«ТОЗАҚ ОТЫНАН ҚҰТЫЛҒАН ТОППЫЗ» ДЕГЕНДЕР КІМДЕР?
«ТОЗАҚ ОТЫНАН ҚҰТЫЛҒАН ТОППЫЗ» ДЕГЕНДЕР КІМДЕР?
27.07.2021 11:23
471
0

Анас бин Малик Ансариден жеткен хадисте Пайғамбарымыз с.а.с былай деген екен:

«Сабыр етіңдер, Рабыларыңмен кездеспейінше, заман өткен сайын, жаңа заман жаман бола береді». Осы хадисте жылдар өткен сайын дінді түсінудің күрделі бола беретіндігі нақты айтылып отыр. Бірақ біз соңғы уақытта қарапайым ғана «бөлінбеу керек» деген ұғымның өзін түсінуден қалып бара жатқандаймыз. Соңғы кездері  мұсылмандар арасында «біз тозақ отынан құтылатын топпыз» дейтіндердін саны күннен-күнге арта түсуде. Өздерін «Күнәдан пәк» санайтын топтардың кім-кімнің болса да ойын ойрандап, дүбәра пікір туындатары белгілі.

 Себебі, осындай «тозақ отынан құтылған топтар» өздерін жәннаттық етіп көрсетіп, басқаларды үрейлендіре жүріп, адасқандарды өз қатарларына қосып алуда. Өздерін «Құтылған топпыз» деп ұрандатып жүргендердің дәлел-дәйекке келтіріп жүрген хадистері мынадай:

Пайғамбарымыз с.а.с.: «Исрайл ұлдары 72 бөлікке бөлінген еді. Христиандар да солай бөлінеді.  Менің үмбетім 73-ке бөлінеді, барлығы тозақта тек біреуі ғана жұмаққа кіреді. Ол кім деп сұрағанда мен және жамағатым», - деген. Олардың тағы бір дәлелі мынадай:

Пайғамбарымыз с.а.с -нің: «Кімде кім Алладан басқа тәңір жоқ десе жұмаққа кіреді»,-деген хадисі.  Бір қарағанда мына хадистер өзара қарама-қайшы мағына беріп тұрған секілді. Қалайша 73-тен біреуі ғана жұмаққа кіреді дейді де, кейінгі бір хадисте барлық адам егер:

 «Ля иляһа илляллаһ» десе болды жұмаққа кіреді» дейді.  Дегенмен, астарында үлкен мағына жатқаны анық. Әрине, Пайғамбарымыздың  с.а.с сөздерінің бір-біріне теріс келуі мүмкін емес.  «Ғұламалар хадис оқыса мағына көреді. Жай адам сол хадисті оқыса әріп көреді» деген осы.

 Ең алдымен, «Пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.с. кімге жіберілген Пайғамбар?»- деген сұрақтың жауабын ұмытпауымыз  қажет. Құран Кәрімнің «Анбия» сүресіндегі 107 аятта Алла Тағала:

«Біз сені Әлемге мейірім етіп жібердік», - дейді.

 Демек, Пайғамбарымыз с.а.с. ол бір ұлтқа немесе арнайы елге жіберілген Пайғамбар емес, ол бүкіл Әлемге түскен, адамзат баласына жіберілген адамзаттың ардақтысы болған мейірім Пайғамбары с.а.с.  Яғни, алғашқы хадисте «яхудилер», «христиандар»  дегеннен кейін Пайғамбарымыз с.а.с. менің үмбетім деген терминді пайдаланды. Неге  «Мұсылмандар», «Иман еткендер» деген сөздерді пайдаланбады?

 Хадис соңында «мен және жамағатым» деп арнайы сөздер қолданғаннын тағы байқаймыз. Өйткені, мұның сырын ғұламалар былай деп түсіндіреді:

 «Мұхаммед Пайғамбардың с.а.с. үмбеті дегеніміз ол арнайы бір топ емес,  ол адамзат болғандықтан оның ішіне яхуди де, христианың да,  буддистерің де, т.б... дін өкілдері кіре береді. Сол себепті ғұламалар адамзат баласын екі үмбетке бөледі.  Бірінші үмбет - Исламды қабылдаған, екінші үмбет - Исламды қабылдамаған, әлі де уағыз насихатқа мұхтаж болған үмбет. Осылайша «үмбет» деген сөз екі топты құрайды

. Сол себепті Құран Кәрімде «Бірде  «иман еткендер» десе, енді кейде «мүсылмандар», тағы басқа жерлерде «Адамдар» дейтіні осыдан. Олай болса түсінікті,  демек бұл хадистегі мағына мынаны меңзейді: 

 «Яхудилер, христиандар 71, 72-ге бөлінсе менен кейін келген адамдар 73-ке бөлінеді, соның ішінде «калима»  айтып, менің сүннетімді ұстанғандар тозақтан құтылады делініп тұр». Қарап тұрсаңыз, мағына қалай түсінікті болғанын айқын аңғаруға болады.

Жалпы мұсылмандар бөлінеді деген мағына емес. Хадистер өзара қарама-қайшы емес, керісінше бірін-бірі толықтырушы болып тұр. Алла тағала баршамызды теріс ағымдардың жетегінде кетіп, бармақ тістеп қалудан сақтасын.

 

Дастан қажы Желеуов




 

0 пікір