МАТУРИДИ: АЛЛАНЫҢ «ТӘКУИН» СИПАТЫ ЖАЙЛЫ ҚАЗАҚ ОЙШЫЛДАРЫНЫҢ ТҰЖЫРЫМЫ
МАТУРИДИ: АЛЛАНЫҢ «ТӘКУИН» СИПАТЫ ЖАЙЛЫ  ҚАЗАҚ ОЙШЫЛДАРЫНЫҢ ТҰЖЫРЫМЫ
29.06.2018 10:56
451
0

Алла Тағала – күллі кемшіліктерден пәк, кәмілдіктің Иесі. Оның затын Өзі Кітабында сипаттағандай түсінген жөн. Алланың затын да, сипаттарын да шектеулі ақылымызбен толықтай түсіну, жаратылыс өлшемімен өлшеп-пішу дұрыс емес. Сондай-ақ, Алла Тағаланың сипаттарын түсінуде Құран және сүннетті негіз ете отырып, әһлу суннә уәл жәмәға сенімдік мектебін бір жүйеге келтірген қос имамның жолын ұстану біздер үшін ең тура жол болып табылады. Олардың бірі имам Әшғари болса, екіншісі имам Матуриди.  

Алла Тағаланың сипаттарын түсіндіру барысында екі имамның арасында үлкен келіспеушілік болмағанымен, кішігірім пікір қайшылын кездестіруге болады. Соның бірі Алланың «тәкуин» сипаты. Имам Матуриди «тәкуин» сипатын Алланың субути сипаттардың қатарына кіргізіп сегіз десе, имам Әшғари «тәкуин» сипатын өзге жеті субути сипаттың қатарына кіргізбейді.

Матуриди мәзһабының көрнекті ғалымы имам әл-Бәздауи: «Ақиқатында, тәкуин және ижәд (бар қылу) Алла Тағаланың сипаты, хадис (кейін болған) емес. Бәлки, ол ғылым, құдірет сипаты сияқты әзәли. Мүкәууан, мәужуд (жаратылыс) нәрсе тәкуин емес. Жарату да Алла Тағаланың сипаты, ол – хадис емес. Рахма (мейірімділік), ихсан (жақсылық жасау), ризқ (ризықтандыру) және мағфира (кешіру) сынды ісіне қатысты сипаттардың барлығы Оның әзәли сипаты болып есептеледі. Ал, Әшғари мәзһабында Алла Тағаланың ісіне қатысты бұл сипаттар ғылым, хаят сияқты зәти қадим сипатына жатпайды»[1] деп, екі мәзһаб арасындағы айырмашылық бір мәзһабтың «тәкуин» сипатын Алланың әзәли сипатына жатқызса, екінші мәзһабтың Алланың зәти қадим сипатына жатпайды деумен ерекшеленетінін сөз етеді.

Қазақ даласынан шыққан ойшылдардың еңбектеріне үңілер болсақ, екі мәзһаб арасында көзқарас айырмашылығын тудырған Алланың «Тәкуин» сипатына да өз көзқарастарын ашық білдіріп өткенін көреміз. Енді, соған бір тоқталып көрелік.

Ағартушы, ұстаз Ы.Алтынсарин, «... Алла тағаланың сифат субутия деген жеті сипаты. Әуел – хаят яғни тірі-ді, біздің ақылымыз жетпейтін тірлікпен алим болушы-ды, құдірет күш иесі-ді, жоқтан бар етуге һәм бардан жоқ етуге күші жетуші, самғ естуші-ді, бізге рәуішті құлақпен емес, басар көруші-ді, бізге рәуішті көзбен емес, ирадат тілеуші, яғни әуелде өзі тағдыр еткен нәрсесін тілеген уақытында дүниеге шығарушы, такуин жоқтан бар етуші-ді, кәләм сөйлеуші-ді, біздің ақылымыз жетпейтін сипатпен, бірақ бұл сөйлеу бізге рәуішті тілмен, әріппен, дауыспенен емес»[2] деп, «тәкуин» сипатын Алланың субути сипаттарының қатарында зікір ете отырып, өзінің Матуриди мәзһабының өкілі болғанын ашық білдіреді.

