«ҒАДЯТ» СҮРЕСІ
«ҒАДЯТ» СҮРЕСІ
13.06.2017 14:11
2773
0

«Ғадят» – Меккеде түскен сүрелер қатарына жатады. Бұл сүре дін жолындағы жауынгерлердің сәйгүліктері, тұлпарлары жайлы баяндайды. Тұлпарлардың желмен жарысқан жылдамдығы, тасқа тиген тұяғынан шарпыған ұшқынын суреттейді. Мұның барлығы жауынгер аттардың Алла құзырындағы артықшылығын білдіреді. Сүренің келесі бөлігінде адамның нығметке қайырымсыздығы туралы бар. Адам Алланың берген сансыз нығметтерін алғыссыз қабыл алатындығы тілге тиек етілді. Оның бұл ниеті сөзінен және іс-әрекетінен байқалып тұрады. Сондай-ақ, адам болмысынан дүниені шектен тыс жақсы көретіндігі. Сүре соңында барлық жаратылыс атаулының Жаратқан құзырына есеп беруге баратындығы ескертіледі. Ақырет күні жиған дүние мен атақ-абыройдың ешбір пайдасы жоқтығы, ол күні тек ізгі амал ғана пайда беретіндігі айтылады.

بسم الله الرحمن الرحيم

وَالْعَادِيَاتِ ضَبْحًا

1.Қатты ентігіп шабатынмен серт.        

Алла Тағала жорыққа шыққан әскердің сәйгүліктерімен серт етуде. Ибн Аббас (р.а.) риуаяты: «Алла елшісі (с.ғ.с.) атты әскерді шығарып салды. Бір ай бойы олардан хабар-ошар келмеді. Соңынан осы сүре уахи етілді»[1].

فَالْمُورِيَاتِ قَدْحًا

2.(Тұяғынан) ұшқын шығаратынмен серт.

Тұяғымен жердегі тасты теуіп ұшқын шығаратын

فَالْمُغِيرَاتِ صُبْحًا

3.Таң сәріде шабуыл жасайтынмен серт.         

فَأَثَرْنَ بِهِ نَقْعًا

4.Онымен шаңдата шабатын.     

فَوَسَطْنَ بِهِ جَمْعًا

5.Сөйтіп, жаудың ортасына топ болып кіретін аттармен (серт).

Жорғалаған ат жаудың бетін шаң еткенде, таңсәріде жаудың ортасына жарып кірген сәтте.

إِنَّ الْإِنْسَانَ لِرَبِّهِ لَكَنُودٌ

6.Шын мәнінде, адам Раббысына тым шүкірсіз.

Адамзат Алла Тағаланың берген нығметіне шүкіршілік жасамауда.

وَإِنَّهُ عَلَى ذَلِكَ لَشَهِيدٌ

7.Және оның өзі де бұған куә.

وَإِنَّهُ لِحُبِّ الْخَيْرِ لَشَدِيدٌ

8.Сондай-ақ, ол байлықты өте жақсы көреді.

Әрі оның шүкіршілік жасамағандығына өз әрекеті куә. Өйткені, шүкіршілік етпеу оның бойынан байқалып-ақ тұр. Бар жүріс-тұрысы соны көрсетуде. Ол дүниені әдеттен тыс қатты жақсы көреді. Дүниеге сараңдық танытады немесе дүние табу үшін бар күш-жігерін жұмсайды.

 

أَفَلَا يَعْلَمُ إِذَا بُعْثِرَ مَا فِي الْقُبُورِ

9.Ал, ол қабірдегілер қопарылып шығарылған кезде не болатынын біле ме?

وَحُصِّلَ مَا فِي الصُّدُورِ

10.Және көкіректегілер ашыққа шығарылатын сәтте.

إِنَّ رَبَّهُمْ بِهِمْ يَوْمَئِذٍ لَخَبِيرٌ

11.Анығында, сол күні Раббылары олар жайлы толық хабар алушы.

Адам баласы қабірдегі өлі денелер қайта тірілген кезде, олардың кеудесіндегі жасырын жатқан жақсы-жаман амалдары, дұрыс және теріс ниеттері паш етілгенде не боларын біле ме? Әлемдердің Раббысы олардың көкірегіндегі жасырын ниетінен хабардар, сол күні пенде амалына лайықты есеп береді.+

 


[1]    Баззар, Хаким

 

Серікбай қажы ОРАЗ

0 пікір