МҰСА МЕН ХАРУН ПАЙҒАМБАР (А.С.)
МҰСА МЕН ХАРУН ПАЙҒАМБАР (А.С.)
09.10.2019 11:55
197
0

Мұса пайғамбар (а.с.) туралы мәлімет Құранның көптеген сүрелерінде кездеседі. Кей жерлерінде ұзын-сонар баяндалса, кей жерлерінде қысқаша ғана тоқталған. Ол – үлкен бес пайғамбардың бірі. «Мәриям» сүресінде ол туралы Хақ тағала: «Кітапта Мұсаны есіңе ал! Расында, ол таңдаулы еді. Расул әрі нәби еді»[1], – дейді. Мұса пайғамбар Исрайыл ұрпағына кітаппен жіберілген елші болатын.

 Сол кезде Жақып пайғамбардың он екі баласынан тараған ұрпағы Мысырда өз алдына бір ел құрап отырды. Мысыр елін ол уақытта патшалар емес перғауындар басқаратын. Жүсіп пайғамбардан кейін Мысыр халқының жергілікті ұлтынан шыққан перғауын отбасы көтеріліс жасап, «амаликалық» арабтарды қуып шығып, қайта таққа отырған еді. Олар билікке келген соң, көп ұзамай өздерін «тәңір» деп жариялады. Сондай-ақ Ніл өзені жағасында жер жыртып, егін егіп, сонымен күн көріп жүрді. Жылдар өте келе, соқаға жеккен өгіздерді «тәңірге» теліп, соған да табынатын болды[2]. Исрайыл халқы өздері Мысырда өмір сүргенмен, бұрынғыдай беделдері болмады. Перғауындар оларды ұлдарын құл, қыздарын күң етіп езіп-қанап ең ауыр жұмыстарға салды. Олар сол жерден қашып шығып, бұрынғы қасиетті жерлеріне баруға қаншама рет талпыныс жасаса да, ойлағандары іске аспады. Сөйте тұра, олар дүниеге әбден құнығып, хазірет Жақыптың әкелген дініне аса көңіл бөлмеді. Олар мысырлықтар сияқты өгізге табынып кетпесе де, солардың сенімдері саналарына әсер ете бастады. Бір күні перғауын түс көрді. Түсінде Құдыс жақтан лапылдап келген бір от мысырлықтарды өртеп күлге айналдырса да, Исрайыл халқына титтей де әсер етпейді. Ол түсінен шошып оянып, сәуегейлерін шақырып істің мәнісін сұрайды. Олар: «Жақында Исрайыл ұрпағынан бір ұл бала дүниеге келеді. Ол сенің патшалығыңды күл-талқан етеді», – деп жориды. Перғауын осыдан кейін дереу әр бір Исрайыл отбасында туылған ұл балаларды өлтіруге бұйрық шығарды. Исрайыл елі бұл қатігездікке қарсы тұрар ешбір амал таба алмай қиналды. Перғауын осылай жаңа туылған ұл балаларды өлтіртіп жатқанда, Имран деген бір кісінің шаңырағында ұл бала дүниеге келді. Ол Мұса пайғамбар еді. Хақ тағала нәсіп етіп, оның анасының жүкті болғанын, артынша босанып, ұл бала тапқанын ешкім білген жоқ. Хазірет Мұсаның анасы «біреу-міреу көріп қояр ма екен» деп күні-түні мазасы қашты. Осы кезде Хақ тағала оған: «Бір нәрсе болады деп қорықсаң, оны еміз де дарияға тастап жібер. Қорықпа да күйінбе! Расында, оны саған қайтарамыз да пайғамбар қыламыз»[3], – деп аян береді. Оның анасы осы аяннан соң, баласын құндақтап, сандыққа салып, Ніл өзеніне қоя береді. Сандық судың бетімен аққан бойы перғауынның сарайының алдынан өтіп бара жатқанда, оның адамдары көріп қалып, сандықты сарайға алып барады.

Перғауын оны өлтірмек болғанда, араға өзінің әйелі Әсия түсіп: «Менің де, сенің де көз қарашығымыз, оны өлтірмеңдер! Бәлкім, бізге пайдасы тиер. Немесе бала қып аламыз»[4] деп, баланы аман алып қалады. Алайда сәби сүт іздеп шырылдап жылай берді. Әсия сүт аналарды алып келсе де, ешбірін ембеді. Сүт аналардың арасында хазірет Мұсаның әпкесі Мәриям да бар еді. Ол: «Сендерге оны сендер үшін бағатын, оған қомқор бір отбасы көрсетейін бе?»[5] – деп Мұсаның туған анасына ертіп келіп, соған емізгенде, сәби Мұса емірене еміп, тәтті ұйқыға кетеді. Хазірет Мұса он сегіз, жиырма жастар шамасына келген кезде, Хақ тағала оған керемет ілім мен хикмет нәсіп етті. Хазірет Мұса бұл жерде үш мәселені шешуі тиіс еді.

Мысырлықтардың түзеліп иманға келуі.

 Исрайыл ұрпақтарын Құдысқа апаруы.

Исрайыл ұрпағын түзеуі[6].

Хазірет Мұса Мәдиян еліне қашқанға дейін, сол перғауын сарайында ер жетті. Оған перғауынның жары – Әсия жақсылап қарап, тәрбиелеп өсірді. Бір күні хазірет Мұса көшеде кетіп бара жатып, бір исрайылдық, бір мысырлық екі адамның қызыл шеке болып төбелесіп жатқанын көреді. Исрайылдық жеңіліп бара жатқанда, хазірет Мұсаны көріп қалып көмекке шақырады. Жігіт Мұса өте мықты, айбарлы жас болатын. Ол мысырлыққа жақындап келіп ананы жіберуді талап етті. Бірақ мысырлық оның сөзіне құлақ салмай, исрайылдықты өлтірмек болады. Осы кезде жігіт Мұса әлгі мысырлықты жұдырықпен түйіп кеп қалғанда, мысырлық сол жерде жан үзеді. Мұсаның ниеті адам өлтіру емес, қайта анау бір өлім аузындағы жанды құтқарып қалу еді. Мұса (а.с.): «Бұл – шайтанның ісі. Өйткені ол – ашық адастырушы дұшпан. Раббым! Рас өзіме кесір істедім. Мені жарылқа! – деді. Сондықтан Аллаһ оны жарылқады. Өйткені Ол тым жарылқаушы, ерекше мейірімді»[7]. Көп ұзамай осы мысырлықтың өлімі бүкіл қалаға жайылды. Бірақ әзірге кісі өлтірушінің кім екенін және не үшін өлтіргенін ешкім білмеді. Таңертең хазірет Мұса көшеде кетіп бара жатып, кешегі өзі құтқарып қалған исрайылдықтың тағы бір мысырлықпен төбелесіп жатқанын көріп қалады. Исрайылдық та мұны көре сала, ұялмай қызармай көмекке шақырады. Хазірет Мұса бұл адамның жаман адам екенін сонда ғана білді. Оған «өзіңе де сол керек» дегендей ашулы көзін қадады.

Бір кезде мысырлық әлгі исрайылдықты бір бұрышқа тығып алып өлтірмек болған кезде, амалы құрыған Мұса оларды арашаламақ болып жақындай бергенде, исрайылдық адам өзіне қол жұмсайды деп ойлап: «Кеше ғана мысырлық бір адамды өлтіріп едің. Енді бүгін мені өлтірмекпісің? Сен мейірімді емес, қатігез адам болдың ғой» деп айқай салады. Осы хабар тез арада қалаға тарап кетті. Онсыз да сарайдағылар бұл исрайылдық болғаны үшін жек көріп, оны сарайдан аластауға сылтау таппай жүретін. Олар бар болғаны хазірет Әсиядан аса алмай жүрген. Ал қазір оларға іздегенге сұраған болды. Әйтсе да хазірет Мұса сарайдағылардың не ойлап жүргенінен мүлде бейхабар еді. Ол ойға батып тұрғанда, қаланың өте лауазымды ақсүйек бір адамы келіп: «Ей, Мұса! Сарайдағылар сені өлтіруге шешім шығарды. Бұл қаладан тез кетпесең, өлім құшасың. Мен саған қамқор адамның бірімін», – дейді. Хазірет Мұса қаладан өте сақтықпен шықты да: «Я, Раббым! Мені қатігез елден құтқара гөр!» – деп[8] дұға етті. Жолда қаладан ұзап кетіп бара жатып: «Раббымның маған тура жол көрсетуін үміт етемін»[9], – деп күбірлейді. Бұл істе Хақ тағаланың хикметі бар еді. Өйткені ол Мәдиянға барып, хазірет Шұғайып пайғамбардан дәріс алып, сол жақта пайғамбарлыққа әзірлік жасап келуі қажет болатын. Күндердің бір күні пайғамбарлық келген кезде, Мысырға қайта оралып перғауын мен оның халқын хақ дінге шақыруы тиіс-ті[10]. Хазірет Мұса сахарада ұзақ жүріп, бір кезде Мәдияндағы судың жанына келіп аялдады. Бір топ адам осы суға мал суғарып жатты. Бергі шетте екі қыз малдарын суға жолатпай қайырып тұр екен. Мұса ол екеуіне: «Екеуің неге тұрсыңдар? Елдің бәрі малын суғарып жатқан жоқ па?» – дейді. Екі қыз: «Мына малшылар малдарын суғарып кеткенге дейін, біз малымызды суғара алмаймыз. Үйде жалғыз кәрі әкеміз ғана бар. Бұған әкемізді қалай жұмсаймыз?» – деп ибалықпен жауап береді.

Хазірет Мұса қатты қалжырап тұрса да, дереу екі қыздың малын айдап әкеп суғарып, суға қанған соң, алдарына салып берді. Бұл екеуі хазірет Шұғайыптың қыздары еді. Одан кейін бір ағаштың көлеңкесіне саялап отырып, Хақ тағалаға қол жайып: «Я, Раббым! Қайырдан не жіберсең де мұқтажбын»[11], – деп күбірлеп дұға жасады. Сол күні ақшам кезінде хазірет Шұғайып малдарының маңыраған дауысын есітіп далаға шықты. Қыздарының бүгін ерте келу себебін сұрады. Мән-жайды білген соң, ол дереу қыздарының біреуін хазірет Мұсаға жіберді. Қызы барғанда, ол әлі ағаштың түбінде отыр екен. Ол жанына ұяла жақындап: «Әкем сізді малдарды суғарған ақыңызды алсын деп шақырып жатыр», – дейді.

Хазірет Мұса олардан ақы алайын деген мақсатпен көмектеспеген еді. Алайда мына қыздың ибалылығына қарап, оның әкесін көруге аңсары ауа қалды. Әрі ақсақал кісі шақырып тұрғанда, бармасқа тағы болмайды. Қыздың алдына түскен бойы үйіне келіп, қартқа сәлем беріп жөн сұрасты. Дастарқан басында хазірет Мұса Шұғайып пайғамбарға басынан кешкендерін түгелдей баян етті. Бұл жерге де қуғыншы келіп қалуы мүмкіндігін айтты. Сөздерін ден қоя тыңдаған қария оған: «Қорықпа! Бұдан былай залым елден саған келер ешбір қиянат жоқ. Сен қауіпсіз жердесің», – деп басу айтты. Бірталайдан кейін қонақ әзірленген бөлмеге жатып қалған соң, Шұғайып пайғамбардың бір қызы әкесіне келіп: «Әкешім! Біз көптен бері бір жалшы іздеп жүрген жоқ па едік?! Іздегенге сұраған деген осы емес пе?! Мына кісі нағыз бізге лайық адам екен. Өзі күшті әрі сенімді де, мейірімді жан. Бізбен тілдескен кезде, жүзімізге бір рет те болсын қарамады. Осы жігітке қолқа салып көріңіз», – дейді. Таңертең Шұғайып пайғамбар хазірет Мұсаға: «Мұса! Саған айтар ұсынысым бар. «Маған сегіз жыл жалшы болсаң, мына екі қызымның бірімен некелестірем. Егер он жылға толтырып жатсаң, ол сенің жасаған жақсылығың. Саған машақат қылуды қаламаймын. Аллаһ қаласа, мені ізгілерден табарсың»[12], – дейді.

 Хазірет Мұса да бұдан кейін қайда барып, қайда тұратыны, не істейтіні туралы бір байламға келмеген болатын. Ол хазірет Шұғайыптың бұл ұсынысын мақұл көріп: «Ұсынысыңды қабылдаймын. «Осы екеуміздің арамыздағы келісім бойынша, екі мезгілдің қайсысын орындасам да маған қарсылық жоқ. Айтқаныма Аллаһ кепіл»[13], – деп жауап береді.

Арада жылдар қазанаттай жүйткіп өте шықты. Мезгілі жетіп, уәде бойынша хазірет Мұса, Шұғайыптың (а.с.) қызын алған еді. Бір күні ол жары мен бала-шағасын алып, Шұғайып пайғамбармен қоштасып, жолға шықты. Бұл өзі қыс мезгілі болатын. Күн батып, түн айналаға өзінің қара шәлісін жапқан кезде, ауа суып, ызғар жел есті. Хазірет Мұсаның бала-шағасы тоңып, жылай бастады. Олар Тұр тауына жақындаған кезде, тау басынан лапылдаған оттың жарығын көрді. Хазірет Мұса бала-шағасына: «Тұра тұрыңдаршы. Рас, бір от көріп тұрмын. Бәлкім, бір хабар яки оттан бір шоқ алып келермін. От жағып жылынарсыңдар»[14], – дейді.

