ҒИДДӘТ МЕРЗІМІ ТУРАЛЫ АЯТТЫҢ ТӘПСІРІ
ҒИДДӘТ МЕРЗІМІ ТУРАЛЫ  АЯТТЫҢ ТӘПСІРІ
14.09.2018 14:34
4130
0

 

قال تعالى: { وَالَّذِينَ يُتَوَفَّوْنَ مِنْكُمْ وَيَذَرُونَ أَزْوَاجًا يَتَرَبَّصْنَ بِأَنْفُسِهِنَّ أَرْبَعَةَ أَشْهُرٍ وَعَشْرًا فَإِذَا بَلَغْنَ أَجَلَهُنَّ فَلَا جُنَاحَ عَلَيْكُمْ فِيمَا فَعَلْنَ فِي أَنْفُسِهِنَّ بِالْمَعْرُوفِ وَاللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرٌ}

         Алла Тағала: «Араларыңнан қайтыс болған ер адамдардың артында тұл қалған жұбайлары аза тұтып (яғни, күйеуге шықпай) төрт ай он күн күтеді. Олар күту мерзімін тәмәмдаған соң шариғат шеңберінен шықпай жеке бастарына қатысты қабылдаған істері үшін сендер күнә арқаламайсыңдар. Алла сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар» («Бақара» сүресі, 234-аят) деген.

Ғиддәт – талақ берілген әйел мен екінші рет тиетін болашақ ері арасында әйелдің бойына біткен бала жайлы түсініспеушіліктің, ұрыс-керістің алдын алып, бақытты ғұмыр кешулері үшін күмәнді айықтыру мерзімі деуге болады. Төрт ай он күнде әйелдің бойында бұрынғы күйеуінен бала бар, жоғы анықталып, көңілдегі күдіктер сейіледі. Осы межелі уақыттан кейін, әйел кісі өзге ерге тию үшін бойын түзеуіне, бақыт жолын таңдауына рұхсат.

Қасиетті Құранда әйел адамдардың жағдайына байланысты ғиддәт күту уақыттары бірнеше түрге бөлінеді. Олар:

1)    Неке қидырған соң әйелімен жақындық қатынасқа түспей тұрып талақ берсе, ғиддәт мерзімін күту шарт емес. Қасиетті Құранда: «Уа, иман еткендер! Қашан мүмин әйелдерді некелеп алсаңыздар, кейін оларға қол тигізбей (яғни, жақындаспай) тұрып талақ берсеңдер, сендердің пайдаларыңа олар күтіп отыратын ғидда мерзімі болмайды» («Әхзаб» сүресі, 49-аят).

2)    Жүкті әйелдің ғиддәті босануымен болады. Қасиетті Құранда: «Ал аяғы ауыр әйелдердің иддәт мерзімі (күйеулерімен ажырасқан жағдайда да, жесір қалған жағдайда да) босанған соң аяқталады» («Талақ» сүресі, 4-аят) делінеді.

3)    Жүкті емес әйелдің ғиддәті талақ етілгеннен кейін, толық үш (үш ай) тазару. Қасиетті Құранда: «Талақ етілген әйелдер үш хайыз өткенше күтеді» («Бақара» сүресі, 228-аят) делінеді.

4)    Жасының қартаюы немесе белгілі бір себепті хайызы келмейтін әйелдердің ғиддәт мерзімі үш ай: «(Талақ айтқан) әйелдеріңнің арасындағы (жасы жетіп) етеккірден біржолата үмітін үзгендердің ғиддәт (күту) мерзіміне қатысты күмәндансаңдар, олардың иддәті мерзімі – үш ай. (Қандай да бір себеппен) әлі етеккір көрмегендердің де күту мерзімі сондай.» («Талақ» сүресі, 4-аят) делінеді.  

5)    Күйеуі қайтыс болған әйелдің ғиддәт мерзімі төрт ай он күн. Қасиетті Құранда: «Араларыңнан қайтыс болған ер адамдардың артында тұл қалған жұбайлары аза тұтып (яғни, күйеуге шықпай) төрт ай он күн күтеді» («Бақара» сүресі, 234-аят) делінеді.

Сонымен қатар, талақ берілген әйелдің ғиддәт мерзімі кезіндегі негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз ету күйеуінің мойнында. Талақ берумен бұл міндеттен бірден құтыла алмайды. Ханафи мәзһабы бойынша, ері қайтыс болған әйел ерінің үйінде дүние-мүлкін пайдаланып төрт ай, он күн отыруы міндет[1].

