НҰХ (А.С.)
НҰХ (А.С.)
09.10.2019 13:09
128
0

Нұхтың елі

 

Ыдырыс пайғамбардан кейін дін ғұламалары ақиқаттың ақ туын желбіретті. Олар елді хақ жолға шақыруды жалғастарды. Тіпті Араб түбегімен көршілес аймақтарда өмір сүрген халықтармен де етене араласып, имандылық аясын кеңейтуге тырысты. Көп өтпей алыс-жақын елдің бәрі дін ғұламаларын жақсы көріп, бауыр басып кетті. Шерткен әңгімелерін құныға тыңдады. Бірақ бұл ғұламалар да ажал жеткенде бақиға бір-бірлеп аттанып жатты. Әрбірі қайтыс болған сайын, ел қатты қайғырды. Мәйіттерін арулап көмді. Халық оларды жадынан шығармады.  Әйтсе де бұл дүние сынақ мекені емес пе? Сондықтан халық арасында жымысқы ниеттілердің болуы табиғи еді. Олар елдің ғұламаларға деген шынайы сүйіспеншілігін көре алмады. Әккілікпен ел ақсақалдарына келіп мынадай ақыл айтты: «Қадірлі ғұламаларымыздың есімі ұмытылып кете ме деген қорқынышымыз жоқ емес. Олар келер ұрпаққа үлгі-өнеге болып қалуы тиіс. Сондықтан әрбіріне ескерткіш орнатқан жөн секілді. Тіпті әр үй өзіне шағын мүсін жасап алса, жақсы болар еді»[1].  Бұл ой ел-жұртқа қатты ұнады. Тіпті оны тездетейік деушілер де табылды. Көп ұзамай ғұламалардың ең үлкендері саналған Уәдд, Сууә, Яғұс, Нәср секілді адамдарға тастан ойылған ескерткіштер орнатылды. Артынша кішкене мүсіндер де әр үйдің төріне қойыла бастады. Келе-келе бұны дәстүрге айналдырды. Тіпті «мүсіні бар үй берекеге кенеледі» деген түсінік қалыптасты. Уақыт өте келе халық парыздарды орындаумен қатар арнайы күн белгілеп, ескерткіштердің жанына жиналып, олардың тірі кезін еске алуды дағды етті. Бұл да бірте-бірте діннің бір міндеті секілді сипат ала бастады. О баста көзделген жымысқы ниет ақырында «жемісін» бермей қоймады. Уақыт өте келе халықтың сенімі шайқалды. Әсіресе көзін ашқалы ескерткіштер мен мүсіндерді көріп өскен кейінгі ұрпақ ескерткіштерді құдай санауға көшті. Мүсіндердің алдында құрақ ұшып, «Тілегімізді Құдайға жеткізе гөр» деп табына бастады. Алғашында бұған халықтан бірді-екілі адам қарсылық танытқанмен, көпшілік оларды «ғұлама-құдайларымызға тіл тигізді» деп кінәлап, елден қуды. Жер бетінде пұттарға табыну дәстүрі міне осылай басталды. Қоғам пұтқа табынып қана қоймады, бірте-бірте халықтың мінез-құлықтары та бұзыла бастады. Зинақорлық, ұрлық, біреудің ақысын жеу секілді күнәларға пысқырған жан болмады. Азғындық барған сайын асқына берді.  

Нұх пайғамбар (а.с.)

Куфа аймағында ақиқаттан адасып, күнәға белшесінен батқан қауымның арасында ізгі ниетті санаулы-ақ шаңырақ бар еді. Бұлар ешқашан өз дінінен айнымай, Хақ тағалаға ғана құлшылық қылатын. Нұх та сол санаулы отбасының бірінде дүниеге келді. Биязы мінезді Нұх өзге балалардан ерекше, ойға жақын болып өсті. Бір жағы Ыдырыс пайғамбардың ұрпағынан тараған еді. Ата-бабаларының бәрі де тәухидшіл, иманшыл жандар болатын. Барлығы да Ыдырыс пайғамбардың шариғаты бойынша амал етіп келген. Нұх (а.с.) салиқалы да салмақты жан болды. Аллаһ тағаланың шексіз нығметін еске алып, қадірін бағамдап, үнемі іштей шүкірлік ететін. Бұл ерекше қасиеті Құран кәрімде: «Ол дамылсыз Аллаһ тағалаға шүкірлік еткен құл»[2], – деп білдірілген. Нұх (а.с.) қырық жасқа толғанда, оған пайғамбарлық берілді. Құранда: «Әлбетте, Біз Нұхты еліне жібердік: «Мен сендерге ап-айқын бір ескертушімін»[3]деген аятта осы пайғамбарлықтың берілгендігі айтылған. Нұх (а.с.) ең алғашқы шариғатпен келген расул-елші болды. Ол елінің оңайлықпен ізінен ермейтіндігін, түрлі қарсылықтар болатындығын, небір бейнет шегетінін білсе де, зор тәуекелмен өзіне берілген міндетті бастап та кетті.

