«ҚҰРАЙЫШ» СҮРЕСІНІҢ ТӘПСІРІ
«ҚҰРАЙЫШ» СҮРЕСІНІҢ ТӘПСІРІ
22.10.2019 10:31
203
0

 Бұл сүре Алла Тағаланың меккеліктерге берген нығметтері жайлы әңгімелейді. Меккеліктер сауда-саттық мақсатымен екі жаққа: қыста Йеменге, ал жазда Шам өлкесіне сапар шегетін. Алла Тағала Құрайышқа берген нығметтерінің ең үлкен екеу, олар: тыныштық пен тұрақтылық және молшылық пен жеңілдік еді.

 بسم الله الرحمن الرحيم لِإِيلَافِ قُرَيْشٍ

1.    Құрайыштың бейбітшілігі (ғажайып іс).

 إِيلَافِهِمْ رِحْلَةَ الشِّتَاءِ وَالصَّيْفِ

2.    Олардың қысқы және жазғы сапарларын-дағы қауіпсіздігі (ғажайып). Бейбітшіліктің арқасында Алла Тағала қыста Йеменге, ал жазда Шамға сауда-саттық сапарын оңайлатты. Олар сауда жасап азық-түлік пен киім-кешек алып келетін. Барғанда да, қайтқанда да олжалы оралатын. Олардың жолы қатерсіз, ешкім оларға жамандық ойламайтын. Себебі арабтың басқа рулары Құрайыш жайлы: «Олар Алла Тағаланың көршісі, қасиетті жер тұрғындары, олар Алла Тағаланың жұрты, өйткені Қағбаның иелері. Оларға зиян тигізбеңдер, зәбір көрсетпеңдер», – деуші еді. Алла Тағала піл иелерін жойған соң, меккеліктерге деген құрмет артты. Патшалар мен әмірлердің Құрайышқа деген құрметі өсті. Меккеліктердің саудасы да, пайдасы да еселене түсті. Сондықтан Құранда Құрайышқа осы берілген нығмет туралы айтылуда. Оларға Алла Тағаланың бұл нығметтерін еске алып, Жаратушыны Бір деп білуге және Оған шүкіршілік етуге шақыруда.

فَلْيَعْبُدُوا رَبَّ هَذَا الْبَيْتِ

3.    Ендеше, олар осы үйдің (Қағбаның) иесіне құлшылық етсін. Тек өздеріңе ғана тиесілі етілген осы нығметтерге шүкіршілік ретінде Раббыларыңа құлшылық етіңдер. Тәпсіршілер: «Алла Тағаланың берген басқа нығметтері үшін құлшылық етпесе де, ашық та айқын нығметі болған осы қауіпсіз екі сауда сапары үшін құлшылық етсін. Өйткені, меккеліктер – жерінде егін шықпайтын, малы аз халық», – деп тәпсірлеген.

 الَّذِي أَطْعَمَهُمْ مِنْ جُوعٍ وَآَمَنَهُمْ مِنْ خَوْفٍ

4.    Қатты аштықтан соң тамақтандырған және қатты қауіптен соң тыныштық берген Аллаға (құлшылық етсін). Мекке халқы сауда сапарында және өз қалаларында да тыныштық пен қауіпсіздікте күн кешті. Құранда: «(Мекке халқы) маңындағы адамдар ұрланып, тоналып жатқанда Меккені ардақты және бейбіт орын еткенімізді көрмеді ме?»[1]. Сондай-ақ, : «... Раббым! Бұны бір тыныш қала қыла көр!... Әр түрлі өнімдермен ризықтандыр...»[2], деген тілек жасаған аталары Ибраһимнің  дұғасының берекетімен. Құрайышқа Ұлық Аллаға ғана құлшылық ету парыз емес пе? Ол меккеліктерге қорек беріп, қауіпті заманда тұрақтылық берген Жаратушы емес пе?

 Сүреге қатысты жайт:

Имам Фахр: «Алла Тағаланың нығметі екеу. Оның бірі Піл сүресінде айтылғандай жамандықтан сақтау. Ал, екіншісі: пайда мен олжа беру. Бұл осы сүреде айтылған. Алла Тағала құрайыштықтарға осы үлкен екі нығметті берген соң, құлшылық етуге және шүкіршілік жасауға әмір етті», – дейді.

 

Серікбай ОРАЗ

[1]    Ғанкабут сүресі, 67-аят

 [2]    Бақара сүресі, 126-аят

 

 

0 пікір