ЕКІ ҮЛКЕН АМАНАТ
ЕКІ ҮЛКЕН АМАНАТ
02.03.2021 14:54
535
0

Аманат дегенде бірден-ақ қиянат сөзі еске түседі. Тегінде, «Аманатқа қиянат жүрмейді». Бұл туралы Құран Кәрімде Алла Тағала: 

- Біз аманатты көктерге, жерге және тауларға ұсындық. Олар мұны қабылдаудан бас тартты, (жауапкершілігінен) қорықты. Оны адам қабыл алды. Шынында, ол – өте залым әрі надан, - дейді (Ахзаб сүресі, 72-аят)

Осы жерде адамның қабыл алған аманатының ауырлығы және оны орындау өте қиын екендігі меңзелген. 

Сонымен қатар ол аманатты орындауға кедергі болатын ең үлкен қауіптің зұлымдық пен надандық екендігі білдірілген. Егер де адам зұлымдық жасап, надандыққа салынатын болса, аманатты сақтай алмай сәтсіздікке ұшырайды. 

Бұл қауіп-қатерді жою үшін зұлымдықтың антонимі әділдікті ұстанып, ізгі амал жасап және надандықтың антонимі болатын сыртқы әрі рухани білімді үйрену қажет. Мұны орындау үшін Құран мен Сүннетке мықтап жабысу тиіс. 

Сондықтан, Хазіреті Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) былай дейді: 

- Сендерге екі нәрсе аманат қалдырып барамын. Оларға мықтап жабысыңдар (сөйтсеңдер) еш уақытта адаспайсыңдар. Оның бірі – Алланың кітабы Құран, екіншісі – Сүннетім... 

Расында, осынау екі нәрсе күллі адамзатқа ортақ. Енді оны орындау бар, күнбе-күнгі өмірге енгізу бар, өмір сүру дәстүріңе айналдыру бар. Осы тұрғыдан келгенде, әлгі Құран мен Сүннет ең үлкен аманаттардың қатарына жатады. Өз кезегінде бұларды елемеу не менсінбеу, мойынсұнбау не бас тарту – ауыр азапқа душар етеді. Қазақтың «Бұ дүниең абад болса да, о дүниең қараң қалады». Сондықтан да екі үлкен аманатты дәйімә жадыңда тұту былай тұрсын, оны күнделікті тіршілікте тиімді қолдану ләзім-дүр.

 

0 пікір