«КЕШІРІМ ЖОЛЫН ҰСТАН, ДҰРЫСТЫҚҚА БҰЙЫР, НАДАНДАРДАН АУЛАҚ БОЛ» («Ағраф» сүресі, 199-аят)
«КЕШІРІМ ЖОЛЫН ҰСТАН, ДҰРЫСТЫҚҚА БҰЙЫР, НАДАНДАРДАН АУЛАҚ БОЛ» («Ағраф» сүресі, 199-аят)
12.01.2021 19:48
250
0

Араб тіліненен алынған «Ислам» сөзі - «амандық, есендік, мойынсұну, бағыну, берілу» деген мағыналарды білдіреді. Яғни, ислам - амандық пен бейбітшілік діні деген сөз. Әлемді сүйіспеншілікпен жаратқан Ұлы Жаратушының ақырғы пайғамбары жер бетіне мейірімділікті жайып, бейбітшілік орнату үшін жіберілген.

Құранда бұл турасында: «Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік» «Әнбия» сүресі, 107-аят - делінген. Құранда бейбітшілік деген мағынаны білдіретін «сәлам» сөзі көптеген аяттарда кездеседі. Өйткені, Құран ең алдымен ынтымақ пен бейбітшілікті насихаттайды.

Ислам кез келген дін өкіліне құрметпен қарайды. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла алдында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары бола алады деген сеніммен әрекет етеді. Себебі, Алла Тағала Құранда: «Ей, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасап, бір-бірлеріңді танысын деп түрлі ұлт пен ұлыстарға бөлдік. Алла тағала алдындағы ең абыройлылырың тақуа болғандарың. Шын мәнінде Алла барлық нәрсені толық білуші, барлығынан толық хабардар» «Хужурат» сүресі, 13-аят., - деп бұйырса, Пайғамбарымыз да былай дейді: «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтыңқарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз, Алланың алдында ең мәртебелілерің тақуа болғандарың».

Мұсылман кісі өзгелерге тіл тигізіп сауап таппайды, керісінше исламнан алшақтап күнә табады. Олай болса, мұсылманның міндеті - өзара ұрыс-керіс жасап өзгелерді діннен үркіту емес, керісінше, бірлік-ынтымақты дамыту арқылы өз дінін кемшіліксіз түрде жеткізе білу. Сонымен қатар исламда зорлық жоқ. Құран  Кәрімде: «Дінде зорлық жоқ» «Бақара» сүресі, 256-аят., - деп Алла Тағала анық түрде баян етті, сондықтан әрбір мұсылман пенде өз дінін бойына сіңірген көркем мінез арқылы насихаттап, қоғамдағы бейбітшілікті орнатуға талпынуы керек.

Қоғам ішінде бүлікшілік пен алауыздықты тоқтату - әрбір мұсылманның міндеті. Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың хадистері біздерге осыны бұйырады. Қоғамның бірлігі мен ынтымағы үшін жеке мүддеден бас тарта білу иманның кемелдігіне жатады.

Әлемдік діндердің ешбірі қоғам тыныштығын бұзуға рұқсат бермейді. Сол секілді ислам дінінің де ең басты ерекшелігі қоғамды басқарушы әміршіге әрбір мұсылманның бағынуын, тыңдауын талап ететіндігінде. Осыған қатысты Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Аллаға, пайғамбарға және өз араларыңдағы әмір иелеріне бойұсыныңдар» «Ниса» сүресі, 59-аят., - делінсе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында: «Кім маған бағынса, Аллаға бойұсынған болады. Кім маған қарсы шықса, Аллаға қарсы шыққан болады. Кім әміршіге бағынса, маған бағынғаны. Кім әміршіге қарсы келсе, маған қарсы келгені», Муслим, риуаяты - деген.

Тағы бір хадисте былай делінген: «Кімде кім бағынудан бас тартып, жамағаттан бөлініп кетсе әрі сол кеткен күйінде өлетін болса, онда ол надандықөліммен өлген болып есептеледі» Муслим, риуаяты.

