Құран-Алланың сыйы
Құран-Алланың сыйы
01.02.2018 12:46
603
0

Мұхаммед с.ғ.с. 622 жылы Меккеден Мединеге көшіп келіп, мұнда мұсылман қауымын құрады. Сондықтан Құранның сүрелері хронологиялық тәртіппен меккелік және мединелік болып бөлінген.

 Құранның ішінде меккелік сүрелердің саны – 91, мединелік сүрелер – 23. Пайғамбарымыз с.ғ.с. араб болғандықтан, Құранның сүрелері оған өз тілінде түсінікті етіп түсірілді [19,97].

Мұхаммед Пайғамбар Құран сүрелерін адамдардың көкейлеріне мықтап қонатындай бабына келтіріп ырғақты әуенмен айтып беруі үшін сүрелер рет-ретімен бөлек- бөлек жіберіледі [25,32].

Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, Құранның кейбір аяттары бұрынғы киелі кітаптарда да ауызға алынған [26,196].

Алайда мұны Израиль әулетінің ғалымдары білсе де, яхудилердің біразы Алла аян еткен тура жолға түспеді [26,197].

Мұхаммед Пайғамбардың көзі тірісінде Құран аяттары ауызекі түрде таратылды. Ал бізге жеткен Құранның жазба нұсқасы Сәбит ибн Сеит құрастырған жинақ «Осман халифа шығарған Құран» деп аталады. Бұл Құранды 645 жылы ислам дінін қолдаушылар ресми түрде қабылдады. Бұл Құран – шын мәнінде, Алланың күллі жаһан халқы үшін айтқан аса данышпандық ақыл–насихат сөздерінің жиынтығы [68,52].

Сондықтан да Құран – әр адамның осынау қамшының сабындай қысқа өмірінде өз жан дүниесін осы киелі кітапта нұсқалған ең әділ, ең сара нұрлы жолмен өмір сүріп, мәңгі бақилық өмірге анадан жаңа туғандай таза күйінде баруына қажетті білім–тәлім алуы үшін Хақ Тағаланың жаһандағы барша адамзат баласына жасаған баға жетпес сыйы.

 

Серік ЖАҚСЫБАЕВ,

 «Ғылым Құраннан басталады» мақаласынан үзінді

saryarka-samaly.kz

0 пікір