»- деген. Құрансыз өмірдің бос өмір екендігін әрбір мұсылман жақсы түсінуі керек. Құран оқылмаған үйде, жерде, елде береке, тыныштық болмайтынын еске сақтау керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл туралы хадис шарифте былай дейді:

أكثروا من تلاوه القرآن في بيوتكم فان البيت الذي لا يقرأ فيه القرآن يقل خيره و يكثر شره و يغيق علي أهله

«Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар. Себебі Құран оқылмаған үйде жақсылық, береке аз болады. Ондай үй-іші әрдайым қиыншылықта болады». Яғни ондай үйде тыныштық болмайды.  Дүниедегі ешбір нәрсе адам баласын Құрансыз бақытты ете алмайды. Жанұяда тыныштық, татулықты тек Құран ғана бере алады. Әсіресе қазіргі заманда болып жатқан әлеуметтік құбылыстарға зер салып қарасақ, жанұя мүшелері арасындағы түрлі араздасулар, келіспеушіліктер, ұрыс-керістердің барлығы дерлік дін жолын ұстанбайтын, Құран оқылмайтын үйлерде, жанұяларда болады. Құран оқылған үйге Алла  Тағаланың шексіз мейірім, рахымы жауады.

Бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың заманында ажырасулар, ерлі-зайыптылар арасындағы ұрыс-керіс, әке мен бала арасындағы талас-тартыс болмаған, себебі олар Құран жолымен өмір сүрген, Құранды оқып үйреніп, бала-шағаларына үйретіп отырған. Әрбір мұсылман Құранды өзі оқи білген. Сондықтан от басында береке, жақсылық, бір-біріне деген ізет, құрмет болған. Құран оқу азайған соң теріс қылықтар, күнә істер, қылмыстар көбейіп кетті. Қоғамда тынышсыздық басталды. Бүгінгі таңда Құран оқылатын үй мен Құран  оқылмайтын үйді береке, тыныштық жөнінен салыстырсақ, әлбетте Құран оқылған үйде береке, тыныштық Құран оқылмайтын үйге қарағанда көбірек екендігін байқаймыз.

Хазреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Бір үйде Құран оқылса, аспаннан періштелер енеді. Шайтандар қашады. Үй-ішіне жақсылық, тыныштық енеді, жақсылық көп, жамандық аз болады. Бір үйде Құран оқылмаса, ол жерге шайтандар келеді, періштелер кірмейді, үй-ішіне тынышсыздық келеді, жақсылық азайып, жамандық көбейеді»,-деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Құран қарайған жүректерге нұр береді» деп те айтқан. Құран адамды рухани қиыншылықтардан, көңіл тарылуынан сақтайды. Құран өзіне ұмтылған жандар үшін - үміт көзі. Құран мұсылмандарға үмітке толы өмір береді.

Пайғамбарымыз бір хадис-шарифінде: «Құран оқу - көңілдің шипасы»,- дейді. Ия, Құран қай жерде болса да  - дертке дауа. Себебі Алла  Тағала Құран Кәрімнің «Юнус» сүресінің 57-аятында:

يا ايها الناس قد جاءتكم موعظه من ربكم و شفاء لما في الصدور و هدي و رحمه للمؤمنين

«Әй, адамдар! Тәңірлеріңнен сендерге насихат болған, жүректегі дертіңе дауа болған мұсылмандарға тура жол және жарылқау болған кітап (Құран) келді»,- дейді. Құран - көңілге байланысты рухани ауруларға қарсы шипа көзі. Дәрі-дәрмек себебімен емделмейтін аурулар Құранмен емделеді.
Мұсылман адам жаны қысылып көңілсіз күйге ұшырағанда дереу дәрет алып Құран оқығаны жөн. Көңілсіздіктің жалғыз шарасы - Құран оқу және оқыған Құранды тыңдау. Құран шипа ретінде түскен. Алла  Тағала: «Біз Құранда шипа болатын аяттарды түсірдік» деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім Құраннан шипа таппаса, оған басқа ем жоқ» деген.

Құран Кәрімде шипалық қасиеттері бар бірнеше аяттар бар. «Жүніс» сүресінің 57-ші, «Тәубе» сүресінің 14-ші, «Нахл» сүресінің 69-шы, «Исра» сүресінің 82-ші, «Шуара» сүресінің 80-ші, «Фуссилат» сүресінің 44-аяттары Құранның шипалық көзі екендігін көрсетеді. 
Мысалы «Әл-Исра» сүресінің 82-аятында:

و ننزل من القرآن ما هو شفاء و رحمه للمؤمنين

«Мүміндерге рақымы,  шипасы бар Құранды түсіреміз. Залымдардың шеккен зияны арта түседі» делінген.

