«ИХСАН» СӨЗІНІҢ ТОЛЫҚ МАҒЫНАСЫ
«ИХСАН» СӨЗІНІҢ ТОЛЫҚ МАҒЫНАСЫ
20.09.2021 08:41
249
0

Сөздікте «Әдемі болу» деген мағынаға келетін «Иусн» сөзінен шыққан «ихсан» –  «басқаларға жақсылық жасау» және «ісін ең көркем етіп жасау» деген мағыналарда қолданылады. Ихсан жасаған адамға «Мухсин» дейді.

Адам қандайда бір іс жасар алдында сол ісі жайында егжей-тегжейіне дейін зерттеп зерделеп барып ақ ниетімен істейтін болса, бұндай адамға «Мухсин» дейміз. Ал бұл адамның ісіне «Ихсан» дейміз. Хз. Әли: «Адамдар өз жұмысын ихсан етіп жасауына қарай дәрежеленеді» деген кезде осыны меңзеген.

Құран Кәрімнің «Сәжде» сүресінің жетінші аятында «Алла жаратқан барлық нәрсені ең көркемімен жаратты» дегенде «ихсан» сөзін қолданған. Мәдениеттілік жайында жазылған әдебиеттерде ихсанды көбінесе «Парыз болған амалдармен қоса алғанда міндет болмаған басқа да игі амалдарды шынайы ықыласпен және сүйіспеншілікпен жасау» деген мағынада қолданады.

Рағиб әл-Исфаханидің және басқа ислам ғалымдарының айтқан пікірі бойынша, ихсан әділеттіліктен де жоғары;[1] Әділдік – алған қарызын қайтару немесе алу. Ал, ихсан болса өз міндеті болғаннан артығын беру, алу керек болғаннан азын алу. Осы себептен де әділдікті сақтау міндет (уәжіп), ихсанда болу барлық адамға міндет емес (мәндуп немесе мустахаб).[2]

Құран Кәрімде «ихсан» сөзі жетпістен астам аятта Аллаға да, адамдарға да қатысты түбір сөз, етістік және зат есім түрінде айтылған. Бұл аяттардың кейбірінде «Біреуге жақсылық жасау» немесе «Жасаған ісін ең көркем етіп жасау» деп қолданса, басым көп жерінде ешқандай сипаттамасыз абсолютті мағынада қолданылады.[3]

Дәл осындай қолданыстар Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде де көп кездеседі.[4] Құранда және хадистерде «ихсан» сөзін Аллаға тән қолданғанда «Алла жаратқан барлық нәрсені ең көркемімен жаратты»[5], «Алла сіздерге бейне берді және бейнеңізді ең әдемі етіп жаратты»[6] деген мағынадағы аяттар сияқты, Алланың кемістіксіз жарататынына немесе «Алла саған ихсан еткеніндей сен де ихсан жаса»[7], «Алла оған рызық ихсан етті»[8] мысалдарынан көрініп тұрғандай, бұл Оның пенделеріне деген мейірімділігі мен жомарттығын білдіреді.

Сонымен қатар, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Аллам! Жаратылысымды көркем еткеніңдей, әдептілігімді де көркем ете гөр»[9] деген дұғасында қолданған «ихсан» сөзінің мағынасының айырмашылығы жоқ екенін байқадық. Өйткені Алланың іс-әрекеттерінің әсемдігі мен кемелдігі рақымдылығынан.

«Алланың пендесіне деген жомарттығы, тиесілісінен артығымен берілуі, ісінің сәтті болуы» деген мағынадағы ихсан, сөздік кітаптарында көбінесе «Рақым-Әсем» сөзімен бейнеленген және Алланың кімдерге, қай уақытта рахым ететіні, бұл мәселеде адамдар арасында айырмашылық жасамайтыны жайында Муғтазила мен Әһли Сүннет арасында пікір айырмашылығы болған.

