Орнынан тұра алмайтын ауру намазды қалай оқиды?
Орнынан тұра алмайтын ауру намазды қалай оқиды?
17.08.2016 16:36
1825
0

Сұрақ: Орнынан тұра алмайтын ауру намазды қалай оқиды?

Жауап: Отырып, рукуғ, сәжде жасап оқиды.

Сұрақ:: Егер рукуғ, сәжде жасай алмаса ше?

Жауап: Рукуғ пен сәждеге ишаратпен оқиды. Сәждеге еңкейгенде рукуғтан гөрі көбірек еңкейеді. Сәжде жасау үшін маңдайына бір нәрсені көтеріп апаруына болмайды.

Сұрақ: Егер отыра алмайтын болса не істейді?

Жауап: Шалқасынан жатып, аяқтарын құбылаға беріп, басының астына жастық секілді нәрсе қояды. Осылайша шалқасынан жатып, жүзін құбылаға қаратып, рукуғ пен сәждені ишаратпен оқиды.

Сұрақ:Бір жамбастап жатқан ауру қалай оқиды?

Жауап: Бір жамбастап жатқан ауру кісі жүзін құбылаға қаратып, ишаратпен оқуына болады.

Сұрақ: Егер басымен ишарат жасай алмаса көзімен, қасымен, жүрегімен ишарат етіп оқи ала ма?

Жауап: Ишаратты тек басымен ғана жасайды. Егер басымен ишарат етуге жарамаса намазын кейінге қалдырады.

Сұрақ: Орнынан тұруға, яғни, қиямға әлі жетіп, рукуғ пен сәжде жасай алмайтын науқас қалай намаз оқиды?

Жауап: Мұндай уақытта орнынан тұру шарт емес. Дұрысы – отырып ишаратпен оқу. Тік тұрып, ишаратпен оқыса да болады.

Сұрақ: Намазды сау болып бастап, намаз үстінде ауырса әрі қарай қалай жалғастырады?

Жауап: Рукуғ, сәжде жасап, отырып оқиды. Рукуғ пен сәждеге күші жетпесе ишаратпен оқиды. Оған шамасы жетпесе шалқасынан жатып ишаратпен оқиды.

Сұрақ: Намазды отырып оқып жатқан науқас жазылып кетсе басынан қайта бастай ма?

Жауап: басынан бастамайды. Қалғанын тұрып оқиды.

Сұрақ: Намазын ишаратпен бастап, кейін рукуғ, сәжде жасауға шамасы жеткен науқас та намазын жалғастыра бере ме?

Жауап: Намазын жалғастырмайды. Басынан бастап қайта оқиды.

Сұрақ: Есінен танған кезінде өтіп кеткен намаздарын қалай оқиды?

Жауап: Қаза болған намаздар бес не одан да аз болса сауыққан соң қазасын өтейді. Ал, егер одан көп болса қазаларын өтемейді.

fatua.kz

0 пікір