Ол асығыс адымдай басып, отқа қарай жақындай бастады. «Ол жерге келген сәтте, мүбәрак жердегі ойпаттың оң жағындағы ағаштың жанынан: «Ей, Мұса! Рас Мен – әлемдердің Раббы Аллаһпын». «Кебісіңді шеш» деп үн қатты»[15]. Хазірет Мұса дереу аяқ киімін шешіп үнсіз тыңдай қалды. Баяғы «жанған от» деп келгені от емес илаһи нұр екендігін аңғарып, бұл дауыстың Хақтан келгеніне көзі жетті. Илаһи дауыс әрі қарай жалғасты: «Сені таңдадым. Енді уахи етілгендерді тыңда. Рас, Мен Аллаһпын. Менен басқа тәңір жоқ. Сондықтан Маған құлшылық қыл. Сондай-ақ Мені еске алуың үшін намазды толық орында. Қиямет күні сөзсіз келеді. Қияметке сенбей, өзінің нәпсісіне ергендер саған кедергі жасап жүрмесін. Болмаса, сен де құрисың. Әй, Мұса! Оң қолыңдағы не нәрсе? (Мұса):

«Бұл – менің таяғым. Оған таянамын. Онымен қойларыма жапырақ қағып беремін, әрі онымен басқалай істер де істеймін»[16], – дейді. Адам баласы қашанда өзіне ұнаған адаммен кездескен шақта, онымен көбірек тілдесіп қалғысы келеді. Бұл жерде де хазірет Мұса ғаламзаттың Раббысымен тілдескен кезде, бір аса таяқтың өзін жыр қылып айта бергісі келді. Һәм Хақ тағала «Оң қолыңдағы не нәрсе?» деп оның кәдімгі таяқ екендігіне назар аудартуда. Хазірет Мұса да оның расында ағаштан жасап алған аса таяқ екендігін ашық баян етеді.

Осы кезде Аллаһ тағала: «Ей, Мұса! Қолыңдағы аса таяқты жерге таста!» – дейді. Хазірет Мұса оны жерге тастап жібергенде, кәдімгі жай таяқ улы жыланға айналып шыға келеді. Түр-түсі сұп-суық оқ жыландай ысылдап хазірет Мұсаның өзін шошытты. Тіпті ол қорқып қашты да. Хақ тағала сонда: «Оны қайта қолыңа ұста, қорықпа. Бері кел! Оны әуелгі қалпына келтіреміз», – деді.

Бұл жыланнан хазірет Мұсаның өзі шошығанына қарап, оның қандай жылан екенін көз алдыңызға елестете беріңіз. Хазірет Мұса Хақ тағаланың сөзінен кейін қорқынышы басылып, жыланды ұстай алғаны сол еді, ол баяғы қой қайыратын асатаяғына айналды. «Қолыңды қойныңа тық. Мінсіз күйде аппақ болып шығады»[17]. Хазірет Мұса қолын қойнына тығып, қайта алып қалып еді, қолы аппақ болып жарқырап шыға келді. Хақ тағала Мұсаға: «Ей, Мұса! Осы екі мұғжиза – перғауынға да, адамдарына да Раббыңның екі дәлелі. Өйткені олар тым шектен шықты», – дейді. Хазірет Мұса: «Я, Раббым! Көңілімді кеңейтіп, ісімді жеңіл ет! Олар сөзімді жақсы түсіну үшін, менің тұтықтығымды жаза гөр. Я, Раббым! Туысым Харунды маған уәзір әрі көмекші етіп бер. Һәм ол маған қарағанда сөзге әлдеқайда жүйрік. Оларға жүйелі сөз айта алмай қаламын ба деп қорқамын. Оның үстіне олардың бір адамын байқамай өлтіріп алғанмын. Харунды менімен бірге пайғамбар етіп жібер. Оны менің міндетіме ортақ қылатын болсаң, Сені көп еске алып, пәктейміз»[18], – дейді.

Кейбір деректерде хазірет Мұсаның тілі жас кезінде шоққа күйіп, тілі қатты мүкістеніп қалған деген сөздердің негізі жоқ. Өйткені пайғамбарлық міндетте ешқандай кемістік болмауы шарт[19]. Хақ тағала: «Ей, Мұса! Тілегің қабыл болды. Туысың арқылы білегіңді күшейтіп, екеуіңе олар шамасы келмейтін күш беремін. Аяттарымызбен екеуің де, сендерге ергендер де жеңіске жетесіңдер». «Екеуің перғауынға барыңдар, өйткені ол шектен шыққан. Оған сыпайы түрде жұмсақ тілмен сөйлеңдер, мүмкін сөздеріңе сонда ғана құлақ асар яки қорқар»[20], – дейді.

Дінді қоғамға немесе жеке тұлғаға уағыздау барысында сыпайы да, көркем тілмен жеткізу қажет. Бұл тәблиғ, яғни дінді жеткізудің негізгі қағидасы. Егер бір қоғамда дінді насихаттаушылар Хақ тағаланың осы жарлығы мен белгілеген ережесі арқылы елді дінге шақырмай, керісінше, дөрекі түрде, қатты-қатты батырып айтатын болса, онда олар сол міндетті орындамақ тұрмақ елді діннен бездіруі де кәдік. Атам қазақтың «Жылы-жылы сөйлесе, жылан іннен шығады, қатты-қатты сөйлесе мұсылман діннен шығады» деген мақалы осыдан қалса керек.

Хақ тағала хазірет Мұсаға Харунға қатысты «тілегің қабыл болды» деген сәтте, Харунға уахи келіп, ол да пайғамбар болған еді. Олар Мысырда жолықты. Екеуара залым перғауынға ақиқатты айтар күнге сақадай сай болса да, «Не болар екен?» деген уайымдары жоқ емес-тұғын. Олар Аллаһ тағалаға: «Раббымыз! Оның өктемдік қылуынан яки шектен шығуынан қорқамыз», – деп дұға етеді. Хақ тағала: «Қорықпаңдар! Сендермен біргемін. Естимін, көремін. Екеуің барып: «Біз Раббыңның саған жіберген елшісіміз; ал енді Исрайыл ұрпақтарын бізбен бірге жібер. Енді оларды қинама, саған Раббыңның мұғжизасымен келдік. Есендік тура жолдағыларға болсын. Бізді жоққа шығарып, бет бұрғандарға азап болатындығы уахи етілді», – деңдер»[21], – дейді. Бұл іс тіпті пайғамбар үшін де оңайға соқпайтын еді. Өйткені алдарында бір елдің өзін «құдай» санап айдаһардай ақырған залым перғауын бар. Оның сарайына аяқ астынан барып, дінге шақыру, өз басын бәйгеге тігу деген сөз. Оның үстіне перғауынға адам өлтіру, әсіресе, исрайылдық бір дұшпанын өлтіру түкке тұрғысыз еді. Әрі көп жылдан бері өлтіргісі кеп, қуғындап ұстай алмай жүрген адамы осы Мұса болатын. Әйтсе де хазірет Мұса мен Харунның қорыққаны өлім емес, өздеріне берілген ауыр аманат еді.

Пайғамбарлардың қорқып уайымдайтын бір-ақ нәрсесі бар. Ол – пайғамбарлық міндет. Егер олар табан астынан ажал құшса, өз міндетін толық орындай алмайтын еді. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Қоштасу қажылығында» үмбетіне: «Сендерге пайғамбарлық міндетімді толық орындап, дінді қалтқысыз жеткіздім бе?» – деп үш рет сұрауы осының белгісі. Бірақ әр қандай пайғамбар әсте міндетін толық орындап болмай, бұл өмірден көшпейді. Өз уазипасын іске асыру жолында, аспан төңкеріліп, жер жарылса да, оған титтей кедергі келтіре алмайды. Өйткені кепілдікті «Қорықпаңдар! Сендермен біргемін. Естимін, көремін» деп Хақ тағала береді.

Хазірет Мұса бауыры Харунмен бірге перғауынның сарайына барып оны хақ дінге шақырып, туралықты насихаттады. Ол перғауынға сыпайы тілмен сөйлеген соң, перғауын да оған ашу шақырмай әңгімелесе бастап: «Ей, Мұса! Саған не болған? Кеше ғана сарайда өскен бала едің. Бүгін келіп маған ақыл айтып тұрсың ба? Біз сені құндақтағы сәби кезіңде сандықпен бірге ағып бара жатқан жеріңнен тауып алып, осы сарайда өсірген жоқ па едік? Сен осы жердің суын ішіп, нанын жеген жоқсың ба? Енді келіп бәрін жоққа шығарып тұрсың. Ол аз болғандай менің халқымнан бір адамды өлтіріп, қашып кеткен жерің тағы бар», – деп сұрақ жаудыра бастайды.

Хазірет Мұса да оның сөздерін асықпай тыңдап: «Мен ол кісіні қасақана өлтірген жоқпын. Бар-жоғы біреуді өлтіргелі жатқанда, араша түсіп, пейілінен қайтпаған соң, әрі кетсін деп жұдырықпен түйгенім ғана. Ал қашқанымды сұрайтын болсаң, мені шақырып істің мәніне бармай сыртымнан өлім жазасына бұйырғандарыңды естіген соң амалсыз қаладан кетуіме тура келді. Одан кейін маған Раббым ілім мен хикмет дарытумен бірге пайғамбарлық міндетін жүктеді. Мен осы уазипамды орындау мақсатымен сенің алдыңа келіп тұрмын. Менің міндетім дінді жеткізу ғана. Арғы жағы өз ықтиярыңда. Әй, Перғауын! Сен мені сарайда өсіріп, тәрбиеледік дейсің. Сен өзің исрайыл халқын жапа шектіріп, ауыр жұмысқа салып, ерлерін құл, әйелдерін күң қылдың. Ол аз болғандай жаңа туған сәбилерді жаппай қырғыздың. Сондықтан Хақ тағаланың жәрдемі мен хикметінің арқасында сарайда өстім. Болмаса, сенің сарайыңда менің нендей шаруам бар? Ата-анам мені тәрбиелеуде қауқарсыз қалды деймісің? Сенің зұлымдығың болмағанда, анам өз баласын суға ағызып, сарайыңда өсіруге ризалық танытар ма еді? Сенің сарайыңдағы ішкен суым да, жеген наным да сол жерге исрайылдықтардың аққан қара терімен, ауыр бейнетімен келген жоқ па? Бір жағынан халқымды қанап, адам айтқысыз зұлымдық жасайсың, бір жағынан «мен сені сарайда тәрбиеледім» дейсің», – деп уәж қайтарды.

Перғауын: «Әлемдердің Раббы дегенің немене?» – деді.

Хазірет Мұса: «Егер анық білетін болсаңдар, Ол – жер мен көктің әрі олардың арасындағылардың Раббы», – деді.

Бұл жауапқа Перғауынның айтар дауы болмады. Бірақ әйтеуір бір нәрсе айтып қалайын деген ниетпен: «Мынауың не деп сандырақтап отыр? Мен не деймін, бұл не дейді? Естідіңдер ме?», – деп келемждеп күліп, сөзді басқа арнаға бұрғысы келді. Бірақ хазірет Мұса сөз тізгінін босаңсытпай: «Ол – сендердің де Раббыларың, бұрынғы ата-бабаларыңның да Раббы», – деді.

Хазірет Мұса осы сөзімен сарайдағы өздерін «құдаймыз», «құдай отбасымыз» деп жүргендерге «бұрынғы ата-бабаларың «құдай» болса қайда кетті? Олар да, сендер де топырақтан шығып, қайта сол топыраққа ораласыңдар. Жоқтан бар болған ешқашан тәңір бола алмайды дегенді меңзейді. Уәжге жығыла берген перғауын амалсыз ашу шақырып: «Пайғамбардың түріне қараңдар! Аузынан шыққан әр сөзі – жынды адамның сөзі. Сұрағыма жауап берудің орнына айдалаға лағуда», – деп өзінше сөзбен жеңген болды. Хазірет Мұса оның сөзін елең құрлы көрмей, әрі қарай: «Ей, перғауын! Әлемдердің Раббы – Хақ тағала шығыстың да, батыстың да һәм оның арасындағылардың да Раббысы», – дейді. Ол осы сөздерімен Хақ тағаланың ғаламзаттың Раббысы екендігін айту арқылы перғауынның пенделігіне ишарат етті. Перғауын сонда: «Абыройыммен ант етейін! Егер сен менен өзгені тәңір етіп алсаң, әрине, сені зынданға тастаймын»[22], – деп қорқытты. Хазірет Мұса: «Егер саған пайғамбар екендігім туралы айқын дәлелдер көрсетсем не дейсің? Сонда да осы пікіріңнен танбайсың ба?» – дейді. Перғауын іштей оның дәлел көрсететіне сенбеді.

