Қайтыс болған кісіге Құран бағыштауға болады ма?
Қайтыс болған кісіге Құран бағыштауға болады ма?
27.10.2016 10:53
3648
0

Қайтыс болған адамның рухына Құран оқып, оның сауабын бағыштауға қатысты классикалық мәзһаб ғұламаларының арасында талас-тартыс жоқ. Себебі, Алла елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өлген адамның рухына Құран оқып, сауабын бағыштауға болатындығы туралы айтқан мынадай хадис-шарфитері бар:

«Ясин (сүре) Құранның жүрегі. Оны кімде-кім оқып, Алладан ақыреттің бақытын тілесе, Алла оны мағфиратпен қауыштырады. Ясинды өлген адамдар үшін де оқыңыз» (Муснад, 5/26).

«Кімде-кім әкесі мен анасы және осылардың бірінің қабіріне жұма күні зиярат жасап, Ясин сүресін оқыса, Алла қабір иесінің күнәларын кешіреді» (Ибн Мажа, 4/174).

«Өлген адамның артынан Ясин оқыңыз» (Әбу Дәут, Жанайз: 24).

Салафилік сенімді ұстанған Шейх Насруддин әл-Албани жоғарыда келтірілген Имам Ахмат Ханбал мен Ибн Мажадан жеткізілген хадистердің тізбегіне күмәнмен қарап, қайтқан адамға Құран бағыштау салт-жорасын бидға деп қарастырады. Әйткенмен, Имам Байқахи өз шығармасында сахаба Абдуллаһ бин Омардың бақилық болған жанның соңынан Бақара сүресінің аяттарын оқып, оның сауабын бағыштауға болатындығын айтқан (Байқахи, 4/56) сахих риуаяттын бар екенін жеткізеді.

Ханафи мәзһабының факиһі Ибн Абидин (қ.ж 1252/1836) мен әл-Айни (қ.ж 855/1451): «Әһлу сунна мәзһабтары бірауыздан намаз, ораза, зекет, қажылық, зікір және Құран оқып, сауабын қайтыс болған адамның рухына бағыштауға болатынын айтқан» дейді.

Мәлики мәзһабының ғұламалары Абдульхақ әл-Ишбили (қ.ж 581/1185г) және Имам Кұртуби (қ.ж 681/1282) да қайтқан кісінің артынан Құран оқып, сауабын бағыштауға болатынын айтады. Мысалы Имам Құртуби: «Қабірдегі дамыл тапқан рухтарға оқылған Құранның сауабы тигенде олар бейне Құран аяттарын өздері оқыған секілді сауапқа кенеледі» дейді.

Шафий мәзһабының ғұламалары да қайтқан жанның рухына арнап Құран оқуды сауапты амал ретінде құптаған. Имам Шафий: «Қабір басында Құран аяттарын оқу мустахаб амал саналады. Ал, Құранды басынан аяғына дейін оқысы нұр үстіне нұр болады» дейді. Имам Науауи өзінің «әл-Мамну» шығармасында: «Өлген адамның артынан бағышталған Құранның сауабы сөзсіз тиеді» деген.

Ханбали мәзһабының негізін салушы Имам Ахмад: «Қабір басына барсаңыз, Аят-уль курси дұғасы мен үш мәрте Ықылас сүресін оқыңыз» дейді. Тіпті, ибн Тәймийәнің өзі «Мажмуғат әл-Фатауасында» Құран бағыштаудың шариғатқа теріс емес екенін айтып өткен.

Жоғарыдағы деректерді қорытындылайтын болсақ, жәнтәсілім еткен адамдардың рухына Құран оқып, оның сауабын бағыштау хақында әһлу сунна мәзһабы ғұламалары арасында консенсус (ижмағ) бар екенін көз жеткіземіз.

Мұхан ИСАХАН

e-islam.kz

0 пікір