Құран, Дін, Ислам ұғымдары
Құран, Дін, Ислам ұғымдары
31.01.2018 17:16
720
0

«Құран» деген атау арабтың «қира – а» сөзінен пайда болған. Бұл сөздің мағынасы – оқу, яки дауыстап регитативті (мәнді) мәнерлеп оқу. «Құран» сөзінен кейін, әлбетте, «кәрім» деп жазылады. Кәрім (арабша: карйм) – шарапатты, «қымбатты», «игі», «керемет» деген мағыналарды білдіретін сөз.

Құран Кәрім 114 сүре, 6288 аяттан тұрады. Америкалық зерттеуші Филип Хиттидің есебі бойынша Құранда барлығы 77934 сөз және 323670 әріп бар.

Құран Кәрім – ислам дінінің басты ақиқатты уағыздары жинақталған мұсылмандардың қасиетті Ұлы кітабы.

Мұндағы уағыздар: әдет-ғұрып, діни және азаматтық заң шарттары, Аллаға құлшылық ету, ұлағатты әңгімелер, білім мен ғылым мәселелері, қанатты сөздер, тәлім-тәрбиеге қатысты ұстанымдар, экономикалық өмір, ұлтаралық қарым-қатынастар туралы, дүниетаным негіздері, әлеуметтік нормалар мен адамгершілік парыздары Алланың сөздерімен араб тілінде жазылған. Сондықтан Құран Кәрім – мұсылмандардың конституциясы және оларға өмір бақи түзу жол сілтейтін жарық жұлдыз екені сөзсіз. Құран Алланың сөзі болғандықтан, оған тең келетін автор жоқ. Құранның сөзі – араб тілінде Мұхаммед Пайғамбарға жеткен Алланың сөзі, араб тіліндегі арабтың сөзі емес.

Шын мәнінде, «Құран Кәрім» дегеніміз – Нұр [5,15]. Ал «нұр» (арабша: нур) дегеніміз – жарық [4,175]. Сондықтан Алла Тағаланың тағы бір есімі араб тілінде «Нұр» деп аталған.

«Дін» (арабша: дин) – наным, сенім, илану мағынасындағы сөз. Сонда «дін» деген Алланың Құранда жүйелі түрде жазылған тәлімді уағыздарына сенім білдіру боп саналады. Яғни, Алла тарапынан айтылған әмір, міндет және әр қилы тыйымдардың жиынтығына илану «дін» деп аталады.

«Ислам» (арабшада да: ислам) сөзі - бағыну, нану мағынасындағы сөз. Ислам – VІІ ғасырда Арабияда Мұхаммед Пайғамбар негізін салған дін, яғни мұсылмандар діні. Ислам діні – бөлінбейтін біртұтас дін. Бөлінетін өзге діндер, атап айтқанда ислам дінінен бөлек діндер.

 

Серік ЖАҚСЫБАЕВ,

 «Ғылым Құраннан басталады» мақаласынан үзінді

saryarka-samaly.kz

0 пікір