 Өзі де сарайдың уәзірлері мен ақсүйектері алдында хазірет Мұсадан жеңіліп нақты жауап бере алмай отыр еді. Осы арқылы жеңіп кетемін деп ойлап: «Ал қане, көрейік, сөзің рас болса. Қандай дәлел, қандай мұғжизаң бар еді?» – дейді. Сол кезде Мұса пайғамбар қолындағы аса таяғын жерге тастап жібергенде, ол сол заматта үлкен жыланға айналып шыға келеді. Түрі сұп-суық жылан бір орнында тұрмай ирелеңдеп оңды-солды қозғалып ысылдап тұрды. Мынадай түсі суық жыланды бұрын-соңды көрмеген сарайдағылар қорыққандарынан тұрған жерлерінде жүректері жарылып кете жаздады.

Хазірет Мұса осыдан кейін қолын қойнына тығып қайта суырып еді, қолы нұр болып жарқырап айналаға сәулесін шашты. Іштей өзіне сенімді болып отырған перғауын мына мұғжизаларды көргенде, аузына құм құйылып, біразға дейін «ләм-мим» деместен, үнсіз отырып қалды. Оның үстіне әлгі жыланның от болып жанған көздері көз алдынан кетер емес. Ол тағынан түссе қалса, шағып алатындай көрініп, денесі мұздап сала берді.

Бірақ өз абыройын сақтап қалу үшін, дереу есін жиып, айналасына қарап: «Беу, шіркін десеңші! Мынау барып тұрған сиқыршы ғой. Бәсе, манадан бері мұны сөйлетіп тұрған қандай күш, несіне бәлсініп тұр десем, жат жерде жүріп түрлі сиқырлық пен көзбояушылықты үйреніп келіп, сол арқылы біздің басымызды айналдырып, мына туған жерімізден қуып шыққалы қамданып жүрген кешегі қашқын Мұса екен ғой! Бұлардың сыры белгілі болды. Ендеше, бұл екеуін дереу өлтірген дұрыс па, әлде өзгелерге сабақ болу үшін басқаша жаза қолданғанымыз дұрыс па екен? Ал қане, қандай пікірлерің бар?» дейді.

Перғауынның ең жақын адамдары оған: «Мұны өлтіру де, басқаша жазалау да бізге пәлендей пайда бере қоймайды. Ел-жұрт «шамасы келмеген соң өлтіре салыпты» деп шулайды. Ал бұл біздің абыройымызға дақ келтіреді. Ең дұрысы, бұл екеуін күллі халықтың алдына шығарып, сол жерде масқаралайық. Шартарапқа шабармандарыңды жіберіп, алаңға ең мықты сиқыршыларды жина. Сосын бұл екеуі әлгі өнерін сол жерде көрсетсін. Біздің сиқыршылар да сиқырын көрсетіп, бұларды ел алдында жеңсін» дегенді айтты.

Перғауынға да бұл ой қатты ұнап, ең мықты сиқыршыларды жинатты. Хазірет Мұсаға осыны айтып еді, ол қуана келісті. Тіпті ол: «Кездесетін мезгіл дәл ел көп жиналатын мереке күнінің сәске кезі болсын», – дейді. Хазірет Мұсаның бұл сөзінен ең маңызды екі нәрсені білуге болады. Бірі – мереке уақыты. Мереке күні халық бос болғандықтан, алаңға тайлы-таяғымен жиналады. Жасы да, жасамысы да қызық көру үшін келеді. Екіншісі – сәске кезі. Бұл кез – халықтың ұйқыдан тұрып, сәресін ішіп сергек те, тоқ болып тұрған шағы.

Басқа уақытта орын алса, Хақ пайғамбардың мұғжизаларын «күн қатты ысып нақтап көре алмай қалдым» яки «күн батысқа еңкейген шақта сол көрінген нұр ма әлде күннің сәулесі ме еді? Оның үстіне малдың өрістен қайтқан шағы емес пе, көзім мұнда болғанмен, көңілім алаң болып тұрған» дегендей күмәндар кездесуі әбден мүмкін еді.

Сол күні халық көп жиналды. Онсыз да сарайда көрсетілген мұғжизалар ел ішіне аңыз боп тарап кеткендіктен, көруге құмартушылар көп еді. Сиқыршылар перғауыннан «Егер біз жеңсек, бізге қандай сыйлық бересің?» – деп сұрап еді, перғауын: «Менің ең жақын адамыма айналасыңдар. Сендерге осы елдегі ең жоғарғы лауазымды беремін», – деп уәде берді.

Аналар көңілдері көтеріліп, перғауын үшін аянбай тер төгуге тырысты. Алаңда сиқыршылар бір жақта хазірет Мұса жалғыз өзі бір жақта тұрды. Олар Мұса пайғамбардан «Кім бірінші бастайды?» деп сұрап еді ол, «Алдымен сендер бастаңдар» деп жауап қайтарды. «Сонда олар арқандары мен таяқтарын тастап: «Перғауынның ұлылығының арқасында біз жеңіске жетеміз» десті. Олардың тастаған арқандары мен таяқтары алаңда жылан болып көрініп, ирелеңдеп ысылдай бастады. Сол жерге жиналған елдің бәрі оларды жылан деп ойлап таңырқай қарасты. Хазірет Мұсаның көңіліне осы сәтте қобалжу пайда болды. Хақ тағаладан оған: «Қорықпа! Сен үстем боласың» деген уахи келді. Яғни «Ей, Мұса! Көңілің қобалжып, қорқушы болма! Өйткені олардың жылан деп көрсеткендері жылан емес, жалған көз бояушылық қана. Ал сенің жыланың – ақиқат. Жалғанды қашан да ақиқат жеңеді. Олар сиқыршы, ал сен пайғамбарсың».

Хазірет Мұса осы уахидан соң көңілінің абыржығаны басылып, қолындағы аса таяғын тастап жіберді. Сонда ол шынайы әб жыланға айналып сиқыршылардың жыландарын әп сәтте бір-бірлеп жұтып бітірді де, Мұса пайғамбарға жақындап келіп аса таяққа айналып шыға келді. Перғауынның әзірлеген сиқыршылары осал емес еді. Сол заманда Мысыр елінде сиқырлық кең тараған еді. Ал алаңға шыққан сиқыршылар солардың сорпа бетіне шығар ең таңдаулысы еді. Алайда олар жылан етіп көрсеткен арқандары мен таяқтарын кәдімгі әб жыланның біртіндеп жұтып жатқандарын көріп жағаларын ұстады. Халық білмесе де олар аса таяқтың кәдуілгі тірі жыланға айналғанын айқын біліп, хазірет Мұсаның сиқыршы емес, пайғамбар екендігіне көздері анық жетті. Өйткені өздері бұрын-соңды мұндай мұғжизаны көрмеген.

Хазірет Мұса алаңға шықпас бұрын жолығып, бұларға хақ діннің ақиқатын тереңдеп айтып жеткізген еді. Әйтсе де бұлар оның сөздеріне көңіл қоймаған. Ал қазір олар Мұса пайғамбардың айтқан сөздерін қайта еске түсірді. Осы күнге дейін жалғанды насихаттап келген еді. Әне сол жалғанын ақиқат жоққа шығарып, өздері шоқиып отырып қалды. Осы күнге дейін халықты да, өздерін де көзбояушылықпен алдап күн көріп келгендеріне қатты пұшайман хал кешті. Осылай ойлаған олар бір сәт бір-бірлеріне қарап тұрып қалды.

Бір кезде естерін жиған олар жамағат жаппай сәждеге жығылды да, бірауыздан: «Мұса мен Харунның Раббына иман келтірдік!» – деп айқай салды. Жиналған халық бір жыланның көп жыланды жұтып қойғанын көріп, абдырап тұрған болатын. Олар алаңда тұрған сиқыршылардың сәждеге жығылып, Хақ тағалаға иман келтіргенін көргенде, Мұса пайғамбардың жыланы ақиқат жылан екенін ұғып, өзара таңдай қағысып, бір-бірлерімен күбірлесе бастады.

Осы ғажайып көрініс олардың жадыларынан кетпей тіпті ұрпақтан ұрпаққа дастан болып жалғасатыны һәм сол бір көрініс бұлардың да иманға келуіне әсер ететіні айқын еді. Жеңетініне көзі анық жетіп отырған перғауын өзі таңдаған сиқыршылардың жария айқайлап иман келтіргенін көргенде, отырған тағында күйіп кете жаздады. Сосын қулығын асыра түсіп: «Сендер менің рұқсатымсыз қалайша дәттерің барып Мұсаға иман келтіресіңдер? Ендеше кім екендіктерің белгілі болды. Мына Мұсаны сендер ұстаз тұтасыңдар ма? Осы сәтке дейін осыны жасырып келген екенсіңдер ғой. Олай болса сендердің көздеріңе көк шыбын үймелетіп, көресіні көрсетемін. Әлі-ақ «өлтірші» деп жалынатын боласыңдар өңкей шірік неме!» деп ашуға булықты. Оның бұл қоқан-лоқысын сиқыршылар қаперіне де алмады. Жаңа ғана өзін құдай санап жүрген адамы дәл қазір көздеріне қауқарсыз, бейшара болып елестеді.

Хазірет Мұсаның ақиқаты оның жалған сенімінің күлін көкке ұшырды. Олар: «Ей, перғауын! Біз Мұса пайғамбардың туралығына және бізді жоқтан бар еткен Раббымызға бұлтартпас сенім келтірдік. Сенің де жалған тәңір екендігің айқындалды. Сен қолыңнан келген өнеріңді бізден аяма. Бұлай өлтіргенімде ғой деп, өкініп қалып жүрме. Сен біздің қолымыздан көп болса дүниелік өмірімізді ғана аларсың. Ал ақырет ғұмыр, ондағы мәңгілік бақыт бізге жетеді. Раббымыз біздің осы күнге дейінгі жасаған күнәларымызды кешіреді деп үміт етеміз. Мұса пайғамбарға алғашқылардың бірі болып иман келтіргенімізді мақтан тұтамыз!» – деп жауап берді. Сиқыршылардың иман келтіруі айта жүретін ерекше оқиға болды.

Олар хазірет Мұсаның бір мұғжизасын көрісімен, бірден иман келтірді. Тіпті олардың имандары «ихсан», яғни әулиелік деңгейдегі ең терең иман. Олар бір сәтте ең төменгі шыңыраудан «яқин» иманға бір-ақ шыққан. Хазірет Мұса кейіннен өз еліне түрлі мұғжиза көрсетсе де, олардың имандары әлгі сиқыршылардың дәрежесіне жете алмаған. Егер олар тірі болғанда, хазірет Мұсаның ең жанашырлары сахабалардай сенімді серіктері болар еді. Олардың имандарының күштілігінен жер жарылып, тау теңселер еді. Олар хазірет Мұсаның жолында құрбан болуға әрдайым әзір болатын, тіпті Қызыл теңіздің өзін кешіп өтуден де тайсалмас еді. «Тиһ» шөлінде ғажайып құстың етін емес, бір түйір дәнге зар болып, ала бұтаны кеміріп жүрсе де, асатаяқтан аққан кәусар бұлақтың суын емес, кенезесі кеуіп, лай суға зар болса да, Пайғамбарымен кешкен әрбір күнін жаннаттың рахатын бірге көргендей сезінер еді. Бұл да өз алдына зерттелер жеке тақырып. Перғауын осы оқиғадан кейін исрайылдықтарға деген қатігездігін тіпті күшейте түсті. Көп жылдар бұрын көрген түсіндегі адамның осы Мұса пайғамбар екендігіне көз жеткізді. Хазірет Мұсаның мұғжизасын көрген халықтың біразы иман келтіргенмен, көпшілігі перғауын мен шонжарлардың қаһарынан қорқып иман келтірмеді. Хазірет Мұса халқына: «Ей, елім! Егер Аллаһқа иман келтірсеңдер, сондай-ақ мұсылман болсаңдар, онда Аллаһқа тәуекел қылыңдар», – деді. Олар да: «Біз Аллаһқа тәуекел қылдық. Раббымыз, бізді залым елмен сынама», – деді». Сондай-ақ бізге рақым етіп кәпір елден құтқара гөр»[23], – деп дұға етті. Хазірет Мұса бұдан кейін Хақтың әмірімен үйлер салып, сол үйлерде намаз оқып, уағыз-насихат жүргізіп, халықты дінге шақырды. Бұл үйлер мешіт болмағанмен, мешіт пен медресенің қызметін атқарды. Қала халқы сол үйлерге бірден, екіден шақырылып, хақ дінді үйренді.

Көп ұзамай қалада намаз оқитын үйлер біртіндеп көбейіп, мұсылмандардың саны барған сайын арта түсті. Перғауын хазірет Мұсаның бұл іс-әрекеттерін әр түрлі жолдармен қадағалап отырды. Ол әліптің артын бағып, хазірет Мұса мен оған иман келтіргендерді жою жоспарларын жасап жатты. Оның үстіне «бұларды тоқтатпасақ көп ұзамай бізді қаладан қуып шығады» деп, ойлаған қаланың шонжарлары қайта-қайта келіп, бұлардың мазасын ала берді. Әйтсе де қала халқының арасында ғана емес сарайда да жасырын мұсылмандар бар еді.

