ЖАН ТӘСІЛІМ ХАЛІНДЕГІ АДАМҒА ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕМІЗ?
ЖАН ТӘСІЛІМ ХАЛІНДЕГІ АДАМҒА ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕМІЗ?
14.10.2021 11:36
876
0

Сұрақ: Жағдайы нашарлап, жан тапсырайын деп жатқан адамға жанындағы кісілер не істей алады?

Жауап: Жан тапсырайын деп жатқан адамды оң бүйiрiне жатқызып жүзiн құбылаға бұру – сүннет. Себебі, хазреті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға келген кезде Барр ибн Маърур деген кісі жайлы сұрады. Сахабалар (р.а): «Ол дүниеден өтті. Малының үштен бірін саған беруді және жан тәсілім етерде жүзін құбылаға қаратуды өсиет етті», – деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Онда ол исламды таңдапты. Малының үштен бірін баласына қайтардым», – деген.

Маулана Низамның «әл-Әламгирия» пәтуәларында: «Жан тәсілім халіндегі кісі оң бүйірі құбыла тарапына келетіндей етіліп, жүзі құбылаға қаратылып жатқызылады. Бұл – сүннет амалы», – делінген.

«Әл Бахр ар-Раиқта» да: «Жан тәсілім халіндегі кісі оң бүйірі құбыла тарапына қарайтындай қисайтыңқырап жатқызылып, жүзі құбылаға қаратылады. Себебі, ол ғибрат етілген сүннет. Оны орындау қиын болса, онда аяғын құбылаға бағыттап, шалқалай жатқызып, басын көтерiңкiреп, жүзi құбылаға қаратылады», – делінген. Егер бұл да науқасқа қиыншылық тудыратын болса, онда сол күйінде қалдыруға рұқсат.

Жан тапсырайын деп жатқан адамға «Лә иләһә иллаллаһ» кәлимасын айтқызу үшін қасында шәһада кәлимасын (куәлік сөзі) қайталап тұру – мұстахаб. Себебi, Ибн Омар Әбу Хафс (р.а.) риуаят еткен хадис-шәріпте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Жан тапсырайын деп жатқан адамға «Лә иләһә иллаллаһ» кәлимасын айтып тұрыңдар. Өйткенi өлiм халiндегi мұсылман «Лә иләһә иллаллаһ» десе тозақтан босатылатынына шүбә жоқ», – деген.

Өлім халінде жатқан адамға қырылдап қалмай тұрып, «Әшһәду әллә иләһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммадар расулуллаһ», – деп кәлиманы жай дауыспен айтып тұру керек. Бiрақ бұл сөзді айтқызу үшін оны қинамау керек.

«Лә иләһә иллаллаһ» дегеннен соң дүнияуи сөз сөйлемесе, оған аталмыш кәлимәнi қайталатудың қажетi жоқ. Ал егер кәлимәдан кейiн дүнияуи сөз сөйлеп қойса, онда кәлимәнi қайта айтуды есіне салған жөн.

Жан тапсырайын деп жатқан кісінің жанында бала-шағасы мен ең жақын адамдары және дос-жарандарының болуы – мұстахаб.

Маулана Низамның (р.а.) «әл-Аламгирия» пәтуаларында: «Қасында тұрған кісілердің сырқатқа дұға етуі – мұстахаб», – делінген. «Әл-Бахр ар-Раиқта»: «Хайыз (етеккір) немесе нифас (әйелдерде босанғаннан кейінгі келетін қан) жағдайдағы әйелдер және жүніб, яғни ғұсыл құйынуы тиіс кісілер жан тапсырайын деп жатқанда, жанында болмаған жөн. Өлім халінде жатқан кісінің қасына хош иісті әтір қою – мұстахаб», – деген.

Өлім халінде жатқан кісінің қасында қасиеттi Құранның «Ясин» сүресiн оқу – мұстахаб.

Себебi, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Әбу Дәуд (р.а.) риуаят еткен хадис-шәріпiнде: «Ауырып өлiм халiнде жатқан адамның қасында «Ясин» сүресi оқылса, ол шөлi қанған күйiнде жан тәсілім етеді, шөлі қанған күйінде қабiрге кiредi және қиямет күнiнде де шөлi қанған күйiнде қайта тiрiледi», – деген.

«Әл-Аламгирия» және «әл Бахр ар-Раиқта»: «Ясин» сүресін оқу мұстахаб және оны жан тәсілім еткенше оқиды», – делінген.

Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабы ғұламалары өлім халінде жатқан кісі жанында «Ясин» сүресін оқуды жөн санаған. Ал қайтыс болған кісі жуылғанға дейін жанында Құран оқу – мәкрүһ.

Жан тапсыратын адам Алла Тағала туралы жақсы ойда болуы керек. Өйткенi Пайғамбарымыз (с.ғ.с) имам әл-Бұхари, имам әл-Муслим (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Өлiм халiнде «Алла Тағала өзін жарылқайды және рахымына бөлейді» деп Алла Тағала туралы тек жақсы ойда болуларың керек», – деген.

Құдси хадисте Алла Тағала: «Құлым мен жайлы қандай ойда болса, мен де сондай боламын», – дейді.

Жан тапсырғалы жатқан адамның қасында отырған кiсi оны Алла Тағала туралы жақсы ойға бағыттап отыруы – мұстахаб.

Жан тапсырғаннан кейін мәйіттің көзiн жұмдырып жатқан кісі: «Бисмилләһи уә ъалә милләти расулилләһ (с.ғ.с.)» деуі – сүннет.

Сахабаларының бірі Әбу Сәлама (р.а) қайтыс болғанда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) осылай істегені туралы риуаят етілген.

 

0 пікір