ҚҰРАН – ӘДЕБИЕТ ЕМЕС, МҰҒЖИЗА
ҚҰРАН – ӘДЕБИЕТ ЕМЕС, МҰҒЖИЗА
28.09.2021 11:43
1120
0

Сен Құраннан жаратылдың,  Құран – өзің!

(Құран тілімен жазылған ілім)                                

Бисмиллай Рахмани Рахим

Ілім – ғайыптан. Мен ғайыптан өзіме Құран тілінде түскен бұл ілімді өз түсінігіммен оқырманға жеткізгім келіпдін отыр. Несін жасырамыз, қазіргі қоғам адамдарының көпшілігі заман ағымымен өздерін діннен алшақтатып алған. Ондай жандарға дін туралы, Құран тілімен (!) сөз айтып түсіндіру оңай шаруа емес. Ал Құран мен әдебиет жайлы күрделі тақырыпта сөз бастау үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Діннің жолы әрі нәзік, әрі күрделі дүние. Дін туралы айтқанда – Құран қағидаларынан еш ауытқуға болмайды. Өйткені,Құран жанды дүние және ол адамға тәуелді емес, адам Құранға тәуелді. «Құранның адам баласына әсері бар ма, аят деген не, соны білдіретін, аят іштен бе, не сырттан келетін дүние ме, иә сен сонымен құралып тұрсың ба?» - деген сауал қазір әркімнің-ақ көкейінде. Мен бұл мақалада соны іліммен көрсетуді мақсат тұттым. Тағы бір ескертілер ерекшелік, ілімші дін туралы  әңгіме жазғанда оны деңгейіне қарай тірі Құран өзі жетегіне алатындығын да алдын ала ескертемін.

Міне, қазір де солай болып отыр.  Бұл – ерекшелік. Мақаламызды бастауға «Муминун» сүресінің; «Шынында біз адамды балшықтың маңызынан жараттық»- деген аяты түсті. Аятта Алла тағалам не деп айтып отыр, «Шынында да біз адамды балшықтың маңызынан жараттық», - дейді. Енді осы аят ары қарай біздің айтпақ ойымызды қалай жетелер екен?

Дүниеде кітап жетеді. Осы кітаптар қатарына қосып Құранды «Құран - әдебиет», - деп айтуға бола ма? Шынында, Құран сөзі әдеби жай тіл ме? Бәріміз білеміз – Құран Құдайдың сөзі. Құдай мәңгілік тірі болған соң, оның сөзі де мәңгі тірі. Мына келген  аят  алғашқы сөзді неден бастады? Алла Тағала  Адамды топырақтан жаратқанынан бастады. Ондай болса құдіреті күшті Құдай, осы аятта кітап мәселесінде, Құран туралы әңгіме айтқан болса, жеткізген аятында: «Ей, бұрын жаратылған пәнде», - дейтін еді.  Демек, Алла тағала өзін айтпас бұрын, аятта адамды неден жаратқанын айтып жатқан болса, онда біз Құранға кіріп тұрмыз. Құран адамның неден жаратылғанын айтуда. Енді осы сөзге мән берелік. Құдіреті күшті Құдай бізге бұл аятта, өзінен бұрын алдына аятты қойып, сосын адамды айтып тұр. Ондай болса, Құран әдебиет емес, жай кітап та емес! Қазір Алла адамды неден жаратқанын құрани сөзбен бастап, онда Құран адамнан бұрын жаратылғанын айтты. Енді  «Жын» сүресінен келген мына аятты қабыл алайық: «(Алла бұйырды); Егер олар (жындар мен адамдар) дұрыс жол ұстанған болса, оларға мол су нәсіп етеміз».

