Имансыз ғылымға сенім жоқ
Имансыз ғылымға сенім жоқ
19.11.2019 12:24
1496
0

Иә, мынау тылсым ғаламның мінсіз біртұтастығың сырына адамның ақылы жетпек емес, бұл оның тек әуелден белгіленген мінсіз жоспармен жаратылғандығының дәлелі.  Өйткені, біртұтас жүйесіз, тәртіпсіз, үйлесімсіз кез. Жаратылыс әркезде кемел тәртіпке  бағынады.  Үлкен жаңалықтар ашқан, ұлы ғалымдар осыны бірауыздан мойындаған. Мысалы: ұлы ғалым-физик, астроном, механик Галилео Галилей  «Табиғаттың бар болмысы өзінің Жаратушысы хақында Оның кітаптарынан кем сыр шертіп тұрған жоқ» десе,  тағы бір ұлы ғалым Ньютон «Адам баласы табиғат сырына неғұрлым терең бойлаған сайын оның мінсіз жоспармен жаратылғандығын соғұрлым айқын көре береді» депті. Ал, Кеплер болса,  астрономияның негізі саналатын ұлы да таңғажайып үш заңды ашқаннан кейін Әлем гармониясы аталатын шығармасында  «Тек Жаратушымның жәрдемімен ғана ашқаныма еш шүбәләнбастан бар өмірімнің ерлігі сынды еңбектерімді аяқтадым. Ақыл-ойымның жеткенінше Сенің құдіретіңнің шексіздігі хақында жар салдым. О, Жаратушы, менің еңбектерім тек Өзіңді ұлықтауға  және адамдардың нығметіне қызмет етуін тілеймін! Ей әрбір  саналы ақыл иесі, Жаратушыны ғана ұлықтаңдар! Менің жаным соңғы демім шыққанша тек Өзіңді ұлықтауын бұйыра көр»! ағынан жарылды.

Міне енді осы сияқты ұлы ғалымдардың сөзін келтірер болсақ:

Энтомолог Фабр (1879–1907):  - Әлемді шексіз ақыл иесі меңгеріп тұр. Неғұрлым терең зерделеген сайын жаратылыс сырының артында жарқырап жатқан Оның ізін көрем. Бәлкім бұған надандар күлетін де шығар, бірақ ол мені зәредей де толғандырмайды. Жаратушыға деген сенімімнен қайтарудан гөрі менің терімді сыпырып алу әлдеқайда жеңілірек. Ақиқатқа сенбесең кім болғаның.

Линней: – Өсімдіктер әлемін зерттегеннен кейін мен Жаратушының таңбасын Оның барлық жаратқандарынан көрдім, тіпті көзге іліне бермейтін жаратылыстарынан да, неткен құдырет! Неткен даналық! Неткен шексіз кемелдік! Жаратылыстың ең жоғарғы сатысындағы жан иелері өсімдік әлемімен байланыста, өз кезегінде өсімдіктер жер қойнауындағы минералдармен, ал жер болса күнге тартылып, бұлжымас орбитасымен оны айналуда, күн жүйесі, барша аспан денелері мынау қиырсыз бос кеңістікте құлап, шашылып кетпестен баршасының әуелі Иелерінің шексіз құдыретімен тұр.   Иә, әрбір жаратылыста Жаратушы Иенің мөрі жарқырап тұр!

Майкл Дж. Бехе, биохимиг, профессор: – Соңғы 40 жылда биохимия жасушаның клеткасы  көптеген маңызды сырларын ашты. Ондаған мың мамандар осы жолда бүкіл өмірлерін сарп етті. Барлық зерттеулердің кесімді жауаптары біреу – мына ғалам ЖАРАТЫЛҒАН.

Хаийохем Аутрум, Мюнхен университетінің докторы: – Танып-білу тұрғысында адам баласының мүмкіндігі шектеулі.  Бүгінде нағыз ғалым Құдайға сенбеуге лажы жоқ, өйткені бүгінгі таңда ғылым өз мүмкіндігінің шегін бұрынғыдан да анық көруде.