Имам Матуриди, Құрандағы: «(Талақ етіліп, иддат мерзімін күтіп отырған) әйелдеріңді шамаларың келгенше өз үйлеріңде тұрғызыңдар және нәпақаларын беріңдер» (Талақ сүресі, 6-аят) деген аяттың тәпсірінде: «Абдулла ибн Мәсғудтың (р.а) қирағатында: талақ етіліп, иддат мерзімін күтіп отырған әйелдеріңді өздерің тұрған үйлеріңде тұрғызуларың керек және шамаларың келгенше нәпақаларын тауып беріңдер», - дейді. Омар ибн Хаттаб (р.а) Фатима бинт Қайыс деген әйелдің: «Маған күйеуім үш талақ бергенін Алла елшісіне (с.а.с) айтқан едім. Алла елшісі (с.а.с): «Күйеуің сенің тұратын үйіңе де, нәпақаңа да жауапты емес», - деді» деген ахад хадисін қабыл етпей: «Сөзі өтірік яки шын екені белгісіз бір әйелдің сөзіне бола Раббымыздың Кітабы мен сүннетте нақты болғанды тастай алмаймыз» деп, Ибн Мәсғудтың қирағатына сай үкім шығарады. Әрі Омардың (р.а) «Раббымыздың Кітабын тастай алмаймыз» деуі қирағаттың оқылуы болмағанымен үкімі қалғанын білдіреді. Сондай-ақ, Құрандағы: «Күйеуінен ажырасқан әйелдер үш етеккір мерзімін күтуі керек» (Бақара сүресі, 228-аят) деді. Яғни, ажырасқан әйелге, оған бір талақ берілсін яки үш талақ берілсін үкімі бірдей. Ол әйелдің тұратын үйі мен нәпақасын қамтамасыз ету ердің міндеті. Бұған Шафиғилер келіспейді»[2] деп, Фатима бинт Қайыс жеткізген ахад хадис Құран аятына сйәкес келмегендіктен ахад хадиске амал етуден бас тартады.

Ғиддатқа қатысты нәсих уә мәнсух

Құран аяттарының кейбірі үкiмiне қарай «Нәсих» және «Мәнсух» болып бөлiнедi. «Насх» сөзі түбірінен шыққан. Тілдікте: Кетiру, жою, ауыстыру – деген мағынаны бiлдiредi[3]. Шарғи мағынасы туралы имам Байдауи: «Шариғат талабына сай бiр үкiмнiң күшi жойылуы» деген[4].

Бір мәселе төңірегінде бірнеше аяттың түсуіне байланысты яһудилер: Сендер Мұхаммедтің (с.ғ.с) ісіне таңданасыңдар ма? Ол сахабаларын бір іске біресе бұйырып, біресе тыяды. Бүгін айтқан сөзінен ертесі танып алады. Сонда бұл Құран дегендерің Мұхаммедтің (с.а.с) сөзі емей-немене? – дейді. Сол кезде: «Бір аятты ауыстырсақ немесе ұмыттырсақ одан жақсысын, не сол сияқты келтіреміз. Әрине Алла тағаланың әр нәрсеге күші жетуші екенін білмедің бе?» («Бақара» сүресі, 106-аят) деп, бір аяттың ауысуында адам баласы үшін көпдеген хикмет пен жеңiлдiк бар екенін ескертеді[5].

Үкімі насих болып, оқылуы  қалған аяттардың бір мысалы ғиддат туралы деуге болады. Яғни, ері қайтыс болған әйелдің ғиддәті (санайтын күні) әуелде: «Қайтыс болып, әйелдерін қалдырғандар; әйелдерінің бір жылға дейін (үйлерінен) шығарылмай қамдалуларын өсиет етсін» («Бақара» сүресі, 240-аят) деген аятының үкімін: «Сендерден біреу қайтыс болып, артында қалдырған әйелдері; төрт ай он күн (ғиддат) күтеді. Әрқашан олардың ғиддаты бітсе, олардың өздеріне байланысты істеген істерінің (үйлену үшін киініп, түзелуінің) сендерге жауапкершілігі жоқ. Алла не істегендеріңнен толық хабардар» («Бақара» сүресі, 234-аят) деген аяты насих етеді.

Ханафи ғалымдарының көзқарасы бойынша, аяттағы «жақсырақ» сөзінің бір сыры да Алла Тағала пенделеріне дүние-ақыретінің игілігін қалағандықтан бір амалдың үкімін жойып, екінші бір жеңіл амалды орындауын міндет еткен. Болмаса бір аяттың, екінші бір аяттан абзалдығын білдірмейді. Себебі, Исламда Құранның қайсы бір аяты оқылсада, сауап беріледі – деген[6].

Демек, Құрандағы, «Қайтыс болып, әйелдер қалдыратындар; әйелдерінің бір жылға дейін (үйлерінен) шығарылмай қамдалуларын өсиет етсін» - деген аятқа үңілер болсақ, отағасы болған адам қашан дүниеден қайтатынын білмегендіктен, кездейсоқ қайтыс болған жағдайда, әйелдерінің бір жылға дейінгі үйінен шықпай, негізгі қажеттіліктерімен қамдалуы үшін өмір бойы  алдын-ала материялдық дайындықта жүруі тиіс. Міне, бұл кейбір бала-шағасын әрең асырап жүрген отағасы үшін ауыр болары анық. Ал, әйел кісінің де бір жыл бойы ғиддәт күтіп, сөз салған басқа еркектерге жауап бермей отыра беруі оңайға соқпайды. Сондықтан, Алла Тағала құлдарының жауапкершілігін жеңілдетіп, ғиддәт күнін азайтып, төрт ай он күнін қалдырады. Әрі төрт ай он күнде әйелдің бойында бұрынғы күйеуінен бала бар, жоғы анықталып, көңілдегі күдіктер сейіледі. Осы межелі уақыттан кейін, әйел кісі өзге еркекпен некелесе беруіне болады.

