Тәңіршілдік дін бе?
Тәңіршілдік дін бе?
10.02.2019 13:04
272
0

Әуелі біз дін сөзінің ұғымын біліп алғанымыз жөн болар. «Дін» сөзінің араб тіліндегі мағынасы - сыйлық, үкім, есеп, жаза, мойынсұну, бағыну, құлшылық, шариғат, заң, жол, тіпті, кейбір жағдайларда ұлт деген ұғымды да қамтиды. Ал «діннің» термин ретіндегі мағынасын, Алла Тағала тарапынан жіберілген адамзаттың өмір сүруін ретке келтіретін, адамның аса күрделі жан-дүниесіне рухани тірек болатын заңдылықтарды, ақыретте Алланың разылығына кенелумен уәде етілген мәңгілік жәннәттағы қуаныш пен бақытқа жетелейтін жолдарды көрсетеді деп түсіндіруге болады.

Дін бүкіл әлемнің жаратушысы Алла Тағала тарапынан ғана жіберіледі. Иә, дін Жаратушыдан жеткен қасиетті ұғым жүйесі болғандықтан, өзге күштің дінге ұқсас жүйе ойлап шығаруға немесе діни үкімдерге әлдеқандай өзгеріс енгізуге ешқандай да құқы жоқ. Тіпті, пайғамбарлар да мұндай құзыретке ие емес. Алла Елшілерінің міндеті - Жаратқаннан келген әмірлер мен тыйымдарды үмметтеріне жеткізу.

Дін адамға Алла Тағаланың таңғажайып даналыққа құрылған жаратылысының алдындағы мақсат, міндеттерін айқындап береді. Адам баласы тек ішіп-жеу, саят құрып сайрандау, бірін-бірі өлтіру үшін ғана жаратылмаған. Керісінше, адамзаттың Ұлы Жаратушысына құлшылық ету үшін ғана жаратылғандығын мына бір аят баян етеді: «Мен жындар мен адамдарды тек қана маған құлшылық етулері үшін жараттым» («Зарият» сүресі, 56-аят).

Дін адамға екі дүниенің бақытына апаратын тура жолды көрсетеді. Адамның бүтін іс‑әрекетін қайырымдылыққа, ізгілікке бағыттайды.

Дін пайғамбарлар арқылы адамдарға жеткізілген Алланың бұйрықтары мен тыйымдарынан тұратындықтан, тек уаһиге ғана сүйенеді. Діннің ең басты ерекшелігі осы уаһи арқылы келуінде. Басқалай болған жағдайда, яки дін негізі уаһиге құрылмаса, Алла құзырында иләһи (құдайлық) дін болып саналмайды. Ондай дін «жасанды дін» деп аталады.

Алла Тағала адамды Өзін танып, құлшылық ету үшін жаратқандықтан дін жіберді. Бұл діннің негізі «Таухид» (Алланың бірлігі) сенімінен тұрады. Ислам дініне дейін Алла өзінің шынайы, дара жолын үйрету үшін әрбір қауымға, тайпаға, ұлтқа елшілер арқылы дін жіберді.

Ұлы Жаратушының бар екендігіне сенгенімен, Оған қалай құлшылық ету керектігін адам ақылымен шеше алмайды. Сол үшін діни әмір мен тыйымдар келіп отырды. Өйткені, сылтау мен желеуге бірден‑бір тосқауыл ретінде әрбір қауымға жеке-жеке елші мен шариғат заңы жіберілді. Құранда бұл жайында былай дейді: «Бұрынғы пайғамбарлардан кейінгі адамдарға (пайғамбар келсе біз тәубе етер едік деп) сылтау айтпауы үшін жақсы хабар жеткізуші, (астамшылық еткендерді) ескертуші етіп, тағы да пайғамбарлар жібердік. Алла аса үстем, хикмет иесі»(«Ниса» сүресі, 165-аят).

Елші келмеген, дін жіберілмеген ешбір қауымның болмағандығы туралы мына аяттар хабар береді: «Шындығында Біз сені ақиқатпен (мүміндерге) қуанышты хабар жеткізуші (кәпірлерді) қорқытушы етіп жібердік. Қауымдардыңқайсысына болса да елші жіберілген» («Фатыр» сүресі, 24-аят); «Әрбір үмметтің бір пайғамбары бар» («Жүніс» сүресі, 47-аят).

Алла қайсы бір қауымға пайғамбар мен шариғат жібермесе, онда ол қауымды ақыретте жазаламайды. Өйткені, Алла Өзін танытатын елші мен діни үкімдер жібермегендіктен, адамдар Аллаға қалай құлшылық ету керектігін ақылымен шеше алмай, құлшылық жасаймын деп, Аллаға серік қосу немесе күпірлік етіп қоюы әбден мүмкін еді. Сол себепті Құранда: «Пайғамбар жібермейінше ешкімді жазаламаймыз» («Исра» сүресі, 15-аят),- деп анық ескертілген.