Солардың бірі – перғауынның немере ағасы Хаман болатын. Ол хазірет Мұсаға қарсы ұйымдастырылған жоспарлардың көпшілігін бұзып, мұсылмандарға істеген зұлымдығын тежеп отырды. Ол сондай-ақ сарай ішінде перғауынға да, өзгелерге де: «Бұл адамның айтқаны өтірік болып шықса, бізге ешбір зияны тимейді. Ал егер рас болып шықса, онда біздің құрығанымыз. Көне халықтар ұшыраған апат біздің де басымызға келері айдан анық. Бір кездері осы елге пайғамбар болып келген Жүсіп те тура осыған ұқсас сөздер айтқан жоқ па еді?», – деп солардың арасында жүріп имандылыққа шақырды[24]. Бір күні осыған қатты ашуланған перғауын уәзірі Хаманды шақыртып алып: «Ей, Хаман! Мен үшін балшыққа от жағып, кірпіш күйдіріп, көп кірпіштен бір мұнара жаса. Шамасы, соның үстіне шығып, Мұсаның тәңірін көрермін. Расында, мен оны өтірікші деп ойлаймын»[25], – дейді. Көптеген ғалымдар бұл мұнараның Мысырдағы пирамида болғандығын айтады.

Перғауын сол Пирамиданың үстіне шығып, ғаламзаттың Жаратушысын көрмек болады. Сарайда мұсылман болғандардың бірі – хазірет Әсия. Ол хазірет Мұсаға сәби күнінен қамқорлық көрсетіп келген. Мұса пайғамбар сарайға келіп дінге шақырған сәтте-ақ, мұсылман болған еді. Бірақ Хаман сияқты емес, иман еткенін ашық жария етті. Уағыз жүргізе бастағанда, Перғауын оған өзінің жары болғандықтан, жай ғана тойтарыс беретін. Хазірет Әсия оның бұл тойтарысына құлақ түрмеді. Кейіннен перғауын қатты ашуланып, оны әбден азаптап, көрсетпеген қорлығы қалмайды. Сонда да Әсия өз дегенінен қайтпады. Қатты қиналған Әсия бір күні Хақ тағалаға: «Раббым! Өз жаныңнан маған пейіште бір үй жаса, әрі мені Перғауыннан және оның істегендерінен сақта. Сондай-ақ залым елден де құтқар»[26], – деп дұға етеді. Ол шейіт болар алдында жаннаттағы рахатқа толы орны көрсетіліп, бұл өмірмен күлімсіреп қоштасты. Хазірет Әсияның Ислам дінінде алар орны ерекше.

 Ол бес үлкен пайғамбардың біреуін жастайынан өз баласындай, шын ықыласымен тәрбиелеп өсірді. Кейіннен хазірет Мұса пайғамбар болғанда, ең алғаш иман келтіргендердің қатарынан орын алып, оған сүйеу болып, хақ дінді халыққа жаюда ерен еңбек көрсетті. Мысыр елінің көптеген ер жігіттері перғауынның қаһарынан қорқып иман келтіре алмай бұқпантайлап жүргенде, бұл қаһарман әйел сарайда жүріп-ақ өзінің иман келтіргенін перғауынның алдында жария етіп, оның көрсеткен барлық қорлығына төзімділік таныта білді. Бәзбіреулер балалық шағынан Жақып пайғамбар мен Жүсіп пайғамбар туралы ақиқаттарды естіп өссе де, әрі өздері солардың ұрпағы бола тұра, хазірет Мұсаның мұғжизаларын көре тұра «әлі де күмәндарым бар» деп, тілін кәлимаға келтіре алмай жүргенде, бұл әйел хазірет Мұсаның бір ауыз сөзінен-ақ жүрегі жылып иманға келді. Һәм хазірет Нұхтың, хазірет Лұттың жарлары пайғамбардың әйелі бола тұра иман келтірмегенде, бұл әйел өзін тәңір санаған «шынжыр балақ, шұбар төс» асқан жауыз перғауынның әйелі бола тұра бірден иманға келді. Сол себепті бұл әйелдің Исламдағы орны биік. Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірде: «Жаннат әйелдерінің бибілері – Хадиша, Фатима, Мәриям және Әсия» – десе, басқа бір хадисте: «Әйелдердің ең ізгілері мына төрт әйел: Мәриям, Әсия, Хадиша және Фатима»[27] – дейді.

Хақ тағала перғауын мен оған табынушылар иманға келмеген соң, ескерту мақсатымен Мысыр еліне қуаңшылық жіберді. Бірақ олар: «Бізді сиқырлау үшін қанша мұғжиза келтірсең де, бәрібір саған иман келтірмейміз», – деп қасарыса түсті. Осыдан барып Мысыр елін сел басты. Бір күні Ніл өзені аяқ астынан тасып қаланы су алып кетті.

Мысырлықтар қатты қорқып Мұса пайғамбарға келіп, Хақ тағаладан дұға тілеуін өтінді. Егер алда-жалда осыдан дұға қабыл болып бәрі бұрынғы қалпына келетін болса, бірден иманға келетіндерін айтып сөз берді. Хақ пайғамбар дұға етіп еді, Ніл арнасына түсіп, сахараға жауын жауып, егін мол өнім берді. Алайда кәпірлер осыдан кейін де сөздерінен тайып кетеді. Көп ұзамай Хақ тағала бұл елге шегіртке жібереді. Сансыз шегірткелер бүкіл қаланы басып қана қоймай, егін даласы мен жайылымдарын түгелдей қырып жеп кетеді. Мысыр елі олардан құтылудың жолын таппай шарасыз қалады. Ақыр соңында Мұса пайғамбарға келіп өлердегі сөздерін айтып уағда қылады. Хазірет Мұса тағы да дұға қылып, шегірткелер жоғалады да, кәпір ел тағы да баяғы әніне басады. Мұнан соң Хақ тағала оларға биттерді жібереді. Биттер егін атаулы мен бүкіл бау-бақшаларына құжынап қана қоймай, адамдардың өздеріне шабуылдап, өне бойларына қандалаша қадалды. Халық қанша тырысса да, биттерден құтыла алмай, қайта Мұса пайғамбардың алдына келуіне тура келеді. Алайда дұға қабыл болып, биттен құтылған кәпір ел қайта әуелгі әуеніне басты.

 Хақ тағаланың пәлесі мен нәубетінен құтылған жан болған ба дүниеде?! Сол пәлекеттің артынша Мысыр еліне құрбақалар қаптады. Құрбақаның кірмеген есігі, ұяламаған төрі қалмады. Олардың құрылдаған дауыстарынан мысырлықтар күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеді. Ақырында хазірет Мұсаға тағы да жалынып - жалпайып пәледен құтқарсаң, «иманға келеміз» деп ант-су ішті. Алайда дұға қабыл болып, пәледен құтылғанда, олар тағы да екі жүзділікке басты. Жаббар Ие бұдан соң оларға үлкен азап жіберіп, Ніл өзенін қанға айналдырды.

Мысырлықтардың негізгі су көзі осы Ніл еді. Бір күні олар таңертең тұрғанда, Ніл өзенінің қып-қызыл қан болып ағып жатқанын көріп, ақыл-естен айырыла жаздады. Қаладан ішерге бір тамшы су таба алмады. Сол күндері күн де қатты ысып, кәпір ел шөлден қаталап, су іздеп шартарапты шарлады. Құдықтан алған сулары да қанға айналғанын көргенде, шарасыз қалды. Бұл тек кәпірлер үшін ғана еді. Алайда Исрайылдықтар мұндай нәубетті көрген жоқ. Мысырдың кәпір халқының төбесіне төнген осы пәлекеттер шамамен он жыл бойы бірінен-соң бір айналып келіп тұрды. Әр пәлекет келгенде, хазірет Мұсаға жалынып, пәлекет кетісімен, уәдеден тайып тұрды. Әрі исрайылдықтардың да Мұса пайғамбармен бірге елден кетулеріне рұқсат бермеді.

 

 Исрайыл халқының Мысырдан көшуі

 

Перғауын мен оған ерген халқының бұдан былай иманға келмейтінін білген хазірет Мұсаға Хақ тағаладан халқын түнделетіп Мысырдан көшіріп әкету туралы уахи келді. Алайда әскерін ерткен перғауынның арттарынан өкшелетіп қуатынын, бірақ бұларға еш нәрсе істей алмайтындығын ескертті. Хақ пайғамбар бір түнде исрайыл халқын қаладан жасырын түрде ертіп шығып, Қызыл теңізді бетке алып қашты. Көп ұзамай олардың кеткенінен хабар алған перғауын да әскерін жинап арттарына түсті. Бұл кезде хазірет Мұса мен халқы қаладан ұзап кеткен болатын. Әйтсе де перғауынның оларды қуып жетуге шамасы әлі де болса жеткілікті еді. Өйткені ол сақадай сайланған әскерлерімен шықса, исрайылдықтар бала-шаға, жас-кәрісімен, мал-мүлкін алып ілбіп бара жатты.

Хазірет Мұса Қызыл теңізге жақындағанда, арттарынан қуған перғауынның қалың қолы менмұндалап көрінді. Олардың аяғынан шыққан қою шаң қара құйындай яки төніп келе жатқан жауар бұлттай қорқынышты көрінді. Қатты қорыққан Исрайыл халқы хақ пайғамбарға: «Қақпанға өзіміз келіп түстік. «Өз көрін өзі қазды» деген осы емес пе? Алдымыз мынау Қызыл теңіз. Артымызда өкшелеп қуып құмырсқаша қаптап келе жатқан перғауынның қалың қолы. Енді қайттік?» деп қатты састы. Аса сабырлы хақ пайғамбарды халқының бұл сөзі де, перғауынның қалың қолы да титтей сескендіре алмады. Қайта Хақ тағалаға деген сенімі бұрынғыдан бетер арта түсіп: «Жоқ, әсте олай емес. Расында, Раббым менімен бірге. (Ендеше зәредей алаңдаушы болмаңдар). Маған сөзсіз жол көрсетеді»[28], – деп арыстандай айбаттанып, күндей күркірейді. Алдында асаудай толқыған шет шегі жоқ теңіз тұрса да, артында көптігінен жер қайысқан перғауынның зұлым әскері келе жатса да, үмітін үзбеді. Хақ тағалаға терең тәуекел ету – пайғамбарларға ғана тән қасиет[29]. Әне-міне дегенше болған жоқ перғауын әскерлері ат шаптырым жерге келіп те қалды. Сол сәтте Хақ тағаладан хазірет Мұсаға: «Асатаяғыңмен теңізді ұр!»[30] – деген уахи келді. Мұса пайғамбар аса таяғымен теңізді ұрған кезде асау толқын ортасынан қақ жарылып даңғыл жол ашылды. Исрайыл халқы дереу сол жолмен суыт жүріп теңіздің арғы бетіне өте шықты. Осы кезде перғауын да, оның әскері де теңіздің таудай толқындар құдіретше жол ашып тұрғанын көріп, оның мұғжиза екендігіне көзі жетсе де, сол теңізден ашылған жолмен оларды өкшелеп қуа берді.

 Исрайыл халқы түгелдей жағалауға шыққанда бұлар да оқ бойы жақындап қалған болатын. Бір кезде Хақ тағаланың әмірімен теңіз қайта жабыла қалды, перғауын мен оның әскері теңізде кеменің күйреген тақтайларындай әр жерден бір көрініп өлім құшағына еніп бара жатты. Көп ұзамай теңіз баяғы қалпына келді. Перғауын теңіз жолымен жүріп келе жатқанда, екі жағында асқар таудай болып толқып теңіздер тұрған еді. Ол іштей қатты қорықса да, әскерінің алдында беделі түсіп, өзінің пенде екендігін көрсетіп алатын болғандықтан амалсыз кері қайта алмай, осы жолға түскен-тұғын. Перғауын залым болса да, ақымақ, санасыз адам емес-тін. Ол санасыз болса, елін басқара алмайтын еді. Сондықтан хазірет Мұсаның хақ пайғамбар екендігін жақсы білетін. Әсіресе сиқыршылардың аяқ-қолын бір-бірлеп кесіп, азаптап өлтірсе де, олардың «қыңқ» етпей жан үзуі және сүйген жары Әсияның азаптан көз аша алмай өліп бара жатып күлімсіреуі бұған қатты әсер еткен еді. Өзінің немере ағасының да иман келтіргенін сезетін. Бірақ өзі иман келтірейін десе, өз тағынан да, бағынан да айырылып қаламын ба деп қатты қорқатын. Өйткені ол елге «тәңірмін» деп құқайлану арқылы ләззат алатын. Һәм Исрайыл халқы оның құлақ кесті құлдары еді. Енді келіп бір кездері суға ағып бара жатып, өз адамдары арқылы сарайға әкелінген исрайылдық бір баланың артынан еру бұл үшін өлімнен де өткен қорлық еді.