Алла тағала алдымен: «Сені мен топырақтан жасадым», - деді. Алла адамды Құраннан кейін жаратқанын, оны өз сөзінен кейін жаратқанын дәледеп айтумен бірге, осы жаратылыстың ішінде Құранды адам мен жынға бұйырғанын есептеп айтты. «Оларға мол су нәсіп етеміз», -дейді. Не деп сен басыңды көтеріп келе жатырсың? Алла тағала; «Ей, бұрын жаратылған, мен саған бұны кейіннен бердім», - деп айтып жатқан жоқ қой. «Бұйырдым, бұйырылды оларға», - дейді. Ондай болса құдіретті күшті Құдай, адамды Құранның ішінде жаратқанын айта тұрып, адамға осы Құран бұйырғанын, Алла өзінің сөзін адамға  бұйыртқанын айтуда. Мұндай жағдайда адам шектен шыға алмайды. Осы сөзбен  құдіреті күшті Құдай адамды сүйіспеншілікпен жаратқандығы соншалық, өзінің осы сөзінің ішінде бақыт та мол болатындығын  адам мен жынға сеніммен айтуда. Осы жерде «Құран әдебиет пе, иә Құранды оқу керек пе?» - деген сұрақ қойылу мүмкін бе? Жоқ. Ілімде ондай әбес сұрақ қойылмайды. Егерде Алла сені Құранның ішінде жаратқан болса, бұл аятта құдіреті күшті Құдай өзін алдыға қойып жатыр. Сенің жаратылғаныңды, бірақ осы сөзбен сенің адам болатындығыңды құдіреті күшті Құдай жеткізуде. «Ілім не?» - деген адамға берер жауапты меңзеп түсіндіріп жатыр. Аяттың адамға қандай жақындығы бар. «Аят адамға сырттан келе ме, әлде сенің ішіңнен бе? Иә сен сонымен жаратылғансың ба?» - деген үш дүркін мәселені қатар көрсетіп тұр. Бұл - «Құранды тек жаттау керек, ол маған сырттан келетін көмек немесе іште тұрған дүние», - деп қателесіп жүргендерге де жауап. «Сен қай кезде түзелесің, сол аяттан құралғаныңды мойындасаң ғана», деген сөз.

Енді кезекпен түскен «Рағыд» сүресінің мына аятына құлақ асалық. Аят «Құран – әдебиет пе?» деген сұраққа жауап береді. Не болмаса осы мәселеде салыстырмалы түрде өте үлкен ілім түсіреді. «Алла қалаған адамының ризығын молықтырып та, тарықтырып та қояды. Олар (мүшіріктер) дүние тіршілігіне мәз болып жүр. Дүние тіршілігі дегенің ақыреттегіге қарағанда аз күндік қана күн көріс». Кәпірлер: «Раббыңнан оған (Мұхаммед пайғамбарға ) неге мұғжиза түспейді?» - дейді. (Ей, Мұхаммед!). «Шынында, Алла кімді қаласа соны адастырады, өзіне (шын) берілгенді тура жолға салады»- де».

Алла Тағала не деді: «Ей, құл, мен сені топырақтан жараттым, - деп Алла өзі бұрыннан бар екендігін  айтып, Бір өзі, Бір тал ғана екендігін бұл аятта тағы қайталап отыр.  Өзі жалғыз болған соң, сені адам қылып топырақтан жаратқанын ескертеді. Сенің жаратылысыңа тән  Алла әлі де саған сөзінің бар екендігін, сен сол Алла: «Бол!» - деген соң жаратылғаныңды ұғындыру мен осы аяттың ішінен адам болып жаратылғаныңды көрсетуде.

