«МЕН, МЕН…» ДЕГЕН ТӘКАППАРЛЫҒЫ АДАМДЫ ТУРА ЖОЛДАН ТАЙДЫРАДЫ
«МЕН, МЕН…» ДЕГЕН ТӘКАППАРЛЫҒЫ АДАМДЫ ТУРА ЖОЛДАН ТАЙДЫРАДЫ
18.08.2020 09:05
1148
0

Иманның қайнарынан сусындаған адамды – иманды адам дейміз. Ондай адам өзін әрдайым көріп, естіп, біліп тұрған Раббысының бар екеніне сенгендіктен мұқтаждығын бір Алладан ғана сұрайды. Әркімге бір бас иіп, өзін қорламайды. Ғаламды жаратқан құдіретке нақ сенгендіктен де, өмірде кездескен қиыншылықтарға мойымайды. Қарапайым тірлікте қолы жеткен жақсылықтарды Раббысының сыйы деп біледі. Үнемі шүкір етіп, Жаратушыға алғыс айтуды парыз санайды. Құлшылығын тек бір Аллаға ғана арнайды.

Осындай жүрегіне иманның нұры сіңген адам – әуелі тәкаппарлықтан ада болады. Ал, иманның дәмін татпаған жан қайтеді? Тәкаппар, менмен келеді. Қоғамдық ортада таптық жік пайда болдырады. Қысқасын айтқанда, елдің ішін алатайдай  бүлдіріп, қауымның бұзылуына  жол беретін  – осы имансыз адамдар.

Бұлар иманның дәмін тата алмаған соң, айналасындағы жаратылыстың мәнін түсінбейді, әр затты мақсатсыз, мағынасыз жай ғана жаратылған деп ойлайды. Мысалы, мына бір күн жарықтық кездейсоқ жарық шашып тұр… немесе жер жарықтық өзінен өзі айналып жүр… деген сияқты. Осылай күллі ғаламды иесіз деп түсінгендіктен, өзін де иесіз сезінеді. Олар үшін өлім дегеніміз – шіріп жоқ болу. Сондықтан да олар пәни тірлікте тек қарын тойдыру және нәпсісін қанағаттандырумен айналысады.  Өздерінің өмір сүру девизі: «Барында тіршіліктің ойна да күл, барады өтіп жалған баяны жоқ…».

Осындай түсінікке бойұрған адамнан салиқалы іс, өнегелі өмір күтудің өзі қиын. Қандай бір жақсылыққа немесе жетістікке қолы жетсе, «Мен жасадым, менің арқам…» деп мақтанып шыға келеді. Өйткені, оның ойында істің сәтін салып тұрған Жаратушы жайлы ұғым жоқ. «Мен, мен…» деген тәкаппарлығы оны тура жолдан тайдырады. Бұл басқаны менсінбеуге, өзін зор санауға алып барады. Егер де бұл құбылыс  қоғамдық сипат алған жағдайда, ол қоғам рухани дертке ұшырайды. Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім өзін зор қылса, Алла оны қор қылады» деп қатаң ескерткен.

 

Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ

 

 

0 пікір