Жамағат- «әскер», мешіт-«штаб», қаруымыз-Алланы еске алу
Жамағат- «әскер», мешіт-«штаб»,  қаруымыз-Алланы еске алу
10.09.2017 22:16
294
0

Ислам ғалымдары: «Мұсылманның үш қорғаны бар. Олар: Алланы зікір ету, Құран оқу және мешіт», - деген екен. Иә, мына дүниеге адамзатпен бірге малғұн ібілісті де жұмақтан түсірген кезде Алла Тағала: «Бір-біріңе дұшпан болыңдар»,- деп ібілісті адамға, адамды ібіліске дұшпан етті.

Малғұн ібіліс адамзатты Алланың разылығынан тосып, қаһарына жетелейтін жолдарға апаратын небір айлалар ойластырып, дамылсыз іске асыруда. Дегенмен, ібілістің айлаларынан мұсылман баласы аман болу үшін үш қорған – Алла Тағаланы үнемі зікір етуге, көп Құран оқуға және мешітте жиі болуға күш жұмсауы тиіс. Ғалымдарымыз аталған үш қорғанның маңызын мына бір мысалмен артыра түседі.

Әйгілі Отырар қаласына Шыңғысхан әскері шабуыл жасаған кезде, қаланы жаудан қорғап тұрған екі қабат қорғаны болған еді. Бірінші қабат қорғанды жау бұзып өте алмай төрт ай тұрды. Төрт ай дегенде қаһарлы жау бірінші қабаттың қорғанын бұзып өткенімен, екінші қабат қорғанды өте алмай екі ай тағы бөгелді. Екі айдан соң екінші қабат қорғанды бұзып өтіп ішке енген жау Қайырханды аяусыз азаптап өлтіріп, ерлерін құл, әйелдерін күң етті. Мешіті мен медреселерін, кітапханалары мен зертханаларын қиратып, өртеп, байлығын әкетіп, өркениеті дамып тұрған қаланы жәй бір төмпешікке айналдырып тастап кетті. Жаудың ойраны осылай екен.

Ал, адамзаттың қас дұшпаны болған ібілістің көздегені жүректегі – иман. Иманымызды жою, әлсірету оның басты мақсаты. Ол сенімге селкеу түсіріп, жүректі қарайтады. Осылай иманымызды сырттан хабарсыз қалған, ықпалсыз жағдайға айналдырады. Дегенмен шайтанның зиянды талпынысын жоятын нәрсе ол – Алланы зікір ету. Оны мына бір хадистен де білеміз.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Алла Тағала еске алынбаған бос сөздерді көбейтпеңдер, себебі, Алла Тағала зікір етілмеген көп сөз жүректі қарайтады, Алла Тағаладан ең алыс адам ол - жүрегі қарайған адам».

Құран шайтанның адастыру тәсілдерінен хабар беріп, оған қарсы тұру амалдарын үйретеді. Мешіт мұсылманның қасиетті орны болғандықтан малғұн оны аттап баса алмайды. Тіпті, кейбір рухани тәрбие машайыхтары мұсылманның үш қорғанын былай түсіндіреді.

Милади жыл санау бойынша 630-жылы мұсылмандар мен Византия әскері арасында үлкен шайқас болады. Бұл шайқас «Табук» шайқасы деген атпен тарихта қалды. Мұсылмандардың бұл шайқасқа қажетті жарақтары, әсіресе азық-түлігі мен мінетін көліктің аздығы сонымен қатар ауа-райының да қатты ыстықтығы, сондай-ақ жолдың қашықтығы ауыр келген еді. Онан қалды жау әскерінің көптігі де бір мәселе еді.

Аталған шайқаста мұсылмандар жеңіске жете алмады. Жау тарапта жеңіліс таппай артқа шегініседі. Азық-түліктері таусылып, мініп барған көліктері де зорығады. Сапардан кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кіші шайқастан оралып, үлкен шайқасқа келдік», - деген еді. Сонда сахабалар таңқалысып: «Мұнан үлкен ол қандай шайқас?» - деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға: «Өздеріңнің нәпсілеріңмен шайқасу», - деген еді.

Мінекей біздің әрқайсымыз өз нәпсімізбен шайқасып жүрген әскерміз. Әрине, әскерге әуелі қару керек. Біздің қаруымыз – зикрулла, яғни Алланы еске алу. Әскерге екінші не керек? Әлбетте, шайқасу тәсілдері. Ендеше мұсылманның нәпсіге қарсы шайқасу тәсілінің бірі – Құран оқу. Соғыс тәсілдеріне амал ету жеңіске жетелейтіні секілді, Құранға амал ету де нәпсіміздің үстінен жеңіске жеткізе түседі. Әскерге штаб қалай қажет болса, нәпсіге қарсы шайқасқан мұсылман әскеріне «мешітте» сондай штаб болады екен. 

Айтпақшы, әскерге қолбасшы да керек. Мұсылмандардың қолбасшысы –пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.). Десекте, Алла Елшісін (с.ғ.с.) жақсы көріп, көрсеткен бақыт жолымен жүру үммет үшін аса маңызды. Ол үшін аталған үш қорғанымыз берік болса, жиған иманымызда орнықты болмақ.

 

Әділхан Серікбаев 

0 пікір