Мешіт және жамағат
Мешіт және жамағат
31.07.2019 11:30
293
0

«Алланың мешіттерін,шынайы түрде Аллаға, ахирет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан ғана қорыққан кісі тұрғызады. Міне солардың тура жол табулары үміт етіледі» - деген. (Тәубе сүресі 18 аят. )

Ислам әлемі дүние тіршілігін өзінің келуімен бір дүр сілкіндіріп, қара түнек даланы нұрға бөлеген еді.  Ислам шуағы келместен бұрын адам баласының  маңдайларына сор болып жабысқан небір қитүркі  амалдар, жүректерін қарайтып, тастай қатырып тастаған болатын. Адамдардың ойларынан шығарған, қандай да болмасын бір тәрбиелеуші күш өзінің нәтижесін беріп дамытқан емес. Қанша ғасырлық тарихтарға үңіліп қарасақ барлығыда ақыр соңында азып-тозып адамдық тұлғаларынан безіп жатады. Соларға мысал келтіретін болсақ әлемге үстемдік еткен Парсы империясында болған азғындықтар. Ер адам өзінің анасымен, қызымен, қарындасымен үйленуді дәреже санаған. Бұған дәлел бесінші ғасырдың ортасында өмір сүрген Парсы патшасы екінші Яздужард өз қызына үйленген. Бұл сол мезгілдегі жиіркенішті азғындықтардың бір түрі ғана еді.

Византияны айтар болсақ, азғындалған нәпсі құмарлық пен шектен шыққан қалаулар нәтижесінде христиан дінін өздерінің қалауларынша өзгертуді қалады. Осындай себептен бұл дін олардың ойыншықтарына айналды. Ал Греция болса сол кездерінде ешқандай пайдалы нәтижеге жетуі мүмкін болмаған пәлсапаға әуестеніп талас-тартыстын қайнауында еді. Бұл мемлекеттердің осыншалықты құлдырауы мен азғындалуы өздерінің нәпсіліқ қалауларына еріп, тек қана материялдық жағдайға сүйенулерінде еді.

Тарихта өткен небір оқиғалар, ең бастысы бауырмалдықты ұмыттырып,  бір-бірлерін құл еткен кезеңдер біздер үшін ұмытылмас ғибрат ретінде жанымызда сақталды.  Алланың қалауымен адамзат баласына жарық, тура жол көрсетуші Құран Кәрімде «Сені әлемдерге рақым ретінде жібердім» дегеніндей Пайғамбарын жіберіп  өзінің рақымына бөледі. Ислам шуағы адамдарды  жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйюға, ең бастысы бауырмалдыққа, ынтымаққа шақырды. Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімнің Ниса сүресінің 59 аятында:«Әй мүміндер, Аллаға бойұсынып, Елшіге және араларындағы әмір иелеріне бағыныңдар»  Әли Имран сүресінің 103 аятында:«Барлығын Алланың жібінен  (дінінен) ұстаңдар да бөлінбеңдер» деп Исламның негізі бірлікте екенін меңзеуде. Пайғамбарымыз Мұхаммад (с.ғ.с) Хазіреті Мағауиядан (р.а) жеткізгені бойынша, Хазіреті Алла Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Хабарларың болсын, сендерден бұрынғы кітап иелері жетпіс екі ағымға бөлінді. Мұсылмандар жетпіс үш ағымға бөлінеді. Олардың жетпіс екісі тозақта, тек бір тобы жаннатта болады. Жаннатта болатындар –жамағат» (Әбу Дауд, Сүннет1, (4597)) Пайғамбарымыздың әрбір сөздері, іс-әрекеттері артында қалған үмметтері үшін үлкен өнеге. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өткен өміріне қарасақ ең алғашқы жасаған істері көз алдымыздан өтеді. Мекке кезеңін алатын болсақ, мұсылмандарға сондай қиын кезеңнің астында еді. Сондай қиыншылықтарға қарамай  жиналған мұсылмандарды біріктіру мақсатында  Ибнул–Әкрамның үйінде жамағат қылып жинаған болатын. Одан әрі Исламды кеңінен жаю мақсатында Алланың қалауымен Мекке қаласынан Мадина шаһарына қоныс аударды. Пайғамбарымыз өзінің даналығымен, ақыл парасаттылығымен біздерге, болашағы мықты ел болуы үшін  өте маңызды негіздер неден басталу керектігін практика жүзінде көрсетіп кетті. Айтар болсақ Алланың Елшісі (с.ғ.с) Мадинаға қоныс аударғандағы ең алғашқы жасаған ісі,  мешіт салумен басталған болатын. Одан кейінгі жасаған амалы Муһажирлер (меккеден қоныс аударғандар) мен  Әнсар (мадиналық мұсылмандар) арасында құрылған бауырмашылдық еді.

