БІР АЯТТЫҢ ҚҰПИЯСЫ
БІР АЯТТЫҢ ҚҰПИЯСЫ
14.09.2020 12:23
1830
0

Құран Кәрімде: «... Сендер бір нәрсені ұнатпағанмен, ол сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Ал сендер бір нәрсені жақсы көргенмен, ол сендер үшін жамандық болуы мүмкін. Алла біледі, сендер білмейіңдер[1]», - деген иләһи әмір бар.

Шынымен де, бұл аяттың астарында көптеген сыр мен хикмет бүркеніп жатыр. Адам жамандық деп ойлағаны бір жақсылықтың бастамасы, жақсылық дегені бір жамандықтың ұшы екенін ұғып білетін болса, қиыншылыққа еңсесі түспес еді. Дәл сол секілді, оңай келген «жақсылыққа» да сүйеніп арқасын кеңге салмасы анық. Сондықтан әрбір жұмырбасты пенденің бастапқыда қаншалықты ауыр болса да, Құдайдың бұйрығына басын игені құба құп. Өйткені, шариғатқа бойұсыну – барлық жақсылықтың басы. Мұсылман жанға жайлы және рақаты тез келетін тыйымнан бойын аулақ ұстары хақ. Себебі, біле білген адамға, айдалада жатқан батпан құйрықтың ақыры жаман. Мұндайға ақылды адам у қосылған дәмді ас деп біліп жоламайды. Ал, керісінше, қиын болса да, тура жолмен жүруді дәмі жағымсыз, бірақ емдік қасиеті мол дәрі тәрізді ұғып, ащы емді қабылдайды.

Алайда, ақ пен қараны түсінен емес, салдарынан ажырату үшін білім мен тәжірибе керек. Ол үшін сабырлы да төзімді болған жөн. Ал, сабыры мен сенімі сарқылған адамның мұратына жете алмасы мәлім.

Бұл аят адамды Раббысына толық тәуекел етуге үйретеді. Адам қолынан келген барлық шараны атқарған соң нәтижесін Алла Тағалаға тапсырғаны жөн. Алла пендесіне ең қайырлысын береді.

Сонымен бірге, санасы мен жүрегін мазалайтын сан алуан ойлардан тазартады. «Бұл қалай болады екен?», «Енді, не болады?» деген жөнсіз ойларды осы мүбәрак аяттың күшімен жояды. Бұл аят адам баласының қиыншылыққа қарсы қаруы. Әрбір істе Жаратушының маңдайға жазған тағдырына мойынсұну жақсылыққа алып барады. Өйткені, жыртқыш аң да өлексеге тиіспейді. Құдайдың тағдыры – жыртқыш аң болса, өлексе – Құдайдың жазғанына көнген пенде.

 

Мұса ЕРБАТЫР,

[1] Бақара сүресі, 216-аят

0 пікір