Құран - әдебиет емес. Бұл жерде Алла тағала «бұл аятты жатта» - деп тұрған жоқ. Саған осы аяттың ішінде тұрғаныңды көрсетсе, екіншіден сенің ғана емес, жынға да бұл қуанышты хабарды айтуда. «Егерде осы айтқанды ұғып, таза жолда жүрсеңдер», - дейді. Бұл сөзімен Алла тағала күмән тумас үшін, сенің аяттан жаратылғаныңды және Алланың сөзінен  жаратылғаныңа күмәнді болмас үшін, соған сенбейтіндер мен сенетіндердің кім екендігін айқындап беруде. Құран – ол кейбір білімсіз ғалымдар жазып жүргендей: «Арабтың әдеби кітабы» болатын болса, бұл жерде сен өз жүрегіңді оқитын болсаң, онда: «сенің жаратылысыңда Құранның қажеті не еді?» - деген сұрақ туған болса, соған: «Адамның жаратылысына Құран кітабының  әдеби кітап болып келуінің қажеті не еді?» - деген жауаб аласың. Жоқ, Алла тағала бұл кітабты саған тірі  өзінің тілімен, сені «Бол!» - деп айтып, Құранға кіргізіп жаратқан болса, бұл кітап әдебиет емес. Бұл сені тәрбиелеп жатқан жоқ, бұл сені үйретіп жатқан жоқ, бұл саған бірдеңені көрсетіп жатқан жоқ. Бұл сенің кім екеніңді, қандай дүниеден жаратылғаныңды айтып жатырған кітап. Ондай болса сол дүниеден жаратылған пәнде қандай болуы керек екенін тағы айтуда. Ол адамға  тәрбие беріп жатқан жоқ, сен содан бүтін нұр болып жаратылғаныңды көрсетуде. Бұл жерде адам үйренбейді, бұл жерде адам  оны қабыл алады, бойына сіңдіреді. Алла адамды осы Құранмен, өзінің сөзімен жаратқандығын, жаратып отырып оған шексіз нұр бергендігін, осыны мойындағанда ол адамдар екі жүзділерді көздерімен көрсін, өздері де екі жүзді болып қалмасын, «өмір тірлігі» деп Құранға қарсы шыққанда, оның түкке тұрмайтын дүние екендігін айтсын деп менің тіршілікте басымнан өткен дүниеге құдіреті күшті Құдай бүгін өте үлкен ілім ашқанын жеткізді. (Бұл туралы кейін бөлек әңгіме айтамыз. Б.А.)  Енді келесі түскен «Ахзап» сүресінің 15-ші аятын оқылық: «(Олар) мұнан бұрын артқа шегінбеу туралы Аллаға уағда берген еді, берген уағдасы жөнінен сөзсіз сұралады».

«Алланың алдында уәде берген еді олар» - дейді. Алла тағала адамды топырақтан жаратты. «Жындар» - деді мұнапықтар. Ондай болса Алла Тағала екі жүзділерге сөз бергендігін айтады. Екі жүзділер неден туылды? Оны да Алла жаратты ғой. Алла оны да топырақтан жаратты. Оларға да осы мәселені жеткізді. Бірақ олар Құранға қарсы шыға отырып, басқаша дүниені қабыл алды ма? Жоқ. Олар содан «Екі жүзді» деген ат алды. «Уәдесіне тұрмағандар. Алланы алдағандар» - деген ат алды. Құран әдебиет болған болса, Алла тағала оларды жікке бөліп, бұларды басқаша түсінетін жолмен Жаннатқа баратын адамдар деп айтар ма еді. Жоқ. Құран өз заңдылығын көрсетіп тұрса әдебиетке бұл жатпайды. Бұл тікеден тік адамзаттың  Патшасы – Жаратушының заңдылығына жатады. Ондай болса Құран нағыз мұғжиза.

«Олар» - деді Алла тағала. «Олар» - деді де бөліп тастады, бірақ оларға басқаша жол көрсетті ме? Жоқ. Олардың екі жүзді екендігін айтып шығарып жатыр. Құран екі-ақ жол көрсетеді. Иә сені дозаққа шығарады, йә сені осы кітапта қалдырады. Кітапта қалдыру деген не? Алланың адам баласына берген Жаннатын қабыл алады. Ондай болса Алла тағала адамға – жаныңда емес екенін, ішіңнен шықпайтынын, адам бүтін Алла сөзінен жаратылғандығын айтуда. Алла сөзінен бөлініп шыққандар – екі жүзділер. Сен Алланың сөзінен бөлінбе, өйткені сені Алла өз сөзінен жаратқан. Құран сырттан да келмейді, ішіңнен де шықпайды, сен сонымен жаратылғансың. Сол жаратылыстан бас тартқаның үшін ғана сен кәпір аталасың. Осындай кезде «Құранды  оқу керек» - деген сөздің орнына, «біз Құранбыз, біз Құран жолымен жүруіміз керек» - деген сөзді айтуды ұғындыруда. «Құранды оқу керек» дегеннің орнына, «біз Құранды түсініп, ағарамыз» - деу керек. Себебі біз содан жаратылдық. Құран Алланың сөзі болғандықтан, біз Алланың сөзінен тұрамыз. Міне, Құран бізге қаншалықты жақын.

