ҒЫЛЫМНЫҢ ЕКІДҮНИЕЛІК МӘНІ МЕН ПАЙДАСЫ
ҒЫЛЫМНЫҢ ЕКІДҮНИЕЛІК МӘНІ МЕН ПАЙДАСЫ
16.05.2019 12:17
1721
0

Пайғамбарымыз (с.ғ.с)-дың бір хадисінде Алла Тағала «Мен құпия қазына едім. Білінуді қалап, әлемді жараттым» дейді. Жаратушының мына өмір мен дүниені жаратуда үлкен терең ғылым бар. Демек Жаратушы жоқтан бар жасады. Ал адам бардан бар жасау қажет екен (бабалар өсиеті). Себебі әлемнің тізгінін қолына ұстаған Алланың сүйікті жаратылысы – адам. Мына күллі әлемді Жаратушы адамның қызметінде болу үшін жаратқан. Сондықтан Адам Алла Тағаланың жердегі халифасы (орынбасары). Сондықтан Алланы жүрекпен танысақ, Алланың жаратылыстарын ақылмен, ғылыммен таниды екенбіз. Пайғамбарымыз бір хадисінде: "Бұл дүние - ақыреттің егіні", дейді. Демек мұсылман адам ақыретте жақсы өнім алуы үшін, дүниенің ғылымын игеруі керек екен.

Ғылымның мақсаты- адамзатқа қызмет ету. Абай атамыздың: "Малда да бар жан мен тән, Ақыл сезім болмаса, тіршіліктің несі сән, Тереңге бет қоймаса"- деген сөзіне назар салсақ, хайуаннан адамның басты айырмашылығы ақыл мен ғылым екен. Әрі қарай хакім:

«Ақыл,қайрат, жүректі бірдей ұста,
сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі "жақсы" демек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
ғылым сол үшеуінің жөнін білмек», - дейді.

Ғылым – Алланың бір сипаты деген осы (Абай). Имам Матуруди: «Ақыл- жаратылыс сырын түсіну үшін берілген Алла Тағаланың сыйы. Әрі біз жаратылыс жайлы терең ой жүгіртуге бұйырылдық»[1] деп, ғылыммен, біліммен айналысудың, ақылды үнемі қозғаудың Жаратушы тарапынан бұйырылған іс екенін дәлелдеп тұр. Бұл ғылыммен міндетті түрде айналысу керектігін ұқтырады. Бір орында қозғалмаған судың саситыны секілді, ми қозғалысқа түспесе адам алжи бастайды екен немесе адамдық бейнеден таймақ.

Енді ғылыммен айналысудың екідүниелік мәніне үңілсек. Мұсылман түсінігінде адамның тәні өліп, жаны өлмек емес (сондықтан адамды өлді демейді, қайтыс болды, негізгі мекеніне қайтты демек). Тән мына өмірден оо дүниеге Алланы дұрыс танып білу үшін жанның уақытша тірегі. Сондықтан мына өмірде Алланы танып білу үшін тәнді барынша сақтау керек. Жан мәңгілік, өлмейді. Хакім Абай оны "мен және менікі" деп бөледі. Мен-жан, менікі - тән. Олай болатын болса, ата-бабаларымыздың жаны өлген жоқ (Шәкәрім). Олардың рухы мына дүниедегі ұрпағымен байланыста. Енді екідүниелік болмысыңда кім адам үшін идеал деген түсінік шығады. Ол – Алла екен (Омар Жәлел). Себебі Алла адам баласын өзіне халифа етіп жаратқан. Ақыл, сана берген.  Сенің идеалың Алла болып, Алла жаратқан толық адамның болмысына ұқсау үшін үш қасиет болуы қажет екен. Олар: әділет, ғылым, рақым. Мына өмірде әділетті болу, рақымды болу, яғни кешірімді болу, қамқор болу, жанашыр болу. Үшіншісі - "Ғылым". Яғни ғылыммен айналысу. Ғылыммен тек ғана Алланың ақиқатын ашып, адамдарға Алланың құдыретін көрсету үшін ғана айналысу керек екен. Ол туралы Құранда Алла Тағала: «мен өз құдыретімді адамдар арқылы көрсетемін» дейді. Демек ғылыммен айналысудың ақиқаты ашылды. Басқаша ниетпен ұмтылған ғылым адамға шынайы ашылмақ емес (Ғазали). "Алла жолында шейіт болғандар ақыретте ғалым адамдардың мәртебесі өздерінен жоғары екенін көріп, біз де ғалым болсақ еді деп армандайды екен". Ғылыммен айналысудың екідүниелік мәні деген осы.

