ИМАН - ЖҮРЕКТЕН ОРЫН АЛАДЫ ЖӘНЕ АМАЛМЕН ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ
ИМАН - ЖҮРЕКТЕН ОРЫН АЛАДЫ ЖӘНЕ АМАЛМЕН ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ
14.01.2021 14:40
367
0

Алла Тағала барша адамды иманға бұйырды. Құран Кәрім аяттарында осы бұйрық бірнеше жерде қайталанған. Әуелі Аллаға және Оның елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с.) иман келтіру керек. Адамның иманы оны жаратқан Жаратушысына жақындатады. Оны Алла жіберген пайғамбарға және оған түсірілген иләһи нұр - Құран Кәрімге байланыстырады.

Иманның барлық шарттарына сенумен адам мүмін болады. Иман нұрының қуаты адамдардың барлығында бірдей болмайды. Мүмін кісі әрдайым иманды күшейтетін және нұрландыратын амалдармен айналысып жүруі керек.

Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Аллаға және Оның елшісіне иман келтіріңдер!» («Ниса» сүресі, 136-аят), - деген. Осы аятта иман келтірген пенделерді тағы да иман келтіруге бұйыруда. Сіз: «Шынайы мүмін болу үшін не істеу керек?», - деп сұрауыңыз мүмкін. Алла Тағала бұл сұраққа аятта былай деп жауап берген: «Егер мүмін болсаңдар, Аллаға және (Оның) пайғамбарына бойұсыныңдар!» («Әнфал» сүресі, 1-аят). Демек, мүмін болудың бірден бір  шарты - әрбір нәрседе Аллаға, Оның пайғамбарына бойұсыну. Ал, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис-шәріптерінің бірінде: «Иман - жүректен орын алады және амалмен жүзеге асады»,- деген.

Келесі аяттарда шынайы мүміндердің қатарына кімдер жататындығы баяндалған: «Шынайы мүміндер Алланың (есімі) зікір етілгенде, жүректеріне қорқу түсетін, Оның аяттары оқылғанда, имандары артатын және жалғыз Раббыларына ғана сүйенетін кісілер» («Әнфал» сүресі, 2-аят). Демек, шынайы мүміннің бойында Аллаға деген қорқыныш сезімі басым, әрі Алланың бұйрығына ерекше мән береді. Мүміннің тағы бір сипаты: «Оның аяттары оқылғанда, имандары артады». Оларға Құран аяттары ерекше әсер етіп, тұла бойына қуат береді. Яғни, тек қана Алла тағаладан медет тілеп, әрбір істе Оның разылығын көздейді, әрі бар қажеттілігін Алладан сұрайтындар.

Бұдан кейінгі аяттарда да мүміннің сипаттары берілген: «Олар намазды толық орындайды және оларға берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды» («Әнфал» сүресі, 3-аят). Намаз - жүректе иманның бар екендігін растаушы амал. Расулулла (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде: «Біз бен бізден басқалардың арасындағы айырмашылық - намаз»,- деген.

Мүміннің келесі бір сипаты былай деп келеді: «Оларға берілген несібелерімізден тиісті орынға жұмсайтындар». Бұл да иманның бар екендігін растаушы амалдардан. Мұның қатарына мал арқылы орындалатын «ихсан», «садақа» беру ғибадаттары жатады.

Мына бір жайтты ұмытпаған жөн:

Адам жүрегінде орын алған нәрсені амалмен жүзеге асырады. Барлығын ауызбен жайғастырмай, бәлкім малдың зекетін, садақа беріп, ризық-несібені тиісті орынға жұмсаумен кісі шынайы мүміндік сипаттың ең жоғарысына көтеріледі.

Келесі аятта барлық сипаттарды қорытып былай дейді: «Міне, солар, шынайы мүміндер! Олар үшін Раббыларыңныңқасында да дәрежелер және жарылқау, әрі көркем несібе бар» («Әнфал» сүресі, 4-аят).

Иманның шарттары мен мүміннің сипаттары туралы Расулулланың (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде: «Сендердіңешқайсыларыңөзі үшін жақсы көрген нәрсені, басқа бауыры үшін де жақсы көрмейінше, шынайы мүмін бола алмайды», - деген.

«Бір күні Расулулла (с.ғ.с.) сахабаларға қарап: «Сендер мүмінсіңдер ме?», - деп сұрады. Сонда барша сахабалар тынышталып, үнсіз қалды. Тек хазреті Омар (р.а.): «Иә, Алланың елшісі! Біз мүмінбіз», - деп жауап берді. Расулулла (с.ғ.с.): «Имандарыңыздың белгісі не?», - деп сұрады. Хазреті Омар (р.а.): «Жақсылыққа шүкір, қиыншылыққа сабыр етеміз, тағдырға разымыз», - деді. Сонда Расулулла (с.ғ.с.): «Қағбаның Раббысына ант етемін! Сендер мүмін екенсіңдер!», - деді», - делінеді бір хадисте.

