ЖАЛҒЫЗДЫҚ
ЖАЛҒЫЗДЫҚ
29.01.2020 11:38
2566
0

Кәрі әже қонақтарына айран құйып беріп жатып: – Сендер де келмесеңдер, мен байғұстың есігі қағылмайды екен-ау. Түу, менің көңілімді бір көтеріп тастадыңдар, – деді іштегі қуанышын жасыра алмай.

Күйеуі әлдеқашан қайтыс болған қарт ана өзі секілді тозығы жетіп құлауға шақ қалған, екі бөлмелі жер үйде болмашы зейнетақымен күнелтетін. Әйтеуір Құдай берекетін бергенде, қаусаған кәрілік пен қатар келген жалғыздық қабырғасына бататындығы болмаса, ай сайын зарығып барып қол жеткізетін бұл аз ғана ақша өзінің ішіп-жеуіне жететін. Қарама-қарсы көшедегі дүкеннің сатушысы күнара терезені тықылдатып, сұраған нәрселерін жеткізіп тұрса да, қарт байғұс дүкен иесінен жасқанатындықтан, онымен отырып анда-санда әңгімелесіп, шер тарқатуға да батылы бармайтын. Ондайда кемпір байғұс еленбей тез ұмытылғандығына іштей қатты күйініп, өзіне жиі келіп тұратын қайырымды, опалы қонақтарын тағатсыздана күтетін.

Міне, сол асыға күткен қонақтары тағы да үйге бас сұқты. Қарт ана оларды сыйлап, айран құйып берді. Бір уақытта әлдене есіне түсе кеткендей орнынан түрегелген әжей қабырғада ілулі тұрған сарғайған суретті көрсетіп:

– Марқұм күйеуім ұзын бойлы-ақ еді, – деді суретке қадала қарап, – Анау оның қасында тұрған – менің балам. Осы суретке түскен кезде ол небәрі үш-ақ жаста еді. Дәрігер болып, шетел асты. Бізді қолы аузына жеткен соң іздемей кетеді десе, ол кезде кім сенеді десейші?! Е, жалған-ай, – деп күрсінді. Әр келген сайын қайталанатын сөздер болғандықтан, қонақтар өзара әңгімелесіп, оған онша құлақ аспады. Әжей сонда да әңгімесін әрі сабақтады:

 – Қасындағы бұйра шашты менің қызым, – деді, – ол да бай біреуге тиіп еді, шешесіне мойын бұрмастан хабар-ошарсыз кетті де қалды. Қарт ана жаулығымен көзінен шыққан жасты сүртіп, суреттен көз алмай телміре қарап тұрған сәтінде қонақтар да «әумин» десіп орындарынан тұрысты. Көп ұзамай қонақтардың сықырлаған есіктен шығып, көзден ғайып болуымен үйде бұрыннан үйреншікті сілтідей тыныштық қайта орнады...

0 пікір