Бұл пікір айырымында Муғтазила әділдік қағидасын бірінші орынға қояды. Ал Әһли Сүннет болса, Алланың әділдігі бірінші, алайда одан алдын рахымдылығы келетіні жайында пікір қалыптастырған.[10] Бұл мәселеде Әһли Сүннеттің көзқарасын қабылдаған сопылық ілімінде де, Алла мен пенде арасындағы қарым-қатынастың өлшемін әдептілік тұрғысынан талқылайды.

Сопылық ілімін ұстанушылар барлық сұлулықты, берекені, тіпті бүкіл ғаламшардағы болмысты Алланың пендеге берген сыйы деп санап, Алланың өзінің білдіргеніндей етіп танып және оған қызмет ету керектігіне, кез келген жағдайда шынайы дұға жасап, мейірімділігі мен рақымына бөленуді, жаратылыстың иесі екенін біле отырып, оны тек (жалғыз) деп біліп, бүкіл жан-дүниесімен оны сүйіп, басқа нәрселерді де Алла үшін сүю керек деген пікір қалыптастырған.

Ихсан ұғымы адамға қатысты айтылған аяттар мен хадистерде екі жағдайда қолданылады.

А( Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Жәбірейіл хадистерінің бірінде: «Ихсан Алланы көріп тұрғанындай ғибадат ету. Өйткені сен Оны көрмесең де, Ол сені көреді»[11] деп айтылған хадисті сопылық ілімінің ғалымдары ихсанның ең маңызды танымы ретінде қабыл еткен және көптеген әдебиеттер жазып барлық ісін ихсанмен байланыстырған.

Фирузабади иманның мәні, рухани кемелділік және ғибадаттың ең жоғарғы мәртебесі болған ихсанды тақуалықпен негіздеген.[12] Шын мәнінде, бұл екі ұғымның мағыналары аят және хадистерде бір-біріне байланыстыра айтылады. Нақты айтар болсақ, «Мәйда» сүресінің 93-аятында ихсанның негізін тақуалық алаңында қарастырған және тақуалықтың ең жоғарғы дәрежесі болғаны байқалады.[13]

«Кімде-кім Алланы құрметтесе (тақуа болса) және сабырлы болса, Алла жақсылық жасаушылардың (мухсинин) сауабын еш уақытта да азайтпайды»[14] деген аятта ихсан мен тақуаның қаншалықты байланысты екенін көрсетеді.[15] Сонымен қатар, Құран Кәрім (Ән-Ғам -83-84 және Саффат 80-131) аяттарында кейбір Пайғамбарлардың атын атап, оларды «Мухсиндар» деп айтқан және ихсанның Пайғамбарлардың бойында болуы керек болған діндарлықтың нәтижесінде пайда болатын мәдениеттілікті айтқанын байқаймыз.

Әсіресе сопылар хадистегі «Ихсан – Алланы көріп тұрғандай ғибадат ету …» деген сөзге ерекше назар аударды. Әбу Наср Әс-Серраж діни ғылымдарды үш бөлікке бөледі: Құран ғылымы, сүннет ғылымы және сенім ақиқаттары деп. Сопылықта маңызды орын алатын «Муракабе» де осы хадиске негізделген. Муракабе деп пенденің әрдайым Алланың бақылауында екенін біліп соған сай әрекет етуін айтады.

Б) Ихсан – адамның басқа адамдарға, әсіресе анасы мен әкесіне деген риясыз қатынасы мен жақсылық қасиеттерінен туындайтын түсінікті білдіреді. Шын мәнінде, Құран Кәрімнің көптеген аяттарында кемел рухты көрсететін кейбір айрықша сипаттамаларына назар аударар болсақ, ихсан ұғымына енетін көптеген жақсылықтарды байқаймыз.

Бұлардың кейбіреулері мыналар: ашуға бой алдырмау, кешірімді болу, жақсы пікірде болу, сабырлы болу (Әли Имран 134-135, Мәйда 13, Худ 115, Юсуф 90), істі асыра орындау, батылдық пен тұрақтылық (Имран 147-148), жомарттық және қанағатшылық (Бақара 236, Имран 134) сүрелерінде айтылған.

