ПЕРІНІҢ ҚЫЗЫ НЕГЕ ҮШ ЖЕРДЕ МЫРС ЕТІП КҮЛДІ
ПЕРІНІҢ ҚЫЗЫ НЕГЕ ҮШ ЖЕРДЕ МЫРС ЕТІП КҮЛДІ
10.08.2020 11:26
1214
0

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының еңбектерінде «Асан Қайғы және Пері қызы» атты аңыз бар. Хасан Сәбитұлының қалайша «Асан Қайғы» атанғандығын сөз ететін аңызда Асан қайғы мен Пері қызының оқиғасы баяндалады.

Ел аузында жүрген әңгімеге құлақ түрсек, Еділ мен Жайықтан бастап, Сырдария, Ертіске дейін желмаясына мініп, қармақ сап жүрген Асан Қайғының қармағына бір күні перінің қызы ілініпті. «Адамзаттан бөлек жері жоқ, сұлулықтан басқа міні жоқ» болған пері қызының жалғыз-ақ айыбы – сөйлесерге тілі жоқ боп шығады. Асан Қайғы да қызды сөйлетудің түрлі жолын көреді. «Бір нәрсені тамаша қылып, иә ұнатып, иә ерсі көріп, бірдеңе деп сөйлер ме екен?» деген оймен перінің қызын ертіп, базар аралатады. Алайда қыз ләм-мим деп бір ауыз сөз де сөйлемейді. Тек үш жерде ғана мырс етіп күліп жібереді.

Базар тарқаған соң Асан Қайғы перінің қызын оңаша алып шығып, «Сөйле!» дейді. Қыз сөйлемейді. «Біреудің не айтқанын білесің, білген үшін екі-үш жерде күлдің, енді неменеге сөйлемейсің?» деп қызды таяқтың астына алады. Тұщы етіне ащы таяқ тиген соң, тілінің тиегі ағытылып сала береді де не үшін сөйлемегенін айтады. Не үшін сөйлемегені маңызды емес, біз үшін маңыздысы қыздың не үшін мырс етіп күлгені болып отыр. Біз одан да соны әңгімелейік.

«Бірінші күлген себебім», – дейді перінің қызы, – «Базарда біреу той қыламын деп, мың теңге шығарып: күріш, май, өрік, мейіз және түрлі тамақ алып жатыр екен. Тұзға келгенде, қымбатсынып, бір теңгені қимай, тұз алмай кетті. Соның ақымақтығына күлдім. Мың теңгенің тамағы бір теңгенің тұзынсыз тамақ болып ләззат бермейді» – дейді.

«Екінші күлгенім: біреу өріктің дәнін тісімен сындырып тұр екен. Тістің құны мың теңге, мың теңгелік тісті бір пұлға тұрмайтұғын нәрсеге жойып тұрған соның ақымақтығына күлдім», – дейді.

«Үшінші күлгенім: біреу бір етікке саудаласып, бағасына келісіпті. «Бірақ осы етігің жеті жылға шын шыдай ма?» – деп, – «Соған шыдаса аламын», – деп, соның неше жылға шыдауына серттесіп тұр екен. Етік аламын деп тұрғанның үш-ақ күндік өмірі қалған еді. Өзінің өмірінің қанша күнге жетуімен жұмысы жоқ, етіктің қанша күнге жетуіне, соған таласып тұрғанға, соның ақымақтығына күлдім», – деп жауап береді де, перінің қызы қош айтысып кете барады.

Бұл қиссаның ғибраты не?

Өмір базарына келген соң, бәріміз де бір сауданың соңына түсеміз. Ол – ақырет үшін болған сауда. Құран Кәрімде: «Расында, Аллаһ мүминдердің жандары мен дүние-мүліктерін орнына Жәннатты беретін болып сатып алды», – делінгендей, бұл дүние де рухани бір сауданың базары. Мүминдер жаны мен малын салып, салиқалы амалдарын ұсынып, Алланың разылығы мен Жәннатын сатып алады. Алайда, бұл амалдардың «дәмін келтіретін» тұз бен тұздық – ниет пен ықылас. «Мың теңгенің тамағы бір теңгенің тұзынсыз тамақ болып ләззат бермейтіні» секілді, мыңдаған амалдардың да ниетсіз құны болмайды. Ондай амалдардың Алланың құзырында бес тиындық пайдасы жоқ. Пайғамбарымыз ﷺ «Амалдар ниетке байланысты» десе, Жәләләддин Руми де: «Дүниеде екі грамм алтын үшін екі тонна топырақ електен өткізіледі. Ақыретте де солай. Ниет алтын секілді. Көп амал емес, ықыласты амал керек. Осыншама амалдан ниет ізделеді, ниетке қаралады. Аллаһ үшін болған амалдар ғана таңдап алынып, қалғандары лақтырылады», – деген. Демек, ниет «тұзынсыз» амал «тамағының» дәмі де, мәні де жоқ. Пері қызының бірінші күлгенінен түйгеніміз осы болды.

