Құран оқу әдебі
Құран оқу әдебі
24.10.2016 15:24
1085
0

Құран мұсылмандар үшін ең қасиетті кітап. Құран ғылымдардың бастауы. Барлық тағылым, барлық тәрбие Құраннан бастау алады. Құран Ұлы Алланың адамзатқа түсірген ең бір ғажайып сыйы.

Алла Тағала адамзатқа, бізге ең бір тура жолын Құран арқылы көрсетті.

Өмір сүру дағдылары мен екі дүниенің рахатын тек қасиетті Құранда көрсетіп берді. Құранды үйрету, үйренгенін оқу аса зор сауапқа ие. Құранды оқып Ұлы Жаратушының ғажжайып шапағатына бөленудің өзі теңдессіз бақыт болса керек.

Ардақты пайғамбарымыз сахабаларға Құранды жеткізу және үйрету ісін кідіртпеген. Он сегі мың ғаламның иесі Ұлы Жаратушы Алла Тағала оған

«Уа, Пайғамбар! Саған Раббың тарапынан түсірілген нәрсені жеткіз! Егер бұны істемесең, онда елшілікті жеткізбеген боласың» деп әмір еткен болатын. Құран Алланың пендесі үшін шарапат кітабы. Абзал кітап.

Сондықтан да Құранды жеткізіп үйретуде аянбай қызмет абыройлы парыз, ардақты міндет.

 Құранды үйретудің маңызы зор. Хадистерде Құранды үйреніп және үйрету ерекше атап өтілген. Ардақты пайғамбарымыздың хадистерінде

«Сендердің жақсыларың – Құранды үйреніп, Оны үйреткендерің»  деген. Және Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  «Кеудесінде Құраннан еш нәрсе болмаған адам қаңырап тұрған үйге ұқсайды» деп, хадистерде Құранның шарапатын, шапағатын айырықша атап өткен.

Қазақтың данасы Абай атамыз:

«…Құран рас Алланың сөзі-дүр ол,

Тәуилин білерлік ғылымың шақ...

Алланың, пайғамбардың жолындамыз,

Ынтамызды бұзбастық иманымыз…  деп

қасиетті Құран жайлы өз толғамдарын айтқан.

Құран оқығанда Ұлы Жаратушыға шын ниеттеніп, құбыланы бетке алып оқу абзал.  Бар ықыласын Ұлы Жаратушыға бөліп, өзге нәрселерге назар аудармай, шын ниетін тек Құранға аударуды есте ұстану керек.

 Құран оқығанда таза киіну, отырған орнының таза болуы да Құранға деген ұлы құрметтің бір парасы саналады.

 Құран сөздерінің мағынасына ой жүгіртіп, терең ойланып, Құранның шарапат нұрын сезіне отырып оқу Оны оқыған адамға да, тыңдаушыларға да айырықша ғажайып әсер қалдырады.

 Құранды оқығанда ырғағын сақтай отырып, өзіне тән әуенмен оқу абзал.

Құранды тыңдаушыларда дәрет алып тазаланып, Құранға айырықша құрметпен қарап, бар ынта-жігермен тыңдау міндетті.

Құранда ол жөнінде

«Құран оқылғанда, оған құлақ салыңдар әрі тыныштық сақтаңдар. Рақымдылыққа бөленесіңдер»  делінген.

 Демек қасиетті Құранды барынша зер сала зор құрметпен тыңдаудың өзі құлшылықтың бір түрі деуге болады.

 Құран мұсылманның бағдаршысы. Біз барлық сұрақтардың жауабын Құраннан аламыз. Адамзатқа қажетті тағылым мен өсиет тек Ұлы да қасиетті Құранкәрімде екенін терең сезінуіміз керек. 

Аманкелді Жарасов,

Шығыс Қазақстан облысы

Тарбағатай ауданы

«Байжігіт баба» мешітінің бас имамы

0 пікір