 Елімен күресі

Пайғамбарлық – ауыр жүк. Оны халыққа жеткізудің салмағы да жеңіл емес. Біреуге ойда-жоқта бір ауыр міндет берілсе, көп уақыт әбігерленер еді. Соны орындау мақсатында қателіктер де жіберуі кәдік. Алайда пайғамбарлар мұндай қылықтардан аулақ. Асқар таудың өзі көтеріп тұруға қауқары жетпей үгілетін ғаламат жүкті пайғамбарлар «фәтанат» (пайғамбарларға ғана тән үстем ақыл, жоғары қисын) қасиетімен еңсере білген. Нұх (а.с.) та өзіне уахи келгеннен бастап пайғамбарлық міндетін атқаруға кірісті. Бірақ ол ел алдына шығып, дереу жар салған жоқ. Алдымен жасырын түрде әр адамға жеке-жеке дінді түсіндіре бастады[4]. Өз ісін күн-түн демей осы бағытпен жалғастыра берді. Негізі, жақтастары әлі аз, күш-қуаты төмен адамға бұдан басқа жол да жоқ-тұғын. Кейін барып шалғайдағы елдерге де дін таратуға тырысты. Оларды шүкіршілік етуге, құлшылық жасауға, пұттарға сиынбай, тәубәға келуге шақырды. Өкініштісі, Нұхтың сөзіне құлақ асқан жан болмады. Дінді уағыздап жатқанын көрсе болды, құлақтарын басып өте шықты. Тіпті оны көргенде, киімдерімен беттерін бүркемелегендер де кездесті[5]. Мұндағы мақсат – оны келеке-мазаққа айналдыру, көңілін қалдыру еді. Бұнымен шектелмей ел көзінше масқаралап, ауыз бармайтын сөздер де айтатын[6]. Бірақ Нұх (а.с.) осының бәріне шыдамдылық танытты. Ендігі жерде Нұх (а.с.) халық алдына шығып, дінді ашық жар салуға көшті. Елге Аллаһ тағаланың жалғыз екендігін түсіндірді. Ата-бабаларының Адам ата заманынан бері бір ғана Жаратушыға құлшылық қылып келгендігін, алайда бертін келе шайтанның арбауымен кейбір әулие адамдарды пұтқа айналдырып, адасқандықтарын дәлелдеді. Хақ тағаланың берген игіліктері жайлы әңгімеледі. Адамды жоқтан бар етіп, оған шексіз нығмет бергендігін түсіндірді. Сау ақылға салып ойлану қажеттігін айтты. «Қолдан жасалған нәрселерге табыну сау ақылды тұншықтыру емес пе?» – деп саналарына сәуле тастады. Бірақ қараңғы ел Нұхтың (а.с.) сөздеріне құлақ асқысы келмеді. Қайта қасарысып, табынған пұттарынан әсте бас тартпауға бекінді. Ел үстінен күн көрген залым билеушілер, әлбетте, халықтың иман келтіруін қаламады. Олар халықты Нұхтың (а.с.) сөзін тыңдамауға үндеді. Өйткені кері жағдайда бұл билеушілердің мүддесі мен саясатына қайшы келмек еді. Сондықтан да Пайғамбарға жақ аштырмай, жолын кес-кестеп бақты. Елді де қарсы айдап салды. Олар Нұхқа: «Сен өзіңді пайғамбармын дейсің. Бірақ бізден не айырмашылығың бар? Сен де біз тәрізді адамсың ғой», – деп даурықты. Иә, сырт қарағанда пайғамбар да адам еді. Бұны өзі де айтатын. Илаһи заңдылық сол, Хақ тағала елшілерін адамдардың өз арасынан таңдайды. Өйткені жер бетінде ғұмыр кешіп жатқандар періште емес жұмыр басты адамдар болатын. Егер олар періште болғанда, онда жер бетіне періште-пайғамбар жіберілер еді. Пайғамбарлар адамзатқа үлгі көрсету үшін жіберіледі. Бақытты өмір сүрудің негізі қайда жатыр, адами мәселелерді қалай шешкен жөн, отбасымен, жарымен, қоғаммен қандай қарым-қатынас жасау қажет т.с.с. мәселелердің бәрі де пайғамбар өнегесіне кіретін. Егер пайғамбар періште болып келгенде, ол адамдарға қайтіп қана өнеге көрсетпек? Өйткені олар тамақтанбайды, үйленбейді. Періштелерде пендешілік қасиеттер жоқ қой? Егер адамдарға періштелер пайғамбар болып келгенде, көкірегі соқырлар: «Біз қалай періштенің айтқанын істейміз? Періште мен адам тең емес қой. Дәл періштедей құлшылық жасауға біздің қауқарымыз жетпейді», – деп тағы да қарсы дау айтқан болар еді. Иә, жарықтан қашқан жарқанат сияқты иманнан қашқақтағандардың сылтауы таусылған ба?! Әйтсе де Нұх (а.с.) алған бетінен қайтпай, өзіне аманатталған дінді уағыздауды жалғастыра берді. Кейде халық алдына шығып ашық айтса, кей жағдайда ел арасында құпия үгіт жүргізді[7]. Нұхқа (а.с.) қарсы шығушылар көбіне әл-ауқаты жоғары яки билік басындағы адамдар еді. Сондықтан олар пайғамбардың сөздерін түрлі жорамалдарға салып, астарынан шикілік іздеді. «Билікті көксеп жүр», «Байлық көздеуде» дегендей сөз жүгіртті. Бұл жайлы Нұх (а.с.) өз сөзінде: «Сендер мен туралы қате пікірдесіңдер. Мақсатым – Хақ тағаланың айтқан жарлықтарын сендерге жеткізу. Халықты екі дүниеде бақытқа бастау. Бұл үшін ешкімнен ақы тілемеймін. Билік те, дүние де маған қажет емес. Өйткені пайғамбарлардың ешбірі жалған дүниеге қызыққан емес. Тіпті иманға келулерің үшін мен өз малымды да, барымды да, сондай-ақ күллі ғұмырымды да сарп етіп келемін. Менің ақымды сендер емес, Хақ тағала береді. Иә, «Менің ақым әлемдердің Раббысына тән. Аллаһ тағаладан қорқып маған бағыныңдар»[8]. Ендеше менің мақсатымды сан-саққа жорымаңдар. Сөздерімді аяқасты етпеңдер», – дейді. Бұл сөзден кейін билік басындағылар мен ауқатты мүшріктер келесі бір айлаға көшті. Олар: «Ей, Нұх! Мейлі, біз барып сөзіңді тыңдасақ тыңдайық. Ол үшін айналаңдағы кілең кедей-кепшіктерді қуып жіберсең дұрыс болар еді. Олармен қатар отыруды біз өзімізге ар көреміз. Сонда жаныңда отырып, айтқандарыңа құлақ салар едік»[9], – деп мәймөңкеледі. Бұл тұста олардың ішкі ниеті иман келтіру емес, Пайғамбар мен оған бағынған мұсылмандардың арасына іріткі салу еді. Кедейлерді маңайынан қудырып: «Демек, оның пиғылы байлармен теңесу. Кедейлерді әшейін көз ғып ұстаған. Біз оны әшкереледік», – демекші еді. Бірақ олардың бұл айласы да іске аспады. Өйткені Нұх пайғамбар: «Мен кедейлерді қасымнан қумаймын. Олар – Аллаһ тағалаға және ақырет күніне иман келтірген адамдар. Иманды жандардың мәртебесі қашан да биік. Һәм осы пейілі үшін Аллаһ тағала оларға ақыретте көз көріп, құлақ естімеген, ешкімнің қиялына келмеген тосын нығметтер дайындауда. Сендер адамның бағасын өткінші дүние мен болмашы мансапқа қарай өлшейсіңдер. Иман келтірген адамның жан тазалығын, ақыреттегі сыйын білмейсіңдер. Иман етудің қандай бақыт екендігін сезбей тұрып, бұндай талапты қалай қойып тұрсыңдар?! Ей, адамдар! Иман келтіруден артық қандай абырой бар? Егер мен оларды қуатын болсам, күн ертең мақшарда Жаратушының қаһарынан мені кім құтқара алады? Сендердің мына ұсыныстарыңды мен әсте қабыл етпеймін»[10], – деп жауап береді. Жүз түрлі айла, мың бір түрлі шарғы жасаса да, бәрібір үстем таптың Нұхқа (а.с.) шамалары келмей, қатты састы. Олар өзіндегі билік пен дүниенің көптігіне арқа сүйесе, Нұх (а.с.) әлемдердің Раббысы – Аллаһ тағалаға арқа сүйеген елші еді. Бірақ мүшріктер бұнымен тоқтап қалмады. Ақырында, «Ей, Нұх, егер сен мына ісіңді тоқтатпайтын болсаң, ажалың бізден», – деп қорқытты. Бірақ пайғамбар бұған да құлақ аспастан, өз ісін әрі қарай жалғастыра берді. Мүшріктер тағы да халықты айдап салғанды жөн көрді. Сол себепті халыққа: «Нұхтың мақсаты – ғасырлар бойы ата-бабаларымыз табынып келген Уәдд, Суәғ, Яғус, Яғук, Наср атты пұттарды қирату, жолымыздан адастыру. Біз әрқашан өз салтымыздан аттамай, ата-бабаларымыздың жүрген жолымен жүруге тиіспіз. Олай болса, дәстүріміздің жауы Нұхтың сөзіне құлақ аспаңдар», – деп тапсырды. Бұл үгіт халыққа әжептәуір әсер еткендей болды. Алайда Нұх пайғамбардың жалынды сөздері бұл жоспарды да жарамсыз етті. Ақырында, Нұх пайғамбар елінің басшылары ең ақырғы жоспарларына көшіп, пайғамбарға иман келтірген әлсіз мұсылмандарды ұстап зынданға тастады. Иман келтіргені үшін соққыға жығып, қоқан-лоққы көрсетті. Нұхтың дінінен бас тартуға мәжбүрледі. Бірақ бұдан да күткен нәтиже шықпады. Қанша азаптаса да, ерекше шыдамдылықпен бірде-бір мұсылман ақиқат діннен қайтпады. Тіпті қаймықпастан жауға қарсы тұра білді[11]. Ай емес, жыл емес, талай ғасыр өтсе де, Нұх (а.с.) насихаттан жалықпай, өз міндетін атқара берді. Хақ тағаланың бар екенін, жалғыздығын, кешірімшілдігін, адамдарға берген шексіз нығметін айтудан бір тынбады. Ғаламның жаратылысы жайында сөз қозғап, саналарына сәуле құйып бақты. Бірақ қырсық ел бәрібір міз бақпады. «Раббыларыңнан жарылқау, кешірім тілеңдер. Өйткені Ол өте кешірімшіл»[12], – дегенде де селт етпеді. Құранда да Хақ тағала: «Ей, (көп күнә жасап) өздеріне жаманшылық жасауда шектен шыққан құлдарым! Аллаһтың рақымынан үміт үзбеңдер! Аллаһ барлық күнәларды кешіреді. Өйткені Ол – өте кешірімді, рақымды»[13], – деген. Нұх (а.