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, адам деген – бар нәрсенің қадірін білмейтін бір жаратылыс. Пайғамбарымыз ﷺ: «Адам бос уақыт пен денсаулықтың қадірін білмейді», – дейді. Сонда осы екі нәрсенің ғана қадірін білмейді де, басқасының қадірін білетін болғаны ма? Жоқ, олай деп ойламаймыз! Онда неге Пайғамбарымыз ﷺ тек екеуін ғана атап өтті? Себебі, адам баласы үшін ең құнды боп табылатын нәрсе денсаулық пен бос уақыт. Денсаулықты да, уақытты да ақшаға сатып ала алмайсың. Демек, адам баласы ең құнды деген осы екі нәрсенің қадірін білмесе, онда басқасын былай қоя беріңіз. Сондықтан да, бардың қадірі еш уақытта да білінбеген. Байлығың бар да, оның да қадірін білмейсің, оңды-солды шашасың, ысырапқа батасың. Ата-анаң тіріде, олардың да қадірін бағаламайсың, дүниеден озған соң, орны ойсырап қалған соң, өкінішпен көз жазын төккеннен не пайда? Сондықтан да, құнды мен құнсыздың, қадірлі мен қадірсіздің парқын ажыратар парасатқа ие болуы керек адам. Бұл пері қызының екінші күлуіндегі мәселенің бергі жағы. Одан тереңірек үңіліп, әріге баратын болсақ, «мың теңгелік тісті бір пұлға тұрмайтұғын нәрсеге жойып тұрған ақымақтың» мысалы Алланың құзырында шыбынның қанатындай да құны жоқ пұлсыз пәни дүниенің шылауына шырмалып, шынайы өмір мен мәңгілік бақыттың бастауы болған ақыреттік өмірінің күл-талқанын шығарған сорлы пенденің халіне ұқсайды. Мұндай пенделерді де перінің қызы ақымақтардың қатарына жатқызған.

Тасаууф ілімінде «тул ул-әмәл» деген ұғым бар. Яғни, адамның бұл дүниеде ұзақ ғұмыр кешетіндей, мәңгілік өмір сүретіндей үмітте болуы. Бұның арты да адамды ашкөздікке, тойымсыздыққа, қанағатсыздыққа әкеп соғатын рухани кеселдерге ұласады. Бұл ұғымды ғалымдар Құранның «Оларды өз жайына қалдыр, ішсін, жесін, қу тіршіліктің қызығына батып жүре берсін, һәм сағым үміт оларды алдарқата тұрсын» («Хижр» сүресі, 3-аят) деген аятынан алады. Яғни, Аллаһ Тағала ұзақ өмір сүруге деген үміттің адам үшін тек қана алдамшы екенін білдіруде. Имам Ғазали өзінің «Ихия улум әд-дин» атты еңбегінде «тул ул-әмәлдің» адамның надандығынан және дүниеге деген сүйіспеншілігінен болатындығын айтады. Пайғамбарымыздың ﷺ хадисінде де «тул ул-әмәл» мен дүниеге деген махаббат қатар айтылады. «Адам қартайған сайын оның бойында екі сезім жасара түседі: дүниеге деген махаббат пен ұзақ өмір сүруге деген үміт, құштарлық (тул ул-әмәл). Имам Ғазали бұл кеселдердің емі – тек қана дүниенің пәни екеніне және ақыретте үлкен азап пен сауап барына берік иман ету екенін айтады. Пайғамбарымыз да ﷺ бұл рухани аурудың алдын алу үшін «Дүниеде бөтен адамдай, тіпті бір жолаушы секілді өмір сүр!» деген. Осы хадисті негізге алған Хазіреті Омар да «Кешке дейін тірі болсаң, таңды күтпе! Таңертең аман-сау болсаң, кешкі уақытты күтпе! Денің сау кезде ауруға шалдығатын күндерің үшін, бұл өмірде де өлетін уақытың үшін амал ет!» дейді. Үш күннен кейін өлетіні ойда жоқ, бірақ да етіктің жеті жылға дейін киіс беретінін сұрап тұрған ақымақ саудаласушының мысалы да өлімнің бар екенін ұмытып, пәни дүниенің қызығына алданып жүрген пенденің жағдайына ұқсас.

Түйіндей келгенде, бұл аңыздың астарында жатқан ғибрат көп. Тек оны ұғар сана мен түйсік жетпей тұр біздерде. Перінің қызы біздің бүгінгі халімізді көрсе, мырс етіп күлу былай тұрсын, қарқылдап күлсе де қақысы бар-ау.

 

Салтан САЙРАНҰЛЫ

0 пікір