ХИКМЕТ ЖӘНЕ ХӘКІМ
ХИКМЕТ ЖӘНЕ ХӘКІМ
28.02.2019 17:38
262
0

Исі мұсылманға мәлім, Жаратушы Иеміздің көркем есімдерінің бірі – Хаким. Толық хикмет иесі Алла екені талассыз, дегенмен ел ішінде терең түсінік иесі саналатын қарапайым адамды да «хәкім» деп жатамыз. Мұсылмандар пәлсапа ғылымын «Хикмет ілімі» деп атаған. Құранның «Лұқман» сүресінде Лұқпан хәкімнің даналық сөздері келтірілген. Сонымен, хикмет деген не, хәкім деп кімді айтамыз? Хикмет – кең ұғымды білдіретін сөздердің бірі. Ғалымдардың айтуын-ша, хикмет сөзі Құранда 4 мағынада кездеседі:

1. «Aлла Дәуітке билік пен хикмет берді», – деген аятта – пайғамбарлық мағынасында (Бақара» сүресі, 251-аят);

2. «Кітап пен хикметті оларға үйретеді», – деген аятта кітап деп – Құран, ал хикмет деп – сүннет айтылған («Әли Имран» сүресі, 164-аят);

3. «Алланыңөздеріңдегі нығметі мен сендерді тура жолға шақыру үшін түсірген кітабы (Құран) мен хикметті ойлаңдар», – деген аятта насихат, кеңес мағынасын береді («Бақара» сүресі, 231-аят);

4. «Біз Лұқпанға шүкір етсін деп хикмет бердік», – деген аятта даналық пен ілім берілгені меңзелген («Лұқман» сүресі, 12-аят).

«Хикмет» сөзі бұдан басқа да ілім, терең түсінік, әділеттілік, түпкі себеп, ойшылдық, ғалам құбылыстарының мәнін түсіндіретін ілім, сөзге көп ма-ғына сыйғызатын даналық сөз секілді түрлі мағыналарға келетіндіктен, мұ-сылман ғалымдар бұл тұрғыда көп пікірлер білдірген. Сол пікірлерді тұ-жырымдай келгенде мынаны айтуға болады:

«Хикмет – Құран мен сүннетті меңгеру»;

«Пайдалы ілім мен ізгі істер жасау»;

«Жаратылыстың түпкі сырлары мен астарлы ақиқатын ұғыну»;

«Аcтамдыққа я нұқсандыққа бармай, орта жолды ұстана білу»;

«Алланың көркем есімдерінің мәнін түсіну»;

«Ғаламды дұрыс зерделей білу»;

 «Ілім мен амалды қатар алып жүру»;

«Жақсылықты насихаттау, теріс жолға қадам баспау»,

«Адам, ғалам және Құран арасындағы байланысты түсіне білу», т.б.

Бұл түсініктерден хәкім адамның тек сөз жүзінде ғана біліп қоймай, білгенін істеуге жанын салатынын, тек пайдалы іліммен шұғылданып, ізгі істер жасайтынын, Жаратушыны тануға, ғаламдағы жаратылыс сырларын білуге ынтығып, Құранды дұрыс ұғып, сүннетті толық ұстанатынын, әр құбылыстың астарындағы құдірет сырды көре білетін ерекше сұңғыла жан екендігін байқаймыз. Демек, көп оқыған адам ғалым болғанмен, жүрегіне Алла хикмет қондырмаса, хәкім болу бұйыра бермейтіндігі өздігінен аңғарылғандай. Құранда: «Алла кімге қаласа, хикметті соған береді. Ал кімге хикмет берілсе, оған көп игіліктіңқоса берілгені» («Бақара» сүресі, 269-аят), – деп ескертілген.

Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса,
Тіршіліктің несі сән,
Тереңге ден қоймаса?!

– деп Абай атамыз айтпақшы, хәкім адам әрдайым терең ойда жүреді, еш нәрсеге үстірт қарамайды, өмірден тиянақ іздейді, шын ақиқатты тани біледі. Осы себепті ғалымдар: «Хикметтің басын ғалам жайлы терең ойларға бару, ортасын дінге толық мойынсұну, соңын мәңгілік бақыт табу құрайды», – деген.

Құранда Лұқпанға (Оған Алланың сәлемі болсын) шүкір етсін деп хикмет берілгендігі айтылады. Демек, Алла тағаланың нәсіп еткен әр жақсылығына шүкір ете білу де хикметті іске жатпақ. Лұқпан (Оған Алланың сәлемі болсын) Әйка халқының Нубия тайпасына қарасты, Ибраһимнен (Оған Алланың сәлемі болсын) тараған кісі деседі. Ол Исламға дейінгі уақытта арабтар арасында әйгілі болған. Көп жыл өмір сүрген. Эфиопиялық құл болғандығы да айтылады. Пайғамбар я әулие екендігі таласты жағдай, дегенмен жүрегіне хикмет ұялаған хәкім болғаны белгілі.
Құранда Лұқпан хәкімнің «Әй, ұлым!» деп баласына қарата айтқан бірқатар мазмұнды өсиеттері келтірілген. Олардың қатарында Алла тағалаға серік қоспау, ірілі-ұсақты әр жақсы-жаман істі Жаратушының көріп тұрғаны, намаз оқып, жақсылықты насихаттау керектігі, тап болған жағдайларға сабыр ету, адамдарға рақмет айта білу, Аллаға шүкір ете білу, тәкаппарланбау, ата-ананы сыйлау, кердеңдеп жүрмеу, сөйлегенде дауыс ырғағына да мән беру керектігі айтылған («Лұқман» сүресі). Осы өсиеттерінің өзі хәкім адамның үлкен өнеге иесі екенін, ақыл-парасатын, бойындағы тақуалық пен діндарлығын байқатады.

Ал «Адамдарды Раббыңның жолына хикметпен, жақсы насихатпен шақыр» деген аят болса, дін насихатының әдебін үйретеді («Нахыл» сүресі, 125-аят). Ибн Жәрирдің айтуынша, бұл жердегі хикмет сөзі Құран мен Сүннетті меңзеп тұр. Бұған қоса, дін насихатшысы-ның қаттылыққа, дөрекілікке бармауы, қайта жұмсақ тілмен, ерекше сыпайылықпен тыңдаушысының жүрегіне жол таба білуі ескертілген.

 Құдайберді БАҒАШАР

 

0 пікір