Балаға тегі ретінде нағашы атасының атын

 беруге бола ма?

Қоғамда, «Күйеуінен ажырасқан бір әйел, жаңа туылған баласына ат қоярда, баланың әкесі балаға тегі ретінде өз атын беруге де, әкесінің атын беруге да бас тартады. Осындай жағдайда балаға әйелдің (анасының) әкесінің немесе, нағашы атасының атын беруге бола ма?» деген сұрақтар да қойлып жатады. Осы мәселе төңірегінде бір ізденіп көрелік.

Әуелі бала қыз болсын, ұл болсын атын өз тегімен қою шарт. Қасиетті Құранда: «Алланың құзырында ең дұрыс болғаны оларды әкелерінің атымен шақыру. Егер әкелерін білмесеңдер, онда олар сендердің дін бауырларың әрі достарың. Ол жөнінде (әкесін білмей) ағаттық өткізсеңдер, сендерге ешқандай айып жоқ. Бірақ (әкесін) біле тұра әдейі істеген болсаңдар (күнә болады). Алла аса жарқағыш, өте мейірімді» делінсе, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.): «Кімде-кім біреуді біле тұра әкесі болмаған адамның баласы деп шақырса, оған жәннәт харам» деген. Демек, баланың әкесі анық болған жағдайда, анасының тегін беру Құран және сүннет үкіміне қайшы. Дінде тиым салынған іс.

Ислам тарихында Иса ибн Мәриям, Юнус ибн Мәта, Абдулла ибн Үбәй ибн Сәлул (Сәлул анасы) және Мұхаммад ибн әл-Ханафия қатарлы адамдар аналарының атымен танылғандығы кездеседі. Сондықтан, баланың әкесі түбегейлі қарсы болып тұрған болса, арадағы дау-жаңжалдың үдемеуін ескере отырып, балаға анасының тегін беруге болады. Бірақ, жалпы халық арасында баланы өз әкесінің атымен шақырып, ержеткен шағында білдіру керек. Баланың өз тегін білуі болашақта некелесу харам болған жақындарымен үйленбеуіне т.б шәрғи амалдарды толық орындауына әсері болады.

Ерлі-зайыптылар ажырасқан жағдайда

балалар кімге беріледі?

Бірде бір әйел Алла елшісіне (с.а.с) келіп: «Уа, Алла елшісі (с.а.с)! Бұл менің балам екені ақиқат. Оған құрсағымды жәйлі мекен еттім, омырауыммен сусындаттым және ыстық құшағыма бастым. Маған әкесі талақ беріп жіберді. Және баламды менен бөліп алғысы келеді» деп, бір бөлігі болған баласын қимай, ажырасып кеткен ерінен шағымдана келеді. Сонда Алла елшісі (с.а.с): «Сен басқа біреуге тиіп кетпейінше, оған (балаға) ең лайық жан сенсің»[7] деген.

Ханафи мәзһабы бойынша, ажырасқан ерлі-зайыпты кісілердің арасындағы бала анасына беріліп, әкесі қаржылай көмек жасап тұрады. Егер анасы мұсылман емес немесе жеңіл жүріс сынды жаман қылықтарға бой алдырған, балаға дұрыс тәрбие бере алмайтын біреу болса, онда оған бала берілмейді. Бала нағашы әжесі, нағашы әпкелеріне немесе өз апаларына табысталады[8]. Яғни, балаға иедершілік етуде әйел затының балаға болған мейірімділігі мен тәрбие берудегі жалықпайтын  сабырлығына көбірек мән берілген деуге болады.

Самет Оқанұлы

Исламтанушы

 


[1] Фәтәуа Қадихан фи мәзһаби Әби Ханифа ән-Нұғман, 1-том, 503-бетте.

[2] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, «Дәрул мизан» баспасы, Стамбул. – 2005-2010. 17 томдық тәпсір кітабы. 15-том, 232-233 бет.

[3]Тәфсирүл әятүтил ахкам, лил Сабуни, 1-том, 89-90-бет.

[4]Минһажүл Ұсул илә ғилмил ұсул. Лил Байдауи, 64-бет.

[5]Тәфсирүл Кашшаф, 1-том, 131-бет.

[6][6] Тәясирү аятүл ахкам, лил Сабуни: 1-том, 75-бет.

[7] Сүнәну Әби Дәкіт, 2276-хадис.

[8] Хашияту Ибн Абидин, 5-том, 255-бет.

0 пікір