А.Құнанбайлы отыз сегізінші қара сөзінде: «Алла Тағаланың сипаттары: Хаят, Ғылым, Құдірет, Басар, Сәмиғ, Ирада, Кәлам, Тәкуин. Бұл сегізінен Алла Тағаладағыдай кәмәлат-ғазамат бірлән болмаса да, пендесінде де әрбірінен өз халінше бар қылып жаратыпты. Жә, біз өзіміздің бойымыздағы сегіз зәррә аттас сипатымызды ол Алла Тағаланың сегіз ұлығ сипатынан бас бұрғызып, өзге жолға салмақпенен біздің атымыз муслим бола ала ма? Болмаса керек. Жә, ол сегіз сипатына сипатымызды һәм ол аттары бірлән ағламланған фиғыл құдаға фиғлымызды ертпек неменен табылады, қалайша табылады, оны білмек керек. Ол – Алла Тағаланың заты, ешбір сипатқа мұқтаж емес, біздің ақылымыз мұқтаж, жоғарғы жазылмыш сипаттар бірлән тағрифлап танымаққа керек. Егерде ол сипаттар бірлән тағрифламасақ, бізге мағрифатулла қиын болады. Біз Алла Тағаланы өзінің білінгені қадар ғана білеміз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес. Заты түгіл, хикметіне ешбір хакім ақыл ерістіре алмайды. ...Құдай табарака уатағала кітаптарда сегіз субутия сипаттары бірлән, уә тоқсан тоғыз Әсмаи хұсналар бірлән білдірген. Бұлардың һәммасы Алла Тағаланың затия субутия уә фиғлия сипаттары дүр. Мен мұнда сіздерге төртеуін білдіремін. Оның екеуі – ғылым, құдірет. Сегіз сипаттан қалған алтауы – бұларға шарх. Ол алтауының бірі – хаят. Яғни, тірлік. ...Бірі – тәкуин, яғни барлыққа келтіруші деген сөз»[3], - дейді.

Дана Абайдың жоғарыдағы тұжырымды ойынан бірнеше мәселені баса айтқанын көреміз. Бірі, Алла Тағаланың Өзі сипаттарға мұқтаж емес. Бәлки, ол сипаттар арқылы Алла Тағаланы тануға біздің мұқтаж екендігімізді айтса, сол субути сипаттарды «Хаят, Ғылым, Құдірет, Басар, Сәмиғ, Ирада, Кәлам, Тәкуин» деп сегізге бөліп түсіндіреді. Оның бұл тұжырымынан матуридилік сенім мәзһабын ұстанғанын анық дәлелі.

Ш.Құдайбердіұлы, «Алла тағала жалғыз, не серігі жоқ, ұқсасы жоқ және еш нәрсеге ұқсамайды. Кітапта бұл алты сипатын – затия сипаты дейді. Олар мынау: бар, өздігінен бар, бұрыннан бар, жоқ болмайды, жалғыз, еш нәрсеге ұқсамайды. Бұлардан басқа кітапта субутия деген сегіз сипаты бар. Олар мынау: тірі, білімді, құдіретті, талап қылушы, яғни бір нәрсенің болғанын ұнатушы, болғызушы яғни бар қылса да, жоқ қылса да, сөйлеуші, естушы, көруші. Бірақ бұл сипаттары адамдарға ұқсамайды...»[4], - дейді.

Бұл жерде Ш.Құдайбердіұлы, Алланың субутия деген сегіз сипаты бар дей отырып, олардың тек қазақша мағыналарын атайды. Соның ішінде «...болғызушы яғни бар қылса да, жоқ қылса да» деп «тәкуин» сипатының мағынасын да атап өтеді. Сондай-ақ, араб тіліндегі «тәкуин» сөзі күллі әлемді белгілі бір хикметпен жаратуды, сол әлемдерге ризықтың берілуін білдіретін Алла Тағаланың субути сегіз сипаттың бірі. Алла Тағаланың «күн» яғни, «бол» деген әмірі арқылы кез-келген нәрсе бірден болады.

Мәшһүр-Жүсіп көпейұлы, Алла Тағаланың «тәкуин» сипатын «Кәф пен Нон» өлеңінде кеңінен түсіндіреді.

«Ойлашы: болған не бар – кәф пен нонсыз,

Жалғанға кім бар айтшы келген мұнсыз?!

Сөзімде қате (хата) болса, сөкпе ағалар,

«Ай кірсіз, – демеді ме, – Құдай мінсіз!.