Ары қарай, «Каһф» сүресінің 16-шы аяты жетті: «(Олардың ішінде де біреуі айтты;) Елдеріңнен және олардың Алладан өзге табынғандарынан қол үзген екенсіңдер, енді үңгірді паналаңдар. Раббыларың сендерге рахымын жаудырады, сондай-ақ істеріңе сәттілік береді».

Алла тағала адамды қайтадан қорғанға алуда. Алла өзінің рухынан адамға рух берген екен, соған орай оны сақтауда. Ол адамды өз сөзінен құралғанын, қасиетті Құран сөзінен тұратындығын айтып оны мойындамағандарға ауру бекітті. Сөйтті де өзін паналатты. Ондай болса Алла «Бол!» - деп айтқан адам затының қылығы Алла сүйгендей ғана болуы керек. Оған басқа жол жоқ; ойлап, күмәнданып, басқа жол салған болсаң кеттің. Әдебиет сияқты жіктеп салар басқаша жол жоқ бұл жерде. Бірақ айтылды «Сен ол жерден кеткенсің. Иә, содан өнгенсің».

Келесі «Уақиға» сүресінің екінші, үшінші, төртінші  аяты Құранның қаншалықты адамға жақындығын айтады: «Оның болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл (кейбіреуді тозаққа кіргізіп) төмендетеді, (кейбіреуді  ұшпаққа шығарып) жоғарылатады. Жер қатты сілкінген».

Алла тағала тағы не деп жатыр? Сен оны жоққа шығара  алмайсың. Кітапты да жоққа шығара алмайсың. Жаратылысты да жоққа шығара алмайсың. Өйткені, сен «Бол!» - деген дүниеден жаратылдың. Одан басқа жаратылыста емессің,  екіншіден, «сен осы жолға бекітілдің, осы  жолмен сен баруың керек қайтадан Жаннатқа» - деген сөз. Оның соңғы белгісін «адам шошитындай қатты жерді жыртып, төртке бөлген кезде көресің» - деуде. Бүгінгі күнге, көзді ашып осы ілімге қарайтын болсақ, Алла  басқа нұсқа беріп жол көрсетуде ме?  «Сен менің мына таңдаған жолыммен жүре алмасаң, саған басқа да аяттар бар, сол жолмен болады» - деп тұр ма Алла тағалам. Жоқ. Ондай болған жағдай болса, әр жерге әр түрлі аят, болмаса әр жердің әр түрлі Құдай отырмай ма? Құран әдебиет пе екен? Жоқ.

Адам барған сайын құраннан бүтін өзін көреді. Жаратылысың да өзіңсің. Алланы ұқпаған адам ғана бауырын екіге, бүйрегін екіге, жүрегін екіге бөледі. Екіге таңған – кәпір. Екіге бөлінген тірі жан аман қала ма? Ит жерімсіз болып қалмай ма? Ал екі ойда жүрген адамнан адам ақыл ала ма? Ақыл алмайды. Екі ойда жүрген адам мемлекет басқара ала ма? Басқара алмайды. Екі ойда жүрген әйел заты үйдің ошағын тұтата ала ма? Тұтата алмайды. Екі ойда жүрген адам дінді таза ұстай ала ма? Ұстай алмайды. Екі ойда жүріп ас пісірген адамның тамағы дәмді бола ма? Болмайды. Сондықтан Алла тағала сенің жаратылысыңды екіге бөлмеген. Сол себепті де Құран тірі. Алла сенің тірілігіңді, таза дініңді осы Құранмен берді. Алла Өзін және сенің кім екеніңді осы кітаппен көрсетті. Ондай болса иман кітабы осы Құран болса, сен осы кітапсың. Сен Алланың сөзісің. Ондай болса соны мойындасаң сен Жаннаттықсың, мойындамасаң – дозақтықсың. Басқа жол көрсетіліп тұрған жоқ. «Мұғжиза, бұл кітаптың әр тамшысы сенің күмәніңді өшіріп, сені осы кітапқа жақындатудан басқа, иә сені жоғалтып, жоққа шығарғанан басқа ештеңе  істемейді»- деді Аллам. Иә, сені құрдымға шығарады бұл кітап иә жоғарыға, Жаннатқа апарады. Әдебиет солай істей ме? Жоқ. Келесі келген «Нәжім» сүресінің 7-ші аяты. «Биік кеңістікке».

