Қабір басында Құран бағыштауға бола ма?
Қабір басында Құран бағыштауға бола ма?
07.07.2019 15:50
3122
0

Күнделікті бес уақыт намазда артымызда ұйып жамағат болып жүрген бір ағамыз, әкем басына барып тұрып Құран бағыштай алмай қайттым. Қабырғам қайысты деп отыр өткенде.

Себебін сұрамай-ақ өзі ары қарай әңгіменің тиегін ақтара жөнелді. Ағамыз амалда Ханафи, сенімде Матуруди бола тұра, жат ағымның тұмауынан жұқтырып алғанын өзі сезбеген. Құран өлілерге емес тірілерге түскен деген ұранның жетегіне ілесіп алған. Соның салдарынан туған әкесінің басына барып тұрып Құран бағыштауға дәті жетпеген. Бірақ бір жағынан бұрыннан сіңген әдеттен аттағаны үшін де өзін қатты кінәлі сезінген. Бірақ пайғамбар, саңлақ сахабалар тіпті ұлық имамдар марқұмдарға Құран бағыштамаған болса менің бағыштағаным қалай деп өзін жалған тақуалықпен ақтаған. Сонда да ақ ар жібермеген. Өкініш пен ыңғайсыздық бойын билеп, жан-дүниесі астаң кестең болып, келіп отырған беті.

Ол ағаның тұмауратқандағы негізгі сұрағы:

  1. Ханафи немесе Матуруди деп неге бөлінеміз?
  2. Пайғамбар, сахабалар Құран бағыштамаса біз неге бағыштаймыз?
  3. Төрт мәзһаб ақиқат дұрыс болса неге біреуіне ғана жабысып қаламыз? 

Бірінші мәселе. Ханафи немесе Матуруди деп бөлініп жүрген біз жоқ. Қайта соңғы кезде пайда болған кейбір шала сауатты, келте түсінікті, таяз пайымды адамдардың ел арасына іріткі салып шығарып жүрген бұлғағы ғана. Әсілінде бірі амалдағы, ал келесісі сенімдегі өз заманынан бастап бүгінгі дейін жол бастаған шамшырақтарымыз еді. Ол кісілердің тек есімімен аталғаны болмаса, ол нағыз Исламның өзі әрі өзегі. Олардың бәрі Құран мен сүннеттен негіздерін алып қаланған. Имам Матуруди де, сенім мәселесінде Имам Тахауидің еңбегін ашықтаса, Имам Тахауи, Имам Ағзамның «әл-Фиқһул Әкбар» атты еңбегін ашықтаған болатын. Демек Имам Матурудиде бұл мәселеде Имам Ағзамның рухани шәкірті. Фиқһ саласында барлық адам Имам Ағзамның балалары деп Имам Шафиғи бекер айтпаған. Өйткені осы саланы ерекше ғылыми әдістемелермен пісіріп кеткенде имам Ағзам екені баршаға аян. Имам Ағзам Құран мен сүннеттен бар үкімнің негізін алып отырған. Мінекей осыны ашып түсінбестен Ханафи басқа Матуруди басқа деу барып тұрған жала һәм түпсіз тексіздіктің нақ өзі.

Екінші мәселе. Пайғамбар өткендерге Құран бағыштамаған деу ат үсті қарау, негізінде Ол кісіге түбегейлі жала. Сондай-ақ Құранды әркім өзі оқығаны ең сауапты іс. Құран бағыштағанда бірінші оқыған, екінші тыңдаған, үшінші оқытқан төртінші бағышталған марқұмдарға Иншә Аллаһ сауап болады. Ал барлық ұлық имамдардың бірауыздан келіскен мәселесі, жаладамалы Құран мүлде болмайды. 

Сонымен сізге қарапайым мысалдармен мынандай деректер ұсынайын:

Бірінші қараңыз намаз оқығанда «Әттатхият» дұғасын оқу уәжіп амал. Сол дұғаның мағынасына сәл үңілсек:

«... Сәлем бізге және Алланың барлық ізгі құлдарына болсын!..» - деген мәтін келеді. Бұл барып тұрған дұға.

