ТҮН - ТЫНЫҒУ АЛ, КҮНДІЗ - ЕҢБЕКТЕНУ МЕРЗІМІ!
ТҮН - ТЫНЫҒУ АЛ, КҮНДІЗ - ЕҢБЕКТЕНУ МЕРЗІМІ!
22.06.2020 11:21
2400
0

Ислам діні уақыт мәселесіне қатты көңіл бөлген. Қасиетті Құранда уақыт ұғымына қатысты «күн» (яум), «апта» (усбуғ), «ай» (шахр), «жыл» (сәнә), «ғасыр» (аср), «сағат» (саат), «күндіз» (нахар), «түн» (ләйл) сөздері кездеседі. Адам үшін ең маңыздысы күн болғандықтан, Құранда ең көп (475 рет) осы сөз қолданылған. Демек, ең әуелі, бір күндік уақытты ысырапқа жол бермей реттей білу аса маңызды. Содан соң аптаны, айды, жылды тиімді өткізу де мұсылманға міндеттелген. Уақыттың маңыздылығы сонша – Ұлы Раббымыз Құранда кейбір маңызды саналған уақыттарға серт еткен. Бұған «Аср», «Дұһа», «Ләйл», «Фәжр» секілді сүрелер дәлел. Исламда бос уақыт деген ұғым кездеспейді. Сондықтан болар, Құранда бір жұмыстан шаршағанда, дереу екінші бір жұмысты қолға алу арқылы тынығу керектігі меңзелген. Бұны «жұмыс істеп отырып тынығу» деуге болады. Тек дене қатты шаршайтындықтан, түнде тынықтыруды жөн көреді. Өйткені, Алла тағала күндізді еңбектену үшін, түнді тынығу үшін жаратқанын айтқан:

«Сендерге түнді жамылғы, ұйқыны тынығуға (себеп), күндізді еңбектену мерзімі етіп тжаратқан – Алла»(Фурқан сүресі, 25-аят).

Сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өміріне қарасақ, оның өз уақытын өте тиімді пайдаланғанын көреміз. Өйткені, ол барлық істеріне үлгерген. Парыздарды былай қойғанда, нәпіл құлшылықтардың өзі өмірінің соңына дейін өз уақытында орындалған, әрі еш үзілмеген. Бұған қоса, ертелі-кеш жасаған дұғалары, мешітте уағыз айтуы, сахабаларымен кеңесуі, өзіне келушілерге уақыт бөлуі, өзінің зиярат етіп барған кісілері (науқастар, қабірлер т.б.), халықпен жүздесуі, ел ішіндегі діни рәсімдерді атқаруы (балаға ат қою, сүндеттеу, неке қию, жаназа т.б.), барлығы да оның жоспарына сыйып отырған. Бұл істердің барлығына уақыт табылған. Бұл нені көрсетеді? Бұл күндік жұмыстарын қаншалықты жүйелей білгенін, уақытты қаншалықты тиімді қолданғанын көрсетеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) күндізгі уақыттарды ғана емес, түнгі уақыттарды да мүмкіндігінше пайдалы өткізуге тырысқан. Құранда: «Раббыңның есімін ертелі-кеш зікірет. Түнде сәждеге жығыл. Жаратушы Иеңді ұзақ пәкте» (Инсан сүресі, 26-аят) делінгендіктен, түнде тұрып тахажжуд намазын оқуды әдетке айналдырған. «Мүззәммил» сүресінің алғашқы он аяты да түнгі уақытты жүйелеуді меңзейді. Пайғамбарымыз түнгі уақытын үшке бөлген: жанұясына, демалуға және құлшылыққа. Ең көп хадис риуаят еткен Әбу Һұрайра да түнді үшке бөліп, бір бөлігінде дем алған, екінші бөлігінде ғибадат жасаған, үшінші бөлігінде жинақтаған ілімін қорытқан. Күндіз Пайғамбарымыздан естіген хадистерін түнге қарай асықпай зерделейтін.

(Түнгі уақытқа кешкі намаз да кіреді). Күн бата салысымен түн басталып, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жанұясымен бірге кешкі асқа отырған. Қалған уақытын тынығуға және құлшылыққа арнаған.

 

0 пікір