Биік кеңістікке. Алла тағала «сені топырақтан жараттым» - деді. Бірақ сен бүгінгі топыраққа ұқсамайсың. Алла жаңа аятта «Мен сендерге мол су беремін» - деді. Көктен беретін жаңбыр сенің өмір тіршілігіңді жалғастырады. Таза ауа, таза су. Ал енді құдіреті күшті Құдайдың бар екенін сен осы бір жағдайда мойындап, сол бір кеңдікпен өмір сүрсең ғана, сол рахатты көресің. Себебі биік те, кеңістік те, кеңдік те сенің кеңдігіңде. Алланың кеңдігінде шек жоқ. Себебі сені солай жаратқаны соншалық, сен сол топыраққа да ұқсамайсың.  Бірақ сені сол топырақтан, бір тамшы сумен қосып жаратты. Сол тамшының өзіне Алла тағы қаншама тамшы су береді өнуің үшін. Тамшы сусыз сен өліп қаласың. Ал енді Алла бүгін биік биіктіктің қандай жерде екенін айтып жатыр. Кеңдік - биіктікте. Ал енді бар дүнені құрдымға шығарып, «Құраннан тыс, Құрансыз да өмір сүремін» - деу тарлық. Құрансыз өмір сүру тарлық, керексіздік, жоқшылық,  жоқ - деген сөз. Құрансыз өмір жоқ. Сенің өзіңді топырақтан жаратқан, жоқтан бар еткен Алла тағала, сенің күнделікті өміріңе тамшы су беріп, содан нұр беріп, ас беріп бағып жатқан Алла. Осының бәрін көріп тұрып, Құранның ішінде тұрып, Құранды сен кітап қылып,  әшейін «жай әдебиет» - деп қараған болсаң құрыдың. Сенің қарның тоқ кезде, жаның тынышталғанда «ақша жинағанша, ашып оқи тұратын кітап» - деп ойласаң құрыдың. Иә болмаса басыңа күн туып, жаның қиналған кезде «есім жиған соң қараймын» - деген кітап десең тағы да құрыдың. «Сенің жаның қиналса да, керемет болып дамып кетіп байысаң да, сен бір керемет бір жақсылыққа жетсең де осы Құранмен ғана нәрленесің» - деп тұр Алла тағалам. Сол себепті де Алла: «Жынға да, адамға да мен мол байлық, тамшы су беремін», - деді. Ал енді бір кереметі жынды оттан жаратқан Аллам, оған да су беремін деп тұр. Алланың құдіретіне қара, құдіретті күшті Құдай  жын мен адамға осы Құраннан, «Бол!» - дегеннен құраған болса, көйлек пішкендей пішіп шығарған жоқ қой адам затын. Ондай болса бүгінгі әңгімеде, бүгінгі дүниеде Құраннан адамның қорқынышы күшейуі керек. Себебі адам өз жаратылысыңда кім болып тұрғанынан ұялуы керек. Сен содан тыс кетіп бара жатырсың ба, Құраннан сен шығып кетіп бара жатырсың ба, Құран сені құрдымға алып бара жатыр ма? Жоқ. Ендеше сен бетін ашпасаң Құран да сені керек етпейді.

Құран адамға арналған. Сенің тірлігің, сенің өсіп өнуің, Алланың берген сынағынан аман есен шығуың, құдіреті күшті Құдай көрсеткен жолын көруің, басыңа түскен бәледен құтылуың үшін, бүкіл тауқыметті шештіру үшін осы кітаптан адам жаратылды. Алла «Бол!» - деді. Күмәнданып: «Басқаша мен ілім іздеймін. Мен кім екенімді тағы қараймын», - десең онда біткенің. Басқа кітап ол басқа дүние, мұғжиза ілім Алланың сөзі ол басқа. Дін - адам үшін жаратылған. Ал Алла сүйген дін біреу ақ. Алла тағала Құранда: «Сүйген дінім», - деп неге ескертеді. Себебі ол біреу ақ. Басқа дін есепте жоқ екендігін айтып отыр. «Уақыт – уақытша», - деп тұр Алла тағалам. Шынында, неге адамдар уақыттарын бекер кетіріп Жаннаттан құрдым қалып жатыр. Одан басқа баратын жер дозақ қана емес пе. Ондай болса ойланып қажеті не. Жартылысыңмен неге жүрмейсің. Сені кім жаратты, соның жанында неге жүрмейсің? Келесі келген «Шұғара» сүресінің 7-ші аяты: «Олар жер жүзіне көз салмай ма? Онда алуан түрлі әсем өсімдіктерді өсірдік», - дейді.

