BESTSELLER-ДІҢ ТӨРЕСІ
BESTSELLER-ДІҢ ТӨРЕСІ
03.02.2020 10:37
462
0

Бестселлер сөзі ( ағл: best seller – «үздік сатыушы немесе ең көп сатылатын»      деген мағаналарға сайып келеді. Сонымен қатар әйгілі кітап немесе оқылуына және сұранысына байланысты танымал шығармалар. «Хит» термині әнге қолданылғаны тәрізді, бестселлер термині әлемдік арэнадағы сан алуан тақырыпта жазылған кітаптардың қаймағы деп қазақшалап айтсақ түсінікті болмақ. Пернетақтаның шрифтеріне саусағымның жорғалауына себеп болған бұл тақырыпты ашықтай кетер болсам, мақаламыздың тұздығы әрине – «бестселлер» терминінің төңірегінде өрбімек. ХХI- ғасырдан яғни 2000 – жылдардан бері әлемдік бестселлер кітаптардың тізбегін келтірейін. Құрметті оқырман осы бір абзац сізге қызықсыз әрі іш пыстырарлық болуы әбден мүмкін, бірақ үйімізге есік арқылы кіретініміз тәрізді мақаламыздың өзегіне де осы бір кіріспе арқылы өтіуді жөн санадым. Бестселлер кітаптардың бір қатары: 2000-жылы Николас Спаркс «Спасение», 2001-жыл Сью Монк Кидд «Тайная жизнь пчел», 2002-жыл Янн Мартел «Жизнь Пи» т.б туындылар бар. Тұңғыш елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында да осы бестселлер кітаптары туралы сөз қозғалған. «100 кітап» жобасындағы аударылатын кітаптарда бестселлер шығармаларынан болып табылады.

         Жоғарыдағы аталып өткен немесе оданда бұрынғы бестселлер туындылар тарих қойнауында көптеп кездесетініне дау жоқ. Бірақ, қасиеті мен ұлылығы жағынан, оқылуы мен дәріптелуі тұрғыснан, жүрегіңді жібітіп төрінен орын алыуда – Бестселлердің маржанына жетпесі айдан анық.

         Бестселлердің маржаны - деген не?

         Оның қандай қырлары бар?

         Оның шарапаттылығының сыры неде?- деген бірқатар сұрақтарға жауап беру арқылы негізгі көздеген мақсатымыз айқындалмақ.

Бестселлердің маржаны дегеніміз – әлемде онымен тең келетін немесе онымен бір қатарға тұратын теңдесі болмаған – «Құран Кәрім болмақ. Құран атауының өзі оның көп һәм әрдайым оқылатын кітап деген мағананы білдіреді. Ақиқатқа бір сәт көз жүгіртсек, Құраннан көп оқылатын немесе дәріптелетін кітап жоқ екеніне көзіміз жетеді. Өйткені, әлемнің бұрыш -бұрышында Құран тоқтаусыз оқылып, бұл үрдіс қиямет қайымға  дейін жалғасын таппақ. Құран тілдерде оқылатын, жүректерде сақталатын нәзіл болған аяттардан тұрады. Жаратылыс сипатынан пәк һәм ада. Әлемдердің жаратыушысы Аллаһтың құтты кәламы. Адам баласы ең қызықты, тартымды деген кітапты төрт немесе бес рет оқыуы мүмкін. Бірақ алғаш оқығандай одан ләзат алалмайтыны тағы белгілі. Өйткені, ол адам тілімен жазылған бір сарындағы желіс болып кетеді. Ал, Құранды оқыған сайын сізді өзіне баурап алатын магниті бардай өте бір ғажап сиқырлы кітап. Әрине бұндай сезімді шын жүрекпен оқыған адам ғана сезінері шын ақиқат. Адам ойынан туындаған қызықты шығармаларды оқитын болсаңыз уақытыңз зыр етіп өте қалады. Уақыттың берекеті деген түсінік ол жерде рөль ойнамайды тек кітаптың сізге беретін ләзәті ғана болып, тәтті шырындай тез түгеселіп қалады. Құран оқылған сәттен бастап уақыттың берекеті кіріп сағат тілі тоқтап қалғандай бір күй кештіреді. Аллаһ Тағаланың өз сөзінде бірнеше жерде әр түрлі уақыттармен ант беріуі ғажап бір тылсым құбылыс. Рамазан айы сайын жамағат бір имамның артына қаз-қатар тізіліп 30 күн бойы хафиздардың оқыған аяттарын жалықпастан тыңдайды. Әлемде осылай оқылатын бір кітап немесе газет-журнал бар деу ақылға келмейді. Олай деп айтқан адам болса, адамдар оны барып тұрған ақылсызға санайды. Бестселлердің маржаны дегеніміз осы мінеки!

