ТӘУБЕ ҚЫЛУҒА АСЫҒЫҢЫЗ
ТӘУБЕ ҚЫЛУҒА АСЫҒЫҢЫЗ
16.11.2021 09:16
290
0

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деді: «Уа, адамдар! Өлмей тұрып Аллаға тәубе етіңдер. (Кәрілік келмей және ауырмай тұрып) салих амалдарды орындауға асығыңдар». (Сүнән ибн Мажа)

Aлла Tағала былай дейді (мағынасы): “Әйтсе де, Алла қабыл алуды уәде еткен тәубе – жамандықты (бір сәт нәпсіге еріп немесе) білместікпен істегеннен кейін (ол істің күнә екенін білген бойда) дереу тәубе етіп, Аллаға бет бұрғандардың тәубесі…” (Ниса сүресі, 17-аят)

Ибн Аббас (р.a.) “дереу” сөзінің мақсаты науқастанбай және ажал жетпей тұрып тәубе қылуға меңзейді дейді.

Бұл жерде тәубеге келудің ең ізгі кезі көрсетілген. Адам ауруға ұшырамай денсаулығы жақсы кезде тәубе етіп, салих амалдар жасау керек. Расында Құран кәрімде көптеген аятта тәубе салих амалдармен қатар аталады.

Денсаулық жақсы, өмірге зор үмітпен қарайтын кезде келген тәубе сонау уақытта күш-қажыр жұмсаумен тең. Науқастанып не ажал аузында жатқанда тәубе ету болса, өлер алдында дүние-мүлкін жұмсағанмен бірдей. Тек науқас кезде, денсаулықтан аурылып, нәпсі қалауын орындауға шамасы жоқ кезде тәубе еткен адам дүниеден, өмірден үмітін үзген, соған тәубе қылып кінәдан арылуға тырысқан адаммен бірдей емес пе?

Бұл тәубе мен күнә жасауға шамасы бола тұра Алладан қорқып, тек содан сауап дәметкен және Аллаға бойұсынуды бағынбаудан артық көрген адамның тәубесінің арасы жер мен көктей.

Сосын патша қолындағы тұтқынды, қолы кісендеулі, аяқтары байланған біреуді ойлаңыз. Патша құзырына бас ие келуінің жалғыз себебі опат болудан қорыққаны. Бұл адам көбіне Патшаның мейіріне, ризашылығына бөленбейді. Міне, бұл тек ажалы жеткенде тәубе еткеннің түрі. Саулығы мықты кезде тәубеге келген адам атқа отырып, қылыш асынған мықты жігітке ұқсайды, оның ұрыс-қақтығысқа, патшаға қарсы шығуға шамасы келеді. Қолында осындай мүмкіндігі бар кезде Патша құзырына бас ие келіп, бағынғанын білдірсе, Патшаның ең аяулы адамына айналады. Өйткені ол шын көңілмен, бағыныштылық танытып, оған қызмет етуге келген.

Ал Патшалардың Патшасы Алла Тағала жомарттардың ең жомарты, мейірімділердің ең мейірлісі. Барша тіршілік иесі оның алдында тұтқын. Құлдарының қайсысы азабынан қорқып пана сұраса және мұны адал көңілден сұраса, қандай күйде болса да оны азабынан құтқарады.

 

0 пікір