Ислам қоғамында мешіттің маңыздылығы аса зор. Шынында да Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мадинаға барғаннан кейін сол жерде бір біріне өте берік байланған бауырмашыл қоғам құруға талпынды. Пайғамбардың осы жолда жасаған алғашқы қадамы мешіт салу болды. Бауырмашылдығы мықты қоғам құру, бірлігі жарасқан ел болу, адамдардың бір біріне сүйіспеншілігін арттыру сияқты көркем істер мешітте ғана болатынын жақсы білген еді. Мұсылмандар мал-мүліктен, дүниелік тіршіліктерінен уақыт бөліп, Алланың үйіне жиналып, тең дәрежеде отырмаса араларындағы бауырмашылдық пен сүйіспеншілік рухы болмасы анық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мұсылмандардың жүректері күн сайын Алла Тағалаға байланып, құлшылыққа беріліп, Раббысының алдында бір сапта тұрмаса бауырмашылдық рухтың оянуы мүмкін емес екенін жақсы білген болатын.

Шынында да қандайда бір мемлекет құру үшін және сол мемлекет аяққа тұрып кету үшін теқ қана бірлік керек. Ал бірлік сүйіспеншілік пен бауырмашылдықтың жәрдемі арқылы болады. Пайғамбар(с.ғ.с)-дың үлгі өнегесін алған қазақ аталарымыз еш мүлтіксіз ислам шариғатынан ауытқымаған. Пайғамбарымыз(с.ғ.с)-дың жолымен жүріп, істеген істерін жалғастыруды қалаған. Біздің қазақ ата бабаларымыз қазақ жерінде көптеген мешіт медреселер ашып, халықты жамағатқа үйретіп, бір ортада ұйытып бірлікте болған. Осындай бірлікте болған аталарымызға ешбір жау жақындауға батылдары жетпеген. Айтар болсақ 1850 жылдары Қарқаралы қаласында көркем мешіт салып, артында қалған біздер сияқты ұрпақтарына үлгі қалдырған атамыз Құнанбай болатын. Сол мешітті кейіннен Құнанбай мешіті деп аталып кетті. Сол мешітке жан жақтан шәкірттер оқып, Абай Құнанбайұлы өзі де барып тұрған. Қазақ даласында өткен бабамыз Бекет атаны да айта кетпеу мүмкін емес. Бекет ата  Оғыландыда жер асты мешітін салып балалар тәрбиелеген.   Небір қиыншылықтарды,  тар жол тайғақ кешулерді басынан өткізген қазақ елі Алланың қалауымен, осындай ата-бабаларымыздың  дұғаларымен қәзіргі уақытқа дейін осы Хақ жолды ұстанудамыз.

Соңғы кездері қаптап кеткен небір ағымдардың алдын алудың бірден-бір жолы, мешітке жамағат болып жұмылып, мешіттерден  шариғи білімдер алу. Бірлік, сүйіспеншілік, бауырмалдық,  тек қана Алланың жібінен ұстанумен, шариғатымен жүрумен келетіндігін Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бүкіл ғұмырында үлгі ретінде көрсетіп кеткен. Сахабалардың Ислам дінін әлемге  жаюы, осы мешіттерде жиналып, бірліктің арқасында жеткендігі барлықтарымызға белгілі.  Бірлік болмағаннан кейін әркімнің жан-жаққа тартып нәпсі қалаулары мен алауыздық етек жаятыны барлығымызға аян.

                                               «Қашыр» аудандық мешітінің найб имамы

                                                     Сейтахметов Ербол ҚАПСАМАТҰЛЫ.

 

 

 

 

 

 

0 пікір