         Шәкәрім атамыз: «ғылымға еркін ой керек, матаудан ойды азат қыл» дейді. Еркін ой, еркін ақыл, ол Алланың адам баласына берген үлкен сыйы. Ал, ақылдың рахаттануы – ғылымнан (Ғазали). «Ақыл адамға білім мен танымды үйрету үшін жаратылған екен. Ақылдың рақат табатын нәрселері де осы екеуі, яғни - білім мен таным. Өйткені әрбір жаратылыс өзінің болмысына сәйкес міндетін атқарған уақытта ғана рақат таппақ. Білім- құдайлық сипаттардың арасындағы ерекшесі. Сол себепті адам бойындағы алғырлықпен және білімділікпен мақтанса рахаттанбақ. Адам мақтауды естіген уақытта болмысы мен білімінің кемелдігін сезінеді екен[2].

Шәкәрім атамыз: «Құдай Тағала Жаратушы, сенде жаратушыға айнал»,- дейді. Айырмашылығы, Құдай жоқтан бар жасаса, адам бардан бар жасау қажет. Адамның жүрек көзі қашан ашылса ғана, білім-ғылымға көзі ашылмақ (Абай). Біріншіден ата-ананың рөлі басым болса, екіншіден адам өзі жүрек көзінің ашылуын іс-әрекетімен жасамақ. Бұған құмарлықтың қатысы жоқтығын байқаймыз. Кейде кейбір жандардың сол бір қызға ғашық болам деп мына бір ғылымға махаббатым ашылды деп жатуы, іс-әрекеттің себебінен болғанын сеземіз. Демек, ғылымға әуелі маххабат керек. Себебі жүректі қозғар күш қажет.

Алла Тағала қасиетті құранда адамзатқа былай дейді: «Өздерің білмесеңдер, білім иелерінен сұрап, үйренуге талпыныңдар!».

«Тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Өзің білмесең, білгендерден үйрен,

Үйренгеннен ештеңең кетпейді», дейді Төле би бабамыз.

Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Сол қазынаны әркім өз бетінше үйреніп, ізденеді. Білім алу жолында әрдайым  тереңнен білім алуға  талпынамыз. Өзің білгеніңді өзгеге үйретіп, өз білмегеніді өзгеден сұрап білу арқылы білімміміз толастай түседі. Әлішер Науаи: "Білмегенді сұрап үйренген – ғалым, арланып сұрамаған – өзіне залым" деген.

Пағамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәріпінде: «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім үйрен» – делінсе, тағы бір хадисінде: «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз»[3], деген.

Әлкей Марғұлан білім-ғылымның мінен былайша ашады: "Дүние тану, білімге талпыну әрбір адамның есейген дәуірінен аңсап қараған түбегейлі ісінің бірі болып келеді. Егер бұл талпыну болмаса, әрбір адам білімге, еңбекке үңіле қарамаса, тек аңша қарын тойдырып, ұйқымен уақыт өткізсе, ешбір ілгері басу – өрлеу де болмас еді».

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?», дейді.

 Байқап қарасақ  осы аятта Алла Тағала сұрақ қою арқылы білімнің қадіріне меңзеп, білімді мен білімсізді салыстыруға шақыруда. Әрине, білімділер мен білімсіздер тең бола алмайтыны айдай анық. Білімді әрқашан жоғары, артық, білімсіз – төмен әрі кемшін.

Адам қайтыс болғанда, амал дәптері жабылады. Мына үш кісінің ғана сауабы жалғаса береді: артынан дұға жолдайтын игі ұрпақ қалдырған, ел игілігіне жарайтын дүние салдырған, артына ілім қалдырған адам екен.

Пайғамбарымыздың сиппатауы бойынша ақиқатты іздеген "ғалымдар" үшін періштелердің өзі қанаттарын жайып, мұхиттағы мылқау мақұлыққа дейін дұға қылады екен. Шәкәрім бабамыз:

Күнi-түнi дей көpмe, ғылым iзде...

