Оның жаратушысы жоқ!
Оның жаратушысы жоқ!
05.01.2018 12:43
745
0

Әу баста Бүкіл әлем жоқ болатын. Ол Алла оны жаратқан соң ғана пайда болды.

Алла Тағала – Жалғыз. Ол ешкімге тәуелді емес, Ол - Өз-өзіне Жеткілікті. Ол туған жоқ, туылған жоқ. Оның әйелі жоқ. Оған тең ешкім жоқ. Ол мәңгіліктен бұрын әрдайым бар болды және мәңгі-бақи бар болмақ. Оған ұқсайтын ешкім жоқ.

Ол ештеңеге ұқсамайды. Ол – Тірі. Ол барлық нәрселерге қожалық етеді. Ол білмейтін ештеңе жоқ. Ол бәрін көреді және естиді. Ол сөйлейді, бірақ, оның Сөзі біздің сөзімізге ұқсамайды. Ол қалағанын істейді және Ол ешкімнің алдында Өз іс-әрекеттері үшін жауап бермейді. Тек Сол ғана құлшылыққа лайық. Оның серігі жоқ. Ол – Өзінің құлдарына Рақымды.

 Ол – Құдай. Ол кемшілік атаулыдан пәк. Ол – Өзінің құлдарын бәле-жаладан Құтқарушы (Сақтаушы). Ол – құрмет пен ұлылық Иесі. Ол – күллі тіршілік атаулының Жаратушысы, Оның жаратушысы жоқ. Ол күнәларды кешіреді.

Ол – Құдіретті. Ол байлық сыйлайды. Ризықты Сол береді. Ол қалаған адамының ризығын кемітіп, қалаған адамының ризығын арттырады. Ол қалаған құлын қорлап (дәрежесін түсіріп), қалаған құлының дәрежесін көтереді. Ол қалаған адамына құрмет сыйлап, қалаған адамын абыройдан айырады.

 Ол – Әділ. Ол – Кешіруші және Рақымшыл. Ол Өзіне қызмет еткенге және құлшылық жасағанға сый береді. Ол – дұғаларды Қабыл алушы. Ол бәрін қамтиды.

 Ол – барлығының Билеушісі, Оның билеушісі жоқ. Оның бірде-бір ісі даналықтан ада емес. Ол барлығының мұқтаждықтарын өтейді. Барлығын жаратқан Сол және Қиямет күні Ол бәрін қайта тірілтеді.

Ол – өмір беруші және оны алушы. Әрбір жан Оны белгілері мен сипаттары арқылы біледі. Оның Болмысын ешкім ұғына алмайды (ақылы жетпейді). Ол күнәһарлардың тәубесін қабыл алады. Ол жазалануға лайықты адамдарды жазалайды. Ол тура жолға бастайды. Төрткүл әлемде орын алып жатқан жайттардың бәрі Оның әмірімен болады. Оның рұқсатынсыз атом да орнынан қозғалмайды.

Ол ұйықтамайды да, қалғымайды да. Ол Бүкіл әлемнің тәртібін қадағалап отырудан шаршамайды. Барлығы – Оның билігінде. Ізгі әрі тамаша сипаттардың бәрі - Сонда. Оның бірде-бір жаман немесе толыққанды емес сипаты жоқ және Оның кемшілігі жоқ.

Оның барлық сипаттары мәңгілік және шексіз. Оның сипаттарының бірде-бірі ешқашан жойылмайды. Оған жаратылыстардың сипаттары тән емес. Егер сондай сипаттар Құранда немесе хадистерде баяндалса, біз олардың мағынасын Аллаға қалдырамыз. Олардың мағынасын Ол Өзі ғана біледі. Біз олардың мағынасы қандай болса да, дұрыс деп сеніп, ары қарай қазбаламаймыз. Осындай тұрғыдағы нәрселерге деген ең дұрыс қарым-қатынас – осы. Сондай-ақ, жақсырақ түсіну үшін оларды лайықты түрде тәпсірлеуге болады. Дүниеде қандай жақсылық, қандай жамандық орын алмасын, оның болатынын Жаратушы Иеміз мәңгіліктен бұрын-ақ білді және Өзінің Біліміне сәйкес, соны жаратты. Бұл «тақдир» («жазмыш, тағдыр») сөзімен аталады. Керек десеңіз, жаман нәрселерді жаратуда да көптеген сырлы даналық жатыр. Оны бәрі біле бермейді.

Алла Тағала адамға түсінік пен таңдау мүмкіндігін берді, ол сол мүмкіндігін пайдалану арқылы жамандық пен жақсылықтың бірін таңдайды. Әйткенмен, адамның өз қалауымен бір нәрсе жаратуға күші жоқ. Алла Тағала ізгі істерге разы болады, ал, жаман істерге наразы болады. Алла Тағала адамға қолынан келмейтін нәрсені жасауды бұйырған жоқ. Алла Тағалаға ешқандай міндет жүктелмейді (Ол ешкімге, ештеңе міндетті емес). Ол тек Өзінің Жомарттығы арқылы ғана Рақымын төгеді.

0 пікір