МЕН ОЛАРҒА АЛДЫ-АРТЫНАН, ОҢ-СОЛЫНАН КЕЛЕМІН...
МЕН ОЛАРҒА АЛДЫ-АРТЫНАН, ОҢ-СОЛЫНАН КЕЛЕМІН...
25.12.2020 21:39
1424
0

Құранда:

 «(Ібіліс) «Қайта тірілетін күнге дейін мұрсат бер» деді.

(Алла): «Саған сұрағаның берілді», – деді.

 (Ібіліс):

 «Ендеше, мені қаңғыртқаныңүшін, әлбетте, мен де адамдарға қарсы Сенің тура жолыңа көлденең тұрамын. Сонан соң оларға алды-артынан, оң-солынан келемін, нәтижесінде көбінің шүкір ететіндерден емес екенін көресің деді» («Ағраф» сүресі, 14-17 аяттар).

Шайтан адам баласына жаман істер жасатса да, өзінің жаман пиғылын сездіртпейді. Бірін күнә істерді істеуге азғырса, енді бірін игі істермен арбайды. Ал енді бірін үмітсіздікке ұшыратып, өмірін қайғы-мұңға айналдырады. Мұны шайтанның адам баласына солынан болмаса оңынан, алдынан немесе артынан арбап келуі дейміз.

Ал енді осыны шамалы мысалдармен аша түсейік:

Шайтан пенденің болашақ жайлы үміт-арманын өшіреді, өлімнен кейінгі өмірді жоқ деп сендіріп, көңілге қаяу салып, болашақты қараңғы, қасіретке толы етіп көрсетеді. Жаннат пен тозақ бар ма, жоқ па деп күмәндандырады. Тіпті, ақыретке барғанда өзім жауап беремін дегендей ой салады.

 «Адамдардың көбі намаз оқымай-ақ, ораза ұстамай-ақ жүр ғой, сен де осылай жүре бер, көппен көрген ұлы той» деп азғырып, адамдардың барлығын өзі секілді етіп көрсетеді. Осылайша шайтан адамның алдағы үмітін жою үшін алдынан келеді. Сол секілді шайтан:

 «Заман өзгерді, пайғамбарларлардың заманы тарихта ғана қалды. Балашаға бар, аш қалады, ақша жинау керек, ертең кедей болсаң, ешкім жәрдем бермейді, дүние жинап, бай болу керек» деп артын ойлатып, сонымен әлек ететіні де бар. Осылайша шайтан адамға артта қалатын бала-шағасын ойлатып, дүниенің әлегіне салады.

Сол секілді шайтан адамның солынан жақындап, тыйым салынған мекендерге (түнгі клубтар, ойын-сауық кештері т.б.) және күнәлі іс-әрекеттерге итермелейді. Қазіргі күні кең жайылған барлық харам жолдар мен харам істер жасалатын орындар – шайтанның сол жақтан соққан соққысының нәтижелері.

Сол секілді шайтанның адамдарды тағы бір азғыру түрі – шындықты айтқансып, жаман нәрселерді жақсы етіп көрсетіп, пенденің оң жағынан жақындауы. Мүмін үшін ең қауіптісі де осы. Күнәларға жуымайтын, құлшылықты табиғатына сіңірген мүмінге шайтан оң істермен келеді. Оған өзінің істеріне көңілін толтырып, өзіне-өзін мақтатып, кінәні басқалардан іздетіп, жеңіске жетер жолда жеңіліске ұшыратады.

Түнде тәһәжжүд намазын оқыса, ертеңіне мұны басқаларға мақтанышпен айтып, намазының сауабынан құр қалдырады.

Қажылық жасаса да мақтаныш үшін жасап, біреу көрсін, біреу естісін деген күнәға батырады. Жалпы алғанда, шайтанның оңнан келуіне оның үлкен мәселелерді кішірейтіп, түймедейді түйедей етіп көрсетуін де жатқызуға болады.

 Міне, осы және осыған ұқсас жағдайлар да шайтанның оң жақтан соққан ауыр соққылары. Сондықтан Алла елшісі (с.ғ.с.) дұға жасағанда мына дұғаны тастамаған екен:

“Уа, Алла Тағалам! Алдымнан, артымнан, оңымнан, солымнан және үстімнен (келетін барлыққауіп-қатерден) мені қорғай көр. (Жермен-жексен болу секілді) аяғымнан шалынып, құрдымға кетуден Сеніңұлықтығыңа сыйынамын!

 

0 пікір