ҚҰРАН ОҚУДА ДА РИЯ, ЖАСАНДЫЛЫҚТАН ЖАСАЙТЫН БОЛДЫҚ
ҚҰРАН ОҚУДА ДА РИЯ, ЖАСАНДЫЛЫҚТАН  ЖАСАЙТЫН БОЛДЫҚ
16.01.2020 10:46
942
0

Ее, күңіреніп Құранды оқи беріп тақуалығымыз емес көзбояшылығымыз арта беретін болды.

Құран оқылу керек, өйткені шағым түсіп жатыр депті. Шағымнан қорқып Құран оқитын болдық. Құдайдан ғана қорқу қайда қалды? Құран оқымасаң сөгісті жоғары жақтан естисің, құның көк тиын не болсаңда Құран оқу қажет. Басшылықтан қорқып оқыған Құран кімге шапағат етпек екен. Бір кем дүние деген осы...

Қазір барлық азаматтың Құранды өзі оқуға әлі оқи алмаса үйренуге мүмкіндігі бар. Неге осы шайнап беріп, онымен қоймай ауызына салып беруден бас тартпаймыз. Ел және ұрпақ игілігі үшін «өзің» оқы дей алмаудамыз. Дін жайлы дікеңдеген көкелер бізге Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері тәрізді ғана қарап, оқы да табаныңды жалтырат деген сыңай танытқалы қай заман. Құранның құтын қашырып біттік. Намаздай ұлық ғибадатты місе тұтпай, соңынан Құран оқу, ол аздай ұзынсонар батадан кейін қол алысып, олда жетпегендей бір ақсақалға бата жасату, жамағатпен имамның алтын уақытын ұрлау. Міне мұның бәрі ақиқатында құр даңғаза бос мақтандар ғана. Өкінішті-ақ.

Негізінен Құран Кәрим өлікке немесе қабыр басында ғана оқылатын кітап емес. (Халифа Алтай)

Құран – құр ән емес. (Қуаныш Қазыбекұлы)

Құран өлікке ғана оқылатын түсініксіз мақам болып қалды. Біздің Құранымыз мешіттің ішінде қалып қойды. (Қайрат Жолдыбай)

Осы тәрізді буаз ойлар бұлқындырып жатса да, біз мешітте әр намаздан кейін Құран оқылсын деп қылқындырып жатырмыз. Сонда бұл қалай болғаны?..

Сондай-ақ намазды аманат етіп арқалап, артында алқалап тұрған жамағаттың жауапкершілігін мойынына алып намаз өтеуші имам өзіне көңіл бөлуден адырам қалды. Жамағатпен бірге оқып міндетін аяқтаймын деп сүннет намаздарды жылдам оқып жымпия қалатын күйге түсті.

Жаһанданудың жайына қарай мешіттегі жамағатпен оқылатын намазымыз ерекше жүйленуге зәру. Оның ішіне тәсбих тарту, бата жасау, дұға оқу және соңындағы шаралардың бәрі қамтылу қажет. Міне ел-жұрт осындай құнды дүниелер күтуде...

Рия, жасандылықтан жалықпайтын болдық. Жаратушым Өзің жар бола көр!

 

Берікбай ГЕРМАНҰЛЫ

0 пікір