Yш-ақ түрлi өмiр бар: бәрi де – мас,
Бiр рәуiштi болады шал менен жас.
Ең керектi дегенiң – ортаншы өмiр,
Түгел қолың жетпейтiн бiр жанталас.
Қапы өткiзбе сол кездiң бiр сағатын,
Өкiнiшi қалмайды, кетсе ағатың.
Күнi-түнi дей көpмe, ғылым iзде,
Қалсын десең артыңда адам атың.
Өмiрдiң басы – бала, ортасы – адам,
Қартайып, шал болған соң кеттi шамаң.
Мақтап жүрген өмiрiң осы болса,
Үш-ақ ауыз өлеңмен болды тамам, - дейді.

Ғылым мен білім оқудан, ізденуден, естіген нәрсесін ұмытпай, одан түйін шығара білу болмақ. Ол тураы хакім Абай былай дейді: «Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар:

Әуелі - көкірегі байлаулы берік болмақ керек;
Екінші - сол нәрсені естігенде я көргенде ғибратләну,

көңілденіп, тұщынып, ынтамен ұғу керек;
Үшінші - сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтара ойланып, көңілге бекіту керек;
Төртінші - ой кеселді нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек.
Ой кеселдері: уайымсыз, салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу. Бұл төрт нәрсе - күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер».

Хакім өз ойын әрі қарай былайша қорытындылайды:

Мен боламын демеңдер,
аяқты алшаң басқанға.
Екі көзің аларып,
құр қарайсың аспанға.
Бір ғылымнан басқаның,
бәрі де кесел асқанға.
Өйткені адам жолығар,
кешікпей-ақ тосқанға.

Ғылыммен шұғылдану бұл нағыз адамдық болмыстың көрінісі. Қалған тірліктер бос тірлік (Абай). Пенденің адам болғанының көрінісі, ғылымға деген идеямен ауырғаны. Өйткені адам ғылымды шын көңілімен көксесе ғана, ол адамның аты шын адам болады екен (Абай).

Мәшһүр Жүсіп Көпеев бабамыз: "әркім өз жанын тірілтуі керек болса, ғұмырын ғылым-білімге сарп қылсын. Ғылымға ғұмырын сарп қылған адамның жаны тіріліп, сыйлы болады", дейді.

Зәредей көлемдегі білім мен таным - адамға қуаныш, ал азғана білімсіздік - адамда қорқыныш туғызады екен (Ғазали).Әрбір жаратылыс - өзінің болмысына сәйкес міндеттерді орындаған кезде ғана рахат таппақ. Адамның аты шын адам болып қалуы үшін ғылыммен айналысуы қажет екен. Мұны Мәшһүр Жүсіп бабамыз былай деп тұжырымдайды: «ғылым-білімге ғұмырын сарп қылған пенденің жаны тіріліп, сыйлы болады, ал ғылым-білімге ғұмырын сарп қылмаған пенденің жаны өлік жан есепті. Өзі өліп жатқан өлікті кім керек қылады?! Ондай жан дүниеде, һәм ақыретте де сый-құрмет көре алмайды». Ғылым деген Алланың бір сипаты деген осы.

Алла Тағала дүниенің ғылымын пендесінің бойына жасырып қойғаннан кейін, оны тауып, іздеу адамға берілген мүмкіндік. Біз ғылым мен өнерден Алланың құдыретін, мына әлемді қандай махаббатпен ұштастыра жаратқанының куәсі болып ғана қоймай, сезініп, дәмін татады екенбіз. Ғылым мен өнер адамның адам қалуының басты шарты. Бұл туралы Шәкәрім бабамыздың мына бір өлең жолыннан көп нәрсені аңғарамыз:

Осыншама өнер тауып, асқан адам, 

Әлемнің қиын сырын ашқан адам. 

Ол үшін өмірге де айла табар, 

Өлмей, жетер бірталай жасқа да адам!..

Бұл дегеніңіз – кәдімгі кісі ағзасының белсенділігін мейлінше ұзарта түсу амалын қарастыратын медицина саласы – геронтология. Біз Алланың негізгі мына дүниені жаратудыға хикметін, сырын ғылымнан ғана таба алады екенбіз.

 

ЖАРАС АХАН,

тарихшы-дінтанушы

 

 



 

 

 

0 пікір