с.) адасқан елін тура жолға шақыруда халыққа төмендегідей ойға шақыратын көп өсиет айтты. Аллаһтың берген несібелеріне назар аудартуға тырысты: «Ол сендерге аспаннан мол жауын жібереді. Әрі сендерге несібе ретінде бала-шаға мен мал-жан бітіреді. Мұнымен ғана шектелмей, сендер үшін бау-бақшалар жасап, өзендер ағызады»[14]. Халықтың қарсы шыққандығына қарамастан, Хақ тағала әлі де оларға нығметтерін үйіп-төгіп беруін тоқтатқан жоқ. «Мүлк» сүресінде де Аллаһ тағала: «Көрдіңдер ме? Егер суларың құрып кетсе, сендерге аққан суды кім әкеледі» де»[15], – дейді. Су – Ұлы Жаратушының жер бетіндегі рақымдылығының бір белгісі. Тіршілік тікелей осы суға қатысты. Су жоқ жерде тіршілік те болмайды. Міне, Хақ тағала бір пендені жоқтан жаратып, саналы адам етеді. Оны жер бетінде Өзінің қонағы етіп, алдына жерді дастарқан етіп жайып, дүние-мүлік, бала-шаға сыйлайды. Бау-бақшалар арқылы түрлі жемістерді аузына тосып, тұнық өзен, көлдерді де нәсіп етеді. Алайда пенденің осының бәрін көре тұра, Хақ тағаланы мойындамауы нағыз санасыздық емес пе? Сансыз нығмет берген Жаратушыға шүкіршілік ету адам баласының борышы емес пе? Бір адамды біреу өлімнен яки ауыр азаптан құтқарып қалса, әлгі адам сол кісіге өмір-бақи борыштар болып өтпек. Алайда пендені жоқтан бар етіп, сансыз нығмет беріп, ұзақ ғұмыр сыйлаған Ұлы Жаратушы мадаққа бәрінен де лайық емес пе? Иә, хамд, мадақ және шүкіршілік-бәрі Жаратушыға ғана лайық. Күллі дүние-мүліктің иесі Сол ғана. Өйткені Ол – әлемдердің Раббысы Хақ тағала. Бізді жаратқан – Сол. Һәм қазір де барлық іс-қимылымызды, ғұмырымызды, заманды әр сәт сайын жаратып жатқан да Сол. Ендеше адам баласы Хақ тағалаға ғана жалбарынып, Содан ғана тілек тілеуі қажет. «Аллаһ тағаланың ұлылығын ойламайтындай сендерге не болды? Расында, Ол сендерді кезең-кезеңмен жаратты»[16]. Яғни сендер өз жаратылыстарыңа бір сәт болсын көз салып көрмейсіңдер ме? Хақ тағала мүлде жоқ кездеріңде сендерді топырақтан, бір тамшы судан, ұйыған қаннан, одан кейін бір тістем еттен, одан әрі етке аралас сүйектерден, сосын ең көркем бейнедегі адам етіп жаратты. Һәм бойларыңа сан түрлі сезім-қабілет берді. Осындай ғажайып құбылыс Ұлы Жаратушының айқын дәлелі емес пе? Ал сендер кейде аруақтарға, кейде мүсіндерге табынасыңдар. Мұндай жансыз пұттар қалай бәрін жаратуға құдіретті? Тіпті өздері жаратылған емес пе? Керек десең, сол пұттарды қолдан жасаған да өздерің. Күні кеше ғана өздеріңдей күйкі тірлік кешіп, ақыры ажал құшқан дәрменсіз «әулиелердің» аруақтары өлген соң қалай сендердің жебеушілерің мен қорғаушыларыңа айналады? Олар тілектеріңді қалай қабыл етпек? Өзі жаратылған құл қалай жаратушы болмақ? Кейде сендер сылтау айтып: «Сол әулиелердің аруақтары Құдай тағалаға біздің тілектерімізді жеткізеді», ­– дейсіңдер. Сендердің дауыстарыңды, сөздеріңді жаратып жатқан Хақ тағала тілектеріңді ести алмағаны ма? Аллаһ тағаланың бәрін естуші әрі көруші екенін жақсы білесіңдер ғой. Ендеше, неге Соған бет бұрып, тәубаға келмейсіңдер? «Аллаһ тағаланың қабат-қабат қылып жеті қат көкті жаратқанын көрмейсіңдер ме? Олардың ішінде айды нұр қылып, күнді шырақ етті»[17]. Нұх пайғамбар уахи арқылы еліне көктің жеті қабаттан тұратындығын білдірді. Ол адамдарға алдымен өз жаратылыстары хақында әңгімелеп, Жаратушының құдіретін ұқтырды. Келесі кезекте көктерге назар аудартып, осынау аспанның ғажайып жаратылысын тілге тиек етіп, тағы да Хақтың бар екендігі мен бірлігін дәлелдеуге тырысты. Оның ұлылығын паш етті. Осы арқылы олардың табынған пұттарының түкке тұрғысыздығына көңіл тоқтатқызып, пұтқа табынудың санасыздық екенін аңғартпақ болды. Бұның артынша айды нұр, күнді шырақ етіп жер бетіндегі адамзаттың игілігіне бергендігін айтып, тағы да Хақ тағалаға шүкіршілік қылуға шақырды. «Аллаһ тағала сендерді жерден өсіп-өндірді. Сосын сендерді сол жерге қайтарады да кейіннен қайта шығарады». Хазірет Нұх осы сөздері арқылы адам баласының топырақтан өсімдік тәрізді өсіп-өнгеніне назар аудартып, ақыреттің болатындығын дәлелдейді. Яғни Хақ тағала жылда көктемде жер бетін қайта жаңғыртып, топырақтан сан мыңдаған өсімдік түрін жаратуда. Күзде қайта топыраққа айналып, келесі көктемде қайтадан жаралуда. «Рұм» сүресінде: «Аллаһ тағаланың рақымдылығының белгілеріне қара. Жер жүзі өлгеннен кейін, оны қалай жандандырып, тірілтті?! Дәл осылайша сөзсіз өлілерді тірілтеді»[18], – делінген.  Иә, адам баласы бұл дүниеге жай өмір сүріп, бала-шағасын өсіріп, санасыз күй кешіп, одан кейін мүлдем шіріп жоқ болу үшін келген жоқ. Хақ тағала осынау жеті қат көкті тірексіз жаратып, ай мен күнді адамның игілігіне бергендігіне қарағанда, әлбетте, адамның зор бір міндеті бар деген сөз. Халық «Судың да сұрауы бар» деген. Пенде еріккендіктен өмір сүріп, жер бетінің дархан дастарқанынан қалағанынша ішіп-жеп, шашып-төгіп одан кейін сұраусыз кете бермек пе? Хақ тағала Құранда: «Шынында, Біз сендерді босқа жаратып, Бізге қайтып оралмаймыз деп ойласыңдар ма?»[19] – дейді. Әсте олай емес. Жасыл желектерді мың өлтіріп, мың тірілткен Аллаһ тағала адам баласын да ажал жетіп өлген соң ұлы мақшарда қайта тірілтіп есепке тартады. «Аллаһ сендерге емін-еркін, шат-шадыман өмір сүру үшін жерді төсеніш етті»[20]. Нұх пайғамбар сөзін аяқтарда, Аллаһ тағаланың оларға жер бетіндегі берген нығметтеріне назар аудартады. Бұл пұтқа табынушылар үшін ұғынуға тиіс ақиқаттар еді. Ақиқаттан аттап кете алмайсың. Өйткені жер беті оларға төселген төсеніш секілді. Тіпті тау-таста да адамдардың жүруіне қолайлы соқпақтар бар. Осы жолдар арқылы олар төрткүл дүниені шарлай алады. Сол жолдар арқылы Хақ тағаланың басқа да нығметтерін іздеп таба алады[21]. Осының бәрі олардың көз алдындағы көріністер болғандықтан, айтылған жайтты ұғу санаға аса қиындық тудырмауы керек еді. Өзін мәдинетті елміз, өркениетті қоғамбыз деп санаған кез келген халық аталмыш ақиқаттар айтылғанда, оның астарына ой жіберуі тиіс. Алайда Нұхтың (а.с.) қауымы осының бәрін біле тұра, қасақана қасарысып, құлақтарын бітеп, пайғамбардан бойларын алып қашты. Бір күн қатты ашынған қауым: «Ей, Нұх! Сен бізді иман келтіруге шақырып, басымызға ақырзаман орнатып, ауыр азап төнеді деп қашанға дейін қорқыта бересің? Жетер енді. Сен осылай өмір бойы бізге дініңді насихаттап жүре бермексің бе? Сен бізді қандай азаппен қорқытпақсың? Егер айтып жүрген азабың рас болса, көзімізге көрсет! Сөзіңнің рас екенін дәлелде!»[22] – деп, халқы жан-жақтан тақымның астына алды. Халқының мына айтқан сөздерін естігенде, Нұх (а.с.) олардың Хақ тағалаға сенбеумен қатар, илаһи азаптан да ықпайтындықтарына көз жеткізді. Өйткені олар Нұх пайғамбардың айтқандарын бос сандырақ, ертегі деп білетін. Сондықтан «ауыр азап» дегенді құлаққа ілмеді. Ендеше, оның қорқытуы жай сөз ғана. Нұх пайғамбар олардың осы түсініктерін аңғарған кезде, оларға: «Ей, халқым! Сендердің бастарыңа ауыр азап жаудыратын мен емеспін. Менің оған шамам жетпейтіні белгілі емес пе? Егер қаласа, Өзіне қарсы шыққан елді жермен-жексен етуге Раббымның құдіреті толық жетеді. Ал иман келтірудің орнына Оған қарсы шығатын болсаңдар, жер бетінен мүлде жойылып кетулерің мүмкін. Егер ескерткен азабым келе қалса, қай жаққа қашып құтыла аласыңдар? Жер мен көктердің Раббысынан қашып қайда барасыңдар? Өрмелеп тауға шықсаңдар да, құс болып көкке ұшсаңдар да, бәрібір құтылмайсыңдар. Егер осыншалық қатігездіктерің үшін Аллаһ тағала сендерді жазаламақ болса, мен сендерге жақсылық ойласам да пайда бермейді, жер мен көкте оған еш нәрсе тосқауыл бола алмайды»[23], – дейді.