Демек, Ұлы Жаратушы өзінің діни шариғатын жібере отырып, соңында исламмен тәмамдаған. Ал исламнан кейін қияметке дейін ешқандай иләһи дін келмейтіні әмбеге аян.

Қоғам өмірі мен рухани болмысы жайында ғылыми зерттеулер жүргізген философтар, әлеуметтанушылар мен дінтанушылар алғашқы діни жүйелер жайында түрлі тұжырымдар айтқан. Әр ғалым өзінің зерттеу нысанының шеңберінде дінге түрлі түсінік береді. Нәтижесінде, алғашқы діни жүйе ретінде, ғалымдар анимизм, тотемизм, натуризм, магия, фетишизм, паганизмдерді бөле-жара атайды. Ал ислам бұл пікірмен келіспейді.

Ислам діні бойынша адамзаттың алғашқы діні - Таухид діні. Себебі, Адам ата (Оған Алланың сәлемі болсын) адамзаттың алғашқысы, әрі бірінші пайғам-бары. Ол Алланың әмірімен таухид (бірлік) дінін уағыздаған. Алла тағала оған 10 парақтан тұратын Өзінің діни заңдылықтар топта-масын түсірді. Хазреті Адам (Оған Алланың сәлемі болсын) өзіне жүктелген пайғамбарлық қызметті балалары мен немерелеріне айтып жеткізді. Осылайша жер бетіндегі алғашқы дін - «Тауһид» діні пайда болды. Хазреті Адам (Оған Алланың  сәлемі болсын) дүниеден өткен соң, оның ұрпақтары сауатсыздықтан, шайтанның алдап-арбауымен тауһид дінінен ауытқи бастады. Мұның түбі түрлі діни сенімдер мен діндердің пайда болуына әкеп соқты. Адамдар таухид дінінен шығып, өзге нәрселерге табына бастағанда, Алла екінші бір елшісін, пайғамбарын жіберіп, пенде-лерін адасушылықтан тура, шынайы жолға шақыртып отырды.

Ислам - Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген соңғы иләһи дін. Ислам өзінен алдыңғы иләһи шариғаттардың бәрін толықтырушы әрі кәміл дін болғандықтан, Алла исламнан өзге дінді қабыл етпейді: «Күмәнсіз Алланыңқұзырындағы дін - Ислам» Әл-Ғимран» сүресі, 19-аят). «Кім Исламнан басқа бір дін іздесе, одан ол әсте қабыл етілмейді. Ол ақыретте зиянға ұшыраушылардан болады» Әл-Ғимран» сүресі, 85-аят).

Ислам ғұламалары діндерді екі топқа бөліп қарастырады:

1. Алла тарапынан жіберілген сәмуи діндер (яһуди, христиан, ислам).

2. Алла тарапынан жіберілмеген жасанды діндер (анимизм, натуризм, тотемизм, буддизм, индуизм т.б.).

Бір дінді дін деп атай білу үшін мынандай элементтер болуы қажет: Құдай түсінігі, пайғамбар, періште, қасиетті кітабы (жазба мәтіндер), моральдық қағидалар, заңдары, қасиетті күндер мен мейрамдар, ораза, қажылық, құрбандық, садақа, неке, құлшылық, ғибадатхана, дін қызметкері секілді діни атрибуттар қажет. Ал мұндай атрибуттар болмаса, онда ол наным-сенім немесе ырым болып есептеледі. Наным-сенім мен дінді шатастыру үлкен қателік. Егер барлық наным-сенімді дін ретінде есептесек, онда жер бетінде әр ұлттың, тайпа, рудың бір-бір діні бар деген сөз. Расында солай ма?

Енді тәңіршілдікті алатын болсақ, жоғарыда айтылған мәселелерді ой таразысына салғанымызда қандай дінге жатады? Тәңіршілдікті дін деп атауға бола ма? Әрине, жоқ. Тәңіршілдік дін емес - наным-сенім. Тәңіршілдік - түркі халықтарының исламға дейінгі негізгі діни нанымы. Табынудың басты объектісі - Тәңір. Тәңірі (көне түркі тілінде - мықты, ер, құдіретті) - көне түркілердің діни наным-сенімдеріндегі тұлғаланбаған, шексіз күйі есебіндегі аспанмен теңестірілген басты Құдай бейнесі. Тәңірмен қатар Жер, Су құдайы да түркілер үшін - табыну объектісі. Бұдан шығатын қорытынды - тәңіршілдікте үш құдай түсінігі бар деген сөз. Тәңіршілдікті өзге діндермен салыстарғанда дін санатына жатпайтындығын аңғару қиын емес. Мәселен, Тәңір түркілерден күн сайын дұғалар оқып, ғибадатханаға баруды, құлшылық жасауды талап етпейді. Күнделікті құлшылығы мен ғибадатханасы болмаса, ол қандай дін болмақ? Тек Құдайды еске алып қою - ол дін емес, наным.

