ҚАЙТҚАН КІСІНІ ҚАБІРІНЕ КӨТЕРІП АПАРУ
ҚАЙТҚАН КІСІНІ ҚАБІРІНЕ КӨТЕРІП АПАРУ
13.03.2023 08:15
572
0

 

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَسْرِعُوا بِالْجَنَازَةِ فَإِنْ تَكُ صَالِحَةً فَخَيْرٌ تُقَدِّمُونَهَا اِلَيْهِ وَإِنْ تَكُ سِوَى ذٰلِكَ فَشَرٌّ تَضَعُونَهُ عَنْ رِقَابِكُمْ. (خ)

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Жаназаны (көп күттірмей) жылдамдатыңдар. Егер қайтқан адам салиқалы кісі болса, (ол үшін) жақсылық. Оны жылдам жақсылыққа жеткізген боласыңдар. Егер жаман кісі болса, (ол үшін) жамандық. (Ертерек) құтылған боласыңдар». (Сахих Бұхари)

Мәйітті иыққа салып қабіріне дейін апару оған көрсетілген ең үлкен құрметтің белгісі. Ондай іс адам баласының абыройы алдындағы амал саналады. Марқұмның денесін қинамай иыққа көтеріп тезірек жеткізу қажет.

Мәйіттің артына еріп жүргендер өмірдің ақырын ойлап, үнсіздік сақтауға тиіс. Ол адамдардың күлісуі, дүнияуи мәселелер жайын сөз етуі дұрыс емес. Тіптен зікір (тәкбір, тәхлил) айтып немесе Құран кәрім оқып дауыстарын көтеруі де харамға жуық мәкрух саналады.

Мәйіттің артынан түтіндетіп, шырақ жағып еріп жүру мәкруһ.

Қайтыс болған адам үшін көз жасын төгіп жылаудың, жүрекпен мұңаюдың оғаштығы жоқ. Алайда орынсыз бірдеңе айту дұрыс емес. Айқайлап жылау, жаға жыртып, бет тырнап, шаш жұлып, тізесін төмпештеу секілді нәрселер илаһи тағдырға наразылық әрі харам.

Мәйіттің артынан еріп жүргендер жаназа намазы оқылмай тұрып кері қайтпауы керек. Қайту қажет болған жағдайда жаназа иесінен рұқсат алу керек.

Жерлеу рәсіміне қатысқан мұсылмандардың бір бөлігі жаназа намазына тұрғанда, басқалардың бұған қосылмауы орынсыз әрекет саналады.

Қабіріне апаратын мәйітке қол көтеріп сәлем беру, гүл шоқтарын апару, марқұмның суретін алып жүру дұрыс емес, дін тұрғысынан негізсіз нәрселер.

Әйелдердің жаназаға еріп жүруі, қабірге көтеріп апаруы және жерлеу ісіне қатысуы харамға жуық мәкруһ. Сондықтан сауап емес, күнә арқалаған болады. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) әйелдердің олай етуіне тыйым салған.

Мәйіт қабірге жеткізіліп иықтан жерге түсірілген соң жамағат әлдебір себеп болмаса, отырады, оған дейін отыру да, одан кейін отырмай түрегеп тұру да мәкруһ.

Жерлеу ісін күндіз атқарған мүстәхаб, алайда мәжбүр жағдайда түнде атқарудың да оғаштығы жоқ. (Жаназа үкімдері, Исқат және дәуір, Фазилет баспасы)

0 пікір