 Нұхтың (а.с.) дұғасы

Әр пайғамбар Хақ тағаладан жарлық шығып, өз міндеті аяқталғанға дейін міндетін толық атқаруы тиіс болатын. Сол уақыт аралығында ел ішінде сабыр сақтап, халқының барлық ауыртпалықтары мен қиындықтарына төзуі тиіс-ті. Нұх пайғамбар да қанша ғасыр қорлық көргеніне қарамастан, ісін қалтқысыз атқарып келді. Қауымының күллі қиянаттарына төзіп бақты. Кейде соққыға жығылып, өлімші сабалса да, қыңқ етпей, ертесі күн қайтадан ықыласпен халқын дінге шақырды. Қабыл етпеген жағдайда, ауыр азапқа душар болатындығын ескертті. Қарапайым пенде қанша жерден данышпан, елі үшін еңіреген ер болса да, ұзақ жылдар бойы халықтың бақыты үшін солардың жан төзгісіз ауыр қиыншылықтарына төзе алар ма? Ал ол ғасырларға ұласса ше? Әрине, бұл мүмкін емес. Тек пайғамбарлар ғана ғасырлар өтсе де, елінің екі дүниедегі бақыты үшін төзімділік таныта алады. Егер «қияметке дейін ісіңді жалғастыр» деп жарлық келіп, ұзақ ғұмыр берілсе, Нұх (а.с.) ләм-мим деместен тәблиғын жалғастыра берер еді. Мұндай ерекше төзімділік қасиет пайғамбарларда ғана кездеседі. Бірақ бұл елдің ешқашан иман келтірмейтіндіктері белгілі болғандықтан, ол Аллаһ тағалаға дұға етіп, жалбарынды. Һәм мұндай кәпір ел иман келтірген аз ғана үмбетінің ұрпағына да зияны тигізуі күмәнсіз еді. Ақыр соңында алапат азаптың келуіне сол елдің өзі себепкер болды. Өйткені Нұхқа (а.с.): «Егер пайғамбар екенің рас болса, Аллаһ тағала шексіз құдіретті десең, қане, дәлелдеші!» деп қырсыққан-ды. Ел тура жолға келуді емес, алапат азапты тезірек көруге құмартты. Халықтың осы іс-әрекеттері мен жаман пейілдері азап шақырған тілекке айналды. Өйткені Нұх пайғамбардың елі барша адами қасиеттерді аяққа таптап, күллі жамандықты жасап үлгерген-ді. Олар өз араларынан шыққан пайғамбарға қарсылық көрсетіп, азап шақырып құтыра берді. Нұх (а.с.) оларға тоғыз жүз елу жыл бойы қажымай-талмай ақиқатты насихаттады. Бұл –шамамен мың жыл деген сөз. Осыншама ғасыр ішінде сол елдің күпірліктері одан сайын артпаса, еш бәсеңдемеді. Нұх (а.с.) ақырында олардан біржола күдер үзген шақта былай деп дұға жасады: «Я, Раббым! Расында, мен елімді күндіз-түні дінге шақырудан бір тынбадым. Бірақ олар иманға келудің орнына діннен бойын алып қашты. Мен: «Хақ тағала рақымшыл, тәубе етсеңдер кешіреді», – деген сайын, тік шапшып тіпті естімеу үшін құлақтарын бітеді. Қасарысқан үстіне қасарысып, тәкаппарланған үстіне тәкаппарланды. Мен қатты да айтып, тәтті де айтып көрдім. Болмаған соң ашық жар салып айттым. Тіпті кейде жанына жақын барып екеуара оңашада да айттым. Бірақ олар бәрібір міз бақпады. Ей, Раббым! Мен мына қиянатшыл елден жеңілдім. Енді уәде еткен көмегіңді көрсет[24]. Бұлар маған ашықтан-ашық қарсы шықты[25]. Саған құлшылық жасамауы аз болғандай өздерінің қолдан жасаған пұттарына табынып әуре. Я, Раббым! Сен де (осыншама жасаған істеріне жаза ретінде) бұл залымдардың адасуларын ғана арттыр[26]. Жер бетінде бірде-бір кәпірді тірі қалдырма. Егер оларды тірі қалдыратын болсаң, сол бір залымдар өзі адасқанымен қоймай, Саған құлшылық қылған құлдарыңды да адастырып, ел ішінде бүлік шығарып, тексіз ұрпақ өсіреді[27]. Я, Раббым! Елім маған жалған айтасың деп қарсы шығуда. Жүректері қарайып, ар-ождандарын қап-қара ыс басып, әбден азғындады. Олардың бұдан кейін иманға келуі әсте мүмкін емес. Аллаһым, жарлығыңды шығарып, мені және үмбетімді мынадай «жүректеріне мөр басылған» залым елден құтқар! «Я, Раббым! Мені, әке-шешемді, иман келтіріп шаңырағыма кірген кісілерді және мұсылман ерлер мен мұсылман әйелдерді жарылқап кешірім ет! Залымдарды тұтастай жермен-жексен қыл!»[28] Сол кезде Нұхқа: «Ей, Нұх! Бұдан былай еліңнен иман келтіргендерден өзге ешкім иманға келмейді. Сен олардың жамандықтарына бола кеюші болма!»[29] деген уахи жетті. Нұх та (а.с.): «Раббым! Рас, мені елім өтірікке шығарды. Енді олармен менің арамдағы қарым-қатынасқа қатысты нақты үкіміңді бер! Мені де, менімен бірге мүміндерді де құтқар!»[30] – деп дұға етеді. Нұх пайғамбардың бұл дұғасы қабыл болады. Одан кейін Аллаһ тағала оған: «Көз алдымызда жарлығымыз бойынша кеме жаса! Сосын жер мен көктің астаң-кестеңі шыққанда, залымдарға аяушылық жасап, Маған жалбарынушы болма! Өйткені барлығы түгел жермен-жексен болып құрдымға кетеді»[31] дейді.  

