БІЗ ЖЕРДІ ТӨСЕНІШ ЕТПЕДІК ПЕ, АЛ ТАУЛАРДЫ ҚАЗЫҚ!.. " («Нәбә» сүресі, 6-7 аяттар)
БІЗ ЖЕРДІ ТӨСЕНІШ ЕТПЕДІК ПЕ, АЛ ТАУЛАРДЫ ҚАЗЫҚ!.. " («Нәбә» сүресі, 6-7 аяттар)
05.08.2020 12:13
222
0

Құранда Алла Тағала: 

"Тауларды  көріп, табжылмай тұр деп ойлайсың. Негізінде ол бұлт тәрізді жүреді. Бұл - әр нәрсені берік жасаған Алланың шеберлігі. Күдіксіз, Ол жасаған нәрселеріңді толық біледі", - дейді. ("Нәміл" сүресі, 88-аят)
Ал келесі аятта: "Біз жерде, оның олармен бірге шайқалмауы (жер сілкінбес) үшін берік тұрғандарды (тауларды) орнаттық. Және онда олардың жол табулары үшін кең жолдар жасадық",- делінген. ( «Әнбия» сүресі, 31-аят)

Бір сөзбен айтсақ, таулардың жылжитыны туралы он төрт ғасыр бұрын Құранда  осылай жазылған. Бұл қозғалыс жер қабығының қозғалысына байланысты. Жер қабығы мантияның үстінде үнемі қалқып жүреді. Ең алғаш ХХ ғасырдың басында неміс ғалымы Алфред Вегенер жер бетіндегі құрлықтардың бастапқыда біртұтас болғанын, кейіннен түрлі бағыттарда жылжып, бір-бірінен бөлінгені туралы тұжырымды ортаға салған. 

Геологтар осыдан 50 жылдан кейін мұның тұжырым ғана емес, ғылыми ақиқат екенін дәлелдеді. Ал Құран бұл құбылысты 14 ғасыр бұрын мәлім еткен болатын.

Бүгінде геологтар тау құрылымының бұл ерекшелігін толықтай дәлелдеп шықты. ХХ ғасырға дейін таулар жай ғана "түзіліс барысында пайда болған қалдықтар" деп түсіндірілді. Олардың жер бетіндегі биік тастар ғана емес, жер астында да тамырларының бар екендігі анықталғанда күллі әлем дүр сілкінді. Білесіз бе, бұл тамырлар таудың жер бетіндегі биіктігінен 10-15 есе артық екен. Өзіміз жақсы білетін биіктігі 9 000 метрге жақын Эверест тауының тамыры 125 000 метрге жуық болып шықты. Бұл тамырлар үлкен жер плиталарының соқтығысуының нәтижесінде пайда болады. Соқтығысқан плитаның жұмсағы үстіне, қаттысы астына кетеді. Үстіңгісі тау түзу процесіне қатысса, астыңғысы тамырға айналады. Осы ерекшеліктің арқасында тау «шегеге» айналып, жер қыртысының плиталарын берік ұстап тұрады.

Бұл туралы Құран тағы да: "Біз жерді төсеніш етпедік пе, ал тауларды қазық?" дейді. («Нәбә» сүресі, 6-7 аяттар). Егер тауларда мұндай ерекшелік болмағанда, ғаламшарымызда топырақ та, су да, өсімдіктер де болмас еді. Тіпті, тіршіліктің болуы екіталай. Алайда, Алла Тағаланың мейірімі мен даналығының арқасында таулар өз қызметін үздіксіз атқарып келеді!

Осы орайда төмендегі мәліметтерді де бере кету артық болмас:

Жер бетінде биіктігі 8000 метрден асатын 14 тау бар. Олардың барлығы да Орталық Азияда, тарқатып айтсақ, Қытай, Непал, Үндістан және Пәкстан елдерінің аумағында орналасқан.

Бүгінгі мақаламызда сол таулардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталуды жөн көріп отырмыз.

Ең биігі – Джомолунгма. Ол Қытай мен Непал аралығында орналасқан Гималай таулары жүйесіне жатады.

Оның ең зор шыңы – Махалангур-Химал (8848 метр).

Одан кейінгілері Чогори (Балторо-Музтаг шыңы – 8611 метр),

Канченджанга (Канченджанга – 8586),

Лхоцзе (Махалангур-Химал – 8516),

Макалу (Махалангур-Химал – 8481),

Чо-Ойю (Махалангур-Химал – 8201),

 Дхаулагири (Дхаулагири – 8167),

Манаслу (Дхаулагири – 8156),

Нанга Парбат (Нанга Парбат – 8126),

 Аннапурна (Аннапурна – 8091),

 Гашербрум І (Балторо Музтаг – 8080),

Броуд-пик (Балторо Музтаг – 8051),

Гашербрум ІІ (Балторо Музтаг – 8035) және Шиша-Пангма (Лангтанг – 8027).

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

0 пікір