МАРҚҰМНЫҢ МОЛАСЫНА НЕ ҮШІН ҚҰРАН ОҚИМЫЗ? (ҚИССА)
МАРҚҰМНЫҢ МОЛАСЫНА НЕ ҮШІН ҚҰРАН ОҚИМЫЗ? (ҚИССА)
30.10.2020 10:21
2591
0

Біз не үшін марқұмның моласына барып Құран оқимыз? Себебін білгіңіз келсе мына жаққа құлақ түріңіз.

Әлқисса, аңыздан жеткен ақиқат бойынша Ұлық Алла әуелде адамды жаратпақ жоспарын бәріне жария қылыпты. Сонда "адамды менен жаратса екен деп" тау, тас, от, алтын, су, аспан, жел бәрі таласқан екен дейді. Кілең мықтыларды көріп топырақ "мендей қадірсіз заттан АДАМдай ұлық затты жарата қоймас" деп, шет қалыпты. Сонда Ұлық Алла бәрінің бойынан мін тауып, жаратпай тастапты. Сосын жерге қарап:

– Адам тәнін сенен жаратамын, сен – кішіпейілсің. Менің ең жақсы көретін мінез-құлқым осы. Бүкіл тіршілік иесі саған тәуелді болады. Мінезің ауыр, сабырлы. Қойның толған береке. Алтын-күміс, ас-ауқат түгел дерлік сенен өніп шығады. Күллі мақұлық нәжісін саған төксе де, сен одан хош иісті гүл шығарасың. Лас су жерге сіңіп, тәтті бұлаққа айналады. Жасаған жақсылығыңды міндетсіну сенде жоқ. Адам сенен жаралып, өлген соң саған оралады. Адам ұрпағы тірісінде неғұрлым саған ұқсаса, соғұрлым менің алдымда қадірлі болады, – дейді.

Осы кезде қара жер Алладан дат сұрайды.

– Иә, Жаратушы Ием, адамды менен жаратқаныңа қарсы емеспін. Олар қанша мыңдап жерленсе де, мен олардың денесін шірітіп, тәндерін топыраққа айналдырамын. Бірақ, адам баласы ғапылдықтан күнәні көп жасайды. Олар өмірден өткен кезде, менің қойныма таудай күнәлар арқалап келеді. Сонда олардың ауыртпалығын кім көтереді? Жасаған қиянаттары мен зорлық-зомбылықтары менің де арқама батар, – дейді.

– Қара жер қайғырма. Мен шебер Алламын. Олардың күнәсін жойып, саған салмақ салмауға құдіретім жетеді. Мен адам ұрпағына Құран түсіремін. Марқұм болған адамдардың ұрпақтары әруақтарды еске алып, оларға құран оқытып, дұға ететін болса, олардың күнәлары жойылып отырады. Сонда саған да артық жүк түспейді. Мұсылмандар әруаққа құран оқуды тоқтатқанша осылай жалғаса береді, – дейді. Қара жер сонда барып тынышталыпты.

 

 

0 пікір