Ал қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салушылыққа Алла Тағала қатаң түрде тыйым салады. Қасиетті Құранда бұл мәселе жайында мынадай аят келтірілген: «Бүлік шығару адам өлтіруден де ауыр (күнә «Бақара» сүресі, 217-аят..

«Кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бұзақылық жасамаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең...» «Мәйдә» сүресі, 32-аят. Міне, көріп отырғанымыздай, Алла Тағала мұсылмандарға қоғам ішінде бүлік шығаруларына тыйым сала отырып: «Жер беті дұрысталғаннан кейін бүлікшілік жасамаңдар» «Ағраф» сүресі, 56-аят. деген аятта қайталап ескертеді де, мына бір аятпен қоғам тыныштығын бұзған жанды сүймейтіндігін баяндайды: «Алла бүлік шығарушыларды сүймейді» «Мәйдә» сүресі, 64аят.

Мешіт жамағаты да қоғамның ажырамас бөлігі екендігін ескеретін болсақ, мешіт жамағаты арасында түрлі жанжал мен араздық тудыру, имамның айтқанын тыңдамай қарсы келу аяттың шеңберіне кіретіндігін ұмытпағанымыз жөн. Себебі, аят қоғам ішіндегі өзге дін иелеріне емес, мұсылман адамдарға бүлік шығармауды бұйырып тұр.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай дейді: «Сендерге намаз, ораза және садақадан да артық нәрсе айтайын ба? - деді.

Сахабалар: Иә, Расулулла! - десті. Пайғамбарымыз: Жарастыру, татуластыру» Тирмизи, Қиямет, 56.

Ислам қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін мына негізгі қағидаларды талап етеді:

1. Өзгенің құқығына қол сұқпау: Ислам дінін қабылдаған, Құраннан нәр алған әрбір мұсылман өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, өзге мұсылман бауырына зиянын тигізбеу керек.

Бұл жайында Пайғамбарымыз былай дейді: «Мұсылман мұсылманның бауыры. Ол бауырына қиянат жасамайды және оны залымдарға тастамайды. Кім бауырының мұқтаждығын өтесе, Алла да оның мұқтаждығын өтейді» Бухари риуаяты.

2. Әділ қарым-қатынас жасау: адам өмірінің бір қалыпты болуы үшін барлығына бірдей әділ болу керек. Қоғам тыныштығы үшін де бұл басты талап. Сонымен қатар өзгелермен қарым-қатынасты дұрыстау керек. Құранда бұл жайында былай дейді: «Анығында, Алла адамдарды әділ болуға, жақсылық жасауға, ағайынға қарайласуға бұйырады. Арсыздықтан, тоңмойындықтан, азғындықтан тыяды» «Нахыл» сүресі, 90-аят.

3. Көркем мінезділік: Ислам көркем мінез-құлықтан тұрады.

Бұны да Құран ахлағы дейміз. Пенденің иман тұрғысынан кәмілдігі мен әлемнің тыныштығы жақсы мінез-құлықпен жүзеге асады. Алла тағала мұсылмандарға барлық жақсы амалды жасауды бұйырып, жаман іс-әрекет пен қылықтан аулақ тұруды әмір етті.

4. Сенім еркіндігі: Ислам жеңіл дін әрі ешкімді діни сенімі үшін бұл дүниеде айыптамайды. Дінде зорлық жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Жеңілдетіңдер - қиындатпаңдар, сүйіншілеңдер -қорқытпаңдар!», Сунән Әби Дәуд,- деген.

5. Мейірімділік пен кешірімділік: Ислам әрбір пендеге мейірімді және кешірімді болуды бұйырады. Аятта былай дейді: «Кешірім жолын ұстан, дұрыстыққа бұйыр, надандардан аулақ бол» «Ағраф» 199-аят.

Құрметті бауырлар!

 Ислам бізден үй ішінен үй тігіуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады. Сол себепті Алланың біздерге нәсіп еткен тыныштығын сақтайық. Сөзімізді Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадисімен аяқтайық: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке дара өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде кім жәннаттің дәл ортасында өмір сүргісі келсе, көпшілікпен бірге болуға мән берсін».

 

 

0 пікір