 

Нұх пайғамбардың кемесі

 

 Нұх (а.с) пайғамбар дереу үмбетін жинап, қажетті құрал-саймандарын сайлап, Жәбірейілдің нұсқауымен кеме жасай бастады. Жоғарыда айтылғандай, пайғамбарлар ақыретке қатысты нәрселерді үйретумен қатар өркениеттің де дамуына үлес қосқан. Керек десеңіз, өркениет пен мәдениеттің негізін пайғамбарлар қалады деуге негіз бар. Осы себепті Нұх пайғамбар да алғаш рет кеме жасап, адам баласының су бетінде жүзуіне із салып кетті. Өйткені бұл кеме тікелей Хақ тағаланың Жәбірейіл періште арқылы жіберген бұйрығы бойынша жасалды. Құранда айтылғандай әрбір шегесіне дейін уахи арқылы қағылды. «Һұд» сүресінде ишарат етілгендей, ғалымдар кеменің ішінде арнайы пеш пен су қайнататын қазан болғандығын айтады. Яғни «кемелердің атасы» атанған Нұх кемесі бу арқылы жүзген деуге негіз бар секілді. Нұх (а.с.) өзінің үмбетімен бірге кеме жасап жатқанда, кәпірлер оны келеке-мазаққа айналдырды. Олар: «Ей, Нұх, саған өзі не болған?! «Пайғамбармын» деп бізді дінге шақырушы едің. Еш нәтиже болмаған соң бәрін тастап ағаш ұстасы болғансың ба? Пайғамбарлықтан гөрі ағаш жонуды тәуір көрдің-ау деймін», – деп айыздары қана әбден күлісті[32]. Иә, олар Нұхты да, иман келтіргендерді де өздерінен төмен санап, қор көрді. Өйткені, өздерін зиялы санап, шын ақиқат жолдамыз деп ұғатын-ды. Сол себепті мың жылға жуық үгіттесе де, Нұхтың дініне назар аудармады. Шайтан мен нәпсі бұған мойын бұрғызбады. Сондықтан да жалғыз Құдайға бас июден қашып, есесіне тастан жасалған пұттарға табынды. Нұх (а.с.) кеме жасап жатқанда, қауымы: «Бұл маңда теңіз тұрмақ өзен де жоқ қой. Мына кемеңді сен қалай жүргізбексің. Әлде бір жерден су тасып теңіз жасамақ ойың бар ма?» – деп мысқылдады. Өйткені олар Хақ тағаланың құдіретінен бейхабар еді. Аллаһ тағала қаласа, себепсіз де нәтиже береді. Міне, бұл кәпірлер де Нұхқа (а.с.) күле қарап, дүние өзгерместей көрді. Олар пайғамбарды келеке еткенде, Нұх (а.с.): «Сендер бүгін бізді мазақ етсеңдер, күн ертең біз де сендерді мазақ етеміз. Көп ұзамай мәңгілік азаптың кімге келетінін көретін боласыңдар», – деп жауап қатты[33]. Осылайша күндер күліп, айлар аунап өтіп жатты. Кеме де дайын болды. Кейбір хабарларда кеменің екі не төрт жыл құрастырылғаны айтылады. Кеме жай ғана кеме емес, үйдей толқындарға төтеп бере алатын алып кеме еді. Оның үш қабаттан тұрғандығы айтылады[34]. Аллаһ тағала Нұх пайғамбарға кеме жасалып біткенде, топан судың басталатындығын білдірді. Сондықтан Нұх пайғамбар әуел бастан кемеге мінуге әзірлік жасап қойған еді. Күні бұрыннан сол аймақтағы жан-жануарлардан бір жұптан жинады. Алдымен жан-жануарларды арнайы әзірленген орындарға орналастыруға бұйрық берді. Артынша көп уақытқа жететін азық-түліктерді тиеттірді. Ақырында өзімен бірге мұсылмандар да Аллаһтың атын айтып кемеге мінді. Құранда бұл жайлы былай дейді: «Ақыр әміріміз келген заманда, тандырдан су қайнады. Нұхқа: «Ол кемеге әр нәрседен бір жұп және опатқа ұшырайды деп үкім етілгеннен тыс отбасыңды орналастыр. Әрі иман келтіргендерді де ал», – дедік. Негізінде, онымен бірге иман келтіргендер өте аз ғана еді. Нұх: «Кемеге отырыңдар. Оның жүруі де, тұруы да Аллаһтың атымен. Расында, Раббым аса кешірімшіл әрі рақымшыл», – деді»[35]. Аятқа зер салсақ, мұсылмандардың өте аз болғанын ұғамыз. Тіпті кейбір деректерде кемеге мінген адамдардың саны бар-жоғы сексенге де толмағандығы айтылады. Яғни, Нұх пайғамбар халқын мың жылға жуық дінге шақырғанда, осыншама адам ғана иман келтірген еді. Пайғамбарлар мен қарапайым пенделердің айырмашылығы да осында жатыр. Бұл – пайғамбарлардағы «раббанилық» («Раббани» – Жаратушының бұйрығын қалтқысыз орындап, толық бағыну деген сөз) қасиеттің көрсеткіші. Пайғамбарлар Аллаһтан әсте үміт үзбейді. Мұндай ұғым оларға мүлдем жат. Олар тек қана өздерінің міндетін толық орындауын ойлайды. Елін мың жыл дінге шақырғанда, ешкім ізінен ермесе де, бірде-бір жанның иман келтірмейтінін сезсе де, бұдан салы суға кетіп, үмітсіздікке салынбайды. Мерзімі біткенше, күндіз-түні басын сәждеге қойып, көз жасын көлдетті. Пайғамбарымыз бірде: «Маған пайғамбарлардың үмбеттері көрсетілді. Бір пайғамбар көрдім. Қасында санаулы ғана адам бар еді. Бір пайғамбардың қасында бір-екі адам ғана болды. Тіпті бір пайғамбардың қасында ешбір адам жоқ еді...»[36] – дейді. Міне, пайғамбарлардың кейбіріне ешқандай адам еріп, иман келтірмесе де, өз міндеттерін толық орындады. Солардың бірі – Нұх пайғамбар еді. Ол тоғыз жүз елу жыл[37] бойы елін ақиқат дінге шақырып, нәтижеде жетпіс сегіз немесе сексен адам ғана иманға келді. Олардың жартысы ер, қалғаны әйел адамдар еді.[38]Алайда Нұх (а.с.) бұған жасып жабырқаған жоқ. Өйткені ол біреуді адастырып, біреуді тура жолға салу Жаратушының ғана еркінде екенін жақсы білетін.

