СЕНІМ ТУРАЛЫ ОЙЛАР
СЕНІМ ТУРАЛЫ ОЙЛАР
09.10.2020 17:26
1582
0

Дұрыс сенім мен адасу Ислам философиясында өзекті мәселе ретінде қарастырылады. Осы мәселелерге қатысты түрлі деңгейлерде діни таным қалыптасқан. Діни таным – надандыққа қарсы адамгершілік тәрбиенің шартты түрдегі өткелі. Ислам фалсафашылары қалыптастырған діни таным негізіндегі ой-тұжырымдар ислами деңгейдегі ойлау жүйесінің ерекшелігін көрсетеді де, даналық деңгейінің асқақтығын мойындатады.

Әл-Ғазали Ислам философиясында сопылық бағыттың өкілі саналады. Көптеген діни-танымдық негіздегі еңбектердің авторы. «Ихйа илм ад-дин», яғни «Сенім туралы ілімді қайта тірілту» еңбегімен әлемге әйгілі болды. «Кәміл адам» танымы негізіндегі ойшылдықпен дәстүрлі діни таным үлгісін орнықтырды. Әл-Ғазалидің «Кәміл адамы» Ислам апологеті ретінде исламдық дүниетанымды қалыптастыру мен қорғауда маңызды роль атқарады. Құдіретті ақиқатты тануда адам ақылының әлсіздігіне бейімделе отырып, түсіндіру жолдарын қарастырады. Тәпсірлеуші ғалым ретінде Құрандағы аяттардың астарлы мағынасындағы терең философиялық діни мағынаны түсіндіруде сенімге қатысты жасаған ой-тұжырымдары дәлелді, тиянақты.

Адамның жүрегі мен ішкі сезім құбылыстарының нәзік толқындары өте күрделі. Дегенмен өзін жаратқан Құдіретті Иемен өз байланысын сезінуі о бастан адамға берілген сеніммен байланысты. Сенім ұрығын Алла адамдардың жүрегіне тумысынан, рухпен бірге салады екен, сондықтан да Алланың барлығына сенуге әр адамның жүрегі әзір, жан-дүние сезімі бейім деп әл-Ғазали тұжырым жасайды. Адамдар оны түсініп айтса да, түсінбей айтса да, ішкі дүние сезімі солай айтуға ықпал етеді деп сенімге қатысты еңбек жазған Әл-Ғазали адам болмысының ерекшелігін көрсетеді.

Діннің міндеті о бастағы рухымен жүрекке бекіген, бірақ ұмытылған сенімді ояту арқылы қайта тірілту. Егер де о бастан Жаратушы адам жүрегіне сенімді орнықтырмаса, сана деңгейіндегі түрлі түсініктер адамдарды әлдеқашан құдайсыздар санатында қалдырар еді. Сенімнің болмыстағы бар болуы адамдарды ерте ме, кеш пе Жаратушыға деген танымға әкеледі екен. Оның өзі адамның өмір сүру өткелдерінен дұрыс таңдауымен сенімді ояту арқылы болып жатады. Жүректегі сенімді ояту түрлі күйзелістердің астарындағы өмірлік мәндерді пайымдаумен сабақтасып, өмір сүру негізінде басты нәрсе не екенін түсіндіреді.

Күйзеліс, ауыртпалық келсе, адамдар оның мәнін түсінуге тырыспайды. Ол түсінген адамға – сынақ. Оны түсіну үшін пайымды таным қажет. Кез келген өмірлік оқиғаларға байланысты дұрыс таным қалыптастыру үшін білім аса қажет. Өмірдегі білімсіздік – зұлымдықтың қайнар көзі. Әл-Ғазали: «Білімге деген құштарлық – әрбір мұсылманның міндеті», – деп тұжырымдайды. Білім неше түрлі надандыққа қарсылық. «Ихйа» еңбегінде қарапайым бес сезіммен жоғарғы рухты тану мүмкін еместігін айтып, адамдағы тағы бір сезім қасиеті барлығын көрсетеді. Ол о бастан берілген жоғарыда айтып кеткеніміздей сеніммен байланысты «жүреккөзі» құбылысы. Оны Ислам фалсафашылары «нұр» немесе «сәуле» деп те түсіндіреді. Бұл адамдағы ең терең, нәзік қасиет. «Жүреккөзін» қазақ дүниетанымында «көкейкөз» десе, ғылым тілінде «интуиция» деп атайды. Әл-Ғазали ол адамдарда бар деп тұжырымдайды. Абайдың «ынталы жүрек» дегені де осы «жүреккөзі». Дүниенің көзге көрінетін, көрінбейтін тылсым сыры сияқты адамдардағы тылсымдық қасиет осы «жүреккөзі» екені белгілі. «Жүреккөзі» нәзік танымға тірек болуымен ойдың тереңіне сүңгітіп, білімнің түпқазығы десе болады. Ғазали адамның жан-дүние әлемі «жүреккөзімен» байланысты дей отырып, шынайы танымдық білім негізі жүреккөзі көмегімен болатынын түсіндіреді. «…Көңілдері сезініп, құлақтары еститін қабілеттері болмады ма деші. Бірақ көз соқыр болмағанмен, көкірек соқыр болса, не шара» («Хаж» сүресі, 46-аят). Құран аятының мағынасы да жүреккөзі соқырлығының ауыртпалығын түсіндіреді. Осыған орай, Әл-Ғазалиде тылсым руханилық тереңімен дүниені танып білу маңызды деп санап, оны әрине адамдағы «нұрлану» сияқты құбылыспен байланыстырады. «Нұрлану» – құдырет кереметін сезіну. Жүректегі сеніммен қатар жүреккөзінің құпиясы болған құбылыс «нұрлану» адамдағы тылсым қасиеттің оянуымен сабақтасады. Мұндай құбылыстар өте күрделі, ұзақ уақыт деңгейімен кейде жарқ ете қалған «найзағай» сияқты ерекше құбылыстармен байланысты болып келеді. Мұны «әулиелікпен» де байланыстыруға болады. «Нұрлану» о бастағы Жаратушы тарапынан болмыстағы таза, пәк сана деңгейіндегі ерекшелік. Мұндай таза сана деңгейіндегі «әулиелік» сопыларда жиі кездеседі.