Әбу Шұрайыхтан (р.а.) риуаят етілген хадисте Расулулла (с.ғ.с.) былай деген: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, көршісіне жақсылық жасасын. Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін. Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, тек қана жақсылықты сөйлесін немесе үндемесін». Демек, көршілерге жақсылық жасап, зиян тигізбеу, үйге келген конаққа құрмет көрсету, дұрыс пайдалы сөз сөйлеу - иманның белгілерінен және мүміннің сипаттарынан.

Ата-анаға мейірімді болу, ағайын-туысқандарға жақсылық жасау да мүміннің сипатарына жатады. Бұл тұрғыда Расулулла (с.ғ.с.) былай деген: «Иман алпыстан артық бөліктен құралған. Ұялу - иманның бір бөлігі». Осы хадистерде айтылған барша сипаттар әрбір момында болуы шарт. Сонда оның иманы кәміл.

Адам қандай амал етсе де, әлбетте бір мақсатты көздейді. Исламда жүректегі ниет - ең басты шарт. Сондықтан, істелетін әрбір амалда ниет тек қана Алланың разылығы болуы керек. Алла тағала пенденің сырт келбетіне емес, жүрегіне қарайды. Кімнің жүрегі таза, тура болса, оның денесі де таза деген сөз. «Кімде-кім ішкі жан-дүниесін (жүрегін) игі етсе, Алла Тағала оның сыртын игі етіп қояды».

Жүрек өте әлсіз, әрі өте құбылмалы болып келеді. Бұл шындықты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай тілге тиек етеді: «Адамның жүрегі бейне бір шөлде жатқан құстыңқауырсыны сияқты, жел оны кейде былай, кейде былай аударып тұрады», - деп келеді.

Осындай құбылмалы жүректі шайтанның түрлі айласынан сақтаудың жолы - дұрыс ниетпен амал ету. Имам Табарани (р.а.) риуаят еткен хадисте Расулулла (с.ғ.с.) айтады: «Айдың жүзін бұлт қаптағаны сияқты әрбір жүректі перде қаптауы мүмкін. Ай айналып жарық етіп тұрғанда, кенеттен бұлт келіп оны бекітіп қойса - қараңғылық, бұлт көтерілсе - жарқырай түседі».

Адам бір амалды істегенде оның ниетіне көзбояушылық араласса, барша амалы босқа кетеді. Сондықтан, әрбір мұсылман амалын Алла ризалығы үшін жасауы керек.

Расулулла (с.ғ.с.) былай деген: «Мүміннің ниеті амалынан жақсырақ. Мұнафиқтың амалы ниетінен жақсырақ. Әркім өз ниетіне қарап амал етеді. Мүмін кісі қашан бір ізгі іс етсе, жүрегі нұрланады».

Шынында, мүміннің жүрегінде қыруар жақсы амалдарды жасауға ниет және қалау бар. Бірақ, оны орындауға мүмкіндік болмауы мүмкін. Сол үшін мүміннің жүрегіндегі ниеті істеп жатқан амалынан жақсырақ. Керісінше, мүнафық кісінің жүрегінде қыруар жамандықтарды жасауға ниет және ұнату бар. Бірақ, оны жүзеге асыруға мүмкіндік таба алмайды. Сондықтан, амалы ниетінен жақсырақ, яғни зиянсыз.

Ниеттің амалдан жоғары екеніне мына риуаят дәлел ретінде келтіріледі: «Адамдар төрт түрлі болады: Бір тайпа кісілер бар, оларға Алла Тағала білім және мал-дүние берген. Олар малды біліміне сүйеніп, дұрыс істетіп, жақсы амалдар жасайды. Екінші тайпа кісілер бар. Оларға бұл нәрселер берілмеген. Бірақ олар: «Егер Алла Тағала соларға берген сияқты нәрселерді маған да бергенде, мен де олар сияқты жақсы амалдарды жасаған болар едім», - дейді. Бұл екі тайпа кісілер сауапта тепе-тең. Басқа тайпа кісілер бар, Алла Тағала оларға мал-дүние берген, бірақ білім бермеген. Олар надандықтары себепті, малдарын босқа жұмсайды. Басқа бір адамдар: «Егер Алла Тағала маған да оған берілген сияқты нәрселерді бергенде ғой, мен де солар жасаған істерді жасар едім»,- дейді. Осы екі тайпа адамдар күнәда тепе-тең».

Сондықтан, барша мүмін-мұсылмандар Алланың алдына барғанда жүзіміз жарқын болсын десек, иманымыз бен амалымыздың кәмілдігіне ерекше мән беріп, қорғаштай білейік.

 

 

0 пікір