 Шайтан оның осы осал жерінен мықтап ұстағандықтан ол ақтық деміне дейін нәпсісін жеңе алмады. Осындай ойлар санасында сапырылысып жатқанда, бір кезде артындағы мыңдаған әскерінің құлақ тұндыра шыңғырған жан дауыстары оны селк еткізді. Ол әу баста не болғанын білмей аспанға қарап еді, таудай екі теңіздің өзіне қарай құлдилап құлап келе жатқанын көріп қалды. Ол сонда ғана өлетініне көзі анық жетті. Осы уақытқа дейін бойындағы өзін алдап келген нәпсісі ғайып болды да, ақылшы шайтаны аяқ астынан жоғалып кетті. Ол: сол сәтте дереу сәждеге жығылып: «Исрайыл ұрпақтары иман келтірген Тәңірден басқа тәңір жоқтығына иман келтірдім. Мен де бойсұнушылардан болдым», – деп, өзінің мұсылман болғандығын жариялайды. Алайда шыбын жан шығар сәтте тілін кәлимаға келтіру иман келтіргенге жатпайды. Оның үстіне перғауынның аятта айтылған сөздеріне зер салып қарасаңыз, оның шынайы мұсылман болғаны нақты білінбейді. Ол «Исрайыл ұрпақтары иман келтірген Тәңір» – дейді. Бұл Исрайыл ұрпақтарының ішіндегі қай исрайылдықтарды меңзеген? Өйткені Исрайыл ұрпақтарының ішінде Хақ тағалаға иман келтірген де, одан өзге бұзауға яки басқаға табынғандар да бар еді. Иман келтіргендерінің өзі Хақ тағалаға дұрыс сенбейтін.

Тұп-тура иман келтіру деп перғауын сиқыршыларының иман келтіруін айтуға болады. Олар кезінде сәждеге жығылып: «Әлемдердің Раббына иман келтірдік. Мұса мен Харунның Раббына», – деген еді. Бұл жерде олар біріншіден, «Әлемдердің Раббына» деп күллі ғаламзатты жаратқан Жаратушыны айтып тұр. Екіншіден, «Мұса мен Харунның Раббына» дейді. Яғни ол екеуінің пайғамбарлығын мойындаумен бірге соларды жіберген жалғыз Жаратқанға иман келтіріп тұр. Үшіншіден, исрайылдықтар секілді емес, Мұса мен Харун қалай сенсе біз де солай сендік деп ақида-сенімдерінің дұрыстығын меңзеген. Мінеки, бұл жерде сиқыршылардың иманы осы тұрғыдан ең мықты терең иман болатын. Оларды суға тұншықтырса да, отқа күйдірсе де, алған бетінен қайтпайтындықтары осы сөздерінен белгілі. Хақ тағала: «Сенен кейінгілерге үлгі болуы үшін денеңді (жансыз түрде) құтқарамыз»[31], – деп, Мысыр перғауынының денесін кейінгі ұрпаққа ғибрат ретінде сақтады.

Құранда Аллаһ тағала: «Кімде-кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық жасаса, ол оны көреді» дегеніндей, перғауынның осы жарамсыз кәлимасы мен сәждесінің өзін оң қадам, кішігірім жақсы амал ретінде бағалап, оның жан қалауын береді. Яғни оның денесін қияметке дейін шірітпей сақтайды. Өйткені перғауындар мәңгі жоқ болып кетуден қорыққан. Өлген соң денелерін мумиялатып пирамидада сақтатуы да сондықтан еді. Перғауын теңізде өлгенде, Хақ тағала оның зорлықпен болса да тілмен айтқан иманының құрметіне сай осы тілегін қабыл алып, оның денесін ғасырлар бойы теңіз астында мумиясыз-ақ сақтайды. Кейіннен еуропалық ғалымдар осы перғауынның мумиясын теңіз жағалауын қазып жүріп тауып алады. Перғауын сол сәждеге басын қойған күйінде тұрады. Ғалымдар зерттей келе табылған адамның денесі сол перғауын заманына сәйкес келетіндігін анықтап қатты таңырқайды. Өйткені оның денесі сол күйінде шірімей сақталған болатын. Олар қанша зерттегенмен, ғасырлар бойы мумияланбаған адам денесінің қалай шірімей келгеніне саналары жетпейді. Теңізге батқан перғауынның денесін көп ұзамай теңіз толқыны жағалауға шығарып тастады. Исрайылұлдары бұл перғауынның жансыз денесін өз көздерімен көрді[32].

Қазіргі таңда Лондонда танымал Британия мұражайында мумиялар бөлімі бар. Мұнда әлгі перғауынның сәждеде жатқан денесі халықтың назарын өзіне аудармай қоймайды. Бұл денені ағылшын зерттеушілері құм астынан тауып алып, Британия мұражайына қойған. Дене дін аман, дене мүшелері мен ішкі ағзалары түгел. Тіпті, сарғыш шаштары мен сақалдарына дейін сақталған. Тағы бір таңқаларлығы дене мумияланбаған. Әдетте, мумияланатын дененің ішкі ағзалары алынып, арнайы бальзамдалады. Ал мына денеге ешкімнің қолы тимеген. Бұл денені көрген адам «30 ғасыр бойы шірімей, қалай сақталған?» деп ойланбауы, ғибрат алмауы мүмкін емес. Тақтайшаға: «Бұл бағзы заманнан біздің дәуірімізге дейін бальзамсыз бұзылмай жеткен бірден-бір мәйіт. Оның сан ғасыр бойы бальзамсыз сақталу сыры: Мәйіт құм астында қалған кезінде ылғал мол болған. Құмдағы ылғалдың кебуі мәйіттің бойындағы судың да сорғуына жағдай жасаған. Құмның бірте-бірте кебуі нәтижесінде Перғауын денесі де бабымен сүрлене бастаған. Осы үрдістер нәтижесінде бұл дененің бүлінбей сақталынуына жақсы жағдай туған»[33], – деп жазылған. Алайда бұл жорамал ғана. Бұл жорамалда дұрыс та бар, бұрыс та бар. Анығында, бұл тек Құранның мұғжизасы, әрі оның ақиқат кітап екеніне бірден-бір дәлел.

 

 Исрайыл ұрпағының азаттығы

 

Перғауын Исрайыл ұрпақтарын қаншама жылдар құлдық езгіде ұстап, Оларға көрсетпеген қорлығы қалмады. Сөйткен перғауын мен оның қалың қолын теңіз жұтып тынды. Осыны көрген Исрайыл халқы өз көздеріне өздері сенбеді. Қуаныштан жүректері жарылуға шақ қалды. Құлдықтан құтылып, азат ел болғандарына тұңғыш рет көздері жетті. Олар көп кешікпей қасиетті жер Канғанға қарай сапар шекті. Олардың ешбірі ата-бабаларының туған жерін көрмеген болатын. Сол себепті жүректеріндегі ата жұртқа деген сағыныш әр қадам сайын арта түсті. Олар жолда Амаликалар өмір сүрген бір елге келді. Олар сиырға ұқсас биік пұттарға табынатын. Олар Мысыр елінде де сиырға табынатын халықпен етене араласқан болатын. Соларды көріп Исрайыл халқы өткен күндерін еске алып, елсіз қу медиен далада жүргендеріне қатты қамықты. Бір күні олар хазірет Мұсаға келіп: «Ей, Мұса! Бізге де осылардың тәңірлері сияқты бір тәңір жасап бер», – деді. Апыр-ай, бұдан өткен санасыздық болар ма? Біріншіден, олар хазірет Мұсаны «Ей, Мұса» деп атын атап, оның лауазымды атын ұмытты. Екіншіден, перғауынның қылышының астынан теңізді қақ жарып отырып аман-есен ертіп өткен құтқарушы пайғамбарларын «бізге тәңір» жасап бер деп қыспаққа алды. Бұл нағыз арсыздық емес пе?

 Мұса пайғамбар (а.с.) қатты ашуланды. «Сендер расында қараңғы елсіңдер. Сендер сол пұтқа табынған елді шынымен бақытты деп ойлайсыңдар ма? Ол ел көп ұзамай құрдымға кетіп, жерінің астаң-кестеңі шығады. Мен сендерге Аллаһтан өзге тәңір іздейін бе? Бұл қай қылықтарың? Хақ тағала бұл әлемде мерейлеріңді үстем етті. Сендер бір кездері перғауынның қол астында езілген бейшара құл едіңдер. Өзіңді құл, қызыңды күң етті. Онымен қоймай, жаңа туған ұлдарыңды қойша бауыздап, ұлтыңа ойран салып еді. Сонда сендерді Хақ тағала құтқарып, азаттық әперген жоқ па? Мәңгілік үстемдік құрады деген перғауынды әскерімен қоса теңізге батырған жоқ па? Естеріңді жиып, тәубаға келіңдер. Өйткені осының бәрінде Раббыларыңнан келген үлкен сынақ бар»[34]. Күндер зулап өтіп жатты. Бір күні Мұса (а.с.) Тұр тауына келіп, ол жерде отыз күн бойы тынбай құлшылық жасады. Сосын бұрын өзіне уәде етілген кітапты Хақ тағаладан алып келуге бел буды. Ол кетерде халқын бауыры Харунға аманат етіп: «Елімнің ішінде менің орынбасарым бол. Оларды бақылап түзелтіп отыр. Ел ішінде бүлік шығарғандардың соңына еруші болма»[35], – деді. Хақ пайғамбар Тұр тауында отыз күн бойы құлшылық етті. Сол жерде ол пайғамбарларға тән құндылықтарды сезді. Бір ай толған кезде, Аллаһ тағала тағы қосымша он күн құлшылық етуді әмір етті. Бекітілген мерзім толған соң, Хақ тағала пайғамбары Мұсамен сөйлесті. Бір кезде хазірет Мұса: «Я, Раббым! Маған өзіңді көрсет», – деді. (Аллаһ): «Мені әсте көре алмайсың. Бірақ тауға қара, сонда егер ол орнында тұра алса, сен де Мені көресің» деді». Хазірет Мұса іштей қуанып бүкіл ықыласымен тауға қарап тұрды. «Сонда Раббы таудан елестеген сәтте, оны быт-шыт қылды. Мұса талып түсті». Біршама уақыттан соң есін жиып: «Саған тәубе еттім, әрі мен үмбетімнің арасында Сені көрмей иман келтіргендердің алғашқысымын», – деді»[36]. Осыдан кейін Мұса (а.с.) Жәбірейіл арқылы арнайы әмірлер жазылған Тәурат тақтайшаларын алды. Ол кетерде Хақ тағала оған: «Рас, Біз сенен кейін еліңді сынадық. Сондай-ақ оларды Самири жолдан тайдырды»[37], – деп олардың бұзауға табынып кеткендерінен хабар береді.

Хазірет Мұса Тұр тауына кеткен кезде, Исрайыл ұрпағы арасында қайтадан сиыр тәңір туралы сөз қозғала бастады. Сол кезде араларынан Самири деген бір адам шығып, олардың Мысыр елінен алып шыққан бүкіл алтындарын бір жерге жинатып, соларды ерітіп бұзаудың мүсінін құйдырды. Самири оларға: «Міне, сендердің де, Мұсаның да тәңірі осы. Бірақ Мұса осы тәңірін ұмытып кеткен болатын», – деді. Олар Самириге «Е, бәсе, іздегеніміз осы тәңір еді. Мынауың Мысыр тәңірлерінен де ғажап дүние болды ғой. Рахмет саған, Самири», – деп алғыстарын жаудырып, мәз-мейрам болды. Олар алтындарын ерітіп пұт құйып жатқанда, хазірет Харун ашуланып: «Уа, халқым! Сендер осы бұзау арқылы сынаққа түстіңдер. Дегенмен әлі де кеш емес. Өйткені Аллаһ тағаланың рақымы шексіз. Ендеше дереу тәубаға келіп, маған бойсұнып, бұйрықтарымды бұлжытпай орындаңдар», – деді. Сонда араларынан біреуі суырылып шығып: «Біз Мұса келгенге дейін, бұзауға табынудан әсте бас тартпаймыз» деді. Бұдан кейін хазірет Харун оларды әр түрлі жолдармен хаққа шақырғанмен, олар бұған құлақ аспады. Тіпті сәл болғанда өлтіруге де даяр еді. Шарасыз қалған Харун пайғамбардың хазірет Мұсаны күтуіне тура келді[38]. Күндер зулап өтіп жатты. Бір күні хазірет Мұса қолына аяттар жазылған тақтайшаларды ұстап Тұр тауынан түсті. Хақ пайғамбар елінің алтыннан құйылған бұзау бейнесіндегі пұтқа табынып жатқандарын көріп ашуланғаны сонша – қолындағы тақтайшаларды лақтырып жіберді.