 

Болмасын есіл сөзім бояқ пен бөз,

Сен – бір сурет: болғанмен: тіл, құлақ, көз.

«Кәфті нонға қосалық – күн», – дейді ғой, –

Екеуі қосылумен болсын көп сөз.

 

«Күн (кін), – дейді Құдай өзі: «бол!» – деп айтты,

«Біріңмен бірің тойып, тол!» – деп айтты.

«Бас қос та, екеу-екеу әңгіме құр,

Суал – деп, – қашан бізге – сол! – деп айтты»[5].

Енді, осы «тәкуин» сипатына имам Матуриди көзқарасы негізінде қысқаша тоқтала кетер болсақ, ғасырлар бойы қазақ ойшылдарының сенімде Матуриди мәзһабынын ұстанатындарын ашық айтып кеткендерінің куәсі боламыз.

Имам Матуриди Құрандағы: «Біз бір нәрсені жарыққа шығаруды қаласақ, оған тек «бол!» десек-ақ, ол пайда бола қалады» (Нәхл сүресі, 40-аят) деген аяттың тәпсірінде: «Алла Тағала бір істің болуын қалап, оған бұйрық берсе көзді ашып-жұмғанша бірден іске асатындығын хабарлап тұр. Яғни, Алла Тағала «күн» (бол) деген сөзімен «тәкуин» сипатын білдіруде. «Тәкуин» жарату, бар қылу болса, «мүкәууан» бар болған, жаралған нәрсе. Бұл екеуі бір нәрсе емес. Демек, «тәкуин» Алла Тағаланың әзәли сипаты. Ал, «мүкәууан» жаратылыс»[6] деп, тәкуинді Алла Тағаланың затында болған фиғли қадим сипаты деп түсіндіреді.

Ибн Һумам «Мүсаяра» еңбегінде: «Ханафи мәзһабының алғашқы ғасырда өмір сүрген ғалымдары, тіпті, Әбу Ханифаның өзі де Алла Тағаланың фиғли* сипатын: «Алла Тағала жаратудан бұрын Жаратушы, ризық беруден бұрын ризық Беруші» деп қана қысқаша түсіндірсе, Ханафи мәзһабының кейінгі ғалымдары, имам Матуриди заманынан бастап фиғли сипаттың да «қадим» екенін айтты»[7] деп, имам Матуридидың тәкуин сипатын арнайы атап, субути сипатының қатараына кіргізгенін айтады.

Қорыта айтар болсақ, «тәкуин» сипаты жарату және іс-қимылды білдіретін Халиқ, Ибдәғ, Иншә, Ирзақ, Ихия және Имата (өлтіру) сынды сипаттарды да өз ішіне алады. Немесе бұл есім-сипаттар тәкуин сипатының мағынасын толықтырып, ашады. Сондай-ақ, халқымыздың ғасырлар бойы сенімде Матуриди мәзһабын ұстанып келгеніне, аталмыш қазақ халқының ұлы тұлғаларының пікірлері Матуриди мектебінің ғалымдарының көзқарасымен сабақтасып жатуынан нақты айта аламыз.

 

 

                                                                  Самет Оқанұлы

                                                                   Исламтанушы

 

 

 

 



[1]Мұхаммад әл-Баздауи, Ұсулуддин, 76-бет.

[2] Ыбырай Алтынсарин, Өмірі мен шығармалары/құраст. Ардақ Мұқашева. – Алматы: «Рауан» баспасы, 2013. – 384 бет. 197 б.

[3]Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы, Абай шағармаларының екі томдық толық жинағы, 2-том, 126-128 бет.

[4] Шаһкәрім Құдайбердіұлы, Шығармаларының үш томдық жинағы, Өкінішті ғұмыр. Жидебай: Халықаралық Абай клубы. – 2008. 2-том, 432 бет. 367 б.

[5] Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Көп томдық шығармалары, «Алаш» баспасы, Алматы. – 2003. 1-том, 504 бет. 24-25 бб. 

[6]Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, 8-том, 111-112 бет.

*Фиғли сипат – Алла Тағаланың жарату, ризықтандыру сынды іс-әрекеттеріне қатысыты сипаттары.

[7]Ибн Һумам әл-Кәмал, әл-Мүсаяра фи ғилмил кәлам уәл ақаидил мүнжия, 27-бет.

0 пікір