«Шын мәнінде Алла әділдік пен ихсанды әмір етеді….»[16] деген сөзбен бастаған аяттарына түсініктеме берген әдебиеттерде әдептілік пен тасаууфты негізге ала отырып толықтырады. Табари аяттардағы әділеттілікті «Кәлима-и тәуһид» ретінде қарастырса, ихсанды «Алланың бұйрықтары мен тыйымдарына бағыну мен қиындықтарға төзімділік танытып шыдамды болу»[17] деген пікір білдірген. Бұл пікірді замандас ислам ғұламалары және кейінгі келген ғұламалар да мақұлдап, оның дұрыстығы жайында көптеген әдебиеттер жазылған.[18]

Ибн Мискеуейх бұл контекстегі ихсанды махаббатқа және оның әлеуметтік өлшемі негізінде қарастырады және жақсылық пен ізгілікті адамдар арасында болуы керек деп есептейді. Оның айтуынша, адам жақсылық жасаған адамдарды өздерінен артық жақсы көреді.[19]

Бұған қоса Ғазали Ибн Мискеуейхтің ихсан-махаббат қатынастары туралы ойларын дамытып еңбектер жазған. Ғазали – адам өзін жақсы көретінін «Адам – ихсанның құлы» деген араб мақалында айтылғандай, жақсылық жасаушыларды жақсы көреді және осы махаббаттың ортасында өзін де көре алатынын айтады. [20]

Қорытындылайтын болсақ, ізгілік пен сұлулықты адамгершілігі мен сезімталдылығы жоғары адамдар ғана сезіне алады. Егер ол өзімен ешқандай байланысы болмаса да, адам ихсанды/тақуа адамды және қайырымды адамды жақсы көреді. Алайда, нағыз жақсылық жасаушы, яғни Мухсин – Жаратылғанды Жаратқан үшін жақсы көру.

Исатай БЕРДАЛИЕВ,

Ислам Құқық Ғылымдарының докторы

[1] Рағиб әл-Исфаханидің, Әл-Муфрадат, «Хсн» және «Адл» баптары.

[2] Ғаззали, Ихия, II-том, 79-бет

[3] Абдулбаки, Әл-Мужәм, «Хсн» бабы.

[4] Венсижк, Әл-Мужәм, «Хсн» бабы.

[5] «Сәжде» сүресі 7-аят.

[6] «Тағабун» сүресі 3-аят.

[7] «Қасас» сүресі 77-аят.

[8] «Талақ» сүресі 11-аят.

[9] Муснад,  I-том, 403-бет; VI-том, 68, 155-беттер

[10] Кади Абдулжаббар, Шәрһу л-Ушули л-Хамса, 519-525 беттер.

[11] Бұхари, «Тефасир», 31/2, «Иман», 37; Муслим, «Иман», 1.

[12] Фирузабади, Бешаир, Бәйрут, (Әл-мактабату л-илмииа), II-том, 67-70 беттер.

[13] Шәукани, Фатху л-Кадир, Бәйрут 1412/1991, II-том, 86-87 беттер.

[14] «Жүсіп» сүресі 90-аят.

[15] «Ниса» сүресі 128аят; «Нахл» сүресі 128-аят; «Хаж» сүресі 37-аят; «Зарият» сүресі 15-16 аяттар.

[16] «Ән-Нахл» сүресі 90-аят.

[17] Тәбари, Жәми у-л Баян, Бәйрут 1398, XIV-том, 162-бет.

[18] Фахраддин Әр-Рази,Мефатиху л-Ғайб, XX-том, 100-104 беттер.

[19] Ибн Мискеуейх, Танзиху л-Ахлақ, Бәйрут 1398, 135-137 беттер.

[20] Ғазали, Ихия, II-том, 79-83 беттер.

 

0 пікір