Ол бір қолымен хазірет Харунның шашынан, енді бір қолымен сақалынан қапсырып ұстап: «Харун! Мыналардың пұтқа табынып жатқандарын көре тұра, қалай жер басып жүргенсің? Бұларға неге тоқтау айтпадың? Егер қолыңнан келмесе, Тұр тауына мені іздеп барып мән-жайды неге түсіндірмедің? Әлде сен де менің әміріме қарсы шыққың келе ме?!» – деп бұлқан-талқан болады. Хазірет Харун: «Ей, анамның баласы! Сақалым мен шашымнан ұстамашы. Мен сенің «Исрайыл ұрпақтарының арасына іріткі салдың, сөзіме құлақ аспадың» деуіңнен қорықтым»[39], – дейді. Аздан соң сабасына түскен Хақ пайғамбар Самириға қарап: «Самири! Сенің мына қылығың не? Бір елді адастыратындай сенің басыңа не күн туды? Бұл елде жеті атаңнан бергі кегің болса да тым шектен шықтың», – деді. Самири сонда: «Мен олардың көрмегендерін көрдім. Елшінің (Жәбірейілдің) ізінен бір уыс топырақ алып, оның ішіне тастадым. Осылай істеу маған қатты ұнады», – деді. Хақ пайғамбар қаһарланып: «Бұл елден көзіме көрінбей дереу жоғал. Бұдан былай өмірің «маған жоламаңдар» деп безілдеумен өтеді. Бірақ осымен құтылып кетемін деп ойлаушы болма. Күн ертең мақшарда тағы да есепке алынып, жазаға тартыласың. Ал енді өздеріңнің беріліп табынған тәңірлеріңнің сұрқына қара. Біз оны өртеп сосын бөлшектеп теңізге тастаймыз»[40], – дейді. Осыны айтты да, Самиридің көзінше алтын бұзауды ерітіп, бөлшектеп теңізге тастатады. Ал Самири кейінгі өмірінде ел естімеген ауыр науқасқа ұшырап, елсізде қаңғып өмір сүреді. Денесіне адамның қолы тиіп кетсе-ақ науқасы қатты қозатын, тіпті алыстан адамның қарайған сұлбасы көрінсе, «маған жоламаңдар», «маған жоламаңдар» деп айқай салып қашатын болды[41]. Хақ пайғамбар халқына: «Уа, халқым! Тәңірлерің Аллаһ тағала ғана. Одан өзге ешбір тәңір жоқ. Оның ілімі барлық нәрсені қамтыған. Сендер бұзауға табынып өз бастарыңа жамандық тілеп алдыңдар. Ендеше, дереу сендерді жаратқан Раббыларыңа жалбарынып кешірім сұраңдар, тәубе етіңдер. Бұл өздерің үшін әлдеқайда жақсы. Сонда тәубелерің қабыл болады. Өйткені Ол өте рақымды», – деп халқын тәубаға, туралыққа шақырады. Хақ пайғамбар осыдан кейін Хақ тағалаға жалбарынып, елі үшін кешірім тіледі.

Елінің надан қылығын кешіру үшін арнайы уақыт белгілеуін сұрады. Хақ тағала осы тілегін қабыл етіп, орны мен уақытын айтты. Олар Тұр тауына барып сол жерде жамағат болып тәубаға келіп, жалбарынатын болды. Хазірет Мұса елінің ішінен жетпіс адамды таңдап алып, Тұр тауына қарай жолға шықты. Тауға жақындағаны сол еді, айналаны тұман баса қалды. Олар тез сәждеге жығылып, хазірет Мұса дұға тілеп, жамағаты «әмин» деп тұрды. Аздан соң мінәжат бітіп, тұман сейілген кезде жетпіс адамның жүрегін тұман басып: «Ей, Мұса! Біз бұл тауға неге келдік? Қайда әлгі дауысын естіген Хақ тағала? Ақыры осы жерге келген екенбіз. Біз Оны көрмей қайтпаймыз», – дейді. Хақ пайғамбар оларға Хақ тағаланы көру мүмкін еместігін бүкіл ынта пейілімен түсіндірді. Өйткені ілгеріде өзі көрмекке талпынып, Ол таудан елестегенде таудың быт-шыты шығып, өзі есінен танған болатын. Хақ пайғамбардың Құдай тағалаға «өзіңді көргім келеді?» деуі мен басқа Исрайыл халқының «Құдайды бізге көрсет» деуі екі басқа нәрсе. Өйткені пайғамбардың сұрауы иманның күштілігінен әрі Аллаһқа деген сүйіспеншіліктің белгісі болса, исрайылдықтардың көргісі келуі күмән, күдіктің, пайғамбарға қарсы шығудың белгісі еді. Сол себепті олар сөз соңында қатты кетіп: «Ей, Мұса! Егер сен анық пайғамбар болсаң, онда бізге Құдайды айқын көрсетуің керек. Ал көрсетпесең, біз сенің пайғамбар екеніңе сене алмаймыз»[42], – дейді. Өздерінің бұзауға табынып, тау көтере алмас күнә жасап, соған тәубе еткендеріне сүт пісірімдей уақыт өтпей жатып, пайғамбарларына қарсы шықты. Олар осылайша қырсығып тұрғаны сол еді, кенеттен маңайды ащы бір дауыс кернеді де, жасын түсіп, әлгі күмәншіл халық түгел қырылды. Хазірет Мұса соқа басы ғана қалып, оларға жаны ашып, көз жасын көл қылып жылайды. Ол: «Я, Раббым! Енді мен Исрайыл ұрпағына не бетіммен барамын. Бұлар олардың ішіндегі ең тәубаға келген деген адамдар еді. Осы адамдарды мен өзім таңдап отырып ертіп алған едім. Олар «Біздің ең ізгі адамдарымыз Пайғамбармен бірге қасиетті тауға кетті. Көп ұзамай тәубелері қабыл болып, мәртебелері өсіп келеді» деп асыға күтіп отыр. Менің жалғыз оралғанымды көрсе, «Біздің саған сеніп тапсырған ең ізгі тұлғаларымыз қайда?» деп сұраса, мен не деп жауап беремін. «Я, Раббым! Егер қаласаң, оларды да, мені де бұдан бұрын жоқ қылар едің. Арамыздағы санасыздардың кесірінен бізді жермен-жексен етпекпісің?»[43] – деп, бір күн, бір түн басын сәждеге қойып дұға тілеп, жалбарынады. Осыдан кейін Аллаһ тағала оның дұғасын қабыл етіп, оларды қайта тірілтеді. Олар тіріліп, өмірге қайта оралғандарын көріп, өздеріне, айналаға таңырқап қарай бастайды.

 

Сахарадағы мұғжизалар

 

 Олар сахарада ұзақ жүрді. Бірде әлде неше күн бойы бір тамшы су таба алмай зарықты. Ақырында олар Мұса пайғамбарға: «Ей, Мұса! Мүшкіл халімізді көрдің ғой! Су табылар түрі жоқ. Хақ тағаладан бізге жауын тіле», – деді. Осы кезде Жәбірейіл періште келіп: «Ей, Мұса! Аса таяғыңды жерге ұр», – деді. Хақ пайғамбар «Бисмиллаһ» деп тасты ұрған кезде он екі жерден сылдырлап су аға бастады. Ол он екі рудың өкілдерін шақырып әр біріне жеке бастау бөліп берді. Олардың шөлдері қанған күннің өзінде аптап ыстыққа шыдай алмай, хазірет Пайғамбарға тағы да шағымданды. Оның дұғасын тағы Хақ тағала қабыл алып, төбелеріне бұлт жіберіп, көлеңкелетті. Аллаһ тағаланың ырыс-берекелері бірінен соң бірі келсе де, исрайылдықтар шүкіршілік етуді білмеді. Бір күні тағы да келіп: «Бізге жейтін нәрсе тап», – дейді. Хақ тағала оларға бөдене құстарын жіберді. Топ-топ болып ұшқан құстар олардың қастарында ұшып-қонып жүрді. Кез келген адам оңай ұстап, қорек етті. Сонымен қатар, Хақ тағала оларға нығмет беріп тұрды. Хазірет Мұса оларға: «Қалағандарыңша жеңдер. Бірақ сақтаушы болмаңдар», – деп қатаң ескертті. Исрайыл ұрпақтары әуелде оның сөзіне құлақ салып жүрсе де, көп ұзамай халуаны да, құстың етін де көп қылып қамбаларда сақтайтын болды. Бұл аз болғандай бір күні хазірет Пайғамбарға: «Ей, Мұса! Біз бір-ақ түрлі тамақтан жалықтық. Біз үшін Раббыңа жалбарын! Ол бізге жерден өсетін көкөніс түрлерінен қияр, бидай, бұршақ және сарымсақ шығарып берсін», – деді. Хақ пайғамбар ашуланып: «Сендер сапалы азықты сапасыз азыққа ауыстырмақпысыңдар?! Олай болса, Мысырға барыңдар, сол жерде қалағандарың бар» дейді. Исрайыл ұрпақтары уәделерін бұзып, құс пен халуаны менсінбегені үшін, Аллаһ тағала оларға жазасын беріп екі нығметті де тыйып тастады. Бұдан былай олардың айналасында құстар емес құжынаған шыбындар ызыңдап жүретін болды.

 

 Аспандағы Тұр тауы

Исрайыл ұрпағы күн өткен сайын хазірет Мұсаға әр түрлі сылтаулар айтып, «бүйректен сирақ шығарып», сөздерінен тая берді. Хақ тағаланың әмірін орындаудың орнына, тіпті пайғамбарларын атын атап шақырып келемеждейтінді шығарды.

Бір күні олар таңертең орнынан тұрып не болғанын өздері де білмей құттары қашты. Ұзақтан көрінетін Тұр тауы аспанда, тура төбелерінде қалықтап тұр еді. Олар тегіс «Ей, Мұса! Қайдасың?! Көмектессеңші!» – деп бәйек болып айқай салды. Бірінен соң бірі сәжедеге жығылып, біресе жерге, біресе көктегі тауға жалтақтап: «Айналайын Мұса! Бізді мына сұмдықтан құтқар. Жолыңда құрбан болайық, айтқаныңа көніп, айдағаныңа жүрейік. Бұдан былай саған толық мойынсұнамыз!» – деп ұлардай шулады. Сонда хазірет Мұса оларға әйгілі 10 шартын қойды:

Аллаһтан өзгеге құлшылық етпейсіңдер.

Ата-анаға бағынасыңдар.

Туған-туыстарыңа жақсылық жасайсыңдар.

Жетімдерге қамқорлық жасайсыңдар.

 Кедей-кепшікке көмектесесіңдер.

Адамдарға жақсы сөз сөйлейсіңдер.

Намазды дұрыстап оқисыңдар.

Зекет бересіңдер.

Бір-бірлеріңнің қандарыңды төкпейсіңдер.

 Бір-бірлеріңді отандарыңнан қумайсыңдар.

Олардың бәрі жабыла ант-су ішіп, айтылғандарды бір ауыздан мақұлдады. Сол кезде аспандағы Тұр тауы бұрынғы орнына барып тұра қалды. Исрайыл ұрпақтары сенерін де, сенбесін де білмей аспанға бір, тауға бір қарап «уһ» деп терең дем алды.

 Қасиетті мекен

 Мұсаның (а.с.) мақсаты Исрайыл халқын қасиетті мекенге апарып, сол жерде жаңа мемлекет құру еді. Атасы хазірет Ибраһим де сонда өмір сүріп, сонда жерленген болатын. Қасиетті жерде Әриха, Нәблус, Құдыс деген үш үлкен қала бар еді. Хақ пайғамбар бастаған ұлы көш ұзақ уақыттан кейін Әриха қаласының маңына барып қоныстанды. Хақ пайғамбар он екі рудан он екі адам таңдап алып, қаланы бақылап келуге жіберді. Оларға: «Сол жерде көрген ұнамсыз нәрселерді тек өзіме ғана айтыңдар», – деп қатаң ескертті. Он екі адамнан Юша ибн Нун мен Кәлиб ибн Юфанна деген екі адам ғана көрген ұнамсыз нәрселерін Мұса пайғамбардың өзіне ғана айтып, халыққа қаланы алу оңай екендігін паш етті. Әйтсе де қалған он адам өз руларына барып: «Ол жердегі адамдар өздерінен екі есе үлкен, қолдары күректей, жауырындары қақпақтай, біздің бірнеше адамымыз олардың бір адамына ғана шамасы келеді», – деп, жүректеріне қорқыныш ұялатты.

Мұса пайғамбар елін жинап алып: «Уа, халқым! Аллаһтың сендерге берген нығметін еске алыңдар! Өз іштеріңнен пайғамбарлар шығарды, әрі сендерді патша етті. Сондай-ақ сендерге әлемде ешкімге берілмеген нығметін берді», – деген соң, «Уа, халқым! Бізге Хақ тағала перғауынды теңізге батырып, азаттық нәсіп етті. Ол бізден Қасиетті жерге кіріп, сол жерде жаңа мемлекет құруымызды қалайды. Ол жер біздің ата-бабаларымыздың қоныстанған жері», – дейді. Исрайыл халқы осы жерде өздерінің қыңыр мінездерін тағы да көрсетіп: «Ей, Мұса! Ол жерде зорлықшыл ел бар. Олар ол жерден шықпайынша, біз онда әсте кірмейміз. Олар кеткенде ғана кіреміз», – дейді. Осы кезде олардың араларынан Юша ибн Нун және Кәлиб ибн Юфанна суырылып шығып: «Қаланың ең осал жері саналған қақпадан ішке жасырын кіре алатын болсақ, оларды жеңу оңай, оның үстіне Хақ тағала бізді қорғайды», – деп халықты жігерлендіруге тырысты. Осыған қарамастан, Исрайыл халқы басқа он барлаушының сөздерінен жүректері шайлығып қалғандықтан, әрі жылдар бойы перғауынның қол астында бодан болып, жігерсіз құл болғандықтан, рухы ояна қоймады. Һәм басты себеп, олардың имансыздығы мен өлімнен қорқулары еді. Өйткені олар әлі күнге дейін «Ей, Мұса, «Раббыңа айт», «сенің Раббың» деп келген еді. Хазірет Мұса да оларға көп насихат айтып батылдандыруға тырысып баққанмен, олар күн сайын кері кетіп, ең соңында: «Ей, Мұса! Әлгі еңсесі биік, жауырындары қақпақтай, алақандары күректей, дауыстары жер жарған, түрі құбыжық тәрізді адамдармен соғыспақ тұрмақ сол қаланың маңына да жолай алмаймыз. Олардың біреуінің өзі онымызды жерге жығып, жүзімізді жарға құлатар. Қаланы аламыз деп олардың табандарының астында тапталып өлгенше, шыбын жанымызды қорғап сахарада тыныш жүргеніміз әлдеқайда жақсы. «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» деген осы. Бізде олармен алысар айла, күресер қауқар жоқ. Мықты болсаң, Раббыңмен бірге бар да, өзің-ақ соғыс. Біз осы жерде сендерді күтіп тапжылмай отырайық»[44], – деп арам ойларын хазірет Мұсаның алдына жайып салады. Олардың мына сөздері Мұса пайғамбарға (а.с) үлкен соққы боп тиді.

