ТАБЫСТЫҢ ОНДА ТОҒЫЗЫ САУДАДА
ТАБЫСТЫҢ ОНДА ТОҒЫЗЫ САУДАДА
12.09.2019 14:07
449
0

Хазірет Омардың (р.а.) өз заманында: «Біздің базарымызда тек қана шариғи білімі бар адамның ғана сауда жасауына рұқсат» – деп шариғаттан хабары жоқ адамның харам істерге ұрынатындығын ескере отырып, ондай адамның адал мен арамды ажырататындай діни сауатқа ие болмайынша сауда кәсібіне араласуына тиым салған екен.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Сауда жасаңдар! Өйткені табыстың онда тоғызы саудада» деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) еңбек ету тек дүниелік табыс емес сонымен қатар «Кейбір...күнәлар тек қана адал, маңдай термен табыс табу үшін еңбектенгенде ғана кешіріліп, тазаруы мүмкін» деп адал еңбектің адам күнәларының жуылып-шайылуына себеп болатындығын құлшылық екендігін айтқан. Басқа бір хадисінде: «Сендерден біреуің құрма ағашының көшетін егейін деп жатқан сәтте қиямет келіп қалса, егер үлгерсе оны ексін» деген. Бұл хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) кез-келген бастаған игі істі аяғына дейін толық орындауымызға және соңғы демімізге дейін еңбек етуді тоқтатпауымызға шақырады. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай еңбек те құлшылық болып есептеледі.

Ал жалқаулық – адамды бойкүйездікке салып, дүние істері мен ақырет амалдарына салғырттық танытуына әкеліп соғатын аса қатерлі дерт. Адамзатқа үлгі ретінде жіберілген Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жалқаулық кеселінен пана тілеп, Алла Тағалаға сыйынатын болған. Өзінің (с.ғ.с) даналыққа толы бір хадисінде «Жұмыссыз қол қусырып отыру адамның жүрегін өлтіреді» деп қатаң ескерткен.

Атам қазақ та ұрпағын әрдайым адал еңбекке ынталандырып, «Адал еңбек елге жеткізеді, арам еңбек елден   кеткізеді», «Еңбек етсең ер боласың, жатып ішсең жер боласың», «Еңбегі бардың өнбегі бар» деп тәрбиелеген.

Бұл жайлы Абай атамыз да бір сөзінде:

«Тамағы тоқтық,  жұмысы жоқтық,  аздырар адам баласын» деген.

Тағы бір өлеңінде жұмыс істеу турасында:

 «Жан аямай кәсіп қыл.

 Орынсыз ыржаң,

Болымсыз қылжаң

 Бола ма дәулет, нәсіп бұл?

Еңбек қылсаң ерінбей,

Тояды қарның тіленбей.

Егіннің ебін,

Сауданың тегін

Үйреніп, ойлап, мал ізде» – деп жырлаған. Асыл дініміз мал-мүлік жинап дәулетті болуға тыйым салмайды. Өйткені дүниелік заттар адамның пәни өмірлік қажеттіліктеріне жатады. Қайта Ислам діні адамға өзгелерге кіріптар болмауы үшін кәсіппен айналысып еңбек етуін бұйырады.

 Алла Тағала Құран Кәрімде: «Намаз оқыған соң, әр тарапқа ағылыңдар да Алланың кеңшілігінен несібелеріңді іздеңдер. Сондай-ақ Алланы көбірек еске алыңдар. Әрине (жетістікке жетіп, азаптан) құтыласыңдар» («Жұма» сүресі, 10-аят) – деп, мұсылмандарды құлшылықтарын өтеп болғаннан соң, жер бетіндегі ризықтарды іздеп, адал еңбек етуге шақырады. Әз елші (с.ғ.с) «Алла Тағала белгілі бір мамандық иесі болған құлды жақсы көреді» – деген хадисінде де жұмыс істеуге ынталандырады. Мұсылман адамға арамдық араласпаған кезкелген таза, адал кәсіппен айналысып, сол арқылы өз ризық-несібесін тауып жеуіне рұқсат. Және нәпақасын табу жолында өзгелерге еш зиянын тигізбеуі керек. Сонымен қатар, дүние табамын деп жүріп, Алланың парыз еткен міндеттерін де ұмытып кетуіне болмайды. Оның жұмысы мойнындағы міндеттеріне, құлшылықтарына кері әсерін тигізбеуі лазым.