Яғни Құранда баяндалған үкімдер - теріс ақида, жалған көзқарас және жаман мінез-құлық сияқты рухани ауруларға бірден-бір шипа көзі. Оның ішіндегі бұйрықтарды орындағандар үшін Құран - рахым, мейірім көзі. Сондықтан Құран әрі шипа, әрі Алла  Тағаланың пенделеріне жіберген рахымы. 
Ибн Масғуд (р.а) былай деген:

 

القرآن شافع مشفع  و ماحل مصدق من جعله أمامه قاده الي الجنه ومن جعله خلف ظهره

«Құран шапағат етеді, иесі үшін жұмыс істейді. Сондықтан кімде-кім Құранды жолбасшы етсе, ол оны жәннатқа жетелейді. Кімде-кім Құран жолын ұстамаса, бұл жағдай оны дозаққа сүйрейді». 
Бұл сөздің мағынасы мынадай: Құран өзін оқып, үкімдеріне амал жасаған кісіге Алла Тағаланың алдында шапағатшы болады және де Құран өзін оқымаған, үкімдеріне амал етпеген адамға да қарсы куә болады. Құранның бұл куәлігін Алла Тағала қабыл етеді.  Ибн Аббас (р.а) былай дейді: «Хақиқатында Құран Алла Тағаланың пенделеріне берген сый-сияпаты, олай болса, ей, мұсылмандар, қолдарыңыздан келгенше Алла Тағаланың сыйлығын үйреніңдер. Құран Алла Тағаланың мықты бір жібі. Құран - жарық та айқын нұр, адамдарға ћәм шипа, ћәм тура жол көрсетуші. Құран - өзін ұстанғандар үшін құтқарушы. Ол қанша көп оқылса да ескірмейді. Оны көп оқып, үкімдерін орындаңдар! Құран сөзінен тысқары шықпаңдар. Себебі Алла Тағала хақиқатта Құран оқылғанда оқыған әрбір әрпіңізге он сауап береді. Бірақ бір нәрсені дұрыс түсініңіздер. Әлиф, ләм, мим үшеуі бір әріп, үшеуіне он сауап жазылады деген сөз емес. Керісінше, әлиф бір әріп, оған он сауап, ләм бір әріп, бұған да он сауап, мим бір әріп оған да он сауап беріледі». Абдуллаћ ибн Масғуд риуаят еткен хадис-шарифте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген:


من قرأ حرفا من كتاب الله فله به حسنه بعشر أمثالها  لا أقول آلم حرف ولكن الف حرف و لام حرف و ميم حرف

«Алла кітабынан бір әріп оқығанға бір жақсылық бар, ол он есе жақсылық болып жазылады. (Яғни бір әрпіне он сауап беріледі.) Мен әлиф, ләм, мим - бір әріп демеймін. Әлиф - бір әріп, ләм - бір әріп, мим - бір әріп деп айтамын». Яғни әлиф, ләм, мимді оқыған кісіге отыз сауап жазылады. Сондықтан біздер - мұсылмандар Құран оқудың қасиетін жақсы түсініп білуіміз керек. Бір әріп үшін сонша сауап берілетін болса, Құран Кәрімді басынан-аяқ оқып шыққан кісіге қанша сауап жазылатынын ойлап көрейікші! Сондықтан да сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз үмметіне Құран Кәрімді көп-көп оқуға шақырған.

«Кімде-кім Құран оқып оған амал етсе, қиямет күні оның ата-анасына күннің нұрынан жалтырақ бір тәж кигізіледі. Сіздер осындай амал еткен адам туралы не ойлайсыздар?»Әлбетте Құранды толық жаттап хафиз болып және оның үкімдерімен амал еткен адамға берілетін сыйлық тәж кигізілген ата-анасына берілгеннен де молырақ болады.      

Құрметті мұсылман бауырлар! Олай болса Алла  Тағаланың Кәләмін үйреніп, оны балаларыңызға үйретіп, Алла  Тағаланың сыйлықтарын алып, рахымына бөленуге ұмтылайық!


Аят Дыбысұлы

 

0 пікір