Қаншама жылдан бері барлық қиыншылықтарды жеңіп мақсатқа жетуге бір қадам қалғанда, олар: «Біз бұдан әрі бір елі жылжымаймыз», – деп пайғамбарларына опасыздық жасады. Егер осы кезде баяғы сиқыршылар болғанда, олардың осы опасыздықтарын ашық айтып, беттеріне түкіріп, Пайғамбарларына қарап: «Уа, қасиетіңнен айналайын ұлы Пайғамбар! Басқан ізіңе, сөйлеген сөзіңе, жүрген жолыңа сен үшін қашанда жанымызды пида етуге әзірміз. Осы күнге дейін жаныңда жүріп кәусардай сарқылмас сөздеріңе қанып, күндей жарқыраған мүбәрак жүзіңді тамашалап келдік. Күндіз өңімізде көрсек, түнде түсімізден шыққан емессің. Әйтсе де ғажайып қасиетіңе тәнтіміз. «Бір адам таққа қонса, қырық адам атқа қонады» деген. Сен жиһадқа шақырсаң, біз ақтық деміміз қалғанша соғысуға бармыз. Сенің жолыңда соғысып, шейіт болу біз үшін қол жетпес арман. Бір кездері теңізді қақ айырып, Тұр тауын бастарына көтерсең де, иманы қоғаның шоғындай мына елден не үміт не қайыр. Біздің санымыз аз болса да, саған еруге татимыз», – дер еді. Алайда олар әу баста Мысыр халқына «Бұл пайғамбардың айтқаны ақиқат. Оған дәлеліміз – оның жолында жанымыз пида», – деп, өз міндеттерін толық орындап барып шейіттік шәрбатын ішкен болатын. Хақ пайғамбар олардан үмітін үзген соң қолын жайып: «Я, Раббым! Мен сөзімді өзіме және бауырыма ғана өткізе аламын. Бұзақы елден арамызды ажырата гөр!»[45]деп дұға етіп жалбарынады. Аллаһ тағала оның дұғасын қабыл етіп, Исрайыл ұрпақтарын жазалап, қырық жыл бойы «Тиһ» деген сахарада адастырып қояды. Олар күні-түні жүрсе де, сол сахарадан шыға алмайды. Кейде түнімен жүріп отырып, таңертең қарағанда, батыс емес шығысқа қарай, шығысқа қарай жүрсе, батысқа қарай бұрылып, адасып, сол сахарадан жол таба алмай, қырық жыл сандалады. Осы қырық жыл ішінде хазірет Мұса сол елдің жаңа туған сәбилерін өзі тәрбиелейді. Бірақ оның қасиетті жерге бастап баруға өмірі жетпей оның ісін Юша жалғастырады. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа» дегендей, иманы аса мықты, перғауынның қиыншылығын да, сахарада дүниенің ләззатын да көрмеген, тек Хақ тағаланы ғана ойлап күн кешкен, жүз мыңдаған жауға жалғыз өзі шапқанда «селт» етіп сескенбейтін, өлімді мәңгілік бақытқа, Хақ тағалаға қауышу деп айқын сенетін сол бір қырыққа келіп қыннан шыққан қылыштай жарқылдаған жігіттер Юшаның бастауымен көп ұзамай қасиетті жерлерді басып алады. Мұсаның (а.с.) Юшаға аманат етіп кеткен өсиетін орындайды. Ал хазірет Мұса пайғамбар сол күндерді көре алған жоқ. Бірде ол бір төбенің басына шығып талай жыл армандаған қасиетті жерлерге қасіретке толы сағынышпен ақырғы рет көз тастап ұзақ қарады. Өйткені ажалы жақын еді. Бауыры Харун пайғамбар да бұдан бір жыл бұрын қайтыс болған.

 Енді, міне, мұның да ақыретке көшер сәті әні-міне дегенше келіп те қалған. Мүмкін ол осы кезде «міндетімді толық орындай алдым ба?» деп ойланған да болар. Әйтсе де Хақ пайғамбар өзіне тиесілі міндетін толықтай орындады. Одан кейінгісін орынбасары Юша жалғастыруы тиіс еді. Кейбір деректерде хазірет Мұса жалғыз өзі сахарада жүрген кезінде қайтыс болып, оның жаназасын періштелер шығарып жерлегені туралы айтылады.

Талуттың әскері

 Исрайыл ұрпақтары Юшадан кейін шамамен бес жүз жылдай патшалық құрып шат-шадыман өмір сүрді. Осы жылдар ішінде оларға көптеген пайғамбарлар келіп, жол көрсетіп отырды. Дегенмен олар өздеріне келген пайғамбарларға тек қатты қысылып істері түскен жағдайда ғана бағынып, ақыл сұрап, жайшылық кезеңде оларды тыңдамады. Бағынбаумен ғана шектеліп қалмай, ақиқатты бетке айтқандары үшін көптеген пайғамбарларды өлтірді. Құранда Аллаһ: «Біз Исрайыл ұрпақтарының берген сөзі мен кепілдігін алдық. Оларға пайғамбарлар жібердік. Қай уақытта болмасын олар өздеріне ұнамаған сөздерді айтқаны үшін пайғамбарды жақтыртпады. Кейбірін өтірікші санаса, ал кейбірін өлтіріп тастады»[46]дейді.  Ақыры, бұларға пәлекет те келіп жетті. Амалика елінен Жалут[47] деген бір залым патша шығып, бұларға іркес-тіркес шабуыл жасап, қатты шығынға ұшыратты. Жалут олардың әйелдері мен қыздарын күң, ұлдарын құл етіп езіп қанады. Исрайыл жерінің көбін басып алып, халқына ауыр салық төлетіп отырды. Жалуттан әбден зорлық-зомбылық көрген Исрайыл халқы осы бодандықтан құтылып, қасиетті жерлерін қайтарып алудың түрлі жолдарын қарастыра бастады. Осы кезеңде Хақ тағала оларға бір пайғамбар[48] жіберген болатын. Олар көп ойланып ақырында амалсыз өздеріне жіберілген пайғамбарға барып ақыл сұрауларына тура келді. Олар пайғамбардан: Бізге бір әділ патша сайлап бер. Аллаһ жолында ғазауатқа шығайық, – дейді. Сонда Пайғамбар: Егер мен сендерге бір патша тағайындасам, онда сендерге соғысу, сол жолда өлу, соғыстан қашпау парыз болып қалады. Ал күн ертең-ақ сұрапыл шайқас үстінде жаумен бетпе-бет келгенде, естеріңді жинай алмай, бытырап қашып жүрмейсіңдер ме? Сондықтан парыз етілген соғыстан қашатын болсаңдар, онда сендердің жағдайларың қазіргіден де мүшкіл болады, –дейді. Сол кезде халқы шулап: Бізге Аллаһ жолында ғазауаттан қашып соғыспайтындай сонша не болыпты? Жалут біздің туған жерімізді басып алып, өзімізді қуып шықты. Қатын бала-шағымызды иеленді. Мұндай ит қорлыққа кімде болса да төзе алмайды ғой. Ар-намысымыз аяққа тапталып, кеудемізді кек кернеген мынау сұм заманда өшімізді алмай қалай шыдаймыз? Бүйтіп қорлықпен күн өткізгеннен, ғазауатта шайқасып өлген әлдеқайда артық емес пе? – деп ант-су ішеді. Олар пайғамбарларының алдында уағдадан таймауға осылай ант етті. Барлығы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып, кек алуға келісті. Осыдан кейін Пайғамбар оларға келген уахиды жеткізіп: Аллаһ сендерге Талутты патша етіп тағайындады[49], – деді. Талут хазірет Жүсіптің інісі Бунияминнің ұрпағы-нан тараған болатын. Исрайыл халқы арасында ұзын бойлы, еңгезердей, біртуар сымбатты жігіт еді. Алайда бұл жігіт халыққа ұнай қоймады.

Олар «бізге бір патша сайлап бер» дегенде, Пайғамбар олардан «өздерің ойластырып жүрген біреу бар ма?» деп сұрайды ғой деп ойлаған еді. Бірақ іс олардың күткеніндей болмай шықты. «Қайдағы бір жалаң аяқ, жалаң бұт, мансаптан жұрдай кедейдің баласын сайлағаны несі?!» деп қатты ашуланды[50]. Исрайалдың беткеұстарлары дереу: Ей, сенің бұрын-соңды дәл бұлай қателескеніңді көрмеп едік. Үрерге иті, сығарға биті жоқ бұл байғұс бізге қайтып қана патша бола алады?! Қайта патша болуға біздің ішіміздегі кез келген біреуіміз лайық емеспіз бе? Мансап десең мансап, дүние десең дүние бар. Төрт құбыламыз түгел адамдармыз, – дейді. Хақ пайғамбар: –    Уа, халқым! Хақ тағала осы жігітті сендерге патша етіп тағайындады. Бұл жігітке Хақ тағала байлық бермегенмен, сол байлыққа бергісіз ілім дарытқан. Мансап бермегенмен, батырға лайық өр тұлға, күш-жігер берген. Қорасын қойға толтырмаса да, халқына пайда, соғыста айла табатын, жауының басын шабатын, кез келген қамалды алатын ақыл мен айла берген. Жаратқан Иеміз дүние-мүлікті қалағанына береді. Құдай тағаланың рақымы шексіз, ілімі бәрін қамтыған. Ал ендеше Талутты Аллаһ тағаланың патша еткендігі туралы дәлел – «сандықтың» келуі. Оның ішінде Жаратқан сендерге нәсіп еткен «сәкинасы»[51]болған көктем-көңіл бар. Һәм Мұса мен Харунның шаңырағынан мирас боп қалған бірнеше заттар бар. Сол сандықты пенделер емес періштелер алып келеді. Егер жүректеріңде иман, саналарыңда саңылау болса, сол айғақты қабыл алыңдар[52], – дейді. Бұл сандық олар үшін аса қасиетті болатын. Алайда соғыстардың бірінде жау жағы иеленіп, хабар болмай кетіп еді. Кенет осы сандық ешкімнің көтеруінсіз-ақ ауада өздігінен қалықтап келе жатты. Бейне ұшып келе жатқандай, бірте-бірте жақындап алдарына келіп тоқтады. Олар сандықты ашып, қасиетті аманаттарды көрген соң, сол сандықтың дәл өзі екеніне көздері жетті. Осыдан барып олар Талуттың патша екендігін амалсыз мойындады[53]. Талут таққа отырысымен, дереу іске кірісіп, қол жинай бастады. Қолына қару ұстауға жарайтын еркек кіндіктің бәрінің басын қосып, жауға қарсы жорыққа аттанды. Оның қалың қолы шамамен сексен мыңдай болған еді[54]. Исрайыл ұрпақтары соғысты өз қалауымен бастаса да, соғысуға аса құштарлық танытпады. Жолда бір өзен бар еді. Сол өзеннің арғы жағы жауға берген өз жерлері болатын. Өзенге таяй бере, Талут әскеріне тоқтап дем алуға бұйырды. Өзі қалың қолдың алдына шығып: –    Уа, әскерлерім! Алдымызда көлденең өзен жатыр. Арғы беті жау басып алған жерлеріміз. Аллаһ тағала сол өзенді біз үшін сынақ етті. Осы өзеннен өтіп бара жатып су ішуші болмаңдар. Кімде-кім ішетін болса, онда ол менің әскерім емес. Ал суды бір қолымен ғана іліп ішкен адам менің әскерім саналады.

