"Өлмей тұрып өліңдер" (хадис)
"Өлмей тұрып өліңдер" (хадис)
11.07.2019 12:00
425
0

Арғы әлем есігін қаққан адам мына әлемге теріс бұрылады. Өлетіні мәлім болған адамды мына қызылды-жасылды әлем өзіне баурай алмайды. Сондықтан мұсылмандарға ұдайы өлген адам кейпінде болу қажеттілігі ескертіледі. лмей тұрыпөліңдер" деген xадисті сол ескерту деп қабылдаған жөн. Шындығында мына әлемнен тек өлген адам ғана ажырайды. Сол кейіпке тірідей ену - әлгі xадиске амал еткеніміз болып табылады. Жалпы Ишандар "Қолың - істе, жүрегің - Алламен болсын" дегенде де осы xадисті қаперге алады. Мынандай бір тәмсіл бар.

Ұлы ғұламалардан болған Аллаудин Аттардың тақуалық жолға түсуіне Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) xадисіне амал еткен бір адам себепкер болады. Иіссу сататын дүкенді иеленгендіктен Аттар деп аталып кеткен ғұлама дүкеніндегі заттарын реттеп жатқан кезде, ту сыртынан келген бір адам "Бізге иіссуыңнан xадия (сыйлық) жаса" дейді. Аллаудин Аттар оған мән бермейді. Сонда әлгі адам "Сен өзіңді қанша жерден дін білгірі санағаныңмен маған ұқсап өле алмайсың" дейді. Оның сөзіне таңданыс білдірген Аттар "Сонда сен қалай өлесің?" деп сұрайды. "Мен былай өлемін" деп әлгі адам "Алла!" дейді де жан тапсырады. Міне, осы оқиғадан кейін Аллаудин Аттар өзін мына дүниеге байлап тұрған иіссуларын ел-жұртқа тарқатып беріп, өзі арғы әлемге мойын бұрғандар қатарына қосылады. 

Авторын ұмытыппын, шетел жазушысының "Соңғы жапырақ" дегенге келетін шығармасы бар. Өмірден баз кешкен қыз соңғы сәтін ағаш басында үзілуге шақ тұрған жалғыз жапыраққа телиді. Егер сол жапырақ үзілсе, өзінің де мына өмірмен біржола қоштасатындығын іштей сезеді. Қыз жанының сол жалғыз жапыраққа ілініп тұрғанын түсінген суретші жігіт жапырақтың суретін салып, жел жұлған әлгі жапырақ орнына алмастырып Іліп қояды. Сол үзілмеген жапырақ қыз өмірін жалғайды.

Ал бізді мына өмірге байлаған "жапырақтар"... Иә, аз емес. Біздің өміріміздің мәні сол "жапырақтар". Оларсыз мына өмірдің бізге түк те қызығы жоқ. Сонда қалай, біз мына өмірден өз ықтиярымызбен кету үшін әлгі "жапырақтарымыздан" айырылуымыз керек пе?! Алла ондай ауыртпалықты бізден алыс қылсын. Әлде әлгі "Алла!" деп жан тапсырған адамның біз сияқты қия алмайтын жақындары жоқ па? Әрине, бар. Ол тек... Иә. Оған дейін-ақ өліп қойған адам. Дұрысы - өлмей тұрып өлу мәнін түсінген адам. Ал өлген адамда біз сияқы тірі адамдарға тән сезімдер бола бермейді. Иә, бұл мәселені әлгі адам түсінігі деңгейінде қабылдау оңай емес. Бірақ Алланың біздің қалауымызбен санаса бермейтінін қаперге алсақ, өлмей тұрып өлу мәнін сәл-пәл ұғына түсеміз.

Қазір күз. Ағаштар жапырағын төгіп жатыр. Әр жапырақ бейне бір Аллаудин Аттарға келген қонақ тәрізді. Тоқтаусыз аттанып кетіп жатыр. Иә, сарғайған жапырақ келесі көктем ажарын кіргізе алмайды.

Құдияр Біләл

 

0 пікір