Сен егерде осы топырақтан жаратқанды мойындамасаң, тамшыдан жаратқанды мойындау тіптен қиын. Сен сөйлеп жатырсың, ішіңде тамшы да жоқ, сенде үгітіліп жатқан топырақ та жоқ. Ал ендігі сұраққа жауап, ағаш та кішкентай дәннен шығып жатыр. Дәнді ағаштардың титтей дәні жерге түсіп, жел ұшырып, су ағызып алып кеткен жерде шашылып өніп, өсіп жатыр. Оларды біреу егіп түптеп жатқан жоқ. Ондай болса олардың жаратылысында сол дүние бар болса, сондай дүние сенің жаратылысыңда неге жоқ? Сен сол тамшыдан жаратқанды мойындамай қай жаққа кетіп бара жатырсың? Алла тағала: «Айналаңа қара», - дейді. Айналаңда болып жатқан күллі жақсылықтың бәрі топырақ. Сол топыраққа сумен сіңіп, өсіп шығып жатқан барлық жаратылыс кім үшін? Адам үшін. Соның бәрін бірдей жеуге Құдай жаратқан жоқ, бәрін жеуге болмайды, оны да ескертті Алла.

Егер де адам бәрін жей беретін болса Құран басқаша жол көрсететін еді. «Сен адам болып жаратылып, мынаны жесең болады, жегің келмесе мынаны жемесең де болатын еді», - дейтін еді. «Сен осы жолды ұстай алмасаң, жеңіл түрі бар, сен мынаны ұста да кете бер, сол киімді кимей-ақ қой, бес уақыт намазыңды оқымай-ақ қой, садақаңды бермей-ақ қой, сен мына жеңілдеу жолын ұстан», -деп неге Алла бөлмеген. Себебі, мұғжиза – біреу, Алла – біреу. Мұғжизаның аты – Құран.

Ойлан, бүкіл тапқаның, тіпті біреуге қарап сөйлеуің, құлағыңмен тыңдауының  өзі де осы Құранның ішінде жазылған дүние. «Басқа дүниені тыңдағаның үшін, басқа дүниеге күмәнданғаның үшін, басқа жамандықты қолға алып істегенің үшін,  сен жазаланасың», - деп жатыр. Сенің аяғың да, тынысың да, қолың да, Құдайдан алатын несібең де, кәртайып жатқан түрің де, ішіп жатқан асың да, айналаңда қоршап жатқан бауырларың да, сол көрсетіп жатқан көрініс те, естіп жатқан дыбыс та, саған арналған Құраннан шыққан. Одан сен бөлек кете алмайсың. Сол  себепті осы жаратылысқа бағынасың. Жартушыңа табынасың. Басқа ештеңеге табынуға болмайды. Келесі, «Халид» сүресінің 6-шы аяты: «Алла түнді күндізге кіріктіреді, күндізді түнге кіріктіреді. Ол көкейдегіні біліп тұрады», - дейді.

Алла күн мен түнді кіріктіріп тұр. Күн мен түн бірінен бірі арылды ма? Жоқ, арылмайды. Тек қана көрінісін, түсін өзертеді. Түнді қанша қараңғы дегенмен сенің көзің көреді ғой түнде. Демек, Алла түнге де ерекше нұр беріп қойыпты. «Күн қатты жарқыраған», - дейді. Қатты жарқырағанда сен дүниені көрмей қаласың. Бірақ соны да Алла тағала көретін қылып қойған. Сондай бір керемет жаратылыс болып тұрса да адам сондай жаратылыстан биік екенін ұға ма. Сен Құраннан шыға аласың ба енді? Титтей де айтуға бола ма: «Намазсыз, садақасыз, зікірсіз, пітірсіз, өмір сүруге болады, сәждеге бас апармай-ақ жүре беруге болады», - деп. «Алла, шүкір», - деп айтпай-ақ өмір сүруге болады», - деп айта аласың ба? Жоқ.

