ҚАРЫНДАСТЫ КІНӘЛАМАҢЫЗ!
ҚАРЫНДАСТЫ КІНӘЛАМАҢЫЗ!
24.08.2017 23:35
1554
0

«Әурет аз қыста жарқылдар, ашылмас онда алқымдар.

Жалтырап сандар, сүйреңдеп, көрінбес онда балтырлар», - деп бір ақын інім өлең жазған екен. Сол өлеңнің «Қыс болып жатқан бір жаққа уақытша кетіп қалсам ба?!» деген жолдары бүгінгі біраз намысты жігіттердің назын жеткізетіндей.

Расымен де, жазда ағаш біткен жап-жасыл жамылғысын оранып жатса, табиғатқа жаратылысы жат адам баласы керісінше зейін аударарлықтай зейнетін ашып, бұған мүлдем кереғар әрекетке барып жатады. Әсіресе, әпке, қарындастарымыз.

Әрбір қазақ қызын қарындасындай көріп, оның ары мен абыройына алаңдаған өр жігіттеріміз қашан да қыз баласына қамқор, қорған бола білген. Алайда, естілікпен етегін жиып жүрген кешегі қазақ қыздарының бүгінде батысқа еліктеп, тым қысқа не ашық киінуі қазақы салт-дәстүрімізде де, ата дінімізде де болмаса да, қазір көзге үйреншікті құбылыс ретінде қалыптасып үлгерген. Ал осыған намыстанып, наразылығын білдіріп жүрген кейбір бауырларымыз кінәраттың бәрін қарындастарымызға арта салады. Бұл жігіттердің назы негізсіз дей алмаймын, десе де, кінәрат қарындас, әпкелерімізде ғана емес, оның отбасындағы көрген тәрбиесіне де қатысты екендігін айтқым келеді.

Кінәліні іздемес бұрын, ашық әуреттің қандай кесірі барына үңіліп көрейікші. Біріншіден, бұл зинаға апаратын ашық жол болып табылады. Себебі әйелдің етегі қысқарса, оған есі кеткен ер кісілердің ойы бұзылады, тіпті кейде ойнастыққа да жетелейтін жаман жолға барады. Осылайша, екінші кесірі - отбасының күйреуіне әкеліп соғады. Одан бөлек қазақтың тарихында, тұрмыс тіршілігінде бұрын соңды кездеспеген, қазақы салт-санамызға жат, алайда бүгінгі қоғамда жиі орын алып жатқан келеңсіз жағдайлар, соның ішінде, жастардың ұятсыз, арсыз қылықтарға баруы, некесіз қарым-қатынас, ерте жүктілік, тастанды сәби, т.б. Кешегі жетімін жылатпаған халықтың ұжданды ұрпағы шыр етіп дүниеге келген жазықсыз нәрестелерін көшеге, қоқыс жәшіктеріне жаны шіміркпестен тастайтын болды. Мұндай мысалдар өте көп. Енді қараңыз, түйіні үйінен тыйым көрмей өскен қаракөздің көшеде зейнетін көрсетіп жүруінен тарқаған мәселе қаншама түйткілдерді туындатты. Неге ендеше осыны ескеріп, жаманнан жиренбейміз? Әр адам өз амалына жауап береді емес пе?! Әйелге әурет жабу парыз етілсе, ер азамат некесізден назарын сақтауы тиіс. Себебі өзіне ер кісінің сұқтана қарауына себепкер болған әйел де, Алланың әміріне бойұсынбай, тыйым етілгенге көз тіккен ер де бірдей жауапты. Адамзаттың екі дүниеде де бақытты болуы үшін Ислам дінін жіберген, оның ішінде зинадай ауыр күнәға қатаң тыйым салған Мейірімді Алла Тағала бұл туралы «Нұр» сүресінің 30-шы аятында ер кісілердің әйел кісілерге қарамауларын және дәл осы сүренің 31-ші аятында әйел кісілердің де бөтен еркектерге сұқтанып қарамауларын, өздерінің зейнеттерін, әурет жерлерін бөтен еркектерге көрсетпеулерін бұйырған:

«(Ей, Мұхаммед) Мүміндерге айт: (Бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Расында ол өздері үшін өте жақсы. Шындығында Алла Тағала, олардың не істегендерін білуші[1]».

«(Ей, Мұхаммед) Мүмін әйелдерге де айт: (Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін...[2]».

Ал ардақты Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыз: «Көздің зинасы – қарау[3]»-деу арқылы жоғарыдағы Құран аяттарын тәпсірлеп тұрғандай ескерту жасаған. Ал бұл хадис ер кісілерді де һəм əйел кісілерді де бірдей дəрежеде қамтитын жалпы мағынада айтылған ортақ ескерту екендігі белгілі. Басқа бір хадисінде:

«Кімде-кім маған мына екі нәрседе: екі жақ арасындағы (тіліне) және екі аяқтың арасындағы (әуретіне) ие боламын деп кепілдік берсе, мен ол кісінің жәннатқа баратындығына кепілдік беремін[4]», - деп сүйіншілеген.

Сонымен қатар Алла Тағала: “Зинаға жақындамаңдар! Расында ол бір азғындық жəне жаман жол[5]» деп бұйырған болатын. Ал он екі мүшенің бірі саналатын көз зина сияқты үлкен күнəға, арсыздыққа жақындататын басты себепкердің бірегейі екендігі айтпаса да белгілі. Сол себепті бөтен ер кісілердің əйел кісілерге, ал əйел кісілердің бөтен ер кісілерге сұқтанып қарауларына тыйым салынған. Демек екі тарапқа да бірдей жауапкершілік жүктелген, бойынсұнбаған жағдайда екеуі де айыпты болмақ.

Олай болса әрбір мұсылман өзгені қаралаудан алдын өз мінін түзеп, бұйрыққа бойұсынып, Ұлы Раббымыздың разылығына ұмтылса екен. Ең дұрысы Аллаға мәлім!

Нұрлыбек Шакизадаұлы,

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

наиб имамы

 

 

[1]«Нұр» сүресі, 30-аят.

[2]«Нұр» сүресі, 31-аят.

[3] Бұхари риуаяты

[4] Бұхари риуаяты

[5] Исра сүресі, 32 аят

0 пікір