Құлдан шыққан ғұлама
Құлдан шыққан ғұлама
16.03.2016 16:55
2499
0

Ислам әлемінде ғылым-білім жолында бар ғұмырын арнаған ғұламалар көп. Соның бірі – Ата ибн Әбу Рабах. Бұл адам тым сұрықсыз, қап-қара хабашиялық қатардағы құл еді. Меккеде бір әйелдің иелігінде болатын. Өзі құлақкесті құл болса тұра көп дүниені ерте түсініп, ақихат іліміне ұмтылады. Әуелі пайдасыз істен аулақ болу үшін күнделікті тірлігін 3-ке бөледі. Бір бөлігін өзінің иесіне арнады, оның тапсырған ісін тиянақты орындады. Екінші бөлігін Аллаға құлшылық етуге, үшінші бөлігін ілім үйренуге жұмсады.

Сол кезде көзі тірі Әбу Қурайра және Зубайыр бастаған сақабалардың дәрісіне қатысты. Хадис іліміне қанықты. Меккелік әйел құлының ілімге деген ынтасына қызығып, оған, «сен бұдан былай ілім үйреніп ислам жолында қызмет қыл!» деп, батасын беріп, құлдықтан босатып жібереді.

Осы күннен бастап Ата уақытын пайдасыз өткізуден сақтанды. Әрі ол пайдасыз сөз айтуды қатты жек көрді. Оның үнемі аузынан тастамай айтатын уағызы: «Адамды Алла Тағалаға жақындатпайтын істің бәрі бос әурешілік және ауыздан шыққан әрбір сөз жазулы, демек қияметте осы жазба ашылғанда, бос сөздер үшін Алланың құзырында ұялғаннан жаман нәрсе жоқ» дейді екен.

Сол кездегі халифа Омар ибн Хаттаб қажылық етуге Мединадан Меккеге келгенде оның алдына мұсылмандар барып пәтуа сұрай бастайды. Сонда Омар халифа: «Уа, дін бауырлар сендер меккелік Ата тұрғанда менен пәтуа сұрағандарың болмас» деп, адамдарды нағыз ілім иесіне қарай бұрған дейді.

Тағы бірде аса оқымысты бір ғалым адам қажылық ету үшін Меккеге келеді. Барлық парыздарын өтеп болып, соңғы үкім шашын алдыруға шаштаразға келеді. Орындыққа отыра бергенде шаштараз:

-Құбылаға қарап отырыңыз?-дейді. Ғалым ұялып қалады да, үндемей құбылаға бұрылады. Содан кейін басының сол жақ бөлігін ыңғайлап ұсынады, шаштараз болса: «Басыңыздың оң жағын ыңғайлаңыз?» дейді. Шаштараз ғалымның шашын алуға кіріседі, ғалым үнсіз отырады. Шаштараз айтады: «Неге үнсіз отырсыз, тәкбір айтып отырыңыз?». Ғалым ұялғаннан тәкбір айта бастайды. Шашын алдырып болып кетпекке ыңғайланады. Шаштараз: «Алдымен екі ракағат намаз оқыңыз да, қалаған жағыңызға кете беріңіз!» дейді.

Үлкен ғалым қарапайым шаштараздың мына ісіне қатты таңданады. Мұндай әдептерді білмегеніне өкінеді. Ақыры шаштараздан сұрайды.

-Бауырым, сіз мұндай жақсы әдептерді қандай үйрендіңіз?

-Біздің ұстазымыз Ата ибн Рабах осылай жасайды.

Заманында тақуалығымен аты шыққан Ата ибн Рабах байлық иеленуге мүмкіндігі бола тұра, өмірден 5 дерхам тұратын жалғыз көйлек киіп өткен. Үлкен патшалар мен ірі байлар бұл адамды өзіне жақын тартып, бірге жүруге аса ынталы болған. Бірақ бұлардан Ата ибн Рабах өзі қашып жоламаған. Өйткені, бұлардың ұсынысын қабылдасам олар маған дүние-мал береді, ол менің дініме зиян дейді екен.

Тағы бір хорасандық атақты ғалым Оспан әл-Хорасанидың естелігінде былай делінеді:

-Менің бала кезім еді. Әкем екеуміз Дамаскіге сапарлап келе жатып, жолай қара есек мінген жұпыны сұрықсыз адамға жолықтық. Мен оның түріне қарап күле бастадым. Әкей, «балам күлме, бұл күллі Хижазға әйгілі атақты ғұлама ибн Рабах» деді. Екеуі құшақтасып амандасты. Патша сарайының сыртына келіп үшеуміз жайғасып отырдық.

Үлкен ғалымның келгені жайлы патшаға хабар жетіп, бізді сарайға алып кірді. Патша ғалымнан, «нендей бұйымтайыңыз бар?» деп сұрады. Ғалым үш өтінішін айтып болып соңында: «Уа, патша сіз мынаны ескергейсіз, қазір сіз мына қаптаған уәзірлердің алқауына отырсыз, барлығы қолпаштауда, бірақ қияметте бұлардан қайыр болмайды, тек жалғыз өзіңіз жауап бересіз. Осыны ұмыт па!!!». Бұл сөзді естіген патша еңкілдеп жылапты.

Жақсы ісімен күллі жамағатқа үлгі болған Ата ибн Рабах ұзақ өмір сүріп, 100 жасқа жетіп, осы баянды ғұмырында 70 дүркін қажылық жасап, өмірден өткен екен.

Ерлан Алтай

0 пікір