Әскерлер ішінде әр түрлі әңгіме өрби бастады. «Осы жерге дейін қаншама жол жүріп келдік. Шыжыған күннің кейпі мынау. Судың таусылғанына да неше күн болды. Судан қаталап әрең келеміз. Енді келіп мынау қолбасшы: «Алдарыңнан өзен шығады. Бірақ одан ішуші болмаңдар», – дейді. Сонда су ішпесек, ол өзен несіне ағып жатыр? Біз қанып ішсек, өзеннің суы сарқылып қала ма сонда? Әу баста осыны бекер сайладық. «Қарадан шығып хан болмас» деген. Жауды емес бізді құртатын болды. Алдымен сол өзені құрғыр көрінсінші өзі. Сосын көре жатармыз. Кім ішіп кім ішпейтінін». Әйтсе де араларынан «Жо-жоқ, қолбасшы айтса, бірдеңе біліп айтқан шығар. Оны бізге Құдай тағаланың өзі басшы етіп таңдаған жоқ па? Қаталап шөлдеген адамға бір жұтым судың өзі жетіп жатыр. Одан көп ішуге болмайды» деген адамдар да болды. Көп ұзамай алдарынан бір өзен көрінді. Өзен мөп-мөлдір болып көздің жауын ала сыңғырлап ағып жатыр. Шөлдеп кенезесі кепкен қалың қол өзенге қарай лап қойды. Олар өзенге илеудегі құмырсқадай үймелеп жатқанда, Талут ұзақтан қарап тұрды. Олар бір-бірін өзенге жапа-тармағай итермеледі. Бірі су кешсе, енді бірі суға сүңгіп, шөлдері қанғанша әбден ішіпті. «Су ішіп, сенің әскерің болмағанда біздің қай жеріміз кеміп қалады?!» деп шуласты. Олар судан мейлінше ішіп, артынан аттарын суарып болып кері шегініп, су жағасына шықты. Олар осылай дем алып тұрған шақта, су ішпей Талутпен бірге тұрған азғантай қол жаймен барып судан іліп алып бір жұтқанды қанағат тұтып кері қайтты. Бірақ олар осы кезде өздеріне не болғанын білмей қатты таңырқап тұрып қалды.

Өйткені алақан толы суға шөлдері басылып қалды. Тіпті сахарадағы көрген шөлдерін де ұмытып кетті. Онымен қоймай, бойларына бұрын-соңды болмаған бір күш-қуат бітті. Жүректеріне батылдық орнады. Дәл қазір қарсы алдынан қара нөпір жау шыға келсе де, жалғыз-ақ «аттандап» шығуға әзір тұрды. Бәрі бірдей осы ғазауатта шейіт болуға құлшынып тұрды. Олар іштей «Мінеки қолбасшыға қалтқысыз бағынудың сыры! Бойға біткен бұл неткен ғажайып күш десеңізші! Дәл қазір қарсы жақтан жаудың жүз мың қолы келсе де, мына өзенді бір-ақ аттап, жауға қарсы жалғыз шапқым келіп тұр. Шіркін-ай! Қолбасшыға бағынудың сыры осы болса Жаратқанға мойынсұнудың сыры қандай болмақ?» деп ойлап тебіреніп тұрды. Бір кезде Талут өзеннің арғы бетіне өтіп, шабуылға шығуға әзірленуге бұйрық берді. Барлығы өтуін өтсе де, әскер ішінен «Есі ауысқан адам болса, жауға шапсын. Біз Жалутқа қарсы шығып шыбын жанымыздан айырыла алмаймыз. Әлімізді білмейтіндей есімізден әлі адаса қойған жоқпыз», «Жалутқа қарсы тұру өзіңе өлім тілеу деген сөз», «Біз осы жерге дейін дуаланып алданып келдік. Ес жияр кез келді» деген дауыстар естілді. Ақырында, бірнеше адам қалың қолдың пікірін жеткізбек болып, Талуттың құзырына келді. Олар: –    Ей, Талут! Бүгін бізде Жалут пен оның құмырсқадай қаптаған қалың қолымен шайқасатын күш-қуат жоқ. Сондықтан тірі тұрғанымызда осы жерден ары бармай кері шегінейік, – деді. Бірақ Талут соғысты олардың өздері қалағандарын және жарты жолда кейін қайтпайтындықтары туралы уәделерін естеріне түсірді. Һәм осы соғыста жеңсе әйел, бала-шағасын тұтқыннан құтқарып, жерлерін қайтарып алып, бостандыққа шығатындығын естеріне салды.

Дегенмен олардың көнетұғын ыңғайы байқалмады. Соғыспайтынына да көзі жеткен Талут: –    Ендеше соғысқысы келмейтіндер ана жерге барып тұрсын, – деді. Сол кезде қалың қолдың басым көпшілігі жапа-тармағай Талут айтқан жерге барып тұра қалды. Бұлардың бәрі де әлгінде ғана судан өлгенше ішкен сарбаздар болатын. Суды көп ішкен кезде-ақ олардың жүректеріне қорқыныш ұялап, күллі батылдықтарын сол су шайып кеткен еді. Бұл жерде қолбасшы Талут әскерін сынақтан өткізіп, мықтыларымен ғана соғысқа шықпақ болды. Өйткені шөлге төзе білген жауға да төзе біледі. Жаумен шайқас нәпсімен шайқасудан әлдеқайда оңай. Өз нәпсісін тежей алған, жеңе білген дұшпанын қаңбақ құрлы көрмейді. Нәпсімен шайқас үлкен жиһад, кәпірмен айқас кіші жиһадқа жатады. Һәм шөлге шыдай алмай қолбасшысына бағынбаған қол жаумен шайқаста қолбасшысына тіпті бағынбайды. Әрі шайқастан бұрын қорқақтарды айырып алмаса, қызу шайқас үстінде қашса мұжаһидтердің сағын сындырумен қоймай жаудың жігерін өсіреді. Һәм шөлге қаталаған адамға суды бірден қанып ішуге болмайды. Мұндай адамның өзі де, аты да жауға қарсы тұра алмайды.

Күшін жоғалтып, бойында бойкүйездік пайда болады. Әсіресе терлеп келген атты суарса, өліп кетуі де мүмкін. Оның үстіне бұл бір Хақ тағаланың сынағы болғандықтан, суды қанып ішкендер түгелдей қауқарынан айырылған еді. Әрі ғазауатқа шыққан, өзін Аллаһ тағала жолына бағыштаған адамдар тек Соның разылығын ғана ойлап, өз нәпсілерін ойламау қажет. Сондықтан шөлге шыдай алмай суға жүгіргендер Аллаһ жолында қызмет ете алмайды. Өйткені күндердің бір күні алдарынан дүние яки олжа табылса, соған беріліп орта жолда қалуы мүмкін. Һәм Исрайыл ұрпақтары өздеріне келген көптеген пайғамбарларға қарсы шыққан болатын. Соның салдарынан осындай күй кешкен еді. Енді олар есін жиған болып пайғамбарларына келіп, оған қалтқысыз бағынатындарын айтып, уағда еткен еді. Міне, Аллаһ тағала олардың осы бағыныштылығы мен сабырлығын сынау үшін шөл далада бірнеше күн сандалтып, алдарынан өзен ағызып, одан ішуге тыйым салған еді. Бірақ осы сынақтан басым көпшілігі өте алмай өздерінің арам пиғылдарын әшкерелеп алды.

Қолбасшы Талут: –    Енді соғысқысы келгендер менімен бірге ерсін, – деді де, жауға қарай бет алды. Ат төбеліндей ғана адам Талуттың артынан ілесті. Олардың көлемі соғысқа қатыспай қалғандарға қарағанда ат төбеліндей ғана еді. Олар кетіп бара жатып: «Өмірде небір аз топтар болған. Олар Аллаһ тағаланың қалауымен өте үлкен топтарға қарсы тұрып, жеңе білген. Аллаһ сабырлық еткендермен бірге»[55], – деп дауыстады. Көп ұзамай екі жақтың әскерлері бір-бірімен бетпе-бет келді. Жалуттың қалың қолы сахарада құмырсқадай құжынады. Қару-жарақтары да өте мықты болатын. Талуттың қолы олармен салыстырғанда теңіз бен көлдің парқындай еді. Әрі соғыс құралдары да олардікіне қарағанда ескі-құсқы бірдеңелер болатын. Әйтсе де артқа шегінуге жол жоқ. Оның үстіне осы соғыста сөзсіз жеңіп шығу керек. Өйткені бұлар жеңілетін болса, онда сол аймақ пұтқа табынған Амалика елінің қолына өтеді де, тәухид діні жоғалады. Осы сәтте Талут пен оның сарбаздары қол жайып: «Ей, Раббымыз! Бізге мықты сабырлық нәсіп ет. Табанымызды нықтап, бізге кәпір елге қарсы жәрдем ете гөр!»[56] – деп дұға етті. Аздан соң сұрапыл шайқас басталды да кетті. Шаңы аспанға көтеріліп, айнала қанға боялып жатты. Қылыштар шаң-шұң етті. Аттардың кісінеген, жаралылардың шыңғырған дауыстары төңіректі кернеп кетті. Көп ұзамай кәпірлердің құжынаған әскері біртіндеп жеңіліп кері шегіне бастады. Олар өздерінің не үшін ойсырай бастағанын сезбеді. Кенет Талуттың әскерінің арасынан бір сарбаз атылып шығып Жалутқа қарай ұмтылды. Бұл хазірет Дәуіт болатын. Ол Жалутқа қарай қол шоқпарын үйіріп-үйіріп жіберіп қалып еді, Жалут жерге құлап түсіп, тіл қатпай кетті. Қолбасшыларының жерге құлап өлгенін көрген құмырсқадай қаптаған әскерлері жарықтан қашқан тарақандай жан-жаққа бытырып қаша жөнелді...

 

 

[1]       «Мәриям» сүресі, 51

 [2]       Сабуни, Нубууә, 247-235 беттер

 [3]       «Қасас» сүресі, 7  

[4]       «Қасас» сүресі, 9

 [5]       «Қасас» сүресі, 12

 [6]       Афиф Абдулфаттах Таббара, Маал-әнбия фил-Қуран. 225-227 беттер

 [7]       «Қасас» сүресі, 15-16

 [8]       «Қасас» сүресі, 21

 [9]       «Қасас» сүресі, 22

 [10]     Сабуни. Нубууә, 247-бет

 [11]     «Қасас» сүресі, 24  

[12]     «Қасас» сүресі, 27  

[13]     «Қасас» сүресі, 28

 [14]     «Қасас» сүресі, 29

 [15]     «Қасас» сүресі, 30

 [16]     «Таһа» сүресі, 13-17  

[17]     «Таһа» сүресі, 14-24; «Қасас» сүресі, 31-32

 [18]     «Таһа» сүресі, 25-33  

[19]     Мұса пайғамбардың тілінде сәл ғана тұтықпалық болған. Алайда Перғауынға барар алдындағы Аллаһтан тілеген оның дұғасы қабыл болып, кейіннен әдемі әрі шешен сөйлейтін болған (Қараңыз: У. Зүһәйли, Тәфсирул-мунир. Таһа сүресінің 25-аятының тәпсірі)  

[20]     «Қасас» сүресі, 35; «Таһа» сүресі, 43-44

 [21]     «Таха» сүресі, 45-49

 [22]     «Шұғара» сүресі, 23-29

[23]     «Жүніс» сүресі, 84-86

 [24]     «Ғафыр» сүресі, 28-30

[25]     «Қасас» сүресі, 38

 [26]     «Тахрим» сүресі, 11

 [27]     Ахмад ибн Ханбал, 1/293; Хаким, Мустадрак, 3-том. 160-бет

[28]     «Шұғара» сүресі, 62

 [29]     Осындай бір оқиға Мәдина кезеңінде Ор соғысында болған еді. Сол кезде аймақтың барша кәпірі бірігіп, Мәдинаны қоршап алып, сахабалар шарасыз қалған шақта Пайғамбарымыз (с.а.с.) оларға көп ұзамай Сасанид және Рим империясын күйретіп өздеріне қарататындығы туралы сүйінші хабар айтқан еді.

[30]     «Шұғара» сүресі, 63

 [31]     «Жүніс» сүресі, 92

 [32]     Сәғлаби, Қысас, 176; Замахшари. әл-Кәшшаф ән Хақайки Ғауамизит-Тәнзил. Каир. 1987. ІІ/329; Бәизауи. Әнуар. ІІІ/213

 [33]     «Иман» діни-танымдық журналы. №4. (69) 2010ж. 15-бет

 [34]     «Ағраф» сүресі, 139-141

 [35]     «Ағраф» сүресі, 142

 [36]     «Ағраф» сүресі, 143

[37]     «Таһа» сүресі, 85

 [38]     Б.Атеш, Пейгамберлер тарихы. 125-128 беттер

 [39]     «Таха» сүресі, 94

[40]     «Таха» сүресі, 97

[41]     Абдуллаһ Әмин Чимен, Ничин хелак олдулар? Стамбул. 2008. 398-бет

 [42]     «Бақара» сүресі, 55

 [43]     «Ағраф» сүресі, 155

[44]     «Маида» сүресі, 24

[45]     «Маида» сүресі, 25

[46]     «Маида» сүресі, 70

[47]     Жалут – Мысыр мен Палестина аралығындағы Амалика елінің патшасы (Замахшари. әл-Кәшшаф. I/296).

[48]     Кейбір деректерде ол жіберілген пайғамбардың Ишмуил (Самуэль) екендігі айтылады.

[49]     «Бақара» сүресі, 247

 [50]     Сабуни, Сафуатут-тафасир, 156-157 бет

 [51]     Сәкина – Аллаһ тағаланың тыныштық пен ерекше жан рахатына бөлеуі

[52]     «Бақара» сүресі, 247-248

 [53]     Сабуни, Сафуатут-тафасир, 157-бет.

[54]     Ибн Әсир, 1/219..

 [55]     «Бақара» сүресі, 249

[56]     «Бақара» сүресі, 250

 

 fatua.kz

0 пікір