М.П. Погодин - Бір дән және бір тамшы ұрық. Осы дәннен қалайша пальма, розан өсіп шығады, ал мынау бір тамшыдан  -  түйе, бұлбұл, адам шығады, оны сендер, пәлсәпашылар білмейсіңдер, бірақ өз көздеріңмен көргеннен кейін амалсыз жоққа шығара алмайсыңдар, мойындайсыңдар.  Өздерің қайдан пайда болдыңдар – айта алмайсыңдар. Әлде өздеріңді өздерің жаратып па едіңдер. Қисынсызды ақылыммен қисындырам деуден артық шатылу болар ма?! Көртышқандар қараңғы індерінде жатып күн туралы айтысып жатыр. Бір сәтте іштеріндегі ең  пысықай арсызы тұрып «Күннің жоқ, болуы да мүмкін» деді. Қараңғы надандар оны бірден пір тұтып қостай жөнеледі Ей бейбақ байғұстар-ай! Сендер бар жаратылыстың себебі бір құдыретті күш дейсіңдер Ол – Жаратушы емей кім! Жоқ әлде сендердің құдіретті деп жүргендеріңде күштен басқа ақыл жоқ болса, осындай ғажайып әлемді жарата ма?! Шынында да ең адасқандар – пәлсапашылар!

Иоанн Рейнио (1849-1931) профессор: – Мен табиғат зерттеушісімін, Құдайды жоққа шығара алмаймын, керісінше, Ол табиғаттың барлық көріністерінен көрінетіні соншалық, маған барша табиғат Жаратушысы жайында әрдайым жар салып тұрғандай көрінеді.

Ағылшын ғалымы Броун (әйгілі броун қозғалысын ашқан): –  Құдайды тану – тіршілік қамынан оянған ой-сананың ең алғашқы қозғалысы.

Лайель, ұлы ғалым, геолог: – Біз қай бағытта зерттеу жүргізбейік, барлығынан тек шексіз білім құдыретіне ие Жаратушының ақиқатын шүбәсіз көреміз.

Клод Бернар, атақты ғалым, физиолог- патолог: -Тәжірибе жасау негізіндегі физикалық және физиологиялық ғылымдар өздерінің дамуында қанша ілгерілесе де, табыстары қаншалықты ұлы болса да, жаратылыс атаулының әуелгі себебі және оның ақыры немен бітетіні  турасында сұрақтарға жауап беруге дәрменсіз. Сондықтан менің табиғат зерттеушісі ретіндегі пікірім бұл мәселеде анық та дәл білім ретінде ешқашанда беделі болмақ емес.

М. С. Тенней:  -Адамның ақылы маңайлай да алмайтын осыншалықты күрделі әлемді өздігінен кездейсоқ пайда болды деу, Шекспирдің пьесаларын типографияда маймылдар жазып шықты деумен пара пар.

Агассис,  XIX ғ. аса ірі зоологы: – Жаратылыс – Құдайдың барлығының дәлелі.

Поль Сабатье (1854-1941), француз химигі, лауреат Нобель сыйлығының иегері:  – Ғылым мен дінді тек екеуінен де еш хабары жоқ адамдар қарсы қояды.

Альберт Эйнштейн (1879-1955): – Мен Құдайға иман келтіргендерденмін, өмірімнің бір минутында да атеист болған емеспін, егер кімде-кім мені құдайсыз десе – ол жала. Шүбәсіз иман келтірмегенді ғалым деп қарастыруға да болмайды. Басқаша айтқанда имансыз ғылымға ешбір сенім жоқ. Ал адам баласының шынайы мақсаты турасында тек Жаратушы ғана біледі.

Міне, қараңыз, әр заманда, әр елде өмір сүріп, әртүрлі салада қызмет еткен ұлы ғалымдардың баршасының көздері жеткен ақиқат – Жаратушы хақ, ал күмәнді ойларын заңдылық деп тықпалап, өздерін өздері ғалымға телитіндердің  атеистік көзқарастарының білімге де, ақиқатқа да зәредей қатысы жоқ. 

 

Мұсылманбек Матай

0 пікір