Екінші намазда оқылатын салауаттарды Алла елшісі өзі үйретіп кеткен-ді. Ол кісі дүниеден озды әлі оқып келеміз. Әрі ол жерде Ибраһим әрі отбасына да дұға бар екенін мағынасына қарасаңыз көресіз. Екі салауатта да екі пайғамбардың өз бастары емес отбасыда бар екенін ескеру қажет.

Үшінші Раббанәғфирли деген Құран аятынан бір дұғаны көп оқимыз. Онда өзіміз ата-анамыз тіпті барлық момындарды есеп күні кешіре гөр деудеміз.

Төртінші «Өлілеріңе Иә-сиин сүресін оқыңдар» (Әбу Дәуіт, Ахмед тб хадис жинақтарында) деген хадис бар. Бұл жерде айдан анық «өлілеріңе» деп тұр. Мәутәәкум деген сөздің бас жағында ғаләә деген харфы жәрр бар. Ол дегеніміз мәйіттің бас жағында, қабірінде деген мағыналарға саяды.

Бесінші Айша анамыздан жеткен бір хадисте Әз елші түн қараңғысында Жәннәтул-бәқиғ қабірстанында дұға етіп отырғаны бізге жетеді. Ал, Алла елшісінің дұғасы Құраннан немесе хадистен болары даусыз. Өйткені Ол кісі өз ойынан ешнәрсе айтпайтынын Нәжм сүресінің 3-4 аяттарында: «Ол ешқашан өз әуейлігіне (нәпсі қалауына) қарай сөйлемейді. Ол (яғни, оның айтқанының бәрі) уахи ғана». 

АлтыншыҰлы Алла Тағала, Әз елшіге әмір етіп Тәубе сүресінің 84 ші аятында: «Уа Мұхаммед!)Олардың мәңгілікке (зиян шегіп) өлген бірде-біреуінің жаназасын шығарма һәм дұға ету үшін қабірінің басына барып тұрма...» -делінген. Олар мунафиқтар еді. Әңгіме мунафиқтар жайлы болып жатқанынан біз көп нәрсеге жауап ала аламыз. Осылай соза берсек айтар көп.

Үшінші мәселе. Төрт мәзһабта сөзсіз ақиқат әрі бір арна жол. Төртеу болуының өзі үлкен бір нығмет һәм ғажайып жеңілдік. Тарих бойынша мәзһабтар өте көп болғанымен, жүйесіз, әдіс-тәсілсіз болған соң олардың көбі топыраққа сіңген судай тарих бетінен жойылды. Ал төрт мәзһаб төрт құбыла болып әлі күнге шек жалғасын табуда. Оның өзі бір-бірін құрметтеуден болып отыр. Ешбір мәзһаб ғалымы келесі мәзһабты қате демеген. Текқана бәрі дұрыс, бірақ біздікі дұрысырақ дегеннен ары аспаған. Кім осы сызықтан асып кетсе ол тағассуб тақиясын киген болып табылады. Тағассуб дегеніміз соқыр фанаттықтың атауы. Төрт мәзһаб төрт негізгі арна. Әрине төртеуін бірдей ұстана алу үшін терең ілім қажет. Сондықтан бір мәзһаб ұстану ең төте жол. Мәзһаб ұстанбаймын деушілер де біреудің көзқарасынмен өмір сүріп жүргендер. Кім мәзһаб ұстанбаймын десе ол адасудың тұңғиығына батып кеткен жан болып саналады. Сонымен біздің мәзһабта дәреттің төрт парызы бар. Ниет пен тәртиб парыз емес. Кімде-кім барлық мәзһабты ұстана беремін десе дәрет алудан басталып құлшылық, сауда-саттық, отбасылық мәселе тб яғни барлықт салада сол мәзһабтың көзқарасымен амал етуі қажет болып саналады. Олай етпесе құлшылығы дұрыс болмайды. Мінекей бір осының өзі бір мәзһабпен тура даңғыл жолмен алаңсыз тарта беруге жеткілікті деп ағамыздың деңгейінде біраз әңгімені өрбіттік.

Ол ағамызда әкесінің басында Құран бағыштаймын һәм туыстардан кешірім сұраймын деп қоштасты.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, сеніміміз дұрыс болсын!

 

Павлодар облысы, Павлодар қаласы, қалалық

«Омар әл-Фаруқ» мешітінің имамы

Есімбек СОВЕТҰЛЫ

0 пікір