Нұхтың (а.с.) баласының суға батуы

 Нұх пайғамбар үмбетін ертіп аман-есен кемеге мінген кезде, көп ұзамай жер бетін топан су баса бастады. Жер асты сулары бұрқақтап атқылап жатқанда, бұрын-соңды болмаған дауыл тұрып, аспан астын қою қара бұлт торлап, найзағай ойнап, жауын құйып кетті. Жауынның көп жауғаны сонша – ел шын мәнінде асып-саса бастады. Бұл алапат сұмдық Қаһһар Иенің мың жылдай иманға келмей қасарысқан елге жіберген апаты болатын. Бұл пәлекеттен құтылудың бір-ақ жолы – Нұхтың кемесіне міну еді. Алайда оған міну – мұсылмандарға ғана нәсіп-ті. Көп ұзамай жер бетін топан су қаптап, оның үйдей толқындары жартастарды соққылап жатты. Бір кезде Нұхтың көзіне сол толқындар арасында алға ұмтылып, бір батып, бір шығып жанталаса жүзіп бара жатқан бір жас жігіт оттай басылды. Нұх пайғамбар оның өз баласы Кенан екенін бірден таныды. Нұхтың (а.с.) бірнеше баласы бар еді. Бірақ осы баласынан өзгелерінің бәрі де мұсылман күйде кемеге мінді. Тек Кенан ғана ғасырлар бойы қасарысып сөзін тыңдамай қойғаны. Нұхтың (а.с.) отбасында Кенанмен қатар өз әйелі де иман келтірмеген болатын. Тіпті ол кәпірлерге жақтасып, Нұхты (а.с.) сөзден тұқыртып, аяғынан талай мәрте шалуға тырысқан. Кенан, сірә, анасының сөзінен шыға алмаса керек. Бір жағынан, пайғамбарлық мейірімі, екінші жағынан әкелік шапқаты түсіп, қатты жаны ашыған Нұх (а.с.) баласына: «Ей, балам! Бізбен бірге кемеге мін. Кәпірлерді таста!»[39] – деп айқайлады. Кенан сол кезде ақырғы мәрте әкесіне қарады. Бәлкім өлімнен қорқып мінгісі де келген шығар. Бірақ ол кемеге мінудің шарты – мұсылман болу еді. Сондықтан да сан ғасырлар бойы кәпірлерге болысып, әкесіне қарсы шыққан қыңырлығы мен тәкаппарлығы жібермеді. Ол әкесіне: «Жоқ, мен ол кемеге мінбеймін. Мына тауға бір шығып алсам, топан су тобығыма да жете алмайды» деп айғайлады. Алайда әкенің аты қашан да әке ғой. Оның үстіне пайғамбарлық рақым да бар. Ол соңғы рет оны дінге шақырып: «Бүгін ешкім де Аллаһтың әмірінен аттап, өзін құтқара алмайды. Топан судан Аллаһтың рақым еткендері ғана құтыла алады», – деді. Бірақ Кенан әкесінің бұл сөзін аяғына дейін ести алмады. Таудай бір толқын Кенанды бауырына тартып ілді де кетті. Осылайша үлкен бес пайғамбардың бірі – Нұхтың баласы әкесінің көз алдында өлім құшты. Бірақ бұл мейірімді пайғамбарға оңай тимеді. Жаны күйзеліп, көзінен жас моншақтады. Нұх пайғамбар (а.с.) осы кезде қолын жайып Хақ тағалаға: «Раббым! Күдіксіз, ұлым менің әулетімнен ғой. Шындығында, Сенің уәдең хақ. Сондай-ақ Сен ең тура үкім берушісің»[40], – деп жалбарынады. Осы кезде Аллаһ тағала оған: «Ей, Нұх! Ол сенің әулетіңнен емес. Өйткені ол бұрыстықтан таймады. Сондықтан сен білмеген нәрсені менен тілеме. Мен саған надандардың қатарында болма деп насихат айтамын»[41], – деді. Осы сәтте хазірет Нұх дереу есін жиып, өзінің «ижтиһадта» қателік жасағанын ұқты. Иә, Жаратушы Жаппар Ие оған әулетіңді құтқарамын деп уағда еткен болатын. Бірақ пайғамбардың әулеті кім болмақ?! Әрине, иман келтіріп, дін жолымен жүргендер ғана. Сондықтан да пайғамбарға туыстық пен достық жағынан қанша жақын болса да, иман келтірмесе, ол бәрібір пайғамбар әулетінен, үмбетінен саналмайтын еді. Аллаһ тағала жүрегіне иман нұрын жақпаған соң, әкесі пайғамбар болса да, оны құтқара алмайды. Бұл жерден біздің алуға тиісті ғибратымыздың бірі – осы. Яғни, Нұхқа (а.с.) ешқандай туыстық қатынасы жоқ біреулер иман келтіргенде, өз ұлы мен әйелі иман келтірмеген еді ғой. Сол себепті адам баласы хақ дінді өзі еркімен таңдап қабылдамаса, оның жүрегіне Хақ тағала иман шуағын сеппейді. Жақыны пайғамбар болса да, жүрегіне иман дарыта алмайды. Өйткені оның амалы, жоғарыда айтылғандай, «бұрыс амал». «Бұрыс амал» – кәпірдің жасаған іс-әрекеті. Кәпір бұл өмірде қанша жақсылық жасаса да, жүрегінде иманы болмаған соң, «бұрыс амал» болып саналады. Өйткені ол сол амалдарды Аллаһ үшін емес өзінің қара басы, мүддесі үшін жасаған. Дей тұрсақ та, Аллаһ тағала ондай адамның жақсылықтарын да құр қол қайтармайды. Бірақ қарымын ақыретте емес, осы өмірде береді. Мысалы, осы өмірде, «ел ағасы», «дара тұлға», «данышпан» атанып ұзақ ғұмыр кешеді. Жақсылығының бар қызығын мына дүниеде ғана көріп, ақыретке бос қайтады. Сондай-ақ, «бұрыс амалдың қатарына» тілі кәлимаға келген, бірақ өмірде бұрыс жолда жүрген мұсылман жандарды да жатқызуға болады деп ойлаймын. Яғни өзін «мұсылман» санайды. Бірақ жасаған ісінің бәрі – кәпірдің ісі. Мысалы, адам өлтіру, зина жасау, ішімдік ішу, сөзінде тұрмау, аманатқа қиянат жасау, өтірік сөйлеу, т.б. Ел арасында дін туралы сөз бола қалса, олар «менің атам молда болған, намаз оқыған», т.с.с. әңгімені бастап, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеуі мүмкін. Мінекей, түсінген жанға аталмыш аяттарда мынадай ғибрат бар: атаң молда тұрмақ әкең әулие болса да, сен өзің қисық жолда жүрген болсаң, оның саған келіп-кетер ешбір пайдасы жоқ. Тілің кәлимаға еркін келгенмен, істеп жүргенің кәпірдің тірлігі болса, ақыретте тозақ отынан әлгі молда атаң мен әулие әкең де құтқара алмайды. Әркім өз есебін өзі береді. Біреудің киіп жүрген киімі саған жылу бермейді. Біреудің шайнап бергені ас болмайды. Сондықтан хазірет Мұхаммед пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) да туыстарына, отбасына, қызына: «салиқалы амал жасау арқылы өздеріңді тозақ отынан құтқарыңдар. Өйткені мен сендерді ақыретте құтқара алмаймын», – деп қатаң ескерту жасаған. Нұх (а.с.) – үлкен бес пайғамбардың бірі. Бірақ солай бола тұра, оның төртінші баласы мен әйелі кемеге мінбей, теңізге кетіп, ажал құшты. Яғни пайғамбардың баласы яки әйелі болса да, тура жол бір Аллаһ тағаладан ғана болатын нәрсе. Һәм пайғамбардың қанша жақыны болса да, өз еркімен иман келтірмеген соң, Хақ тағала оларға тура жолды көрсетпейді. Әрі хазірет Нұхтың әйелі иман келтірмеумен қатар дін дұшпаны болған еді. Құранда: «Аллаһ кәпірлерге Нұхтың әйелі мен Лұттың әйелін мысалға келтірген. Олар жақсы екі құлдарымызбен некелескен еді. Сөйте тұра екеуі де оларға опасыздық жасады. Сондықтан екі пайғамбар да ол екеуін Аллаһтың алдында қорғай алмады. «Екеуің де тозаққа кірушілермен тағдырлас болыңдар» делінді» деп айтылады[42]. Сол себепті кім болса да, ақырет күні пейіліне қарай тиісті жағына барады[43].  

