ТӘУБЕ ҚАБЫЛ БОЛАТЫН КҮН
ТӘУБЕ ҚАБЫЛ БОЛАТЫН КҮН
09.09.2019 11:46
488
0

Мұхаррам айы – мұсылман күнтізбесі бойынша жыл басы. Яғни, Һижра жыл санауына сәйкес, жылдың алғашқы айы. Мұхаррам қасиетті ай саналады. Ал осы айдағы ең қасиетті күн – 10-шы күн. Бұл күн Ашура деп аталады. Биыл Ашура күні 9 қыркүйекке дөп түсіп тұр.

«Ашура» сөзі араб тілінде «ъашара» он санынан шыққан. Бұл күн Мұхаррам айының оныншы күніне сай келгендіктен «Ашура», яғни, оныншы күн деген атау берілген. Ашура күнін қасиет тұту сонау жәһили (надандық) дәуірінен бастау алады.

Ашура күні ораза ұстау міндетті емес. Бірақ, ұстаған адамға сауабы мол. Яғни, нәпіл оразаға жатады. Рамазан айында ораза тұту парыз етілген соң Пайғамбар (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ашура күнінде ораза тұтуды сахабалардың еркіне қалдырған. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл күні ораза ұстаған мұсылман үлкен сауапқа ие болады. Сондай-ақ Ашура күніндегі ораза оның өткен жылда жасаған күнәларына өтем болатыны да айтылған.

Алла Елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан айының парыз оразасы мен Ашура күнінің оразасын сағына күткен. Бұл сөзімізге Ибн Аббастың (р.а.) мына бір сөзі дәлел. «Мен Пайғамбардың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ашура күні және Рамазан айынан өзге күнді ораза тұту үшін ардақтап, күткенін көрмедім», – дейді Ибн Аббас (р.а.). Оның бұл өзін Бұхари жеткізген.

Ханафи мазһабы ғалымдарының байламынша, Ашура оразасын ұстау сүннет болып саналады. Алайда, Ашура күнінде ғана емес, оған дейінгі немесе одан кейінгі бір күнді қосып ораза ұстау керек. Өйткені, Ашура күні ғана ораза тұту яһудилердің амалына ұқсап кетуі мүмкін. Сондықтан Ашура күнін жеке-дара тұтқанды кінәсі аз ұнамсыз іс деген. Ғалымдар дәлел ретінде төмендегі хадисті алға тартқан: «Ашурада ораза тұтыңдар және яһудилерге кері іс жасап, алдыңғы не кейінгі күнді де қосып ұстаңдар».

 Кейбір хадистер Ашура күнінің тағы бір ерекшелігін көрсетеді. Аталған хадистерге сәйкес, бұл күні отбасымызға басқа күндерге қарағанда өзгеше жомарттық танытқан жөн. Хадис ғылымына сүйенер болсақ, бұл хадистер аса сенімді емес. Дегенмен, Бәйхақи және Ибн Хиббан сияқты кей ғалымдар бұл хадистерді сенуге тұрарлық деп тапқан.

Әзіреті Әлиден (р.а.) келген бір хадисте, бір кісі Пайғамбарымыздан (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа Расулалла! Рамазан айынан кейін қай айда ораза ұстауыма кеңес бересіз», – деп сұрағанда, Ол (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Рамазан айынан кейін ораза тұтқың келсе, Мұхаррам айында ораза ұста! Шынында, бұл ай – Алланың айы. Бұл айда бір күн бар, сол күні Алла Тағала кей қауымның тәубесін қабыл еткен. Қалғандардың да тәубесін қабыл етеді», – деді. 

Сахаба Акрама (р.а.) мен Әзірет Әлидің (р.а.) айтуларына қарағанда, Адам атамыздың да, Жүніс пайғамбардың да тәубесі қабыл етілген, кешірім етілген күн – осы Ашура күні.

Ендеше, Ашура күні «тәубе» намазын оқып, өткен-кеткен, пендешілікпен біліп істеген, білмей істеген күнәларымыз үшін арнайы кешірім тілегеніміз жөн болады. Әрине, бұл дегеніміз басқа күндері кешірім тілемеу керек, тәубе жасалынбайды деген сөз емес. Дегенмен, Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтып кеткендей, осы күнде, күнәнің кешірілу ерекшелігі бар. Сол себептен істеген күнәсіне іштей өкініп, енді қайталамауға бекініп, тәубе етсе, тәубесі қабыл болады.

Жолдас қажы ҚОСПАҚҰЛЫ,

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының

Павлодар облысы бойынша өкіл имамы.

0 пікір