ӨЛІМНЕН ҚҰТЫЛМАЙСЫҢ ҚАШСАҢ ДАҒЫ...
ӨЛІМНЕН ҚҰТЫЛМАЙСЫҢ ҚАШСАҢ ДАҒЫ...
01.04.2021 11:40
565
0

Өлімнен қашып құтылатын жан жоқ. Барлық адам уақыт сәті жеткенде, бір минут кешікпей арғы шын өмірге аттанып кете барады. Қасиетті Құранда: «Әрбірқауым үшін белгіленген мерзім бар. Ажал сәті келгенде бір сәтке де кешікпейді, ерте де кете алмайды» делінген аят бар («Ағраф» сүресі, 34-аят). Иә, ажал сәті жеткен болса, ешкім де оны тоқтата алмайды. Осы ретте Мұқағали ағамыздың бір өлеңі ойға оралады:

Неменеге мәз болдың бала батыр

Қариялар азайып бара жатыр

Бірі мініп келместің кемесіне

Бірі күтіп әнеки жағада тұр.

Ажалды келместің кемесі деп қандай орынды атаған. Әр сәт сайын сол кемеге бұл дүниеден қаншама адам мініп, келмес сапарға аттануда. Әрине, біреулер өлімді қараңғы қапас деп түсінуі мүмкін. Шындығында, олай емес. Аққу кетті көліне, сұңқар кетті шөліне. Олар адасып кеткен жоқ, әркім кетті барар жеріне. Бұрынғылар өлімнен қорықпаған. Өйткені олардың ол жаққа дайындығы мықты еді.

Әріге бармай-ақ кешегі Кемпірбай ақынның өлер алдында айтқандарына назар аударайықшы. Оның Әсетке айтқан шумақтарынан үзінділер келтірейікші:

Мойынға Әзірейіл салса құрық

Білемін ғаріп жанның құтылмасын

немесе

Ұшса да қанат байлап аспанменен

Өлімнің кім құтылар құрығынан

деген жолдарда ажалдан ешкім құтылмасын терең мойындаған адамның тік тұрған мінезі байқалады.  Тағы бір жерінде:

 Әсетжан осы аурудан өлем білем,

Алланың аманатын берем білем деп адам жаны Алланың аманаты екенін айтады. Сондай-ақ әркімнің ажалы Алланың әмірімен келетінін Кемпірбай ақын:

Әсетжан осы аурудан оңбас білем,

Алланың әмірі екі болмас білем, -  деп жырлайды:

Тағы бір сөзінде ақиретке иманы күшті ақын былай дейді:

Келдің бе ажал шіркін алайын деп

Құрықты сала құлаш салайын деп

Азырақ аялдашы ажал батыр

Жатырмын өзім-дағы барайын деп

Бүгінде осы сөзді екінің бірі осылай нық сеніммен айта ала ма? Әрине, жоқ. Өлім десе, жүрегіміз дір ете қалады.  Әркім ақирет әлеміне сапар шегеді. Ал енді Аллаға және ақиретке иманы бар адам мен діннен де, иманнан да мақұрым жанның парқын осы айтылғандарға қарап бағалап көрейікші. Қайсысы бақытты? Иманы күшті жан екі дүниеде де бақытты болады.

mazhab.kz

 

0 пікір