Әл-Ғазали: «Адамдар Жаратушыдан басқа Тәңірі жоқ екеніне сендіреді. Бірақ, барлығы Тәңіріні танып, білді деп кім айта алады?», – деп сұрақ қоя отырып, оған жауап айтады. Сенім Жаратушыға деген шынайылық сезіммен ұштасқан діндар адамның ізгі іс-әрекеттері деп, Құрандағы аяттар астарындағы мағынаны түсіндіруге тырысады. «Иман келтіргендер және ізгілік жасағандар үшін шынында да олардың жүрегінде махаббат ұялатады» («Мариям» сүресі, 96-аят). Жаратушыға деген cенім ізгілік сезіміне жалғасып жатса, адамның сенімі орныққан жүрегіне енді «махаббат» атты құдіретті сезім құбылысын ұялатады екен. Әл-Ғазали жасаған ой-тұжырым Құран Кәрімдегі айтылған аяттың астарлы мәні жүреккөзінің терең құбылысы «махаббатты» «нұрлану» құбылысымен сабақтастыра отырып, адамдағы «нұрлы ақыл-ой» арқылы танылған болмыс негізін түсіндіруге тырысады. «Кәміл адам» идеясы да осы нұрлы ақыл-оймен нәрленген жүректегі «махаббаттың» оянуы екендігін алға тартады.

Жаратушыға деген «махаббат» – сенім шыңы. Сенімді бірнеше сатыға бөліп қарастырған Әл-Ғазали былайша жіктейді: бірінші деңгейдегі сенім – «Жаратушыдан басқа Тәңірі жоқ» деп жеңіл айту бар, олар әдетке айналған наным-сеніммен илануға тырысады, бірақ ол жүрекпен айтылмаған, екінші – айтылған сөзге шынайылық көрсете алғандар, үшінші – «Жаратушыдан басқа Тәңірі жоқ» дегенге ішкі жан-жүрегімен сеніп айтушылар, төртінші – Жаратушыны анық танушылар. Діни білім алу негізінде сенім келтіру дүние жаратылысына пайымды көзқарас қалыптастыруымен көзге көрінетін-көрінбейтін әлемнің барлығын білуімен Жаратушының затия және субутия сипаттарын танумен байланысты екендігін айтуға болады. «Діни сенімді кім ардақ тұтса, ол көңілдің адалдығынан» («Хаж» сүресі, 32-аят).

Дүние сырын білмейтін адамда сенім әлсіз, жүреккөзі оянбаған деуге болады. Сенімі әлсіз, соқыр сезімге берілген адамда құдіретті құбылыс – махаббат сезімі қайдан болсын. Тіршіліктегі барлық зұлымдық атаулы соқыр сенім мен сезімі жоқ адамдардан шығып жатады. Абай өзінің 38-қарасөзінде «Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана Алла Тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық өз адамдығын бұзбай жәліб мәнфағат (өкім түсіру) дәфғы мұзарратларны (шығынның орнын толтыру) айырмақтық секілді ғылым-білімді үйренсе, білер деп үміт қылмаққа болады» (Абай. Қарасөз. Алматы: «Арда», 2007, 45-б). Жаратушының бір сипаты – «Ілм». Ғазали мен Абай айтқандай «білім, ғылымға да» көкіректе көксерлік махаббат болуы шарт екен. Махаббатпен сабақтасқан біліммен ғана Жаратушыны тани аласың, өзіңнің кім екеніңді пайымдап, дүние сырын ұғынасың. Басқадай таныдым дегенің бос сөз. Жүректегі сенім біліммен қуаттанады. Қуатты сенім ғана – нағыз сенім.

 

Жұлдызай МЕЙІР

философия ғылымдарының кандидаты

 

 

0 пікір