Өмірге тірек аяттар
Өмірге тірек аяттар
20.08.2019 10:36
2346
0

       «Һәм оларға: «Келіңдер, Раббыларыңның сендерге не нәрселерді харам еткенін оқып, баяндап берейін: Ең алдымен, Оған ешкімді және еш нәрсені серік етіп қоспаңдар, ата-анaларыңа жақсылық жасаңдар. Кедейліктен қорқып өз балаларыңды (құрсақта жатқанда да, дүниеге келгеннен кейін де) өлтірмеңдер, сендердің де, олардың да ризығын беретін Бізбіз. Мейлі жария, мейлі жасырын болсын, арсыздық пен күнә атаулыдан аулақ жүріңдер. Сондай-ақ Алла Өз қорғауына алған һәм өлтіруді харам еткен тірі жанды нақақтан-нақақ өлтірмеңдер. Ақылға салып ойланып (хақ дін Исламды қабылдап, үкімдеріне сай өмір сүрерсіңдер деп), Алла сендерге міне, осыларды бұйырады», - деп айт» («Әнғам» сүресі, 151-аят).

       «Жетімнің мал-мүлкіне балиғат шағына толғанға дейін (сақтау, көбейту немесе өзін жан-жақты жетілдіру үшін жұмсау сынды) жақсы ниетпен болмаса, мүлдем жоламаңдар. Өлшегенде дәл өлшеп, таразыға тартқанда дұрыс тартыңдар. Біз ешбір жанға шамасынан тыс міндет жүктемейміз. Сөйлегенде (яғни, билік айтқанда немесе куәлікке жүргенде) тіпті, ең жақын туыстарыңа қарсы (куәлікке жүріп, билік айтуға тура келсе де) туралықтан таймаңдар, әділ болыңдар. Аллаға берген һәм өзгелерге Алланың атымен берген уәделеріңе берік болыңдар. Жақсылап ойланып, тиісінше ғибрат алсын деп, Алла сендерге міне, осыларды бұйырады» («Әнғам» сүресі, 152-аят).

       «Менің тура жолым міне, осы. Ендеше, менің жолыммен жүріңдер. Өзге соқпақ-сүрлеулерге түсіп кетсеңдер, ондай теріс жолдар сендерді жік-жікке бөліп, Алланың тура жолынан тайдырып жібермесін. Күнә атаулыдан сақтанып, тақуалық аясында өмір сүрсін деп, Алла сендерге міне, осыларды бұйырады» («Әнғам» сүресі, 153-аят).

 

 

0 пікір