Келесі, «Хашир» сүресінің 6-шы аяты: «Алланың пайғамбарына олардан түсіріп берген олжасы сендердің аттылы, түйелі жортуылдарыңнан түскен емес. Алайда Алла өз пайғамбарын қалағандарынан үстем етеді. Алланың барлық нәрсеге күші жетеді».

Алла тағала бұл аятты жай ғана қарапайым түрде айтуда. Жалпы адамның ерекше жаратылысын, одан биіктеу етіп ерекше пайғамбарларын жаратқанын айтады. Сенің ойың қысқа шешімге келіп: «Ол да мен сияқты адам ғой. Мынау затты ол да киеді. Осы дүниені ол да ішіп жейді ғой», - деп тұрғанда Алла не деп тұр. «Оны таңдаймын, ерекше жаратамын», - дейді. Алла өз сөзін осылай айтуда. Себебі адамды Жаннаттың топырағынан жаратып, оған Жаннатың тамшысымен нәр бергенін ескертуде. Ал сондай дүниені тек пайғамбармен ғана түсіндіретінін айтады.

Онда Құран сырттан ба екен? Жоқ. Құран іштен бе екен? Жоқ. Адам Құраннан  жаратылды. Егерде Құран сырттан болса, «Мен сені қабыл алдым», - дейтін еді. Алла тағала саған  сенбегендіктен «Екі жүзді болдың», - деп айтпас еді. Іштен болған болса, «Сен ойлан, өзің талдайсың», -дер еді. Ал бүтін болғасын Алла не деп тұр, «Тек мен саған бердім, ол сендерге бұйырды», - деп тұр. Саған берілді. Сен онда содан шықтың. Бұл – мұғжиза.

Әдебиет адамның өміріне мұндай дүние бере алмайды. Құран жай оқитын кітап емес. Егерде жай оқитын кітап болса, әр жерге, әр елге бір-бір Құдай сайланып кететін еді. Оны есін жиа алмаған да, жиғанда жазатын еді. Онда  жер дүниені дерт басып, бәрі бүтін тексерусіз, өлшенбей дозаққа кететін еді. Бұл кітап Құран – Сен. Құран – Адам баласы. Жаның да, жүрегің де осы кітапта. Қайғың да, қасіретің де Құран. Құрдымға да жіберетін, Жаннатқа да апаратын осы кітап. «Құрдымға кету», - деген сөз, мойындамасаң кеттің. Осы кітапты оқып тұрып мойындамасаң, орындамасаң – кеттің. Себебі өзіңді өзің кесіп, Құраннан ұзап кетуге болмайды. Өйткені, Құран – әдебиет емес, Құран – мұғжиза. Сен Құраннан жаратылдың.  Құран – өзің!                                                                      

Бұл сөз патшасы – Құран сөзі. Біз осы аяттарды жеткізгені үшін тірі Құранға тағызым ете отырып, енді осы құрани ұғындыруды, ақылға, ой таразысына салалық. Бұл орайда да Құран: «Ақылмен ойла», - деп ескерту беруде.  «Құран ашып оқу», - деген мәселе оны ашып оқу ғана емес, одан нәр алу, түзелу, тазалану, нұрлану, көтерілу, берекетіңді қабыл алу», - деген сөз. «Оқы» десең әдебиет болып қалады.

«Нәміл» сүресінің 6-шы аяты: «(Ей, Мұхаммед,) Расында, саған бұл Құран хикмет иесі, бәрін білуші (Алла Тағала) тарапынан түсірілді».

Бұл – ақылмен ойлану, баспен түсіну, мимен ұғыну- деген сөз. Алла тағала  пайғамбарымызға не деп айтты: «Ей, Мұхаммед, Расында саған бұл Құран хикмет иесі, бәрін білуші, Алла тағала тарапынан түсірілді».