 Алла елшісі (с.ғ.с): «Ешкімге де маңдай терімен тапқанынан артық ризық бұйырмаған. Дәуіт пайғамбар да өз еңбегімен күн көрген» дейді. Меккеде жүргенде саудамен де айналысқан және үй шаруасына да араласуды намыс көрмеген. Айша анамыз сүйікті елшінің (с.ғ.с) қолы бір босамайтындығын айтқан. Міне, осылайша адамзаттың ең ардақты тұлғалары, хақ расулдарының өздері өзгеге үлгі болып, тер төгіп, еңбек етуді ар санамаған, өз нәпақаларын ешкімнің қолына қарамай өздері табатын болған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Менің сахабаларым аспандағы жұлдыздар тәрізді, олардың қайсы біріне ерсеңдер де адаспайсыңдар» – деп турашылдығына куәлік берген сахабалары да дүние тіршілігіне араласып өз нандарын өздері тауып жеген. Олар саудамен айналысқан, құрма бағын өсіріп бағбан болған, мал асырап баққан және тағы да басқа кәсіп түрлерімен айналысқандықтарына тарих куә.

 Ислам адам баласына дүние-мүлкін тек қана адал жолмен тауып, дәл сол тазалықты ұстанған түрде адал жолда жұмсауын бұйырған. Пайғабарымыз (с.ғ.с) «Пенде қиямет күні төрт нәрседен сұралмайынша, алға жылжи алмайды. Олар: Өмірін қалай өткізгендігі, денсаулығын қалай тоздырғандығы, дүние мүлкін қалай тауып, қайда жұмсағандығы және ілімімен қалай амал еткендігі» дейді. Тағы бір хадисте: «Кез-келген пенденің харам әбден сіңген тәніне тозақ оты ғана лайықты» деп қатаң ескерткен. Осы хадистерді негізге алған мұсылман асының адал болуын қатты қадағалайтыны сөзсіз. Хазірет Әли (р.а) «Асының адал болуын ойлап, сол үшін уайым шеккен адамдарды жаннат сағына күтеді» деп, адал кәсіптің маңыздылығына аса мән берген.

Адал кәсіптің осы дүниеде де берер жемісі көл-  көсір. Өйткені ондай табыстың берекесі мол келеді. Ал арам жолмен тапқан адамның табысы қаншалықты көп болса да, берекесіз болады. Және ондай табыс иесінің жүрегіне тыныштық күйін сыйламайды, әрдайым өзін жайсыз сезінеді. «Арамнан алған түйеден, адалдан алған ешкі артық» деген аталы сөз бекер айтылмаса керек. Адалдан тапқан асты ғана жеу дұғаның қабыл болуының негізгі шарттарының бірі.

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) Әбу Хұрайрадан жеткен бір хадисінде: «Уа, адамдар! Расында Алла пәк, тек таза нәрселерді (яғни, халал жолмен табылғанды, рұқсат етілгенді) ғана қабыл етеді. Шын мәнінде, Алла елшілерге бұйырғанын мүміндерге де бұйырды. Хақ тағала: «Уа, елшілер! Таза ризықтардан жеңдер де, ізгі амал істеңдер» («Муминун» сүресі, 51) және «Уа, иман келтіргендер! Ризықтандырғанымыздың жақсыларынан жеңдер» («Бақара» сүресі, 172) деген» деді. Сонан соң үсті басы шаң, шаштары ұйысқан, ұзақ жол жүріп келген қалпында қолдарын көкке көтеріп: «Уа, Раббым! Уа, Раббым» деп дұға етіп тұрған адам туралы: «Бірақ ішкен-жегені харам, кигені харам және хараммен азықтанғанның дұғасы қалайша қабыл болсын?!» деп Алла Тағаланың тек таза нәрселерді ғана қабыл ететіндігін айтқан. Сондықтан мұсылман баласы асты аузына алып барар алдында оның адал екендігіне, дұрыс жолмен табылғандығына көз жеткізу керек. Бұл нәрсеге өте мұқияттылық таныту қажет.

 

0 пікір