НӘПСІНІҢ ТӘРБИЕСІ
НӘПСІНІҢ ТӘРБИЕСІ
30.11.2022 11:16
434
0

Бір жас жігіт данышпан адамға келіп, өзінің өміріне налып, үйінің тарлығына, ішіндегі адамдардың үйге сыймай жатқандығына шағымданыпты. Дана оның бұл шағымын естіген соң үйіне бір ешкіні әкеліп, асырауды насихаттайды.Жігіт біраз уақыттан кейін данышпанға қайта келіп, үйінің ауданы бұрынғыдан да тіпті кішірейіп, бос орын қалмағанын айтады. Сонда ғұлама адам осы жолы үйіне бір сиырды әкеліп, бірге тұруға кеңес береді. Ол дананың айтқан тапсырмасын мүлтіксіз орындап, үйіне сиыр әкеледі.

Бірсыпыра мерзім өткеннен соң ғұламаға келіп, үйде тұрудың мүмкін еместігін мәлімдеп, тіршіліктің тауқыметінен қатты торыққанын білдіреді. Алайда бұл кезекте үйіне тағы да бірнеше жануарды әкелуді тапсырады. Жас жігіт данышпанның осы жолғы тапсырмасына таң қалса да, орындауға тура келеді. Бір апта өткеннен кейін күш, қуаты таусылып, жігері мұқалған күйде келген әлгі жас жігіт данышпанға өзінің тірлігінің мүлдем қиындап кеткендігін әрі шағын үйде тынысы тарылып, орын қалмағандығын баян етеді.

Ақылман оның барлық талап, арыздарын тыңдап болған соң енді үйден барлық жануарларды шығарып, босатуды және үйді тазалауды бұйырады. Жігіт үйіне барған соң үйдің ішін барша үй жануарларынан босатып, тынысы кеңіп, өзін алып кеңістікке шыққандай сезінеді. Енді бұрын байқамай жүргендіктен, шын мәнінде, өзінің бақытты екендігін, өз үйінің соншалықты жайлы әрі  кеңдігіне таң қалып, Аллаға шексіз алғысын білдіріп, шүкіршілік еткен екен. Ұлы Жаратушының рақымы мен берген нығметтерін осыған дейін көкірек көзі байланып, қадірін білмей, бағаламай жүргендігін кеш түсінген еді...


Дереккөз: fondihlas.ru

Аударған: Меруерт Мұхамадиева 

0 пікір