ҒИБАДАТТЫ ОРЫНДАТПАУ – ШАЙТАННЫҢ АЙЛАСЫ
ҒИБАДАТТЫ ОРЫНДАТПАУ – ШАЙТАННЫҢ АЙЛАСЫ
03.09.2021 11:30
741
0

Уасыла ибн Әсқаның (р.а.) риуаятында былай дейді: «Уа, Расулаллаһ! Ұлтшылдық деген не?» - дедім. «Қауымыңның зұлымдығына көмекші болуың» - деді. («Сүнән Әбу Дәуід»)

Шайтанның адамдарға жасайтын қулығының бірі Жаратушыға құлшылық жасатпау.

«Мен пәни дүниеден ақыретке әлбетте көшемін. Өмірге қайта келуім еш мүмкін емес. Маған ақыретке дайындалу керек. Ол да Алла Тағалаға құлдық қылып, мойынсұну. Өйткені Алла Тағала Бақара сүресінің 197-аятында былай дейді (мағынасы): «Және азық алыңдар. Негізінде азықтың жақсысы тақуалық». Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Уа, Әбу Зәрр! Кемеңді жөнде! Өйткені теңіз терең. Азығыңды көп қылып дайында. Өйткені сапар ұзақ. Жүгіңді азайт. Өйткені жол қорқынышты. Амалдарыңды ықыласпен, таза әрі пәк түрде жаса. Өйткені оны қабыл ететін Ұлы Алла оның құнын өте жақсы біледі».

Фиқһ ғалымы Әбул-Ләйс (рах.) былай дейді: «Бұл жердегі жөндеуден мақсат нағыз иманға еру. Теңіздің меңзегені – тозақ. Азықтан мақсат – құлшылық. Өйткені жұмаққа қауыштыратын Жаратушыға мойынсұну, тозаққа түсіретін де Оған қарсы шығу. Жүктегі мақсат – күнәлар. Қабылдаушыдан мақсат – Ұлы Алла».

Яғни, уа Әбу Зәрр! Жүрегіңдегі иманды мықта! Өйткені тозақ өте терең және азабы өте ауыр. Көп құлшылық жаса! Өйткені жұмаққа апарар жол ұзақ. Жүгіңді азайт! Яғни күнә жасамауға тырыс! Өйткені жол қорқынышты. Амалыңды таза жаса, асығыс, риямен жасаудан сақтан! Өйткені Алла Тағала амалдардың тазасы мен таза болмағанын өте жақсы біледі.

Бұл хадис шәріп барлығымызға айтылған. Шамамыз келгенше сай амал етуге тырысуымыз керек.

Риуаятқа қарағанда: «Сендерден тозаққа келмейтін (сыраттан өтпейтін) ешкім болмайды...» (Мәриям сүресі, 71-аят) аятында айтылғанындай мүміндер тозаққа келгендерінде Алла Тағала жүректеріндегі таухидтің сауабын кемеге айналдырады. Ол кеменің жіптері Құран, желкені намаз, капитаны – Мұхаммед Мұстафа (с.а.у.). Мүміндер аман-есен сол кеменің ішінде тозақтың үстінен өтеді».

 

0 пікір