 

 Топан судың тартылуы

 

Топан су туралы ғалымдар арасында екі түрлі пікір бар. Бірінші топ топан су тұтастай жер бетін қаптаған десе, екінші топ «топан су тек Нұхтың аймағын ғана басқан» дейді. Қисынға салып қарасақ, екінші топтың айтқаны дұрыс сияқты. Өйткені су басқандағы мақсат – кәпір елді жермен-жексен ету емес пе еді?! Ал сол уақытта жер бетінде Нұхтың елі ғана Араб түбегін мекендеген. Жұмыр жер бетіндегі күллі адамзатқа Нұх пайғамбар болып келгенде, топан судың жер бетін тегіс су басып қалуы мүмкін еді. Бұған қоса, Нұхтан кейінгі елдер де азапқа ұшырағанда, сол аймақтың ғана құрып кеткені мәлім. Ендеше, Нұхтың еліне келген пәлекет те сол елге, сол аймаққа қана қатысты. Негізі ғалымдардың басым көпшілігі осы пікірді қолдайды. Топан су қаптағанда, асау толқындар арасында Нұхтың кемесі ғана батып кетпей жүзіп жүрді. Кәпір атаулы түгелдей суға кеткен соң, Аллаһ тағала жер мен көкке әмір беріп: «Ей, жер, міндетің аяқталды, суыңды жұт! Ей, аспан-көк, қажетің қалмады жауыныңды тоқтат!»[44] – деді. Аллаһтың құдіретімен су тартылып, жауын пышақ кесті тыйылды. Су тартылып жатқанда, теңіз деңгейі бірте-бірте төмен түсіп, тау сілемдері аршылып, Құранның сөзімен айтқанда «Жуди»[45] деген таудың басына барып тоқтады. Сонда Аллаһ тағала Нұхқа: «Ей, Нұх! Кемеден түс. Саған және сенімен бірге болған мұсылмандармен қатар (сендерден кейінгі) мұсылман ұрпақтарыңа Бізден амандық, бейбітшілік және берекет бар. Сондай-ақ, (ұрпақтарыңның арасында иман келтірмейтін) топтар да болады. Оларға бұл дүниеде күн көріс мүмкіндігін береміз. Бірақ көп ұзамай (бұл өмірден өткен соң бұрынғы кәпірлер сияқты олар да) біздің күйзелтуші азабымызға ұшырайды»[46], – дейді. Кеме тоқтағаннан кейін, жер бетінде тек иман келтірген жандар ғана болды. Бұл хазірет Нұхтың үмбеті үшін ғажайып түстей еді. Олар Хақ тағаланың нәсіп еткен «амандық, бейбітшілік, берекет» аясында жер бетінде құдды жаннатта жүргендей күй кешті. Құлшылықтарын алаңсыз атқарды, бір-бірлерімен тату-тәтті өмір сүрді. Бұл бірнеше ғасырға жалғасты. Кейбір деректерде Нұх кемесі теңіз бетінде алты айға жуық жүзіп жүреді. Ибн Кәсирдің тәфсирінде кемеде Нұхпен бірге сексен ер кісі отбасыларымен бірге болғандығы айтылады. Олар жүз елу күн кемеде болды. Одан кейін Аллаһ кемені Меккеге бағыттады. Кеме Меккеде Қағбаны қырық күн айналды. Сосын Хақ тағала кемені Жуди тауына бағыттады. Сол жерге барып тоқтады дейді[47].

Екінші Адам ата

Нұх пайғамбар көп ұзамай шариғат заңымен мемлекет құрып, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай заман басталды. Адамзат ғұмырының қайтадан жалғасуына арқау болғандықтан, Нұх (а.с.) «екінші Адам ата» деп аталды. Нұх (а.с.) – ең үлкен бес пайғамбардың бірі. Оның сабырлылығы, өткірлігі, қайсарлығы исі мұсылманға ғажап өнеге болды. Расында, мың жыл бойғы небір құқай мен қорлыққа шыдау үшін асқан төзімділік қажет-ті. Бұған қоса үнемі шүкіршіліктен таймады. Сондықтан да Аллаһ тағала Құранда: «Күдіксіз, ол шүкір ететін құл еді»[48], – дейді. Жер бетіндегі адамдар Нұх пайғамбар мен үмбетінен тарады. Құранда «Оның ұрпағын жер бетіне тұрақты еттік», – дейді. Хадисте бұл турасында: «Нұхтың үш ұлы бар еді: Сам, Хам және Яфәс»[49], – деп оның балалары туралы хабар берілген. Уақыты жеткенде, Нұх пайғамбар да өмірден озды. Артына имандылық пен бейбіт өмірді қалдырды.