Философ ғалым Ғарифолла Есім тәңіршілдік мәселесінде былай дейді: «Түркілердің адамзат өркениетіне қосқан ең үлкен үлесі - Тәңір идеясы. Тәңір идеясын монетеистік сипаттағы мәдени танымның негізі деуге болады. Жалпы Тәңір мәселесінде ғылымда әр текті пікірлер баршылық. Менің де бұл мәселеде өз түсінігім бар. Тәңірді біз сипаты арқылы танимыз. Ал Тәңірдің сипаты - көк. Басқаша айтқанда көк Тәңірдің эпитеті. Сонда «көк» дегеніміз не? Біреулер көк деген аспан десе, «көкті» эпитет дегенге тоқтайды. Менің пікірімше, «көк» дегеніміз «аспан» емес. Себебі «көк» деген өсіп-өну деген мағына беретін ұғым. «Көк» сөзі де осы тәрізді Тәңірдің сипатын ашады. Тәңір - жаратылыс, ол көк, яғни мәңгі өсіп-өне беретін қуат. Тәңір деген дін емес, онда діндік институттар жоқ, дін дерлік қағидалары жоқ, ол дүниеге ашық көзқарас, ашық дүниетаным. Демек дін дүниетанымнан, осы тәңірлік ашық дүниетанымнан шығып отыр».

Көк Тәңірге сену тек түркілерге ғана тән наным емес. Мұндай сенімдер барлық құрлықтарда, әсіресе, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка, Солтүстік Азия және Аустралиядағы бейсауат қауымдарда көне замандардан белгілі болған тәңір культі. Л.Гумилев ежелгі қытайлықтарда түрік ұғымындағымен бірдей көк тәңір нанымы болғанын растайды. Көне Қытай, Мысыр, Рим, Месопотамия елдерінде көк тәңір туралы нанымдардың болғандығын, аталмыш елдердің патшаларының атағы көбіне көктің ұлы, күннің ұлы, аспанның перзенті боп аталғандығын «Древние тюрки» (Мәскеу, 1993, 85-бет) атты еңбегінде дәлел-дейді. Ғалымдар көк тәңірі туралы нанымды тәңірлер және тәңірсымақтар туралы культтерден бұрын болған ең тұрпайы наным деп бағалайды және мұндай тұрпайы сенім ең шалғай құрлықтарда да болғандығы ғылыми ақиқат.

Олай болса, тәңіршілдік наным-сенімі тек түркі халықтардың, соның ішінде қазақ халқының төл діні емес. Бұл ежелгі барлық қауымдардың ортақ нанымы. Жоғарыда аталған елдердің ешбірі екі мың, үш мың жыл бұрынғы ата-бабаларының наным-сенімдерін жаңғыртуға құлықты емес. Себебі ол нанымды дін деп атауға келмейді. Діни атрибуттары жоқ нанымды ұлттық дінге айналдыру - барып тұрған надандық екендігін білгендіктен, ғасырлар қойнауы-на кеткен нанымдарын тек атаумен ғана шектелуде. Ал, біздегі Әуезхан Қодар секілді кейбір азаматтарымыз тарих қойнауына кеткен тәңіршілдікті қайта тірілтпек. Ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрді жаңғырту мүмкін болмағанда, «дінім - ислам, құдайым - Алла, пайғамбарым - Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), қасиетті кітабым - Құран» деген халықтың ұмытылған нанымын қайтпек? Әлде, Құдайды да жекешелендірмек пе? Түркі халықтарының ешбірі «Біздің ұлттық дініміз, ата-баба дініміз тәңіршілдік» деп ұрандап жатқан жоқ. Тәңіршілдік барша түркілердің ортақ нанымы екендігін ескерсек, расында да ақиқат дін болса, өзге бауырлас түркілер неге жаңғыртуға тырыспайды? Себебі ол күлкілі әрі надандық. Атышулы Рим империясы пұтқа табынған, парсылар отқа табынған. Дамыған бұл елдер сол байырғы дінін Әуезхан секілді аңсай ма екен?

Тәңіршілдікті қайта жаңғыртумен қазақ даласында онсыз да жағымсыз кейіптегі бақсы-балгерлердің санын көбейтпек пе? Әлде, отты айналып, жауырынға қарап бал ашатын шамандықты аңсай ма? Тәңіршілдер дамыған ел, рухы биік азамат болуды қаламаса, тұқымы құруға аз қалған ханты, манси, чукчалар секілді ділі мен тілін ұмытуды көксей ме?

Тәңіршілдік - бұл дін емес. Тәңіршілдік - тек наным-сенім. Наным-сенімді дінмен шатастырмайық. Бабаларымыз ғасырлар бойы ислам дінін ұстанып келді. Қала берсе, әлемге әйгілі көптеген ғалымдарды шығарды. Отырар, Түркістан секілді руханиятқа бай қалаларымызды, Әл-Фараби, Ахмет Иассауи, Иүгүнеки, Хусамиддин Сығанақи, Хибатулла әт-Тарази, Абай, Шәкәрім, Ыбырай, т.б. қазақ даласынан, ұлтынан шыққан ғұлама, ірі тұлғаларды қай ұрпаққа аманат етпек...

 

Смайыл СЕЙТБЕКОВ

 

 

0 пікір