Ендігі кезекте бестселлер кітабымыздың қырларынан сыр шертіп көрелік. Ең бірінші қыры Аллаһтың қорғауында қиямет сағатына дейін  сақталуы. Ол турасында әл-Хижр сүресінің, 9-аятында былай баяндалады:

«Шүбәсіз, осы зікірді» (Құранды) біз түсірдік және әлбетте оның сақтаушысы да бізбіз.» Оның бір әріпіне зарар берер ешкім болмайтыны сонымен қатар оны қорлауға, аяқасты етіуге тырысқан пенделер Аллаһтың қаһарына ұшырайтыны анық. Мысалы, Құраннан алдын түскен иләһи үш кітаптың барлығы дерлік адам қолдарынан өзгеріске ұшырап тахриф болды. Зәбур кітабының түпнұсқасын былай қойғанда (зікірлер бөлімінен басқасы), ол туралы мәліметте жоқтың қасы. Ал Тәурат кітабының қазіргі таңда танымал үш нұсқасы бар. Инжил кітабы алғашында елу түрлі нұсқаға әртүрлі нұсқалармен жазылып, кейіннен төрт нұсқаға ғана іріктеліп алынған. Олар: «Матта», «Маркос», «Лука» және «Югонна». Ал он бес ғасырлық тарихы бар Құран мұсхабы Ұлық Аллаһ Тағаланың қорғауында әлі сол күйінде, әріде бола береді.

Тағы бір айшықты қыры мынау. Құран Кәрімнің оқылуы мен жатталуы жеңіл болып келеді. Үтір-нүктесіне дейін жатталатын 18 мың ғаламдағы жалғыз дара сәмәуи кітап. Өте жоғары, ақпен қараны ажыратып беретін, даңықты, тура жолға бастайтын, түсінігі ұғымды, ардақты, бұлтартпас дәлелді мұғжизалы кітап. Оның ішіндегі бір сөзді әдейлеп орнына басқа сөз қойып тиләуәт еткен пенде діннен шығады. Бұған ибн Атия былай дейді: «Құран ол сондай бір кітап, егер одан бір сөз алынып тасталса, оның орнын толтыру үшін араб тілі зерттеліп астаң-кестең болсада одан артық сөз табылмайды.» Құранның оқылуы және сақталуы жеңіл болып келгенімен ұмытылуы тұсаусыз түйедей тым жылдам ғайып болып кетеді. Сондықтан әрдайым оны қайталап отыру керек-ақ. Қамар сүресінің 17, 22, 32, 40-аяттарында: «Ақиқатында біз, Құранды жаттау, ой жүгірту, ғибрат алу жақтарынан жеңіл еттік» - делінген. Осылай бір сүренің өзінде ғана төрт мәрте қайталанып келуі оның тілге және сақтауға жеңіл екенін баян етеді. Неткен тәнті боларлық ерекшелік десеңізші!

Ақырғы сауалымызға жауап қатып, мақаламызды түйіндесек оның шарапаттылығының сыры мынада болмақ. Бұл фәниде шын ниетпен оқыған әрі жаттаған адамға сын сағатында араша түсетін асыл кітап. Оған дәйек Муслимде келген мына хадис: «Құран оқыңдар,ашығында ол сөзсіз өзін оқыған иесіне шапағатшы ретінде келеді.» Бүгінгі таңда осы бір ұлы кітапты оқыушылар саны сирек. Мына бір жағдаяттыда түсініп алуымыз шарт. Құран тірілерге нұсқаулық ретінде түсірілген кітап, өлілерге сауап ниетімен артынан дұға бағыштауымызда еш айып жоқ, дегенмен бағыштау ісі ол екінші сатыда тұруы дұрыс болмақ. Ең сорақысы оны күнкөріс мақсатында бизнеске айналдырған пенделерде жоқ емес. Оған мысал ретінде Алматы қаласының автобустарын да кездесетін цыган жастарының Құран оқып соңынан алақанын жайып ақша талап етуі Құран аяттарын сатпай емей немене?! Қош, біраз ой тербедік, ұғындырдық енді тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтайық; Қазақ халқы Құранды әу бастан оқып жадымызға тұтқан халықтың бірі әрі бірегейіміз. Ол үрдіс қазірде жанданып келеді, жалғаса беріуіне өзімізде атсалысып тілеулес боламыз.

Бестселлердің маржаны жайлы Әбу Һұрайра р.а жеткізген мына бір хадиспен тәмәмдайық. «Шын мәнінде дүниеде төрт нәрсе ғәріп; біріншісі-Залым адамның жадындағы Құран, екіншісі-Мұсылмандардың арасында бола тұра намаз оқылмаған мешіт, үшіншісі-Үйдің қабырғасында оқылмай ілулі тұрған Құран, төртіншісі-Бұзылған қоғам ішіндегі ізгі адам» делінген. Бұл хадистің төркіні өте терең. Гауһар тастың қырлары көп болғаны тәрізді, Құран Кәрімнің де біз айтпаған, жазбаған қырлары мен сырлары әлі жетерлік.

Раббым, Құран шапағатынан бізді мақұрым етпесін!

 

Дауылбай САЙЛАУҰЛЫ,

Әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университетінің

Исламтану мамандығының 

2-курс студенті                                                                                                                                                                                                                           

0 пікір