 

 

[1]       Б.Атеш, Пейгамберлер тарихы. 135; Сабуни. Нубууә. 108-бет; А.Бәһжәт. Әнбияуллаһ. 59-62 беттер  

[2]       Невзат Саваш. Инсанлык семасынын айлары-гүнешлері пейгамберлер. Измир. 2004. 23-бет; Сабуни. Нубууә. 111-бет

 [3]       «Һұд» сүресі, 25

 [4]       «Нұх» сүресі, 8-9

 [5]       «Нұх» сүресі, 7

[6]       «Қамар» сүресі, 9 «Қамар» сүресі, 9

[7]       «Нұх» сүресі, 9

 [8]       «Шұғара» сүресі, 109

 [9]       «Шұғара» сүресі, 111

 [10]     «Шұғара» сүресі, 12-14

[11]     «Ибраһим» сүресі, 12

 [12]     «Нұх» сүресі, 10  

[13]     «Зүмәр» сүресі, 53

 [14]     «Нұх» сүресі, 11-12

[15]     «Мүлк» сүресі, 30

[16]     «Нұх» сүресі, 13-14

[17]     «Нұх» сүресі, 14-15  

[18]     «Рұм» сүресі, 50

 [19]     «Муминун» сүресі, 115

[20]     «Нұх» сүресі, 19

 [21]     Сайд Қутуб. Фи Зилалил-Қуран, «Нұх» сүресінің тәфсирі; Сабуни. ән-Нубууә. 117-бет

 [22]     «Һұд» сүресі, 32  

[23]     «Һұд» сүресі, 33-34

 [24]     «Қамар» сүресі, 10

 [25]     «Нұх» сүресі, 21

 [26]     «Нұх» сүресі, 24

 [27]     «Нұх» сүресі, 27

[28]     «Нұх» сүресі, 28

[29]     «Һұд» сүресі, 36

 [30]     «Шұғара» сүресі, 117-118

 [31] «Һұд» сүресі, 37

 [32]     А.Л.Казанжы, Пейгамберлер тарихы, 1-том, 102-бет; Сабуни. ән-Нубууә. 196-бет

 [33]     «Һұд» сүресі, 38-39

 [34]     Б.Атеш, Пейгамберлер тарихы. 149-бет

 [35]     «Һұд» сүресі, 40-41

[36]     Имам Нәуауи. Риязус-салихиин аудармасы. Стамбул. 1-том. 250-бет

[37]     «Әнкабут», 29/4

[38]     Ибн Кәсир. Тәфсир. ІІ/448; Әбус-Сууд, Иршадул Ақлис-сәлим ила мәзаиәл-Қуранил-кәрим. Бейрут. VІІІ/33

 [39]     «Һұд» сүресі, 42

[40]     «Һұд» сүресі, 45

 [41]     «Һұд» сүресі, 46

 [42]     «Тахрим» сүресі, 10

 [43]     Жоғарыда хазірет Нұх ұлының иманға келмей өлгенін көре тұра, Аллаһ тағалаға не үшін жалбарынды?         Бірінші: Нұх пайғамбар өз әулетінің түгелдей құтқарылатыны туралы Аллаһ тағаладан уәде алған болатын. Ал пайғамбардың әулеті тек оған иман келтіргендерден ғана болмақ. Ендеше, хазірет Нұх Кенанды сол кезге дейін мұсылман деп ойлап келген. Бірақ баласы сырттай мұсылман болып көрінгенімен, іштей кәпір болатын. Яғни мұнафық еді. Міне, ол осының сырын білгісі келіп, Аллаһ тағалаға жалбарынды.         Екінші: ол «әулет» дегенде өзінің әулеті, ұрпағы түгелдей құтқарылады деп ойлады.         Үшінші: шамасы, ол баласының көз алдында ажалмен арпалысқанын көргенде, сол сәтте әкелік мейірімі оянып, бірден Хақ тағалаға «баламды құтқара гөр!» деп жалбарынса керек (Дұрысын Аллаһ біледі).         Бұл ескертуден кейін барып Нұх (а.с.) «әулетіңді құтқарамын» деген илаһи уәденің түпкі астарын аңғарды. Сол замат: «Раббым! Расында, білмегенімді Сенен тілеуден сақтай гөр! Егер мені жарылқап, рақым етпесең, зиянға ұшырағандардың бірі боламын» , – деп кешірім тіледі. Осылайша ол дер кезінде өз қателігін түсініп, кешірім сұрап, Хақ тағаланың рақымына бөленді.

 [44]     «Һуд» сүресі, 44

 [45]     «Һуд» сүресі, 44; Бұл таудың қай тау екені әлі күнге дейін бізге беймәлім. «Жуди» сөзін кейбір адамдар «тау» дегенге саяды десе? енді бірі ол араб тілінде «биіктік, асқақтық» деген мәнді береді деп айтады. Зер сала қарасаңыз, жер бетінде көптеген халықтар Нұхтың кемесін іздеу үстінде. Еуропа, Азияның зерттеуші ғалымдары тауларды зерттеп, сол кеме туралы жорамалдар жасап жатады. Тіпті көптеген елдің өз «Жуди» тауы бар. Армяндар Арарат деген тауында тоқтаған деген болжам айтады. Мысалы, қазақ халқының өзі Қазығұрт тауын Нұх тауы деп «Қазығұрттың басында кеме қалған» деп ата-бабасынан қалған сөзді айтады. Түркияның Ван көлінің оңтүстігінде «Жуди» деген тау бар. Осыларға қарап екі нәрсені түйіндемекпіз. Әуелгісі, жер беті халықтарының басым көпшілігі өздерінің Нұх пен оның үмбетінен тарайтындығын білетіндігі. Соңғысы, жер беті халқының сол кемені іздеудегі, өз жеріндегі тұрған тауын «Нұх тауы» деп атаудағы мақсаты – олардың ар-ожданы мен рухы солардың «амандық, бейбітшілік, берекет» аясында өмір сүрген шағын аңсайтындай болып көрінеді. Яғни, бәріміз бір кездері бір ел болып бақытты өмір сүрген едік. Енді бүгін бір-бірімізбен қырық пышақ болатындай басымызға не күн туды?! Кешегі бірлігіміз қайда дейтіндей. Айтқандай-ақ, Нұхтың кемесі «таухидтың», бірліктің рәмізі еді. Сол кемемен бірге жер бетіне толықтай Аллаһ тағаланың таухид сенімі қонған еді. Сондықтан әр ел өз тауының бірінің шыңын Нұх кемесінің қонған жері деп бірлік символына айналдырса керек. Бәлкім, атам қазақ та соны аңсап, «Қазығұрт яғни Қазақ жұрты тауының басында кеме қалған» деп аңыз қалдырған болар.

 [46]     «Һұд» сүресі, 48

[47]     Ибн Кәсир. Тәфсир. II/448; әл-Бидәя уән-ниһәя. 1/98.

 [48]     «Исра» сүресі, 3

[49]     Ахмед ибн Ханбал. Муснәд. 5/10.

 

fatua.kz

0 пікір