Бәрін білуші. Әдебиетті, жай кітапты, сол бір деңгейде оқыған адам дәлел  үшін жазады. Ол басқа дүниені біле бермейді. Ал адамды жаратқан, оған не керек екенін біліп тұрған, Жартушының кітабы – Құран. Ақылмен ойлансақ Алла тағалам, «Ей, адамзат», - деп жатқан жоқ қой. «Ей, Мұхаммед», - деп пайғамбарына айтып жатыр. Адамдардың ішінде Пайғамбарға айтылды. Себебі ол біреу болса да  мыңға айта алады. «Ей, адамдар, бас басыңмен соны ұғыңдар»- деп айтып жатқан жоқ әдеби кітап сияқты, «Ей, пайғамбар», - дейді. Расында да, бұл кітапты Жаратқан ием, «барлық дүниені  жаратқан»- дейді. «Бәрін білетін, бәрін беретін осы кітапты жаратты», - дейді. «Құранды ақылмен қарау керек», - дейді Құдай. Ондай болса Құранның өзі ақылды пайғамбары арқылы айтып тұр. Құранның қасиетін білмесең, шолақ шешім айтуға болмайды. Бұл – Құдайдың сөздерін қабыл алу. Өзіңді ақылмен мойындау. Кім екеніңді өз ақылыңмен мойындау. Құранда ақымақтылыққа бастайтын дүниенің жолын да көрсетеді. «Ахзап» сүресінің 6-шы аяты: «Пайғамбар мүміндерге өз бастарынан да аяулы».

Алла тағала ақыл иесіне Жаратушының жаратқанын айтумен бірге өзі ұнатқан пайғамбар Алла сүйген құлдарға өзінің жанынан да артық екенін жеткізуде. Ақылға сиымды дүние ме? Дінді ұстануда биік тәрбие керек. Ақыл иесі керек. Алла тағала ақылға сиымды дүние айтады. Адам баласы арқалай алмайтын дүниені айтпайды. Пайғамбарды Алла тағала силап тұр. «Күллі мүмін мұсылмандардың сүйікті пайғамбары  Мұхаммед», - деп тұр. Ақылмен ойлау. Аллаһ тағала дінді кімге ұстатуды айтты, ақылды адамдарға берді. Өзінің жаны мен тәні арласқан адамдарды Құдай жоғары қойыпты. Ондай болса Алланың рухы егіледі. Алла Тағаланың жаратқан ең бірінші пайғамбары, саған Құран алып келген пайғамбар, оған салған жол сенікі.

Демек, құлшылық жасаған адам, өте бақытты. Құлшылықты күмәнсіз, шынайы ақылмен, Алла айтқан жолмен ұстанған адамдар өте бақытты. Олардың көрген қиындығы да оларға бақ алып келеді. Өйткені, Алла тағала адамды жаратқанда өз шапағаты мен кеңдігімен жаратты. Сол шапағаты болғандықтан адамды Құранның ішінде сақтап тұр. Осы сәтте де  жанымызда отырып, «сен ақылмен ойлан», - деп жол көрсетіп отыр «Сен мұнапық емессің, сен менің құлымсың», - деп айтуда Құран. Ондай болса Алладан басқа кім бар адамды ұғатын. Алла пайғамбарды сүйіп, биік қойған себебі, оны мүміндер жақсы көреді. Мүміндер жақсы көргенді Құдай сыйлайды. Бүгінгі түскен аяттар күмәнды кетіріп, бүтін Құранмен жаратылғанымызды көрсетсе, Алла айтқандай  Адам болайық. Өйткені, Алла адамды осындай дүниеде жаратты.

Міне, мен бастап, Құран толықтырған, жазылу тәсілі ерекше, құрани тілде сөйлеген бұл мақала да өз мәртебелі мәресіне жетті. Мәртебелі болатыны түптеп келгенде мақала қазақ әдебиетшілері ғана ғана емес әлем әдебиетшілеріне де ескерту берген кесек дүние. Мақалада келтірілген аяттардан, адам баласы Құранның қасиетін, кереметін алумен бірге діннің не екенін ұғынды деп білемін. Дін – өзің! Діннің діңгегі дінді ұстанатын, мойындайтын адам, иесі – Құдай. Құдайға қарсы шығуға болмайды. Құранды «әдебиет» дегендері үшін екі жүзді адамдарға жаза алда. Әрине, тәубасына келмесе...

Бақтыбай Айнабеков,

Ілімгер-жазушы

 

0 пікір